Қалқаман Айымғазыұлы Сарин – 1978 жылдың 2 қаңтарында қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының Арқат ауылында дүниеге келген. 1994 жылы орта мектепті, 1998 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің тарих факультетін бітірген. 2001 – 2003 жылдары аспирантураны тәмәмдаған.
Еңбек жолын ұстаздықтан бастап, 1998 жылдан 2008 жылға дейін Қазақ Ұлттық Музыка академиясында оқытушылық қызмет атқарған. Бірнеше Халықаралық, республикалық жыр-мүшәйраларының жүлдегері. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, «Алтын қалам» әдеби сыйлығының жеңімпазы.
ҚР Үкіметінің «ДАРЫН» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. ҚР Жазушылар одағының мүшесі. «Арманымның бейнесі» атты жыр жинағының авторы. «Жібек сезім – Жүрек сөзім» деп аталатын өлеңдеріне жазылған әндер мен өлеңдерінің авторлық үнтаспасын шығарған. Ел ішіне кеңінен танылған «Қызыма», «Күзгі бақ», «Жібек сезім», т.б. ән мәтіндерін жазған. Бүгінде ол Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ректорының кеңесшісі, Мемлекеттік Көңілді тапқырлар клубының редакторлық қызметімен қоса, Астана арнасындағы «Кеш емес» ток-шоуында жүргізуші болып істейді.