Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Мейір гүлдеген жүрек......

06.08.2021 6194

Мейір гүлдеген жүрек... 12+

Мейір гүлдеген жүрек... - adebiportal.kz

Қазіргі əл-Фараби атындағы Қазақстан мемлекеттік Ұлттық Университетіне оқуға түсуіме көмектескен – ақын Əнуарбек Дүйсенбиев. Оны бүгінде несіне жасырайын?!

«Студенттік кезеңнен бірге келе жатқан қимас кітабым еді. Мен енді сыншы бола қоймаспын. Саған қидым» – деп ұлы сыншы В.Г.Белинскийдің 3 томдық жинағының бір кітабын басыбайлы сыйлаған Əнуарбек Дүйсенбиев. Əдебиет сыншысы болып қалыптасуыма елеусіз ғана еткен ықпалы екен. Енді, енді терең сезініп, біліп жүрген жайым бар.

– Балақан сен балалар əдебиеті дегенді естігенің бар ма? Қызық əдебиет ə?! Міне, мынау Мүбарак достың кітабы. Орманды қорған еткен ақын. Ал, мынау Жақан дос. Бəрімізден мықты. Енді, мынау Жəнібек досымның өлеңдер жинағы. Ауылға қашып кетті. Мектепте сабақ береді. Мұғалім. Бақытты ə. Өлеңдері өмірге жақын. Ал, мынау Сағи ғой, міне, Оспанхан...

Ол кезек-кезегімен маған жеке кітапханасынан кітаптар ұсынады. Балалар əдебиеті деген ұғым бойында жоқ мен қысыла түсемін. Қамқор ағаның қолын қайтармай кітаптарды қолыма алып қарай бастаймын. «Нешауа». Ағаға деген құрметпен ол кітаптарды оқимын.

Енді, бір азғана күнде кітабын оқыған ақындардың өзін «тірідей» көре бастаймын. Мұқағали Мақатаев, Сағи Жиенбаев, Қабдыкəрім Ыдырысов, Бек Тоғысбаев, Зейнолла Шүкіров, Естай Мырзахметов, Ермек Өтетілеуов... Бəр-бəрін де Əнағам үйінде көріп, біліп таныстым. «Əнеш» – деп келіп тұрғаны жарықтықтардың. Əнағам да бала сияқты жан. «Рəш, достарға дастархан жаймағалы біраз болды ғой» – деді. «Рəш» – Рəбиға жеңешем, «Қазақ əдебиеті» газетінің «мəңгілік» корректоры, Түгелбаев. «Дастархан дайын ғой» – деді жарықтық. Қабағын бір шытсайшы. Жо-жоқ. Екі күннің бірінде Əнағаң үйінде бас қосу. Балалы-шағалы Рəбиға жеңгем үлгермей жатқан шаруаға екеуінің шешесі қосыла жəрдемдесіп, көтеріп алып кетіп жатады. Не деген кеңпейілдік, десеңізші?!

«Мынау, біздің Құлбек, – деді оларға, оқуға келіп жатқан қарғадай мені таныстырып.

– Ой, батыр хал қалай? – дейді олар, мені бауырына тартып.

Ақын, жазушылардың жарлары да бір ғажап жандар-ау, ғажап жандар.

Бəрі қосылып та, кезектесіп те əн салады. Карта ойнайды. Шарап та ішеді...»

Картасы мен шарабын қайдан білейін. Ал, басқасының бəрі – тəрбие. Өмірге баулу. Балалар əдебиетіне баулу...

Енді, ойлап отырсам, сол қасқа мен жайсаңдар ол кезде əлі қырыққа жетпеген жігіттер екен ғой. Ал, мына бізге олар недəуір үлкен кісілер болып көрінетін. Азаматтығы үлкен еді, ойлары биік еді, жырлары асқақ еді. Отырған жері – ойын, күлкі, əн, жыр... Ал, жайсаң ағамның ақ ордасы – шығармашылық клубы секілді.

Сəуле, Ержан, Нұржан, Зəуре – аға-жеңгемнің перзенттері. Қыздарын қалай еркелетеді?! Ұлдарымен «алысып-жұлысып» ойнап жүргені. Екі иығына екі кісі мінгендей дəу қарашұбар Əнағам, өзі айтқандай, «Лилипуттар арасындағы Гуливер»...

Əнуарбек Дүйсенбиев – балалар ақыны еді. Табиғаттан жаратылысы ма, əлде кəсіби мамандығын қабылдай қалыптасқан мінез бе, əйтеуір бір үйдің үлкен баласы секілді.

Міне, осындай қара шаңырақта, осындай ортада өскенім үшін өзімді бақытты санаймын. Егерде, балалар əдебиеті сыншысы ретінде мойындала қалсам, онда бірден-бір қарыздар адамым – Əнуарбек Дүйсенбиев.

Əнағам отбасында отандық ақын, жазушылармен ғана танысып қойған жоқпын. Мəскеулік Юрий Кушак, Ташкенттік Райм Фархади, Бішкектік Сулайман Маймулов секілді сырт ел қаламгерлерімен де осы шаңырақта жүздесіп, Рəбиға жеңешемнің ақ дастарханы басында сұхбаттаса отырып, жақын таныстым.

Тағдыр шығар, ғұмыры қысқа болды Əнағамның. Қырық тоғыз жасында қайтыс болды. Ақырғы түні Көпен екеуміз күзеттік. Дұрысы, күзетуге барған сəтімізден сəл бұрын үзіліпті,марқұм. Ақырғы сапарына ақ жуып, арулап шығарып салдық.

Арада бір-ер жыл салып ақын анасы Сəндібала шешей қайтты жарық дүниеден. Ақын əкесі – Тəжен соғыстан оралмаған. Жесір атана жүріп жеткізген жалғыз ұлдың қайғысы жегідей жеп қойды-ау аяулы ананы. Əйтеуір, көп ұзамады. Ақ жуып, арулап қойдық.

Ақынның томашадай ғана əдемі жары сондай қуатты еді. Қайғы үстіне қайғы жамалып жатты. Қаралы жан жарының қайғысын, енесінің қайғысын қайыспай көтеріп-ақ келе жатыр еді. Ақыры сынды. Ұзамады. Ақ жуып арулап қойдық.

Ұл, қыздары жас еді.

Қара шаңыраққа ақын достары көз қырын салды. Достарының жары – Сафура, Бəтіш, Нағима Əнағаң мен Рəбиғадан өнген ұрпаққа туған аналарындай қамқорлық көрсетті. Балалар əдебиетінің ақсақалы Мұзафар Əлімбаев пен Шапау жеңгейді қамқорлар қатарында мархабатпен еске аламыз.

Қыздар бой жетті. Балалар ер жетті. Өз қолдары өз ауыздарына жетті. Үйлі баранды болып кетті. Өсті. Өнді. Шүкір.

Əңгіме – Əнағаңнан басталып еді ғой. Əнағаң, ақын Əнуарбек Дүйсенбиев – қазақ əдебиетінде өзіндік орны бар ақын. Əсіресе, балалар əдебиетіне қосқан үлесі – үлкен.

Əнуарбек Дүйсенбиевтің бұл саладағы əдеби мұрасын шама-шарқымша «Мейір гүлдеген жүрек...», «Аты да, хаты да өлмейді»– деп аталатын арнайы мақалаларда талдап көрсетуге тырыстым. Алғашқы мақала орыс тілінде «Детская литература» журналында (1982 ж.No7) жарық көрді. «Ақ қозы» аталатын проза кітабы жөнінде де пікір айтыппын кезінде. Бүгін күнделігімді ақтарып, Əнағам жайында балаңдау, жасаңдау шағымда жазған бір сезім дүниесін тауып алдым. Оны да оқырманға қидым. « 20 шілде 1982 ж.

«Детская литература» жорналының 7-ші саны жарық көріпті. Басылымның жауапты редакторы Баққожа Мұқаев көрсетті. Əнағаң (Ə.Дүйсембиев) творчествосы жайлы мақалам жарияланды. Одақтық басылымдағы тұңғыш мақалам. Бір түрлі ыстық сезіледі екен. Ең бастысы - Əнағаң рухы алдындағы қарызымды өтегенімді айтсай-шы. Əнағаңа мен бүкіл тағдырыммен қарыздармын. Ол кісі менің туғаным, туысқаным емес, елдес жерлесім де емес. Сөйте тұра «жетім бала екенсің, мен де жетім өскен едім» – деп Ол кісі мені оқуға түсірген. «Сен сыншы боласың. Мына кітап менің студенттік кезімнің ескерткіші еді. Көп жыл сақтадым. Енді саған берейінші, менен əдебиет сыншысы шықпас, ақын бола алсақ та жаман емес»– деп маған В.Г.Белинскийдің үш томдық «Таңдамалы» шығармалар жинағының бір томын сыйлап еді. Өзінің кітаптарын қолтаңбамен сыйлайтын. Балалар əдебиеті өкілдері жыр жинақтарын беріп отыра-тын. «Мə, оқып көрші. Осы балалардың жақсы ақыны»– деп қоятын. Мені балалар əдебиетіне маманданған сыншы болса деп ойлаушы еді. Менің өндіріп жазғанымды көре алмай кетті, марқұм! Мына бір кітабына – «Қаһарман қорған» – «Жазушы» баспасы»,1974 ж.былай деп қолтаңба түсіріп сыйлапты: «Құлбек бауырыма. Қуанышты ғұмыр, еңбек табыстарын тілеймін. Ағасы Əнуар. Д. 28.ІХ.74.»Əрине, мен Əнағаң артқан сенім мен міндетті атқара алдым ба, жоқ па? Кім білсін. Бірақ, əйтеуір бүгін одақтық «Детская литература» жор-налына Əнағаң творчествосы туралы портреттік мақаламның шығуы бір түрлі жеңілейтіп тұрған сияқты. Əнағаң əруағы алдында титім-дей де болса бір міндетімді атқардым-ау, деген сезімге бөлейді...» Иə, күнделік солай дейді. Бүгінгі мақала да сондай борыштар сезімнен жазылып отыруы бек мүмкін.

Əнуарбек Дүйсенбиев – үлкендерге арнап жыр қашаған қаламгер. Оның əр жылдары «Ана жүрегі», «Қаһарман қорған», «Аққулы ай-дын», «Жаңбырлы жаз» аталатын өлеңдер жинағы жарық көрген.

Қалыптасу жолында көрген шексіз қамқорлықты қайтарсам деген қарыздар бейілдің əсері шығар, əйтеуір ақын жыр жинағы жарық көрген сайын арнайы мақала жазып, пікір айтып отырып-пын. Сарғайған газет қиындыларын қайта парақтап отырған жайым бар. Кейбір ойлар көңілге қонады. Ал, кейбірі, тіпті балаң. Əйтеуір, қарыздар бейілдің əсері ғана. Дегенде, қазақ поэзиясы жайында айтылған ойларды жинақтау үстінде Əнуар Дүйсенбиев жөнінде жазылған мақалалардың бір парасын кітапқа енгізуді жөн көрдім.

...Жазу столы тұр. Ақын көзге шалынбайды. Стол үстінде жарты-лай жазылған ақ қағаз. Бейнебір ақын жаңа ғана сыртқа шығып кет-кендей, қайта оралып келіп, отыра қалып жыр толғайтындай. Бірақ, бірақ... жартылай жазылған ақ парақ неге күнсоқты болып сарғыш тартқан? Көңілді сұрқай тартқызып, жүректі дір еткізгенін қарашы құрғырдың!

Иə, біраз болған бала көңіл жайдары ақынның бейнесі көзден таса болғалы. Біраз болған иесін күткен арғымақтай жазу столының, оның үстінде жартылай жазылып қалған ақ қағаздың авторын күткелі. Бірақ сапардан ақын оралмады... Ақындар ағасы Əбділда Тəжібаевтың сөзімен айтқанда: «Жыл толды үлкен жүрек тоқтағалы». Жыл толды ақын жүрек тебіреніспен жыр толғамағалы. Көңілден жыр сауламағалы. Бейне бар көңілде. Өзі жоқ. Жыры бар жатталған жүректе. Бəлкім, енді ол ақындық даңқ болып қана оралар. Кім ол? Ол – үлкен-кішіге алғаусыз адамгершілігімен ұнаған, үлкенге Əнуар, құрбы–замандасқа – Əнеш, кішіге – Əнаға, атанған ақын - Əнуарбек Дүйсенбиев еді.

Өмір-тіршіліктегі қадір-қасиет жұрт есінде сақталар. Аңыз болып келешекке де барар. Дегенмен өнерпаздық өмірбаянның өз қасиеті, өз ерекшелігі бар. Ақын туған халқы үшін жыр қашады. Бар өмірін елге арнады. Өнериеттік өмірдің бір ерекшелігі – авторы көз жұмған сəттен сəл үзіліп барып, екінші өмірін жалғап алып кетеді. Əнағаң да осындай творчестволық тағдыр кешкен жанның бірі. Ендеше оның өмірін естелікпен шектеудің жөні жоқ. Олай болса асыл ағаны сағына тұрып, соңында қалған жыр-мұрасына үңілеміз. Уақытында ыстық-суықты түрлі поэтикалық позада туған ол өлең-жырдан келешекпен сабақтасар сипаттар іздейміз. Ақынның мол пішілген зор тұлғасына біткен үлкен адамгершілік, жүзіне ұялаған мейір-шапағат ізін енді ол қалдырған əдеби мұрадан көреміз.

Ақындық та адамгершіліктен бастау алмас па?! Əнуарбек Дүйсенбиев өзінің дарын қуатын балалар жəне үлкендер поэзия-сы, проза, драматургия, аударма жанрларында байқады. Оқырман қауым да түрлі-түрлі. Əркім қалағанын қадағалап оқып, ең үздігінен лəззаттанады. Бізге əмсе Əнағаның балалар əдебиетіне қосқан мол-мол үлесі ұнайды. Балалар əдебиеті бізде кенжелеу келеді дегеніміз-бен, оның да дарынды авторлары, талайдан талмай атқарып келе жатқан абыройлы міндеттері бар. Балалар əдебиетіне қызмет ету – халқымыздың келешегіне қызмет ету. Одан артық абройлы міндет бола ма?! Əнағаң – əдебиетке балалар ақыны болып келді. Балалар ақыны болып өтті дүниеден. Ақынның балғын бөбектерге арнаған жыры барынша нəрлі, құнарлы, қызықты үлкен əдеби мұра. Дүниеге келген сəбиді ақын жыры ана əлдиі болып əлдиледі, ана мейірімі бо-лып аялады, бесік жыры болып тербетті; ə дегенде тілін шығарып, көзін ана тілінің қадір-қасиетін дарыта ашты; келе-келе Ананы ардақтауды, ортақ ана – Отанның барын, оны шын жүректен сүю ке-ректігін үйретті десек қателеспейміз. Осы сипаттарда талдап-таратып айтар балалар ақынының əлденеше ерекшеліктері жатыр.

Ə.Дүйсенбиев əдебиетке қарапайым балалар ақыны болып келіп, қадірлі, жаңашыл қаламгеріне айналды. Өмірдегі беделден - өнерлік беделдің, өлеңдік бедердің ғұмыры ұзақ. Ол өнерлік беделге шығармашылық ізденіспен жетті.

Ақын əдебиетке келген елуінші жылдары балалар əдебиеті жоқ еді десек, «көрмес түйені де көрмес» - болып шыға келер еді. Арғы арна-сын халық ауыз əдебиеті асыл мұраларынан алған балалар əдебиеті қашан да болған, бола береді. Бірақ өмір заңы-өнер заңы дегендей, оның да қарқындап дамып, əлсірей баяу тартар сəттері кездеседі. Əнуарбек Дүйсенбиев əдебиетке келген елуінші жылдары қазақ бала-лар поэзиясында сырт қарағанда бəрі бар көрінгенімен, бар тақырып сырттай автор атынан баяндалып берілер еді. Жалаң үгіт-насихат молырақ болатын. Міне, осы сəт балалар поэзиясына жаңа тыныс ала келген ақынның бірі, бірегейі – Ə.Дүйсенбиев еді. Қазақ балалар поэзиясын жаттанды ақыл, үгіт-насихаттан арылтуда, ақын көп-көп жаңашылдық танытты. Бұл – бір жағы алғы күнге озып бара жатқан уақыттың əдебиетке қояр талабы да. Тек сол кезеңі келіп, пісіп жетіл-ген міндетті талабына таланты сай Əнағаң бастаған жаңа буын абы-роймен атқарып алып шықты. Жас ақын балалар психологиясын жете зерттеп, өлеңді олардың ойнақы мінез-құлқына, іс-əрекетіне құрды. «Шайнап бергенің ас болмасын» – біліп, шарқ ұра ізденді. Сол із-деністен бала мінезінің қилы-қилы сəтін елестетерлік, кемшілікті көзге көрсетіп өтер, жетістікті үлгі етер, өлең, жаңылтпаш, жұмбақ, ертегілер дүниеге келді. Тіршілік дүниесінде əдебиетке арқау болмай-тын құбылыс жоқ. Тек əдебиеттің əр саласы, əр жанрының ерекшелігі, өзіндік бейнелеу тəсілі бар ғой. Қазақ поэзиясында аналар жайлы бірі-нен-бірі өткен рухы биік, көркемдігі кемел қаншама жыр бар. Соның баршасы сəби бала көңіліне ұялай кетеді десек қателесеміз. Аналар рухын, олардың ақ сүтінің құдіретін балаға жеткізу үшін бала-көңіл жыр керек. Соны əдебиетімізде тұңғыш тапқан ақын – Əнуар. Ол өзіміз бала жастан жаттап өскен «Ақ мамамды» жазды.

Мен деп кірпік қақпаған,

Менсіз тағам татпаған,

Бақыты үшін балаңның,

Аман-сау жүр, ақ мамам! –

деп жыр бастады. Ананы ардақтау ауыз əдебиеті асыл үлгілерінен соң сəбилер санасына осынау бала көңіл қарапайым, бірақ бала көзімен қарағанда назды, сазды, құдіретті өлең арқылы сіңеді. Жаттауға жеңіл, жүрекке тез ұялар бұл өлеңнің есейе келе баланы қандай игіліктерге бастайтынын ойша көзге елестетуге болады. Бұл – өлеңді балалардың ана жайлы гимні десе жарасады. Ал осынау өлең жас ақынның əдебиетке келген алғашқы адымдарының бірі екен. Алғашқы қадам сəттілігі əсіресе балалар əдебиетінде табысты еңбекке айналды. Ол араласпаған жанр балалар əдебиетінде жоққа тəн.

Балалар ақыны ретінде Əнуарбек Дүйсенбиев əдеби мұрасының бір ерекшелігі əлеуметтік үлкен сезімдерді балалар көңіліне жеңіл, жедел ұялатқыш келеді.

Жақсылыққа, бақытқа

Талпынған əр уақытта.

