Ұлылықты айта білу – ұлағаттының сыбағасы. Даналықты ашуға алдымен түп-тамыры қалыптасқан тұрақты орталық, я болмаса, Абай әлемінің өзі жеке бір ғана институттың деңгейіне сыймайтынын мойындайтын, қажымайтын, талмайтын ізденіс қажет.
1966 жылдан бастап Абай атындағы мемлекеттік сыйлық тағайындалғанын білеміз. Алғаш аталған сыйлықты иеленген екі жазушы – Тахауи Ахтанов, «Боран» повесі үшін, Есенжанов Хамза – «Ақ жайық» роман-трилогиясы үшін алған болатын. Соңғы рет 1990 жылы Жұмаділов Қабдешке – «Тағдыр» романы үшін берілді.
Қазіргі таңда Абай шығармашылығын зерттейтін ғалымдардың қатары саусақпен санарлық қана. Мұхтар Әуезовтің алдын көрген бүгінгі таңда қатары сиреген жалғыз ғалым Мекемтас Мырзахметовтың «Абайтануға арнайы жеке институт ашылмаса, Абайды да, Абайтану ілімін де жоғалтамыз» деген секемі де зиялы қауымды ойландыруы керек. Алматыдағы Абай институтының атқарып жатқан ерен еңбегінен өзге, М.Әуезовтың заманында Абай шығармашылығындағы елеулі жаңалықтар әлі күнге дейін өзгеріссіз қайталанып келеді. Өйткені Абайтану ғылымы Әуезовтің ықпалымен ауқымды жұмыс атқарған болатын.
Ұлы ақынның мұрасын зерттеп, танып, білу мақсатында Республиканың жоғары оқу орындарында оқылатын арнаулы пән ретінде алғаш рет Қаз.МҰУ-дың қазақ әдебиеті кафедрасының жанынан 1942-43 оқу жылдарында Мұхтар Әуезовтің ұйымдастыруымен ашылады. Абайдың әдеби мұрасын ұзақ жылдар бойы зерттеу, оның қортындыларын Абайтанудың арнаулы курсында шығармашылық тұрғысында зерттеп, жетілдіріп, пайдалану нәтижесінде көптеген тарихи зерттеу еңбектер жарық көріп, ұлы ұстаздың алдын көрген шәкірттерінің барлығы дерлік Абайтанушы ғалымдардың қатарын түзді.
Ұлы жазушының Абай мұрасын зерттеп, танып, білудегі ізденісінен туындаған шығармаларымен қатар 1942-1961 жылдар аралығында Абайтану курсының жүргізген Мұхтар Әуезовтің өзі болды. 1966-67 оқу жылынан бастап Абайтану мен Абайтану тарихынан арнайы курс оқу Қазақстан мен Өзбекстанның бірқатар оқу орындарының қазақ әдебиеті кафедраларында жүргізілді. Осының нәтижесінде хранологиялық, тақырыптық жөніндегі көрсеткіштер мен Абайтану бағдарламасы жарық көрді.
Мұхтар Әуезовтің ықпалымен ашылған Абайтанудың арнаулы курсы республиканың жоғары оқу орындарында студент жастарды ұлы ақынның мұрасымен тереңдей таныстыру үшін өтілетін арнайы семинар сабақ ретінде өткізілді. Абай шығармаларын оқып-білу, мән-мағнасын терең меңгеру, оны өз бетімен талдау арқылы ой қорыту, баяндама, қосымша шығарма жаздыруға ерекше мән берді. Соның нәтижесінде Қазақстан Республикасы Абай атындағы арнайы мемлекеттік сыйлық тағайындалып, екі жылда бір рет үздік екі шығармаға беріліп отырды. Осы 1940 жылдардан бастап Абай шығармашылығына үлкен ізденіспен ден қою етек алып, Семейде ақынның мұражайы, ескерткіштер, елді-мекеннің атаулары, шығармалары жиі жарық көре бастады. Бірақ, сол уақытта Абайдың өмірбаяны мен шығармашылығын зерттеу қиындық туғызды. Ғұмырын Абай шығармашылығына арнаған Мұхтар Әуезов ең әуелі Абайдың, не болмаса соған жанас адамдардың жайынан жазба күйде сақталған дерек таба алмады. Адамзат тарихында ілгерінді-кейінді замандарда жазылатын тарихи деректер сол заманнан жазылып қалған хаттар мен архив құжаттарынан құралады. Соның негізінде тарихтың ізі суымайды. Ел аузынан алынған суыртпа сөзге нақты тарихи дерек іздеу мақсатында Абай өмірі мен шығармашылығы жайлы осы күнге дейін архивтерді жағалап жүргеніміз де сол. Бұл ретте Мұхтар Әуезовтің үміт артқан мемлекеттік қордың бірі Абай заманынан қалған Семей Омбы архивтері еді. Одан соң Абаймен жақын араласқан Михаэлис, Долгополов сияқты адамдардың істері табылса, Абаймен жазысқан ерсілі-қарсылы хаттары шығып қалар деп үміттенді.
