Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Талғат Кеңесбаев. Мен әлі жазушы емеспін......

30.05.2018 6419

Талғат Кеңесбаев. Мен әлі жазушы емеспін... 16+

Талғат Кеңесбаев. Мен әлі жазушы емеспін... - adebiportal.kz

Ике Әділұлы - қуғын-сүргін жылдары Кеңес үкіметі тарапынан қудаланып, қызыл әскерлердің қолынан қаза тапқан, қазақтың аяулы ұлдарының бірі. Елі үшін еңіреген ерлер қатарындағы Ике Әділұлындай азаматтың істеген игі істері, азаматтық тұлғасы әдеби шығармаға арқау болып ұрпақ жадында қалуы тиіс болатын. Осы игілікті мақсатты орындап, хикаят жазып шыққан жазушы Талғат Кеңесбаевпен жасаған сұхбатты ұсынып отырмыз.

Талғат аға, «Ұлт болмысы» журналының биылғы жылғы бас жүлдесі – жеңіл автокөлікке ие болған қуанышыңыз құтты болсын!

– Рақмет!

Әрине, бұл сіздің шығармашылық деңгейіңізге берілген баға екендігі даусыз. Оған сөз жоқ, әрине. Осы жүлде дегеннен шығады. Осы тұрғысында пікір өрбітсек... Қазіргі күні өңірлік, мемлекеттік, халықаралық деңгейдегі алуан түрлі әдеби жүлделер, атаулы сыйлықтар – жоқ емес, баршылық қой. Бірақ жазылған еңбекті бағалауда түйткілдер туындап жататыны рас қой, кейде. Осындай жағдайдан да болар, бәлкім: «Бұдан былай ешқандай әдеби байқауларға қатыспаймын», - депсізе ертеректе. Жалпы жүлде үшін байқауға қатысуға көзқарасыңыз қалай?

– Ең әуелі, мен бұл сыйлыққа неге қатыстым деген сұрақ туады. Біріншіден, бұл – сонау замандарда жазықсыз құрбан болған Ике атамды жарыққа шығарудың мүмкіндігі болды. Бұдан өзге мүмкіндік жоқ еді. Бұл – менің қырық жылдан бері шұғылданып келе жатқан шаруам. Сонау 1978 жылдың 18 мамырында «Олжас Сүлейменовтің туған күні» деп Мәскеуден хабар беріліп жатты. Мен ол кезде өте атаққұмар, мақтаншақ бала едім. Еш ойланбастан «Ике атамды жазып атақты боламын!», - деп ойладым. Мұны еске алып отырғаным – дәл осы күні бастаппын, Ике атам жайлы ізденістер жазылған дәптерді. Байқауға әркім әр түрлі мақсат, ниетте қатысады ғой...

Ике Әділұлының өміріне құрылған хикаятыңызды «Ұлт болмысы» журналының конурсына арнап жаздыңыз ба?

– Мен мұны асықпай созып жазып жүрген болар едім ғой. Бір күні Заңғар Кәрімхан мен Бауыржан Сегізбаев, Ербол Бейілхан деген бауырларым келіп:

– Аға біз байқауға қатысып жатырмыз. Сіз не бересіз? – деді. Сосын бауырларымның көңілін қимай, аяқтап жазып, байқауға жібердім.

– Ике Әділұлы – өз тұсында кеңес билігіне қарсы шыққан тұлға ғой. Демек, Ике туралы әдеби шығарма жазып жарияламақ түгілі, есімін ашықтан-ашық айтуға да болмайтын заманда, яғни 78-жылы бастадыңыз ба, бұл тақырыпты?

– Мен ол кезде еліміз тәуелсіздік алатынын білген жоқпын. Ондай ұғым болған жоқ. Бірақ мен өзім қалай да, қайтсем де осы туралы жазамын деп бекіндім. Қазіргі хикаятта Шәкәрімнің атын ұстап тұратын бір жігіт бар. Ел арасында ол кісіні Ақбастау деп атайтын. Сол кісілер және Қабылқақ аталар – Икенің оң қолы, көзі мен құлағы болған, Ике отқа түссе, отқа түсетін, суға түссе суға түсетін, сенімді адамдары болған кісі еді. Ойымда ештеңе жоқ, Ақбастау атамның үйіндегі апамызға барып:

– Апа, атам қайда? – дедім.

– Атаң мал қорада жүр, - деген соң, барып сәлем берген соң:

– Ике атам туралы айтып беріңізші, - демеймін бе. Әлі көз алдымда, ана кісі көзі шатынап кеткен, айырды алды да: «НКВД-нің құйыршығы», - деп маған тұра ұмтылды ғой. Мен қашып келе жатқанда алдымыздан апамыз шыға келді. Апамның пүліш камзолы болатын еді, атам келді де айырды етегінен қадап ар жағынан бірақ өткізді:

– Ойбай-ау, не болып қалды? – деді апам. Мен сол қалпы безіп кеттім. Мен қашып кеткеннен кейін ол кісі қолына балтасын алып атамның үйіне барады:

– Анау ұлың қайда, басын шабамын! – деп тепсінеді. Атам өте сабырлы кісі еді:

– Әй, қой андағыңды таста! Түсіндіріп айт, - десе ана ақсақал:

- Осылай, осылай, ұлың Икені сұрап келіп шулатып жүр. Ол КГБ-нің шпионы, -дейді атама. Содан ауылдың бәрі айқай-шу. Әкем алдап-сулап, ана кісіден кешірім сұрап, мамыр айы болса да, қой сойып үйге шақырып:

–– Сізге арнап сойдым, ұлыңызды кешіріңіз! – дейді. Ол кісіге де амал жоқ. Ресей жаққа ауып жүріп, әбден қуғын көрген адам ғой, ана кісі ашуланған әбден. Енді ғана Саржалға келіп тыныштық таптым ба дегенде, мен шыға келіппін. Содан ол кісі Қабылқақ атамды шақырып алады. Сонымен қойдық. Атам марқұм маған алаңдайтын болды. Менің аудандық газетке бірдеңелерім шықса, сақтана қарап:

– Сен балам, өкіметке қарсы ештеңе айтып қойған жоқсың ба? - дейтін. Осы ретте айтар, Қабылқақ атамнан Ике атамыз туралы қанша сұрасам да тіс жарып маған айтқан емес. Сол қалпы кетті.

Сөйтіп жүріп мектепті бітірдік. Институтта жүргенде де осы жағдай қайталанғаны бар. Ұстазымыз Қайым Мұхаметханов бір күні:

– Сабақ айтыңдар, - деп тақтаға шығарып жатты. Мен де кезегіммен шықтым. Ойымда ештеңе жоқ. Атам көлеңкеде ыңылдап, бір өлеңдер айтып отыратын. Соның бірі «Бояулы суыр» дегенді бастадым. Кейін білсем, бұл Шәкәрімнің өлеңі екен. Қайым ұстаз сұрап отырғаннан кейін әлгіні өзімше проза тілінде ертеде естіген әңгіме қылып айтып бердім. Ол кісі маған көзі бақырайып қарады да, журналды сарт еткізіп жапты да:

– Балалар, бүгінгі сабақ бітті. Ал сен жүр, - деп мені алып кетті. Үнсіз келе жатырмыз. Содан біраздан кейін маған айтады:

– Сен кімсің? КГБ-нің шпионысың ба! – дейді. Онда КГБ-нің не екенін де білмейтін жастамыз ғой. Содан үйіне алып барды да:

– Сен мына өлеңді қайдан білесің? – деді.

– Қай өлеңді? - дедім. Бағанағы сабақта мен мазмұндаған «Бояулы суыр» екен, сұрағаны.

– Оны, атам айтып отыратын, - дедім.

– Атаң кім? – деп атамды, руымды сұрап, бәрін жазып алып қалды. Содан ертеңінде келсем Қайым аға:

– Өй, сен біздің бала екенсің ғой, - деп құшақтап жатыр. Осы хикаятта есеп шығаратын кішкентай бала – Бейсен Жұмагелдин деген кісі, - сол Бейсен ағадан сұрапты:

– Осындай баланы білесің бе? – деген екен ол кісі:

- Ойбай, білемін. Кеңес ағамның немересі ғой, - деп бәрін айтқан көрінеді. Содан Қайым Мұхаметханов мені көрген жерде:

– Жазып жүрсің бе, жаздың ба? – деп ылғи сұрайтын болды. Бұл да бір парыз болғандай еді. Осыдан он бес жыл бұрын Тұрсын Жұртбай ағамыз:

– Осы сен ана Ике атаңды неге жазбайсың? – деді. Шынымды айтайын, шошып қалдым, Уже қорқатын жасқа келдік қой ол кезде, - Енді сен жазбағанда кім жазады? – деді ағам. Мен: «Қарап шығыңыз», - деп жазып жүргенімінің біраз бетін бердім. Ол кісі шолып көрді де:

– Мынауың жақсы дүние болатын сияқты. Тек осыған енді шыдамың жетіп тауысасың ба? – деді. Мен: - Тауысам! – дедім. Содан тағы бір бес жыл өтті. Тағы сұрайды: Тағы бес жыл өтті, тағы сұрайды.

Бұл хикаятты жазып аяқтауыма тағы бір түрткі болған нәрсе – көрген түсім. Ана жылы бір жылы қатты ауырып қалғанда түсіме кірді де ол кісі. Оянып алдым да: «Бісміллә, бісміллә, құдай кешірші! Сізді мазаладым да қалдырып қойдым ғой! - деп өз өзімнен шошып, таң атқанша отырдым, Содан Икенің ағасы Балапанның Қабылқағы деген шал да жүр ғой, хикаятта. Сол Балапанның немересі Серікболға қоңырау соқтым. Жеңгей екеуі пойызға отырып, бізге тартады. Мына қызықты қараңыз, ол кісі де:

– Мен түнде Ике атаңды көрдім, - деді. Мен Серікболға: «Түс көрдім» деп қана айтқан едім. Келген соң құшақтасып, көзімізге жас алып: «осылай-осылай, атаны көрдік», - дестік. Мөлшері екеуіміз бір сағат әрі немесе бері мен Шаған өзенінің мына жағынан, ол ана жағынан көрген екенбіз. Ғажап емес пе! Содан естіген-білген әңгіме ортаға салынып, нәтижесінде кірістік қой.

Ике Әділұлы

– Хикаят порталымызға жарияланды. Оқыған оқырмандар өзінің бағасын беріп жатқан болар. Оқырман ретінде менің ойыма келгені – хикаяттың басындағы кейіпкерлердің көптігі сондай, басында кідіргектеп қалдым. Бұл жөнінде не айтар едіңіз? Меніңше, оқиғаларды тым сығып тастаған сияқтысыз?

– Солай. Бұл хикаятқа енгізілмеген әлі де жетпістей беті бар. Оқуға жеңіл болуы үшін қиып тасталғандықтан солай болып отыр ғой. Мұнымен әлі де жұмыс істеймін, ширықтырамын. Мысалы мынадай оқиға бар: Ике мен Қабылқақ Мотыш бабаның басына барып: – Енді елімізге келеміз бе, келмейміз бе! - деп құран оқып қайтып келе жатқан кезде қау шеңгелдің арасынан бір адам шыға келеді. Бұл – НКВД-нің шпионы еді. Ол адамның мен атын айтпай-ақ қояйын. Өйткені, атамауға, ешқайда шығармауға әкеме уәде бергенмін. Бірақ мұнда кішкене жұқалап айттым, қою сюжетті алып тастадым. Бәрін сығып-сығып, қысып қысып бердім. Қазір ғаламтор заман дамыған кез, ауылдың кісілері де оқып алып: «анау оқиға қайда, мынау оқиға қайда», - деп бәрі жан жақтан сұрап жатыр. Ары кетсе елу бет қана болады деп едім, ие бола алмай қалдым ғой өзі. Сөйтіп отырып жазғанымды кесіп-кесіп жолдаған едім. Жоғарыда айтқанымыздай әлі де жетпіс беті жатыр.

– Ике Әділұлына қатысты оқиғалар мен хикаятыңыздағы кейіпкерлерді елдің адамдары түгел біледі, - дедіңіз. Ендеше, кейбір адамдар туралы жазғандарыңыз олардың ұрпақтарының намысына тиіп жүрмей ме?

– Мен өзімнің арымнан ғана қорқатын адаммын. Әкесінің шпион болғаны үшін баласының қандай кінәсі бар? Болды ма, болды. «Тоқылдақ» болды ма, болды. Бүгінгі күні маған кімнің өкпесі бар? Мен естігемінді, жүрегімнен өткенді ғана жазамын.

- Хикаятқа қатысты оқиғалар бала кезден таныс болғандықтан жазу қиын болмаған шығар? Өзге жазба деректер, құжаттарды іздедіңіз бе?

– Төте жазумен жазылған, сарғайған беттерді қолыма ұстатқан бір кісі бар. Қазір Семейде тұрады. Шамамен тоқсанға келіп қалған шығар:

– Әй сен бірдеңе жазып жүр едің ғой, мынау саған керек болар, - деп беріп еді. Ағасы Шәкәрімнің кезінде НКВД-ші болған екен. Содан ойымда ештеңе жоқ, үйде жатқан әлгі жазбаны «Көк тудың желбірегені» әнінің сөзін жазған Алмас Ахметбекұлы деген жігітке беріп:

– Мынаның бір бетін оқып берші деп едім, Алмас бір бетін оқыды да, түрі өзгеріп кетті:

– Мынаны қайтесің, құрт көзін! Қанішердің жазбасы екен ғой! - деді.

– Тобықтының бір шалы берген дүние ғой, - дедім. Осындай жағдай да болған, жиналған дүниелерге қатысты.

Абайдың Әрхам деген баласынан туатын Азат деген ағамыз болды. Зайыбы Қарлығаш апай өте бір жақсы адамдар болды. Қатты сыйластық. Азат ағама қалжыңдаймын.

– Азат аға, осы сіз неге НКВД болып кетпедіңіз. Тып-тыныш өмір сүретін едіңіз ғой! – дедім бірде. Ол кісінің жүрегін ауыртайын деген еш ойымда жоқ еді. Әлгі сөзді естігенде Азат ағам атып тұрып қалш-қалш етіп, дірілдеді де қалды. Тамақ ішпей отырды.

– Әй Тәкен, жаңағыны неге айттың? – деді жайлап. Сосын ол кісі:

– Ендігәрі НКВД деген сөзді менің дастарханымда айтпашы! - деді. Құнабайдың ұрпағы ғой, әбден зәтте болып қалған. Біз кейін бір түсіру тобымен барғанбыз. Ол кісі бір ғажап адам еді. Жалпы Азат ағаның маған берген дүниелері көп.

– Ике Әділұлының ұрпақтары қуғын-сүргін жылдары Қызылордаға жер аударылғанын білеміз. Сол өңірден қай кезеңде елге келді?

–– Ике ұрпақтары кейінірек келді. Мен білетін бір ірі қазақ бар. Оған елдің бәрі, әсіресе, Алашордада қызмет еткендердің ұрпағының бәрі қарыз. Ол – Болат Нәсенов деген кісі. Ол кісімен мені таныстырған Бауыржан Жақып еді. Бауыржанның әкесі қайтыс болып, біз Семейге бардық. Сонда Болат ағамен таныстырды. Сол Болат аға Икенің ұлы Шапағатқа (Шәпи ағама): «Мынау сенің әкең Икенікі», - деп барлық құжаттарын деп әкеп берген екен. Сонда ғана құжаттарын көрдім.

– Ике Әділұлын әдеби айналымға енгізу –басты миссияңыз. Бұдан өзге нені жазып жүрсіз? Жазған дүниелеріңізге көңіліңіз тола ма?

- Жақында Қырғызстаннан келдім. Олар да қуанып жатыр. Қырғыз поэзиясының үлкен ақсақалы Омар Сұлтановпен жолықтым. Ол кісімен 1985 жылы Олжас Сүлейменовпен кездейсоқ бірге жүріп танысқан едім. Ол кісіні «атам» деймін, жасы сексеннен асты. Бішкекте Айдарбек Сарманбетов деген аға досым бар. Сол азамат мені аударады. Монғолиядан бір аудармашы хабарласты. Түркияда қыркүйектің соңында кітабым шығады.

- Мына шындықты айтуым керек. Маған қазір өндірте жұмыс істеу қажет. Бұрын «жазушымын» деп жүретінмін. Енді ойласам, мен жазушы емес екенмін. Ол ой қайдан келді дейсің ғой? Оралхан Бөкей ағамыз жанына жұмысқа шақырып, өмірінің соңына дейін жанында жүрдім. Ол кісі маған үлкен үміт артты. Кейде маған айтатын:

- Сенің тілің өте жұтаң. Тілің артист қыздардың ғашығына жазған телеграммасы сияқты деп айтқанда шамданып едім. Бекер екен. Ораш ағамды сол кезде тыңдасам, тіл байлығым әлі де арта түсер ме еді. Қазір не кино тілі емес, не әдебиет тілі емес болып қалды. Соған өкінемін. Ораш аға:

– Мына фольклорды оқы! - дейтін. Қазір фольклорды қайтадан оқып жатырмын. Бірақ үш деген бағаға іліге алмай жүрмін ау деп ойлаймын. Біраз дүниелер жасағым келеді.

Рүстем Есдәулет бауырымның да бір айтқан сөзі бар еді.

– Аға сізден драматург шығару үшін көп оқу керек!– дейтін.

– Нені оқиын? – десем:

– Қолыңызға түскеннің бәрін оқыңыз. Бірақ сіздің қолыңызға тек классика ғана түсетінін білемін ғой - деп күлдіретін. Ол өзі бір өте еркөңіл, жақсы жігіт еді. Маңдайымызға сыймай кетті.

– Қазақстан жазушылар одағының билетін қайтарып берген тарихыңыз бар. Қазіргі күні қайтадан кіру жоспарыңызда жоқ па?

– Жоқ жоқ, кезінде кеттім бе, кеттім. Қазіргі Ұлықбек ағама да айтарым сол. Мен жағама кір жұқтырсам, жұқтырармын, бірақ жүрегіме кір жұқтырмайтын адаммын. Маған тиіспеңдер. Қарсылығым да, ештеңем де жоқ, бірақ жоламаймын. Болды. Қазір Еуразия жазушылар одағына қабылдандым ғой.

– Қырғыз қаламгерлерімен тығыз байланыста көрінесіз. Қазіргі қырғыз әдебиеті қай деңгейде?

– Қырғыз әдебиетіне түгелдей баға бере алмаймын. Бір білетінім – олар кинода немесе әдебиет саласында не жасаса да қырғыз халқы үшін жасайды. Ал біз бірден Қазақстанға емес, Голливудқа ұмтыламыз. Мысалы, Голивудқа барып осы Икені бер десе, мен қуана қуана беремін. Ал бұл Голливудқа керек пе, керек емес пе? Мәселе осында ғой. Олардың кино мамандарымен де жақсы араласамын. Олар киноны мықты түсіреді, мойындау керек.

– Біз нені ескермей отырмыз? Қырғыздың Құрманжан датқасы сияқты қайраткер аналар біздің қазақта да бар емес пе?

– Менің өзімнің ойым айтады. Бізде мынадай бір ұғым бар: «Ауылдағының ауызы сасық». Біздегі түсінікпен, мұндағылардың бәрі жаман. Адамдар неге Голливудқа ұмтылады? «Әй осы қырт қазақтардан кетейінші, анда шығайыншы, мында шығайыншы!», - дейді. Көбі осылай ойлайды. Бұл ойдан құтылу мүмкін емес. Өйткені, қазіргі қазақта бауырмалдық жоқ. Мен, мысалы Тұрсын Жұртбай ағамды жақсы көремін. Өте сыйлаймын. Бала кезімнен бір ауылда өстік қой. Елде, Семей жақта көбі менімен: «Тұрсын Жұртбай ағасының жағасынан алды», - деп өзінен өзі өшігіп жүреді.. Мен Тұрсын ағаның жағасынан да алған жоқпын, балағынан да алған жоқпын. Бірақ мен оған айтқанмын:

– Осы елдің азаматы ретінде, оқырман ретінде айтуға құқығым бар: сіз мына академияны тастаңызшы, прозаға келіңізші! – деп.

Бүкіл Алашты қопарған, аяғынан тік тұрғызып, шаңына сілкіген – осы Тұрсын Жұртбай. Бүкіл миссиясы бітті. Жетпіске келе жатыр. Енді көкем ау, ана прозасы, «Жер бесік» деген дүниесі бар ғой. Оралхан Бөкей ағамыз жастардың ортасында отырып айтқан бір сөзі бар: «Анау Тұрсын Жұртбаев деген бауырымыз егерде прозаны жүйелеп жазатын болса, талай адамдар шашылып қалады», - деп еді. Мен мұны Оралханның өз аузынан естіген адаммын. Мен Оралхан сияқты ұлы жазушы болмайтыным анық. Бірақ мен тырысамын. Енді маған бес-алты жыл уақыт беріңдер. Менен жазушы шығып қалуы мүмкін.

– Бір сұхбатыңызда: «Алда міндетті түрде Нобель сыйлығын аламын!», - деп айтқан екенсіз...

- Иә, айтқанымын. Бірақ Нобель қайда, біз қайда! Алла бұйыртса, жазамын деп жүрген ойларым бар. Мысалы, қолында смартфоны бар қазақтың бір баласы автобуста, ұшақта немесе көшеде қысқа-қысқа әңгімелерді оқып отырса қалай? Мен соған ұмтыламын. Амангелді Сейітхан деген бір спорт тележурналисі бауырым бар. Өзі еркелеп жүреді маған, сол бір күні мені ұстап алып.

- Аға, жүріңізші! – деп бір дәмханаға алып келді.

- Әй Аманчик, не болды? – десем:

- Аға – дейді (қолында блокнот тұр екен) мынау блокнотты көрдіңіз бе? – дейді.

- Көрдім, - дедім.

- Осының бір бетіне сыятындай шағын әңгімелер жазыңызшы! – дейді. Содан бес-алтауын жазып өзіне жібергенмін. Ондай қызықтар көп. Өзі бір жақсы жігіт. Бізге қазір былай істеу керек. Адам өзін бағалау керек. Қай тұрғыдан бағалау керек? Бірінші, адамгершілік, иман, отбасы, содан кейін жора-жолдасы, туған-туысы, қора-қопсысы деген категориялар бар ғой. Осының бәрін жақсы қылып ұстау керек. Бізде қазір қалай? Бес-алты өлең жазады. Сәтті өлең жазады. Қазақта «жығылсаң, нардан жығыл» деген сөз бар ғой, оның бәрін аттап өтіп, құдайға жармасатын, құдайға тілін безейтін, қарғайтын адамдар шықты қазір. Құранға үкім айтатын адамдар шықты. Не деген масқара мынау?

– Жаңашыл қаламгерлер толқыны келіп жатыр. Поэзияда да, прозада да «басқаша» жазатын жастар пайда болды. Бұлар тыңнан жол табамын деп, жапонның дзен-буддасы, батыстың христиандығы т.б. туындаған ойлау қалпын таңып жатқан жоқ па, қалай? Бейімбет пен Ғабит, Жүсіпбектердің салып берген сорабы да бізге жетпей ме?

- Анаған еліктеу, мынаған еліктеу дұрыс емес шығар. Мысалы, бір інім маған ренжиді. Мен бір күні отырдым да айттым:

- Әй, бауырым! Анау Дәулеткерей Кәпұлын қарашы. Сенің әкеңдей ақын, - дедім. Дәулеткерейдің адамгершілік деңгейін мен білмеймін, білгім де келмейді – бірақ оның поэзиясы – қазір номер бірінші поэзия деп айтар едім. Ол қазір андай ойпыл-тойпыл мінездерін қағып-сілкісе, нағыз сүйекті ақын. Ал кейбір ақындарды «асфальт, бағдаршам, тротуар деңгейінде жүрген ақындар» дер едім. Ол ертең өзінен өзі қалады, ұмытылады.

Прозада да кейбір жазушылар бар. Қысқа-қысқа, тақыл-тұқыл сөйлеммен жазуға құмар. Ықшамдыққа құрылған бұл стильге қалай қарайсыз?

– Әрі бармай-ақ қояйық, мысалы, Василий Шукшинді, С.Давлатовты, өзіміздің Бейімбет Майлинді, Сайын Мұратбековты ал, - осылардың қайсысы жүрегіңе жақын? Әрине, Сайын мен Бейімбет жүрегіңе жақын. Мен Давлатов болғым келіп буырқанып біраз жыл жүрдім. Біз шетелге шықсақ өмір жақсы деп ойлаймыз. Мынау қырғыздар, монғолдар, түріктер бекерден-бекер аударып жатпаған болар. Өздері ғаламтор арқылы тауып алады. Мен ешкімді іздемеймін де. Беретін ақшам да жоқ. Мені аудар, жарнамалаңдар деп ешкімге жалынбаймын да.

– Қазіргі қазақ прозасының шыңы деп кімді есептейсіз?

– Қолына қалам ұстаған қазақ жазушысының бәрі шыңда жүр деп санаймын. Бірақ осы биіктен қалай түседі? Мысалы, мен өз басымды айтайын, Оралхан ағам өмірден кеткенде, енді барлық адам секілді қайғырасың ғой, ағаң болғасын, менің жүрегім қатты ауырды. Мұнан кейін Дидахмет Әшімхан, күні кеше ғана өмірден өткен Рақымжан Отарбаев кеткенде жүрегім қатты ауырды. Дидахмет ағам маған өмірде көп ақыл-кеңес берген кісі еді. Рақымжан аға жүре тұрғанда жастарды жақсы жаққа бастайтыны сөзсіз еді ғой. Өте жақсы мүмкіндігі бар жазушы болатын. Егерде Рақымжан аға драматургия, кино, проза – дүниенің төрт бұрышын ұстап келе жатқан жігіт еді. Ол кісінің аудиокітабына дәнекер болдым.

Біреудің алдында кінәлі болып қалсам, мейлі ол бай болсын, қойшы болсын, не малай болсын, сол қашан кешіргенше, қасында шыр көбелек айналып жүргенім. Одан кейін, бай-бағландар бар ғой, қолында дүниесі бар әкім қаралар, алдымда бір кішкене кінәсі болса, мойнымды бір бұрамын да, қайтып жоламаймын оған. Осы екі мінезімді қоя алмай жүрмін. Бұл тіршілік жолында жаман екен.

– Алдағы жоспарыңыз қандай?

– Биыл құдай бұйртса, наурызға дейін екі роман беруім керек. 2003 жылы Катонқарағайға, Шыңғыстайға бара жатқанда басыма бір керемет сюжет түсті. Соны жазамын деп, әлі қиюын келтіре алмай жүрмін. Тележурналист Мирас Мұқашпен сапарлас болғанымда Көкпекті, Ақсуат, Жарма жерлерін араладым. Сонда мына ойға бекідім: «Сонау Катонқарағайдың жерін мен біле қоймайды екенмін. Сондықтан оқиғасын өзіме етене осы аймаққа әкелетін шығармын деп түйдім. Қазір там-тұмдап «шимайлап» жатырмын. Алдағыны уақыт көрсетеді. Енді құдай жеткізсе үш жылда алпысқа толамын. Осы үш жылда біраз дүниелер жазамын. Жазбаса қоямын. Мен әлі жазушы емеспін...

Сұхбаттасқан Асылбек Байтанұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар