Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Абай күні» құтты болсын!...

06.08.2020 4997

«Абай күні» құтты болсын! 12+

«Абай күні» құтты болсын! - adebiportal.kz

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының ұсынысымен Мемлекет басшысы 10 тамызды, яғни, ұлы Абай Құнанбайұлының туған күнін "Абай күні" деп белгіледі.

Хакімнің 175 жылдығына орай бұл күн биылдан бастап тойланбақ.

Қазақтың ұлттық ақыл-ойының ең асқар шыңына бұл құрмет әбден лайық. Президентіміздің бұл шешімі ұлттық руханияттың үлкен қуанышы.

«Абай күні» құтты болсын! Осы қуанышты жаңалықты «Әдебиет порталы» сүйіншілей отырып, оқырмандарға бүгінгі әдебиетіміздің алыптарына айналған ақындарымыздың Абайға арнаған жырларын ұсынып отырмыз.

Жәркен Бөдешұлы. Жыр көктемі

Көгеріп, жасарғандай дала, қыстақ,
Айнала балауса өмір, даналық шақ.
Алатау ұлы Абайға ұқсап отыр,
Қолына көк сиялы қалам ұстап...

Жаңғыртып барша əлемді мəңгілік жыр,
Оятты тəтті ұйқыдан таңды бұлбұл.
Бозторғай "Жаз" өлеңін аспанда оқып,
Айызын тыңдаушының қандырып жүр.

Сахара бір көгілдір нұрға толып,
Ағады арнасында су да толып.
Əйгілі "Айттым сəлем, Қаламқасты",
Барады көкжиекке тырна созып.

Сиқырлы үн боп кіріп құлаққа -Абай,
Жатқандай жылтырайды құраққа май.
Тоты құс түстес алуан көбелектер,
Қонады гүлден-гүлге тұрақтамай.

"Қарға мен өгіз" сырын шымшық оқыр,
Жүрегін əлдекімнің шымшып оқыр.
Жұп аққу "Жазғытұры" жырын жаттап,
Бір байғыз кəрі қыздай сыңсып отыр...

"Мінеки, болыс болдым" дегендейін,
Өңешін созды құзғын өлердейін.
"Көгершін сап-сап, көңілім, сап, көңілім" деп -
Аударды пенделердің өлеңге ойын.

Өлеңсіз - көңіл күйге жарымайды,
Өлеңсіз - өтсе өмірдің бəрі қайғы.
Қараңғы түнде ұлы тау қалғиды,
Тыңдаса "Желсіз түнде жарық айды".

Бұл-дағы Абай - көктем күші деп біл,
Көкек те əупілдейді іші кепкір.
Тойынған қар суына сəуірік- бұлт,
Аспанның ар жағынан кісінеп тұр.

Кеткендей бойдан ызғар, санадан кір,
Емеді Ана-Жерді бала-жаңбыр.
Тұяғын қайта-қайта тасқа соғып,
Тау ішін құлын-бұлақ аралап жүр...

Көкпеңбек туым түстес болды атырап,
Көк түсті қызартам деп болма ақымақ.
Қазаққа əсіре қызыл жаққан емес,
Жарасар ақ терекке - көк жапырақ.

Қонғанда ақ шешекке көк көбелек,
Көрінер көркемдігі көптен ерек.
Қолына көк бөрілі байрақ алса,
Алашың арыстан боп кетсе керек...

Несіпбек Айтұлы. Абай

І

Абай жалғыз қазақта, Абай дара,

Сөз бастаймын Абайсыз деп ойлама.

Ұмытсаң да шыққан күн, туған айды,

Ұмытасың Абайды қалай ғана?!

Абай — әлем шалқыған шетсіз-шексіз,

Түпсіз дүние тұңғиық көкжиексіз.

«Өзі де рас Алланың, сөзі де рас...»

Деген сөздің парқына көзің жеткіз.

Адам қайда барады, заман қайда,

Абай босқа артына алаңдай ма?

«Заманақыр жастары болмасаңыз,

Жүрегінің түбіне терең бойла!»

Ана тілің аяулы — Абай тілі,

Әр халықтың өз тілі — қалайтыны.

Тілін білмей бөленген бесігіңнің,

Қазақпын деп жүресің қалай тірі?

«Қазағым!» деп күңіренген шерлі күнде,

Абай рухы бүгінгі Елдігіңде!

«Өлмейтұғын артында сөзі барда» —

Адамзатпен жасайды мәңгі бірге!

ІІ

Зар-мұңым бар қайнап жатқан тұмадай,

Тағдырым бар тасқа қаққан сынадай.

Сөзден — сауға, ойдан — қайыр сұрамай,

Көкірегімнің көзі жанса шырадай —

Қасиетіңнің шапағаты тигені,

Айналайын аруағыңнан, ұлы Абай!