Сол үмітпен Қазақстанның ұлт мәдениеті институтының айрықша тапсырмасы бойынша Семей, Алматы, Омбы архивін қарады. Бірақ, әлі күнге дейін Абайдың жеке басына байланысты болған істердің ізін таба алмады. Бірең-сараң Құнанбай заманының істері мен Долгополов жайлы шағын мағлұматтар табылды. Мұхтар Әуезовтің жылдар бойы ізденісінің нәтижесінде Абайдың өмірбаянына азды-көпті деректермен қоса ауызша айтылған тың әңгімелер жиылды. Абайдың өмірі мен шығармашылығы жайлы айтып берушілер Абайдың немере інісі – Кәкітай, баласы – Турағұл, Ақынның қасында 25 жыл жолдас болған ақын шәкірті – Көкбай Жанатайұлы еді. Абайды көзі көрген кәрі құлақты замандастарының ішінен – Құнанбай мен Абайдың өмір бойы жауласып өткен руы – Жігітектің бірі – Мадияр Түсіпұлы, Торғай деген елдің адамы – Тұмабай Наданбайұлы, Абай ауылының жігіті болып жүрген – Қатпа Қорамжанұлы болды. Соның нәтижесінде Ұлы жазушының ұзақ жылдар бойғы еңбегі «Абай жолы» роман-эпопеясына айналды.
Ал, қазір бізге не кедергі?!
2012 жылы 27 сәуірде бекітілген «Қазақстанның ішкі саясатындағы идеологиялық менеджментті қайта жаңғырту жөніндегі 2012-2013 жылдарға арналған Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының» 41 және 42-тармақтарына сәйкес әзірленген «Негізгі орта және жалпы орта білім беру саласында «Абайтану» курсының типтік оқу бағдарламасы» қолымызға тиді. Бұл – бәріміз де күткен үлкен жаңалық болатын. Осы бағдарлама бойынша республика мектептері Абайтану оқулығыны мен әдістемелік құралдардың жоқтығына қарамай-ақ, Абайтану курсын оқуға кірісіп те кетті. Мектеп мұғалімдері үшін бұл бағдарма өз қиындықтарын да ала келді. Соның салдарынан Абайтану пәні мектеп бағдарламасында тек қосымша пән ретінде ғана ретсіз жүргізіліп келеді. Басты себебі – бағдарламаға сәйкес жазылған оқулықтың жоқтығы.
Абайды білмейтін қазақ жоқ, бәріміз білеміз, бірақ, танымай жүрміз. Мектеп оқушыларына лайық бала Абайды таныта алмай келеміз. Ақын Абайға, данышпан Абайға жету үшін алдымен бала Абайдың қандай болғанын балаларға жеткізе алмай, толыққанды Абай оқулығын жазып бере алмай отырып, Абайды танып, болдық деу әбестік.
Ол үшін не істеу керек?!
Миллиардтардың көсемі Конфуцийдің әлем мемлекеттері бойынша 250-ден артық институттары бар екен. Оның ішінде Қазақстанда үш бірдей институты ашылған. Конфуцийге жасалған құрмет, ашылған мекемелер, ескерткіштер әлем үшін алдымен ақпараттандырылған. Сол үшін Конфуцийді әлем таниды, не құдіреті бар екеніне көз жеткізу үшін оқиды. Ал, Конфуцийді екі орап әкететін Абайдың туған елінде бірде-бір институты жоқ. Оқу орындарының бұрышында, мәдени ошақтың босағасында қосамжарланып ашылған бөлмелер мен кабинет, аудиторияларды ғана місе тұтамыз. Сөйтіп, қоғамда «Абайтану зерттеліп болған» деген пікір қалыптастырып отырмыз. Ал, ол шағын кабинеттер мен залдар мекемелердің деңгейінде ғана жұмыс жасайтын болғандықтан – М.Әуезов қалыптастырған Абайтану ғылымын қалыптастыра алмайды.
Абай шығармаларын әлемнің сексеннен артық шет тілдеріне аударылған деп жүрміз. Кейбір деректерде 116 шет тілдеріне аударылған дейді. Нақты санақ жүргізілмегеннен кейін, осының өзі зерттеуді қажет етеді. Семейдегі Абай мұражайының дерегі бойынша 1980 жылдары әлемнің 40-тан аса шет тілеріне аударылған деген дерек жүргізілген. Қазақстанның өзінде қанша қалада Абайдың ескерткіші орнатылған, Абай атындағы мекемелердің, Абай көшелерінің саны қанша екенін ешкім айта алмайды. Осының барлығы ақпараттық ғасырда алдымен ақрапат үшін қажет.
Абайдың осы күнге дейін өз елінде өзіне арналған жеке үйін елордадан аша алмай отырғанымыз намысымды қайрайды. Тіпті кейбір көзі ашық, сауаттылардың өздері, «Абайды зерттеліп болды, Қазақстан бойынша әр қалада көше бар, мектептерге есімі берілген, зәулім ескерткіштер қойылған» деген қысыр әңгімелерді жиі естимін. Абайды өмір бойы зерттеген Мұхтар Әуезовтің «Абай таусылмайтын мұхит болса, мен содан шөміштеп қана алдым» дегенін біліп тұрсам да айтқым келмейді. Қазіргі «сөз ұқпайтындардан күнде жеңіліп жүрген» заманда кімге өкпелейсің? Ол туралы Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Абай – қазақ халқының рухани қазынасына өлшеусіз үлес қосқан ғұлама ғана емес, сонымен қатар, ол қазақ халқының ел болуына ұлан-ғайыр еңбек еткен данагер. Абай – әлемдік деңгейдегі ойшылдардың қатарындағы ғажайып тұлға», – дегеніне толқталсақ та болады.
Әйтпесе, Абай шығармашылығында тың ойлар айтып, жаңа көзқарас қалыптастырып, ел ауызында жүрген тәуелсіз елдің Абайтанушылары Омар Жәлел, Ықылас Ожай сынды ғалымдардың қатарын толықтыруға мүмкіндік бар ғой.
Кейбір көзі қарақты ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері арасында: «Абай, Абай дей берудің қажеті қанша?! Мұхтардай алыптардан не қалды дейсің», – деген пікірді де көп естимін. Кеңес дәуірінде Мұхтар Әуезовтің айта алмай кеткен, заманына қарай бұра тартып жіберген тұстарынан Абайдай алыптың кейбір тұстарын қайта таныуымыз керек. Тіпті танымал жазушының өздері «Абай жолы» роман-эпопеясы туралы басқаша көзқарасты айтып жатқанда бір темірқазық керек-ау деп ойлаймын.
Абайды зерттеушілер үшін, әдебиетте тың үрдіс, жаңа көзқарас тудыратын шығармалар жазу үшін Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық қайта тағайындалу керек!
Әдебиет құдіреті үшін М. Әуезов туралы жазған Лидия Либединскаяның «Естен кетпес досымыз» естелігінен үзінді келтірдім.
«...Біздің үйімізде кешкісін, жұмыс күні бітіп, балалар ұйықтап, бөлмеге тыныштық орнаған соң, бірер сағат бір-бірімізге дауыстап кітап оқитын бір жақсы дәстүр бар еді. Бұл өзі менің күйеуім майданнан ауыр контузиямен қайтқаннан кейін басталып еді. 1945 жылдың аяғы ма екен, әлде 1946 жылдың басы ма екен, әйтеуір қыстың ұзақ кештерінің бірінде Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын дауыстап оқи бастадық.
Терезені көкшіл пердемен тұмшалап тастауды қойған алғашқы қыста сыртта дыбыссыз жапалақтап қар жауып, пеште бөлме іші жылылық пен қызғылт алауға бөленген от сатырлап жанып, анда-санда автомобильдер гүрілдіп жатты. Бұл Москваның алғашқы бейбітшілік қысы еді.
Ал, біз басқа халықтың бейтаныс өмірі туралы, дүниедегі барлық ақын сияқты өз халқы үшін қам жеп, қасірет шеккен ақын туралы оқыдық. Ол адамдарды өз өлеңімен күреске һәм шындыққа шақырды, бұл күресте аянып қалған жоқ.
Кітап беттерінен бізге қазақ даласының жұпар иісі, желінің салқыны, ақсақалдарының даналық сөздері жетіп жатты...»
Алмахан Мұхаметқалиқызы
Астана.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.