Бала біткен дос-бауыр,

Ақпыз, қара, сарымыз;

Ағайынбыз бəріміз! –

деп жырлады ол халықтар достығын. Мынау ғалам, қайшылығы мол дүниеге бала көзімен қарау – келешек көзімен қарау. Балалар көңіліне адамгершілік, гуманизм сезімдерін ұялатады. Бұл жырдан біздің біраз ақындарымыздың үйренгені бар кезінде. Əлеуметтік үлкен сезімдерді ақын көптеген өлеңдеріне сығымдай сыйғыза, жарасымымен қолданады. Балаларға жаттауға жеңіл жырлар, олар-дың бойына əрі қоғам, тіршілік жайлы да ізгі ойлар салады. Бірақ балалар қабылдауына қиындық келтірер, жалаң жаттандылыққа ақын барған емес.

Ақынның балалар поэзиясындағы жəне бір ерекшелігі – өлеңді бала мінезіне, іс-əрекетіне құра еркелете жазатындығы. Жеңіл юмор өлеңге ереше еркелік, наз, жарасым береді. Оның бұл бағыттағы көптеген өлеңдері де хрестоматиялық сипат алған.

Жеп тұр Əсет алманы,

Інісін еске алмады.

Маған да аздап бер, – дейді,

Əсет оған бермейді.

– Кəкей, жеуге болмайды,

Айта көрме ондайды!

«Шірік» алма, деп қойды,

Сөйтті де өзі жеп қойды –

секілді əзілі жарасқан ойнақы өлеңдер оқушысын үйіріп əкетеді.

Болмаса, күн кешкіріп, көлеңкесі ғайып болған, содан жылаған сəбиді:

Қамашқа не болды екен,

Не жоғалтты, не іздейді?

– Қашып кетті көлеңкем,

Көрдіңіз бе, Сіз дейді? –

деп бейнелейді. Бұл – өлеңге арқау болған құбылыстың өзі қарапайым бола тұра, балалар ақыны көзіне ғана шалынатындай. Ал ақын ағадан қалған мұрадан мұндай тапқыр, ойнақы, қылықты өлеңдерді көптеп кездестіреміз. Ол құм қиыршығынан алтын елегендей, өмірдегі елеусізден елеулі жыр маздатқан шебер. Ақынның балалар жайлы өлеңдерін үңіліп оқып, зер салсаңыз оның бөбектердің жасына қарай ыңғайлайтынын байқайсыз. Бұл поэзияның тек эстетикалық тұрғыдан қарап, қабылдау ерекшеліктерін де бағып өскен ұсталықты танытады.

«Алтын сандық» (М.Горький) атанған қазақ ауыз əдебиеті қай жанрдың да анасы. Тек сол алтын сандықтан ұнасымды үйреніспен ала білсек жарасады. Уақыттың əдебиетке ықпалы əртүрлі. Тұрмыстық ықпалды - əдебиеттен сызып тастай алмайсыз. Бір кезде ана сүтімен кейін, ауыз дəмін фольклор жауһарларымен сусындау арқылы ала-тын балғын сəбилердің баршасы қазір сол əдетінен жаңылған жоқ деп айта алмайсыз. Ал баланы ауыз əдебиеті асыл үлгілерінен айы-ру уасыз өсіруге саяды. Сондықтан түрлі тұрмыстық-социологиялық жағдайларға сай ауыз əдебиеті үлгілерін ана тіліміздің асыл қасиеті ретінде сəби жанына ұялатудың соны тəсілін қолдануға керек. Ол үшін ауыз əдебиеті сарынын пайдалану, фольклор сюжетін бетке ұстай, соның ізімен жырлау, жаңа тұрмысқа сай ертегі жазу... т.б... толып жатқан шаралар істеуге болады. Тек балаларды болашақ тұтып, уақытша əлдилейтін даңқтан тысқары тұрып, арымай-талмай ізденіске барар шұғыла шашқан жылу жүректі үлкен талант керек. Сол таланттың бірі – Əнуарбек Дүйсенбиев болатын. Ол асыл анамыз – ауыз əдебиетіне бөбектер махаббатын ояту үшін қаншама ізденді. Ақын қаламынан шыққан ертегі, аңыздар, ауыз əдебиеті формасын пайдаланып жазылған өтірік өлеңдер, жұмбақтар, ішінара мысалдар – міне соның айғағы. Бұл – бүгінгі күннен тақырып таппағандықтан емес, өзінің ақындық мүмкіндігін саналы түрде бала бақытына жұмсаудың үлгісі. Бұл – ауыз əдебиетінің асыл үлгілерінен сусынын қандырып, ұлттық психологиясын қалыптастырған ақынның енді келіп, сол мəңгі арымас алтын қайнар мен бүкіл кейінгі келешек ара-сына үзіліс, саңылау түспесе екен деген үлкен ойдың жемісі.

Кейінгіні – келешек тұтпаудан артық қасірет болмас. Балалар-ды болашақ көріп, бар ақындық күш-қайратын балғын бөбектер тəрбиесіне, қалыптасуына сарп етуден артық бақыт болмас. Балалар ақыны Əнуар Дүйсенбиев сол қасіретке қарсы күресіп, сол бақытты татқан қадірлі қаламгер.

Оның оқушылары дүние толы қайшылық екенін, басқаны қойып, өздерін жаратқан Жер-ананың өзі сəт сайын алмағайып хал кешетінін білмейтін, дүниенің баршасы ана əлдиінен жаралған деп ұғатын пе-ріштер сəбилер еді. Өз жырын сол сəбилерге арналған ақынның өз көңілі де, бəлкім балалар психологиясына жиі енетіндіктен болар өз кейіпкерлері секілді кіршіксіз таза болатын. Алғаусыз ақтарылып сөйлеп, қолынан келген қамқорлығын үлкен-кішіден аямай аңқылдап жүрер еді ақкөңіл ақын.

«Ұлдарыма қаталдаумын – деді ол. Ал қыз балаларыммен до-спын. Ертеңін ойласам ерекше елжіреп кетемін. Əрдайым анасы-нан арашалап алып, түсінісіп, тіл табыса қоямыз».

Əкелік мейірімді ол осылай жеткізетін.

Ерке де назды, баладай аңғал, ақкөңіл қасиетін қастерлеп есімін достары балаларына қойып алған.(Досы Нəсіреддин Серəлиевтің ұлының есімі - Əнуар. Қ.Е.) Ал ақын болса кейде сол достарының ба-лаларымен достасып, аттастарына хат жазып, халдерін біліп тұрады. Арнап өлең жазып қояды. Сол аттастары үшін олардың ата-анасымен «ұрсып-таласып» та алады. Міне, бала көңіл балалар ақыны. Бейне жүрегінде мейір гүлдегендей...

Асыл ағаның негізгі қаламгерлік бетін танытатын – балалар əдебиеті саласындағы еңбегі екені рас. Бірақ өзге де лирикалық өлеңдер, поэмалар, көп-көп аудармалар ақындық өмірбаяннан тысқары тұрған жоқ. Зер салып, үңіліп оқып көрген адам – олардың қай-қайсынан да туған халқына адал қызмет етсем деген ақын жүректің дүрсілін сезеді.

«Ақ қозы» аталатын прозалық кітабы да балаларға арнап жазы-лып еді уақытында.

Ақын ағаның арман-қиялының жемісі болып дүниеге келген жыр-ларды көңілге тоқи отырып, бүгінгі сөзді оның Қасым ақынға арнаған төрт жол өлеңімен түйіндеуді хош көреміз:

Қара жер алсын мейлі ер еңсеңді,

Күн сайын мен өмірден көрем сені.

Сан қазақ сырласың бар сен жыр еткен,

Өлмейсің, өлтірмейді өлең сені!

Құлбек Ергөбек,

жазушы, ғалым


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар