Эпопея
Эпопея (грек. epopoiia – тудыру, жазу) – эпостық шығарманың бір түрі; белгілі бір немесе бірнеше тарихи дәуірдің типтік оқиғаларын кең көлемде суреттейтін, бірнеше ұрпақ өкілдерінің іс-әрекеттерін ортақ идея мен бір тақырыптың арнасында, көркемдік тұтастықта баяндайтын поэзиялық не прозалық кесек туынды. Алғаш Еуропа әдебиетінде Эпопеялық шығармалар фольклорлық дәстүр арасында тақырыбы немесе бас кейіпкері ортақ жеке жырлардың (“Илиада”, “Одиссея”) жинақталуы нәтижесінде көрінді. Ал түркі-моңғол халықтарының ауыз әдебиетінде ерлік істерімен аты шыққан батырларға (мыс., “Манас” эпосы) арналып айтылған мадақтау өлеңдерінің негізінде қалыптасты. Жаңа дәуірде бұл дәстүр жазба әдебиетінде дамыды. Осының нәтижесінде белгілі бір тарихи кезеңде немесе бір тарихи оқиғаны терең толғап, жан-жақты суреттейтін роман не роман циклдері туды. Орыс әдебиетінде Л.Толстойдың “Соғыс және бейбітшілік”, М.Шолоховтың “Тынық Дон”, қазақ әдебиетінде М.Әуезовтің “Абай жолы”, т.б. романдар Эпопеяға жатады. Эпопеяға тән ортақ қасиет – тарихи тақырыптың терең әлеум. идея арнасында баяндалуы, оқиғаның реалистікпен суреттелуі, кейіпкер сипатының байсалды түрде даралануы, тіл нәрлілігі.