Көркем әдебиеттің, оның ішінде прозалық шығармалардың қазіргі қазақ әдеби тілінің кемелденіп, дамуы барысында ерекше рөл атқарып келе жатқаны мәлім. Сондықтан бүгінгі білім-ғылымымыз көздейтін мақсаттың бірі – қазақ прозасы тілінің көркемдік-эстетикалық белгі сипаттарын танып-таныту болса, екінші бір мұраты – оның әдеби тіл нормаларын тұрақтандырып, сөз мәдениетін көтерудегі қызметін де зерттеп-зерделеу болып табылады. Бұл талап осы кітапта М.Әуезов, Т.Ахтанов, Ш.Мұртаза, Ә.Кекілбаев, С.Бердіқұлов, М.Мағауин, О.Бөкеев, А.Сүлейменов, Қ.Жұмаділов, К.Сегізбайұлы сияқты қазақтың көркем сөзінің құдіретін әр қырынан танытқан қаламгерлердің тілін талдау арқылы ішінара жүзеге асырылды. Кітап университеттердің филология және журналистика факультеттерінің оқытушылары мен студенттеріне оқу құралы ретінде ұсынылады және жас жазушылар мен мұғалімдерге, сондай-ақ қазақ сөзінің әсемдігін танып білгісі келетін қалың оқырман жұртшылыққа арналады.