Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
№2. Қалам мен қаруды қатар ұстаған 10 қаламгер...

03.05.2016 5236

№2. Қалам мен қаруды қатар ұстаған 10 қаламгер

№2. Қалам мен қаруды қатар ұстаған 10 қаламгер - adebiportal.kz


Ұлы отан



Бұлқышев Баубек


1. Бұлқышев Баубек


· Еңбек жолын бухгалтер болып бастаған. 1930 жылы «Ұлытау» совхозының сүт фермасында есепші болып істеген. Кейін 1937 жылы Алматы саудафинанс техникумына оқуға түседі.


· Алайда жазуға қабілетті болған ол 1939 жылы «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде әдеби қызметкер, «Октябрь балалары» газетінің бөлім меңгерушісі болып қызмет етеді.


· 1940 жылы әскер қатарына шақырылды да, Мәскеуде сапер училищесінде оқиды. Жалынды публицист, ержүрек жауынгер Мәскеуді қорғады. Украинаны азат етісті.


· 1944 жылдың бас кезінде майданда қаһармандықпен қаза тапты. Б. Бұлқышев көптеген өлеңдер жазып, республикалық баспасөз беттерінде жариялады. «Алматы – менің туған қалам» атты бітпей қалған романы және «Айсұлу» деген поэмасы бар.


· Жазушылық таланты Ұлы Отан соғысының ауыр сын сағаттарында ерекше көрінді.


· 1942 жылы 1 мамырда «Комсомольская правда» газетінде «О жизни и смерти» (Записки молодого казаха фронтовика) деген өршіл патриоттық публицистикалық мақаласы шықты. Ол өзінің әскери очерктері мен публицистикасын орыс тілінде жазып, үнемі «Комсомольская правда» газеті беттерінде жариялап отырды. «Я хочу жить», «Жизнь принадлежит нам», «Коварство и любовь», «Письмо сыну Востока», «Слушай Кавказ» және басқа мақалаларын Ғ.Мүсірепов қазақшаға аударып, республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде жариялады.


· 1946 жылы Мәскеуде шыққан «Жизнь солдата» жинағына Б. Бұлқышевтың майдандық публицистикасы енді. Оның көркем әдеби мұрасы 1948 жылы М. Иманжановтың редакциясымен шыққан «Өмір біздікі» кітабында, сондай-ақ «Жауынгер мәңгілігі» кітабында жинақталған. Шығармалары әлденеше рет қайта басылды.


Хаттары



1-110.jpg


Шығармалары:


  1. Жизнь солдата. М., «Молодая гвардия», 1946;
  2. Өмір біздікі. А., ҚМКӘБ, 1948;
  3. Жауынгер мәңгілігі. А., «Жазушы», 1965;
  4. Адамзатқа хат. Шығармалары. А., «Жалын», 1977;
  5. Заман біздікі. Шығармалар жинағы. А., «Жалын», 1984.


Әбдірахманов Төкен



2. Әбдірахманов Төкен


· Бұрынғы Семей өңіріндегі Ақсуат ауданының Қызылтас деген жерінде туған. Зайсандағы педагогика училищесін, Абай атындағы Қазақ педагогика институтының тіләдебиет факультетін тамамдаған соң, педагогтық жұмыс атқарған.


· 1942 жылдан 1944 жылға дейін Ұлы Отан соғысында болған.


· Майданнан елге оралғаннан кейін Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитетінде істейді.


· 1946-1951 жж. «Пионер» журналының редакторы, 1949 жылы Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитетінің бюро мүшесі болған.


· Абай атындағы Қазақ педагогика институтында қазақ әдебиетінен дәріс оқыған. Филология ғылымының кандидаты. Оның төл туындыларымен бірге, «Қожанасыр әңгімелері» (1968), В.Овсееваның «Васек Трубачев және оның достары» атты аударма кітаптары бар.


Шығармалары:


  1. Қарғаш. Өлеңдер. А., ҚМКӘБ, 1952;
  2. Бекет Өтетілеуов. Зерттеу. А., ҚМКӘБ, 1960;
  3. Жаңа ғасыр көгінде. Монография. А., «Мектеп», 1969.


Әбілев Диханбаба


3. Әбілов Дихан-баба


· Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Мойылдыбұлақта туған. Семей ауыл шаруашылығы техникумын, Алматыдағы Коммунистік Журналистер институтын (1937), Қазақ КСР Ғылым академиясының аспирантурасын (1948) тамамдаған.


· 1927-1934 жж. халық ағарту, баспасөз қызметтерінде болды. Баянауыл аудандық «Ленин туы» газеті редакторының орынбасары, республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің жауапты хатшысы, Бас редактордың орынбасары, 1938-1939 жж. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, 1961–1962 жж. Көркем әдебиет баспасының Бас редакторы.


· 1942 жылдан 1946 жылға дейін Ұлы Отан соғысына қатысқан. Алматы қаласы көшелерінің біріне есімі берілген.


· Тұңғыш өлеңі – «Қызыл әскерге» 1925 жылы Семейдегі «Қазақ тілі» газетінде жарияланды. Алғашқы шығармалары жинағының кейбірі мыналар: «Шалқыма» (поэма), «Бармақ» (поэма, 1937), «Қуат» (поэма, 1938), «Сүйемін» (өлеңдер, 1939), «Мұңсыз Мәрия» (поэма, 1940). Жауынгер ақынның «Москва түбінде» (1942), «Майданбек» (Өлеңроман, 1943), «Бибінұр» (1949), «Жұлдызды жігіт», «Дала солдаты» (1945) поэмалары от ішінде, оқ астында туған. «Жүректен» (1945), «Тұлға» (1948) өлеңдер жинақтары да осы тақырыпты өзек еткен.


· Соғыстан кейінгі бейбіт заманда ақын Риддер кеншілерінің өмірінен «Алтай жүрегі» атты өлең роман (1955) жазды. Оның С. Торайғыров өмірінен жазған «Ақын арманы» (1964), «Арман жолында» (1968), «Баянауыл баурайында» (1975) атты прозалық романтрилогиясы қалың жұртшылыққа кеңінен мәлім.


· Кезінде осы аталған сүбелі туындылардың бәрі дерлік орыс тіліне аударылған. Драматургия жанрында «Қарулас достар» (1948), «Майра» (1954), «Біржан сал мен ақын Сара» туындыларын жазды. Сондай-ақ қазақ тіліне орыс, украин, түрік, армян классиктерінің поэмаларын аударған.


· Қазақстанның халық жазушысы.


Шығармалары:


  1. Таңдамалы өлеңдер. А., ҚМКӘБ,1958;
  2. Шығармаларының екі томдығы А., «Жазушы», 1977,
  3. 1984, Махаббат құдіреті. Роман. А., «Жазушы», 1991;
  4. Мелодия весны. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1993;
  5. Өткен күнде белгі бар. Естеліктер. А., «Жазушы», 1997;
  6. Жолаушы өмір. Өлеңдер. А., «Жазушы», 2001.


image012.jpg


4. Әлмұхамбетов Тәшібай


· Торғай өңіріндегі Бастау деген жерде туған. Балалық шағын Ұлытау, Қарсақпай, Жезқазған атырабында өткізеді.


· 1938 жылы Абай атындағы Мемлекеттік педагогика институтының қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін бітіреді. Бұдан кейін Ұлытау, Қарсақпай, Жезқазған мектептерінде мұғалім болып істейді.


· 1942 жылы майданға аттанады. Дон өзені бойындағы қатты ұрыстардың бірінде ауыр жараланып, Қазан госпиталінде дүние салады. Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан ақынжазушылармен бірге, Тәшібай есімі де Қазақстан жазушыларының үйіндегі ескерткіш тақтада алтын әріптермен жазулы.


· ҚазПИде оқып жүрген кезінде оның «Туған жер» деген өлеңі «Қазақ әдебиеті» газетіне жарияланады.


· Сол жылдары жарық көрген ұжымдық жыр жинақтарына жыр топтамалары енеді. Ол бірнеше әдеби сын мақала, әңгіме, очерк, поэма, повестер де жазған.


Әсіп ұлы.jpg

 


5. Әсіпұлы Сапабек


· 1925 жылы 21 қарашада қазіргі Қостанай облысының Амангелді ауданындағы Қабырға ауылына қарасты Сарының Алакөлі деген жерде дүниеге келген. Еңбек жолын он екі жасында шығырға құлақшы болудан бастады. Ұлы Отан соғысына қатысқан.


· 1944 жылғы қыркүйектен бастап 1972 жылғы маусымға дейін журналистік жұмыспен шұғылданды: Қостанай облыстық «Большевиктік жол» (қазіргі «Қостанай таңы») газетінің редакциясында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, Бас редактордың орынбасары, Амангелді аудандық «Социалистік шаруа», Жангелдин аудандық «Социалистік ауыл» (кейін «Жаңа өмір» – «Новая жизнь») газетінде жауапты хатшы, редактор болған. Жазушы өзі туралы «көлік аударылмағанда жазушы болуым екіталай еді» деп еске алады.


· 1965-1967 жж. Жангелдин аудандық партия комитетінің хатшысы қызметін атқарған.


· 1972 жылдан 1986 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін Қазақ Совет Энциклопедиясының Бас редакциясында аға ғылыми қызметкер, Бас редактордың бірінші орынбасары, редакция меңгерушісі болып істеген.


· «Қазақ қасіреті» (1994), «Қатерлі дерт, қалжыраған халық» (1998), «Танталовы муки степи» (2001) кітаптары бар. Қоғамдық істермен табанды түрде айналысқан ірі қайраткер. Сондай-ақ өз кітабы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып жатқанда жазушы, ғалым Т. Жұртбайдың «Дулыға» атты еңбегі лайық деп бас тартып, азаматтық танытқан.


· «Нұрхан Ахметбековтың поэтикалық әлемі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады (1973). Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты (1995).


83d6778aa816a19328528de79ef4e200.jpg


6. Байтанаев Амантай


· 10 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Түркістан қаласында туған.


· Ұлы Отан соғысына қатысып, ауыр жараланған соң, 1944 жылдың көктемінде елге оралады.


· 1949 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіреді.


· Республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш»), «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газеттерінің редакцияларында әдеби қызметкер, бөлім бастығы, жауапты хатшы, Қазақстан Мемлекеттік көркем әдебиет баспасында редактор, аға редактор, редакция меңгерушісі болып істеген.


· 1958 жылдың күзінде Мәскеу қаласындағы М. Горький атындағы әдебиет институтының жанынан ашылған екі жылдық жоғары әдебиет курсын бітіріп келіп, Қазақстан Жазушылар одағы аппараты қазақ прозасының әдеби кеңесшісі, «Жазушы» баспасы проза редакциясының аға редакторы, меңгерушісі, Бас редактордың орынбасары болған.


· Көптеген повесть, романдары жарық көрді. Бірнеше шығармасы орыс тілінде жеке кітап боп шықты.


Шығармалары:


  1. Болат. Повесть, А., ҚМКӘБ, 1954;
  2. Ерденнің басынан кешкендері. Повесть. А., ҚМКӘБ, 1957;
  3. Асан. Повесть. А., ҚМКӘБ, 1959;
  4. Жаңбырлы дала. Роман. А.,»Жазушы», 1965;
  5. Қайнар бұлақ. Роман. А., «Жазушы», 1968;
  6. Таңсәрі. Роман. А., «Жазушы», 1969;
  7. Қансонар. Роман. А., «Жазушы», 1980;
  8. Қыран самғауы. Роман. А., «Жазушы», 1976;
  9. Дала сыры. Повестер. А., «Жазушы», 1982.


2eec45c49d82c43a1e5eabb34d945772.jpg


7. Бақбергенов Сәуірбек


· 15 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында туған. Түркістан жетім балалар үйінде тәрбиеленген.


· Кейін сол Түркістан қаласындағы теміржолшылар мектебін, педагогика училищесін бітірген. Соғысқа дейін өлеңдер, әңгімелер жазған.


· Ұлы Отан соғысы басталғанша Мәскеу қаласындағы әскери училищеде қызмет етті. Соғыс кезінде Солтүстік батыс майданында Новгород, Псков, Калинин, Холм, Великие Луки түбінде ұрыстарға қатысқан. Атақты Панфиловшылар дивизиясында взвод командирі, байланысшы офицер болып істеген.


· Қаламгерлік жолын 1945 жылы «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде әдеби қызметкерліктен бастайды. Оның тырнақалды туындылары 1950 жылы өз алдына кітап боп шыққан.


· Басты кейіпкерлері – Дина Нұрпейісова, Нұрмолда Алдабергенов, Кенен Әзірбаев, Шоқан Уәлиханов тәрізді еліміздің тарихи тұлғалары және Ұлы Отан соғысының қаһармандары: Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Рамазан Елебаев, Бақтияр Меңдіғазин, Темірбек Көкебаев. Бұдан бөлек жазушы Ілия Есенберлиннің «Көшпенділер» атты тарихи трилогиясының жазылуына септігін тигізген.


· «Дина», «Қайран шешем», «Әке жүрегі», «Қарға тамған қар», «Талғат» романповестері орыс тілінде, сондай-ақ шығармалары белорус, грузин, армян, қырғыз, татар, эстон, башқұрт тілдерінде жарық көрді.


· Қазақстанның халық жазушысы.


Шығармалары:


  1. Алтын күрек. Повесть. А., ҚМКӘБ, 1958;
  2. Біздің колхоз. Повесть. А., ҚМКӘБ, 1960;
  3. Бозторғай. Повесть. А., ҚМКӘБ, 1960;
  4. Алтынемелден асқанда. Повесть. А., ҚМКӘБ, 1961;
  5. Қайран шешем. Роман. А., ҚМКӘБ, 1963;
  6. Қоянкөзге құлаған жұлдыз. Повесть. А; «Жазушы»,
  7. 1965; Қасиет. Повесть. А., «Жазушы», 1966;
  8. Қарға тамған қан. Роман. А., «Жазушы», 1967;
  9. Адам және көлеңке. Повесть. А., «Жазушы», 1969;
  10. Белгісіз солдат. Повесть. А., «Жазушы», 1977;
  11. Он үшінші ойыншы. Повесть. А., «Жалын», 1979;
  12. Шығармалардың екі томдығы. А., «Жазушы», 1980;
  13. Қан тозаң. Роман. А., «Жазушы», 1983.
  14. Ақбоз атты ару. Повесть. А., «Жазушы», 1986;
  15. Запасной игрок. Роман, повесть, әңгімелер. «Жазушы», 1990;
  16. Смерть Тамерлана. Повесть. «Қазақстан», 1992;
  17. Бөрте – Шыңғысханның жұбайы. Повестер мен әңгімелер. «Жазушы», 1993;
  18. Қарға тамған қан. Алтын күрек. Романдар. «Елорда», 2000;
  19. Қайран шешем. Роман. «Ерен», 2000.

ee3960872f34bed2e8e85acda3e6ac1c.jpg


8. Бекхожин Қалижан


· 1913 жылы 15 желтоқсанда Павлодар облысы, Баянауыл өлкесінде әулиелі Қызыл тауда дүниеге келген (азан шақырып қойған шын аты Қали-Мұхаммед). Әкесі мәшһүр Нұрғожа Троицк қаласындағы Зейнолла ишанның медресесін үздік бітірген. Мәшһүр Жүсіппен, Ақан серімен, Исамен айтысқан, кейбір болыстарды шенеп сын айтқан ақын болған адам.


· Бала кезінде жалдамалы молдадан арабша хат таныған Қалижан бала кезінде қиссажырларды көп оқып, әдебиетке ерте құмартады. 1924 жылы дін оқуынан кеңес мектебіне ауысқан. 1929 жылы комсомол қатарына өтеді.


· 1930 жылдың басында Ертіс бойындағы Ақсу ауылында мұғалім болып істеген. 1932 жылы 19 жасында аудандық «Колхоз» газетінде 8 наурыз – әйелдер күніне арналған тырнақалды өлеңі басылып шықты. Содан кейін осы газеттің жауапты хатшысы қызметіне жұмысқа шақырылады. 1934 жылы мамыр айында Алматыға Қазақстан жазушыларының І съезіне Павлодардан делегат болған. 1934 жылы ҚазПИге оқуға түседі. 1938 жылы 4курста жүріп Қазақстан Орталық Комитетінің Комсомол баспасында бас редактор, кейіннен директор болып қызмет атқарған. 68–10 сыныптар оқулықтарының авторы болған. Ағылшынның атақты ақыны Байронның «Чайльд Гарольд» поэмасының бірнеше тарауларын аударып, ол қазақ әдебиетінің 8 сыныбына арналған хрестоматияда (1937) жарияланады. 1938–1939 жж. «Партизан Балтабай» (»Кек»), «Орман қызы», «Ақсақ құлан» атты үш дастан жазған. «Орман қызы» Қазақстан Орталық комсомол комитеті жариялаған бәйгеде жүлде алған.


· 1939 жылы атышулы Кенесары, Наурызбайды мадақтайтын «Батыр Науан» атты поэма жазған, кейін 1950 жылдары осы поэмасы үшін қуғын көрген, кітаптарын шығаруға тыйым салынған.


· Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғыстан оралысымен, әуелі Тіл әдебиет институтында, кейін Жазушылар одағында поэзия бөлімін басқарған. 1959 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін шығармашылық жұмыста болған. «Шеру» атты алғашқы өлеңдер жинағы 1944 жылы, ал «Көктем» атты екінші өлеңдер жинағы 1948 жылы жарық көрді. 1949 жылы «Советский писатель» баспасынан «Под звездами Москвы» атты өлеңдер жинағы шықты.


· Қырықтан астам өлеңдер мен поэмалар жинақтары шыққан: Алты асқар. Таңдамалы поэмалар мен өлеңдер, екі томдығы (1973, «Жазушы»), Үш томдық шығармалар жинағы (1983, «Жазушы»), Мариям Жагор қызы (1950, «Көркем әдебиет»), Ақан Ақтаев (1957, «Көркем әдебиет»), Жеті дастан (1966, «Жазушы»), Дала комиссары (1960, «Жазушы»), Бақытстан – байтағым (1968, «Жазушы»), Мамырстан (1970, «Жазушы»), Аппақ намә (1974, «Жазушы»), Ұландарым (1979, «Жалын»), Кешкі жаңғырық (1987, «Жалын»), Мария дочь Егора (1956, «Советский писатель»), Избранное. Стихотворения и поэмы (1980, «Художественная литература»), С поэзией иду (1974, «Советский писатель»), Вершины (1976, «Жазушы»), Степной комиссар (1968, «Жазушы»), т.б.Сын еңбектері: «Дәстүр және жаңашылдық» (1969), «Өлең өткелдері» (1986, «Жазушы»).


· Қырыққа тарта поэма жазған: «Мариям Жагор қызы», «Ақан Ақтаев», «Тұрлаулы тағдыр», «Дала комиссары», «Ақсақ құлан», «Сұңқар туралы аңыз», «Кремль сақшысы», «Мамырстан», «Әппақнаме», «Сері күйші», т.б.


· Драматургия саласындағы туындылары: «Егер жүрек шын берілсе» (1962) Қазақтың жастар мен балалар театрында, «Ұлан асу» («Ақтабан шұбырынды», 1970) Қазақтың М.Әуезов атындағы драма театры мен Шымкент облыстық драма театрында, «Нөсерден кейін», «Гималай сарыны» облыстық театрларда қойылды. Пушкин, Лермонтов, Гете, Байрон, Некрасов, Горький, Науаи, Назым Хикмет, Якуб Колас, Микола Бажан, Маяковский, Симонов, Вургун, Ғұламның және Қырғыз эпосы Манастың бірнеше тарауларын т.б. еңбектерін қазақ тіліне аударды. Қытай, араб, Куба, Индия ақындарының бірқатар жырларын аударған. Шығармалары орыс, украин, армян, әзербайжан, татар, өзбек, тәжік, түркімен, қырғыз, венгр, т.б. тілдерге аударылды.


· Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1978), Халық жазушысы (1986), екі рет Еңбек Қызыл Ту (1959, 1973), Халықтар Достығы, ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен (1983), Қазақ ССР Құрмет Грамотасымен және көптеген медальдармен марапатталған. Павлодар қаласының Құрметті азаматы. Жазушының есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында Алматы, Павлодар қалаларының бір көшесі және Павлодар қаласындағы №12 мектеп ақынның есімімен аталады. 2002, 2007 жылдары «Батыр Науан», 2004 жылы «Өлеңім – өмірім» (Қ. Бекхожин жайлы естеліктер), 2005 жылы «Алты асқар» кітаптары жарық көрді.


Бердияров Тоқаш


9. Бердияров Тоқаш


· 19 қазанда Оңтүстік Қазақстандағы Келес ауданында туған.


· Ұлы Отан соғысына қатысқан.


· 1950 жылға дейін Совет Армиясы қатарында болды.


· 1958-1962 жж. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Қазақ әдебиеті» газеттерінде қызмет істеді.


· 1962 жылдан шығармашылық жұмыста болды. Алғашқы өлеңдері баспасөзде 1950 жылдан жариялана бастады. Тырнақалды өлеңдер жинағы – «Шалқар теңіз» 1952 жылы жарық көрді. Кейін «Мен өмір сүремін» (1965), «Бейбітшілік көшесі» (1960), «Тораңғы» (1965), «Оқ және гүл» (1967), «Дауылдан кейін тыныштық» (1970), «Көгілдір ымырт» (1972), «Бозторғай» (1973), «Күндер, күндер, күндерім» (1974), «Ескі паровоз» (1976), «Жаңа дала» (1979), «Сөнбейтін оттар» (1980), «Есіктің алды – көк терек» (1983), «Шынар» (1985), т.б. өлеңдер мен поэмалар жинақтары, таңдамалылары басылды.


· Проза жанрында да қалам тартып, «Жастық кешуі» (1966), «Солдат сыры» (1968), «Фарида» (1978) атты әңгімелер мен повестер жинақтарын жариялады.


f78107cafca84106cefe8889bc884d5b.jpg


10. Боранбаев Қабыл


· Қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданында дүниеге келген. Отан соғысына қатысқан. Петропавл педтехникумын (1936), Абай атындағы Қазақ педагогика институтын бітірген (1946).


· 1932-1933 жж. Қарағандыдағы №3 шахтада еңбек етті.


· 1936-1943 жж. Қарағанды облысында, Балқаш қаласында мектеп мұғалімі, директоры, Түркістан педучилищесінде директордың орынбасары, 1946-1952 жж. ҚазТАГта редактор, «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен») журналында редактордың орынбасары, 1952 жылдан ұстаздық қызметте болды.


· Өлеңдері республикалық баспасөзде 1937 жылдан бастап жарияланып, алғашқы жинағы «Дәурен» 1949 жылы жарық көрді. Кейін «Балалар шаттығы» (1949), «Ант» (1950), «Дос отряд» (1955), «Тапқыр бала» (1971), «Дән дария» (1977), т.б. өлең кітаптары шықты. Н. Некрасовтың, В. Маяковскийдің, К.М. Симоновтың, Б. Кербабаевтың, Ғ. Ғұламның жекелеген өлеңдерін, И. Василенконың «Жұлдызша» повесін аударған.



№1. Қалам мен қаруды қатар ұстаған 10 қаламгер


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар