1.
Шәкәрімнің әкесі Құдайберді Құнанбайдың Күңке деген бәйбішесінен туған, яғни Абайдың туған ағасы. Абаймен әкесі бір, шешесі бөлек. Шәкәрім сонда Абайға немере іні болып келеді.
2.
Кейбір деректерде Шәкәрімнің шын есімі «Шаһкәрім» деп беріледі.
3.
Шәкәрім бес жасында ауыл молдасына оқуға беріледі де онда жеті жасына дейін сабақ пен тәлім алады.
4.
Араб, парсы, түрік, орыс тілдерін жетік білді.
5.
Жеті жасында әкесі Құдайберді қайтыс болып, жетім қалады. Атасы оның көңіліне қаяу түсірмей, бетінен қақпай, еркелетіп өсіреді: ол жөнінде ақынның өзі: «Қажы марқұм мені «жетім» деп аяп, қысып оқыта алмай, жетімді сылтау етіп, ойыма не келсе, соны істеп ғылымсыз өстім» деп өкіне еске алады. Алайда ақылды бала өсе келе тез ес жиып, жеті жасынан бастап Абайдың тікелей тәрбиесінде болып, өлең сөзге бейімділігін танытады.
6.
20 жасында елінде болыс болады. 1881 жылы Абайдың ақылымен болыстықты Оспанға өткізеді.
7.
1905 жылы Шәкәрім қажылық сапар шекті.
8.
Меккеге барған бұл сапарын пайдаланып, ақын өзінің байырғы арманын жүзеге асырды. Стамбұл, Париж кітапханаларынан туған халқының тарихына байланысты кітаптарды оқыды. Сол сапарда жинаған мағлұматтар негізінде «Түрік, қырғыз, қазақ хандар шежіресі» кітабын жазады.
9.
1909-1910 жылдары ақын елден жырақтап, оңаша елсізге кетіп, оқу, ойлау, жазумен болған. Ол елсіздегі қорада жалғыз жатады. Бар шаруасын өзі істейді.
10.
Домбыра тартып, гармоньда ойнаған. Ән айтып, саятшылық құрған, сурет салып, өмірін ғылымнан өзге осындай өнер түрлеріне арнаған.
11.
Өзі ән айтумен қатар 14 жасынан бастап ән шығара бастады, түрлі аспаптарда ойнауы былай тұрсын, ағаштан ойып мандалин, қобыз сынды аспаптарды жасады, қолданбалы өнермен шұғылданып, тіпті киім тікті.
12.
73 жасында ақын жазалаушылар атқан оққа ұшырайды. Бұл сұмдық уақиға 1931 жылы 2 қазан күні болған. Шәкәрімнің денесі жапандағы құр құдықта көмусіз отыз жылдай жатады. Кейін ғана, жазалаушы отрядтан аман қалған Ахат деген ұлы, Шәкәрімнің денесін арулап, дұғасын оқып, жерлейді деген дерек бар.
13.
«Халық жауы» ретінде айыпталып, бірнеше жыл бойы шығармаларын оқуға тиым салынады. Тек 1988 жылы ғана ақын есімі толық ақталды.
14.
Тап сол жылы-ақ (1988 ж.) қажының 130 жылдығы Абай ауданы, 1998 жылы 140 жылдығы Семей қаласы көлемінде тойланды. Осы жылдар аралығында Семейдегі жоғары оқу орнына қажы есімі беріліп, ескерткіші орнатылды, қала орталығындағы үлкен бір даңғыл ақын есімімен аталды.
15.
Құдайбердіұлының қаламынан терең ойлы, сыршыл лирикалық өлеңдер, «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Нартайлақ-Айсұлу» сынды дастандар, «Әділ-Мәрия» романы жөне басқа да прозалық туындылар, аудармалар, тарихқа, философияға қатысты еңбектер, сазды әндер туды. Сондай-ақ, «Қазақ айнасы», «Үш анық», «Мұсылманның шарты», «Ләйлі-Мәжнүн» шығармалары жарық көрді.
16.
Ол орыс, Батыс әдебиетінің тамаша үлгілерін қазақ оқырмандарына таныстырды. Лев Толстойдың шығармаларын аса жоғары бағалап, өзін ғұмыр бойы Толстойдың шәкіртімін деп санады. Онымен хат жазысып тұрды. Шығармаларын қазақ тіліне аударды.
17.
Шәкәрімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деген әні А.В. Затаевичтің 1931 жылы жарық көрген «Қазақ халқының 500 әні мен күйі» деген жинағында «Шәкәрім Құдайбердин әні» деген атпен жарияланған.
18.
Шәкәрімнің әндерін алғаш рет нотаға түсірген голландық Альвин Эрнестович Бимбоэс. Оның «Музыкалық этнография» атты жинағының ішінде «№ 1 Шакарим», «№ 2 Шакарим» деген атпен Шәкәрімнің екі әні жарық көреді.
19.
Шәкәрімнің әндерін өзінен үйренгендердің ішінен көпке танымал әнші Қабыш Керімқұлов болса керек. Ал қазір Шәкәрім әндерінің бірден-бір насихатшысы, жанашыр іздеушісі әрі орындаушысы әнші Келденбай Ұлмесеков. Ол ел ішінде ұмыт болып бара жатқан ақынның біраз әндерін жинастырып, жарыққа шығарды, қазақ радиосының Алтын қорына жазғызды.
20.
Бүгінде Семейде «Шәкәрім» және «Шәкәрім әлемі» атты екі бірдей журнал жарық көреді.
Автор: Гүлниса Алдажар
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.