Өсиетіңді мәңгі тозбас мұрадай,

Қаршадайдан жаттап өстім дұғадай.

Өлең де бір оқтан қашқан құралай,

Саған жылар, Тәңіріге жыламай.

Шапаныңның шалғайымен қорғай жүр,

Айналайын аруағыңнан, ұлы Абай!

Серік Ақсұңқарұлы. Алла - Алаш - Абай

Махаббат пен Ғаделет –

Хикметі Алланың!

Жанымды жасыныңа жаны кеп,

Жаһаннамға ұшқанда жан сезбейтін салмағын.

Құрдымға сіңіп құса-мұң,

Құдайдан келіп бір қуат, –

Өзіңді бетке ап, өлең боп көкке ұшайын,

Шыбын жаным шырқырап!

Теріс қарап дойыр заманға,

Іргеден Көк Бөрі ұлып, –

Алаш – Алланы мойындағанда,

Алдынан Абай көрініп;

Шартарапқа шарқ ұрып,

Ақыры, міне, Саған кеп, –

Алаш тұр жүрегі алқынып,

Арсы менен гүрсіге қанат қағам деп!

Көкжиектен шығып, көк ала бұлттан әрі асам,

Көз ұшында көрінер-көрінбес нүкте боп;

Алла менен Алаштың арасына қарасам –

Абай тұр!

Басқа түк те жоқ...

Жүрсін Ерман. Абай ескерткіші

I

Тас болып тұрсың.
Өтеміз күнде осы арадан.
Өзіңнен басқа таппаймыз мұңдасар адам.

II
Абай ағамыз!
"Қазағым-ау" деп Сіз бізді көп аямаңыз:
Қатыгездікке келгенде қарайып әлі
Сабақ алатын жақсыны
Сабай аламыз.

Өтірік! Жалған -
аспанның астын кернеген,
бабаларымыз, меніңше, қасқырды ембеген:
Қақпанға түссе тірсегін қиып кететін
Бөрінің серті сондықтан дәстүрге енбеген!

Қанағат та жоқ,
Рахымның ізі қалмаған,
Қайырым қылар дегенің - бұзық. Оңбаған.
Патшайым болар дейтіндей періште де жоқ,
Қу аяқ бар ма - қазақтың қызын алмаған!

Адамгершілік айрылды өз бағасынан,
Алдауға келсе інісі озды ағасынан.
Түндіктен түсіп,
Кіндіктен қылмыс жасайтын
Түңіліп жүрміз қазақтың бозбаласынан.

Мұсылман таппай - отырар тізгін басында,
Тұлпарға тоқпақ таққан соң,
Құзғынға - сырға,
Құдайдан медет болмаса, қазағың әлі
Жылап көрісер, ей аға, Сіздің ғасырға!

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы. Абайға мінәжат

Сіз өскен Түзде Тәңірдің иісі бұрқырап,
Киені көрген, көздері көркем жылқылар!..
Өмірдің сыры Өзіңіздей Жанға сол кезде,
Оқылған шығар бес Күндік Жалған сыртынан?

Сіз сүйген Ел-Жұрт байраққа, ерге, жараққа
Әнінен - алтын, күйінен - күміс жалатқан!..
Күнтекті Қыдыр құрдасы болған сол Қазақ,
Құдайдың өзін шақырған екен қонаққа!..

Сіз құшқан Ару аңыздан перде ұстанып,
Ұйықтатпай қойған әлемнің небір мыстанын!..
Сіз ашқан тылсым Өлеңнің әппақ Әлемі,
Пенделік жасыл қиялдан алыс!
Тысқары!..

Сіз шеккен Қайғы заманның басын даң қылып!..
Ғасырға ғасыр тасумен жатыр жаңғырық.
Сіз айтқан Өсиет...
Оны біз барша өнерге,
Хан сайлап қойдық мәңгілік!

Арман-ай, арман!..
Біздердей мына құлдағы
Құлпырса-дағы тұрмыстың қызыл сырмағы,
Өзіңіздей болып, жұпарын сөздің бората,
Аңқыған Еспен отыру қайда-а-а нұр бағып!..

Өттіңіз, әттең жаяулап мына бес күннен...
Өлеңнің күні кешкірген.
Сіз кеткен жолдың басында балбал тұр бүгін,
Аузынан аспан естілген!..

Ұлықбек Есдәулет. Жидебайда

Абай ата, келмеймін күнде саған,
Саған шашпай мұңымды кімге шағам?
Көресіні түгелдей көріп болмай
Күтіп тұрған көрге де кірмес адам.

Жерден сырлас таппадым сөз ұғарға,
Көкте жүрген көзелдің көзі бар ма?
Тіршіліктен түңілген тамам бала
Өзін асып жатыр ғой өзі дарға!

Ақзу тілім ақ сор боп шұбарланып,
Қыжылымды айтпадым құмар қанып,
Гəкку əнім гөй-гөйге көп ұласты,
Сұңқылдаған аққудай сыңар қалып.

Туған жерді тозаққа айналдырып,
Амалсыздан аһ ұрам айлам құрып.
Жайылымсыз өңірім қайырымсыз
Өрісімді алыппын ойран қылып.

Жау жықпаған қазақты арақ жығып,
Қайта басты даламды қараңғылық.
"Қартта - мейір, балада - пейіл қалмай"
Əлекедей жалаңдар арам қылық.

Намыс емес көбіміз табыс қуып,
Өгей өстік өрліктен алыс туып.
Тəуіп еткен таспұтым телкек қылды,
Өзімді əкеп өзіммен шағыстырып.

Ала жіптен аттамай ас батпады,
Бүйрек пенен жүректі тас қаптады.
Жылан жылтып жүрген соң қойнымызға
Жанымыздан жылу да қашқақтады.

Ертоқымның сынған соң айылбасы
Ұмытылды ұлы əннің қайырмасы.
Сүтте қаймақ қалмайды, қыз да -оймақ,
Су мен удың жоғалды айырмасы.

Жидебайда жарылса талай атом,
Жырлап жүрген біз соны - Сарай ақын.
Ұрпағыңа "Тоқтат!" деп тоқтам айтшы,
Бар еді ғой аруақты Абай атың!!.

Ғалым Жайлыбай. Жаңғырық


...Жартасқа бардым,
Күнде айқай салдым
Одан да шықты жаңғырық...
Абай.

Дауысым шықты жаңғырып,
Жан-жағым толған жаңғырық.
Сізден соң өмір-өлеңге
Біз қайдан келдік қаңғырып.
Адасқан күшік секілді,
Ойларым жұртта қалды ұлып.
Тұлпар тұяғы кетілді
Алашқа тілеп Арлылық.
Ей, Шыңғыстаудың баласы,
Запыран құстым
зар қылып,
Қазақтың қайран даласы -
Жаңғырықтардан мәңгіріп,
Есімнен кетті тандырып...

Беу, елімнің ерен Абайы,
Теңіздей терең Абайы.
Ататын таңның арайы,
Шұғылаға тұнған маңайы.
Санама мені пендеге,
Өзіңді көрем түсімде.
Жартасқа бардың сен неге
Жаңғырық есту үшін бе?..
Қара көңілдің жарығы ең,
Халқымды бастар мәңгілік.
- Абай! - деп айқай салып ем
- Абайла! - деді жаңғырық.

Аймалап өстік Күн, Айды,
Көкейде көктеп көп өлең.
Жаңғырық шықса жылайды -
Абыралы, Мыржық, Дегелең...
Жаңғырық естіп құрсақтан,
Ұрпақ боп тудық күнәлі.
Абайдың өзі мұң шаққан -
Меңіреу жартас тұр әлі.
Жаңғырды бүгін тау іші,
Жанымда менің жанды үміт.
РУХЫМНЫҢ өлмес дауысы -
Шыңғыстан шыққан жаңғырық...

Әбубәкір Қайран. Ғасыр өтті

Ғасыр өтті ұлылық көз жұмғалы.
Көрге бірге көмілді өз жұмбағы.
Солғындады сорлы тіл содан бері
Томаша жұрт томсарып, тозғындады.
Сөздің мəні сөгілді бой-бой болып,
Ытқып ақты қып-қызыл көздің қаны.
Ғасыр өтті ұлылық көз жұмғалы!

Ғасыр өтті ғажайып нұр көшкелі,
Дүмпіп өтті дүлейдің дүрмектері.
Білместері көбейіп біздің жұрттың,
Танауынан қара қан дірдектеді.
Кірлетпеді кім сонда аппақ арын,
Арманына кім жетіп, кім жетпеді?!
Ғасыр өтті ғажайып нұр көшкелі!

Ғасыр бұрын ұлы Абай баз кешкенде,
Өлеңінен қазақтың саз кеткенде,
Əздектерге ілесіп əн менен жыр,
Қара саннан қара өлең қан кешкенде,
Қайыспаған қайда екен қайран ерлер
Қарсы шапқан атойлап наркескенге?!
Ғасыр бұрын ұлы Абай баз кешкенде!

О, қазақ- ай! Не деген өлермен ең,
Тепсе дағы доп қылып көнермеген!
Кезермеген ерінің Кербалада,
Жүріп өтіп жүз жылды төбеңменен.
Өнерменен бір туған егіз едің,
Несиесі ешқашан төленбеген.
Сайрап тұрған санаңда бүгін таңда
Сіңбес болып барады өлең деген...

Ғасыр өтті ұлы Абай көз жұмғалы,
Ойы жоқ-ау айналып келем деген...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар