Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
12 мамыр күні дүниеге келген тұлғалар...

12.05.2014 6417

12 мамыр күні дүниеге келген тұлғалар

Қазақ халқы қашан да талантқа кенде болмаған халық.  Бүгін, яғни 12 мамыр қазақтың талантты ұлдары – тарихшы-ғалым Мұхамеджан Тынышбаев, драматург, киносценарийші Шаяхмет Хұсайынов, жазушы, журналист Әнуар Әлімжанов, журналист, қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов, жазушы Серік Байхонов, ақын, жазушы Ербол Шаймерденнің туған күні!  


007.jpgМұхамеджан Тынышбаев – Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, тарихшы-ғалым, публицист, қазақтан шыққан тұңғыш темір жол инженері. XX ғасырдың 10 жылдары «Қазақ» газетінде қаламгердің «Соғысушы патшалар әскері», «Сүңгуір қайық», «Темір жол һәм Еуропа соғысы», «Соғыс кемелері һәм мина», «Барлыбек Сыртанов», «Садуақас Шалымбеков» т.б. мақалалары жарық көрген. Ол саяси қайраткер ретінде құқы аяққа тапталған ұлтының теңдігі жолында дәйекті іс атқарды. Маман-теміржол инженері ретінде төңкеріске дейін де, одан кейін де шойын жолды салуда ұлт мүддесін бірінші кезекке қойды. Публицист ретінде орыс тілінде шыққан мақалаларында Петербордың зиялы қауымына патша шенсуніктерінің әділетсіздігін жеткізсе, қазақ тіліндегі мақалаларында қандастарына теңдік алудың жөн-жобасын көрсетті. Тарихшы ретінде қазақ елінің көне дәуірден бүгінге дейінгі шынайы тарихын жасаудың батыл бағыттарын іс жүзінде анықтап берді. 


m11.jpg


Шаяхмет Хұсайынов – белгілі драматург.  Оның алғашқы шығармасы 1932 жылы жарық көрген. «Шабуыл», «Орақ», «Шолпан», «Кеше мен бүгін», «Көктем желі», «Есірткен ерке», «Ертіс жағасында», «Біздің Ғани», «Әл-Фараби» атты пьесаларын жазған. Ол өзінің 1942 жылы жарияланған «Алдар Көсе» пьесасында қазақ ауыз әдебиетіндегі аңыздың негізінде, әлеуметтік теңсіздікке қарсы күрескер, халық кейіпкері - Алдар Көсенің бейнесін жасады. Сонымен қатар В.Абызовпен бірге «Шабандоз қыз», «Біз осында тұрамыз», «Асау Ертіс жағасында» кинофильмдерінің сценарийін жазды.



880012_1982179554_158_Alimjanov_Anuar.jpg


Әнуар Әлімжанов – жазушы, көрнекті қаламгер. «Достар кездескенде», «Жаушы», «Күнге бет алған керуен», «Адамдар жолы», «Махамбеттің жебесі» т.б. жинақтарының авторы. Оның көптеген шығармалары Азия, Африка халықтарының ұлт-азаттық күресіне арналған. Үндістан тақырыбына жазылған шығармалары үшін жазушы  Джавахарлал Неру атындағы халықаралық сыйлығымен марапатталған.



photo_200903_648.jpg

Қуаныш Сұлтанов – ҚР Саяси ғылымдар академиясының академигі. «Қарлығаштар», «Жастардың аяқ алысы», «Қазақстан комсомолы», «Уақытпен бетпе-бет», «Қазақстан-Қытай: тарих және қазіргі заман» (1995), «Қазақстан-Қытай: құжаттар мен материалдар жинағы» (1997), «Алыптың оянуы (қытай реформасы туралы очерктер)» кітаптарының авторы. Еңбек Қызыл Ту, «Парасат» ордендерімен  марапатталған. «Алтын самұрық» атаулы сыйлығының лауреаты. ҚР дипломатиялық қызметінің Еңбек сіңірген қайраткері.



Серік Байхонов.jpg



Серік Байхонов – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі. Ол қаламынан туған туындылары үшін Қазақстан Жазушылар одағының Ахмет Байтұрсынов атындағы сыйлығының лауреаты атанды. Талантты жазушы қазақ әдебиетінде «Ең ыстық маусым», «Қос шатырлы үй», «Сал үстіндегі маусым» атты «Құйылыста» хикаяттар мен әңгімелер жинақтарын қалдырды.




662605_1694851543_14.jpg

Ербол Шаймерден – ақын, жазушы-публицист, рәмізтанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, еліміздің алғашқы баспасөз қызметін құруға еңбек сіңірген танымал журналист. Ол саналы ғұмырын елі­міз­дің мәдениеті мен бас­пасөзінің, тіл саласының өркен жаюына арнаған қоғам қайраткері. «Көңіл суреті», «Жүректегі жазулар» атты жыр жинақтары, «Тыңда тоғысқан тағдырлар», «Қазақ елінің рәміздері», «Елтану әліппесі», «Әз Астана», «Қазақстан Республикасының рәміздері», «Ақыл-ой антологиясы», «Қазақ афоризмдері», «Даналық дидары», «Мәңгілік мұрат», «Ақиқат айнасы», «Елтаным» және басқа туындылары бар.



Есімдері аталған тұлғалардың артында қалған өшпес мұралары – ұлт болашағының, қазақ әдебиетінің қазынасы. Атаулы күннің алтын әріптермен жазылған аяулы есімдері қазақ елінің мәңгі жадында...


adebiportal.kz

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар