Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Абай Мауқараұлы. Сөзбен сомдалған симфония яки Ас...

07.02.2022 3452

Абай Мауқараұлы. Сөзбен сомдалған симфония яки Асқардың «Адасқағы» 12+

Абай Мауқараұлы. Сөзбен сомдалған симфония  яки Асқардың «Адасқағы» - adebiportal.kz

(сыни-эссе)

Бұл тақырыптағы сөзді оқымысты қауым айнытпай танитын шығар. Яғни, дегдар қаламгер Асқар Сүлейменовтің «АДАСҚАҚ» деп аталған бір-бірімен байланысты жалғасты әңгімелері жайлы айтылмақ сөз басы осылай болды.

Бозбала кезіміздегі Совет заманында Олжас Сүлейменовтің «Аз и Ясы» қалай аңыз болып айтылса, Асқар Сүлейменовтің де «Бесатар» повесі дәл солай ауыздан-ауызға мақталып жүргені бізге таңсық болса да, ол кезде оның парқына бойлауға өреміз жетпейтін-ді. Алайда, «Асқар Сүлейменов» деген ат-есім санада қалып қойды.

Кейде... жоқ, көбінде тұйықталған сананы жалғыз ауыз даналық сөз жарқ еткізіп ашатыны бар. Маған да сондай бір сәттің бұйырғанын ұдайы еске алып жүретінімді айтудың сәті түскені осы еді.

Халқымыздың еркін сөзіне алғаш жол ашқан Ұлттық апталық – «Ана тілінде» дәл солай төл көсемсөзіміздің көсеміне айналған марқұм Марат Қабанбай ағамыздың қол астында журналист болып жүргенде, сарсылған саналарды ол кісі жалт-жұлт еткен нажағай ойларымен оятқаны, ауызша да талай қайталанбас сөздер айтқанына куә болып жүрдік. Сондайдың бірінде, «Әуезов пулеметпен боратады, Сүлейменов снайперлікпен дәл атады» деген-ді. Бәлкім, бұл Хакім Абай туралы сөз болған уақытта аузынан шыққан болар.

Қисын сөздің мәнісі мынау екен: «Абай жолы» ақын Абай туралы жалпылама баяндау суреттеме болса, «Адасқақтағы» АБАЙ-БІРЖАНДА Хакім Абайды көзбе-көз көргендей, сөздерін нақпа-нақ құлақпен естігендей, мінез-қимыл әрбір әрекетін маңайында жүріп дәл сезетіндей жалқылама суреткерлікке тәнті боламыз. Бұл пікір менің оқырман ретіндегі пайымым.

Оқырманның бір адалдығы – кітапты жазған иесінің атақ-даңқына, алған сыйлығына мән бермейді, оқып отырған шығарма жанына жағып, жүрегін жылытып, көңілін баураса болғаны.

Жалпы оқырманның көңілін не баурайды? Әрине, алуан бояулы шынайы өмір. Сөз өнерінің де міндеті сол ғана. Сөз шеберінің оны қалай қиюластырғанында оқырманның шаруасы да жоқ. Көкей көзінде сөз емес, тек сөзден өнерге айналған жанды бейнелер мен жалындай шарпитын сезімдер болса, бітті! Бірақ, сөз зергеріне оп-оңай олай ете салу қолай ма? Жоқ, бұл қиынның-қиыны, өйткені қолына қалам алғанның бәрі сөз зергері бола алмайды екен.

«Адасқақтағы» БІРЖАН тарауында Асекеңшілеп айтсақ, «Жанынан жарып шығара алмастың бір қасиеті – ұғымпаз келеді де, жарғанатша көз ілестірмей тез қағып алады. Біржан, шикі қызыл еттей әуенді ызыңдап отырып, екі қайырғанда, Шауан болды-болды Бір-аға, енді домбырама жетейін, деп атына тұра жүгірді. Әуен басқа, ән басқа. Әуен – сиыр, ән – жылқы. Шәуен қырт сұрап алған әлгі әншейін әуенді ән деп ұғыпты! Араға апта түсті ме, түспеді ме, сол «әннің» - «әнінің» тұсаукесеріне шақырған екен», - дейді.

Міне, оқырман үшін де осы уәж, құр сөз емес, өнерге яки әдемілікке, әсемдікке айналған сөз, тіпті сөз екені сезілмейтін – сөз керек. (Бұлттан да биік самғап бара жатқан ұшақтағы жолаушылар, ұшақтың қандай қиындықпен жасалғанына еш басын қатырмай, сол сәттегі рахат жайлылығына мәз болатыны секілді).

Біз де, Асекеңнің осы «Адасқағын» дәл солай – ұшақтағы жолаушылардай «УАҚЫТ» атты зымыранның арқасына мініп алып, сона-а-а-у өткен шақта бұлдырап қалған «қазақ қоғамына» барып, рахаттана жолаушылап қайтқандай күйге бөленетінімізді риза көңілімен айтпақ болғамыз-ды.

Расында, осы «Адасқақты» қанша рет қайталап оқығанымды айта алмаймын, көбінде шалдыққан денемді бір ширату үшін, талыққан жан-дүниеме бір тыныс беру үшін, жабыққан көңілімді бір желпіндіріп көтеру үшін қолға аламын.

Ондай кездер мынау машақат дүниеде аз емес қой. Алыс жолдан қажыған аттың ерін алып, ауыздығын шығарып сәл мезет оттатқанда ілезде дүр сілкініп, ащы тері құрғап оңала қалатын «жылқы мінезді» біздің қазақы халге – хал-қуат беретін «Адасқақтағы» етене өмірдің – мендей пақырға «рухани санатория» сынды болып кеткені анық, әйтеуір. Өйткені, мұнда бүкіл қазаққа тән төл тірлік қарсы алдыңнан шығады. Әсіресе, иісі қазақ түгел білетін атақты адамдар, атақты болғанда ғажайып өнерімен естен кетпестей рухани ескеріткіш орнатып кеткен Біржан сал, Ақан сері, Абай хакімдер. Осы үш тұлғаның бір-бірімен кезіккен кездері. Және осынау үш өнер майталмандарының өз-өз отбасының жақын адамдарымен араларындағы қызықты сөз қағыстары, ерек мінездері.

Әңгіме басталған сәтте-ақ, оқырманды баурап алатын Біржанның әйелі Әпішпен, баласы Теміртаспен өзара тіл қатысқандағы қалжың аралас қағытпа сөздері. Абайдың сүйген жары Әйгерімнің Біржан салды қонақ болдырған кездегі мүлт жібермей көрсеткен әдептері. Ақанның көкірегіндегі көңіл-көлінің тереңіне бүккен ғашығы «Перуайымды» Біржаннан іштей қызғанатын секем сезіммен өз-өзімен сырласқан қып-қысқа сәттері.

Әсіресе, дүйім қазақтың есінен ешуақытта ескірмейтін атақты оқиға – Құлагердің басын айбалтамен шапқанға тікелей қатысты қазақтың ақсүйек бай-бағландары Нұрмағанбет, Батыраштардың «Адасқақта» пендауи бейнелерінің алуан астармен ашылуы... өз халқымыздың өзгеше мінезін өзімізге таныта түседі. Былайша айтқанда, «Адасқақты» тереңдеп оқыған сайын хас қазақылығымызды тіпті, пайымдай түсеміз. «Бір кезде осындай халық екенбіз, қазір де осындаймыз ғой», - дегізбей қоймайды.

«Адасқақтағы» кейіпкерлердің бәрі атақты болған соң үйреншікті әдетпен олардың атағына жығыла оқығаныңда, көңіліміздегі ғажайып идеалмен елестеткенімізде... жоқ, әлгі атақтыларымыз да кәдімгі өзіміздей жұмыр басты пенделер екенін көз алдымызға әкелетіні сондай, олардың сол сәттегі сөз-таластары мен мінез-дағдылары оқырманды әлгі кейіпкер кісілермен бірге отырып, бірге жүргендей етіп, біз қамалған қазіргі уақыт құрсауынан шығарып әкетеді.

Бұл сөз зергерлігіндегі көп құпиялардың біз пайымдаған бірері ғана. Негізінде, «тылсым шеберлік» көптеген астарлы сыр мен тылсым құпиялардан құралып келіп, шеберлік кілтін жасыратыны сонша, әлгі, талай тарлан шарқ ұрып іздеген шеберлік дегеніміз, өте қарапайым, әншейін әдепкі нәрседей көрінеді, күндегі бойымыз үйреніп кеткен жағдайымызды жаудыраған жаңалық қып алдыңа жаяды.

Осындай шеберлік тылсымын бір ғұлама мынандай қисын сөзбен түйіндеген екен. «Даналық дегеніміз, қарапайым да кішпейіл нәрсе». Осыны мына мәтіндегі ойымызға сәйкестіріп, бұл қисынды сәл өзгертіп «Өнер дегеніміз, көзге іліне бермейтін қарапайымдылық пен еленбей қалатын кішпейілдік қана», - дей аламыз. (Алайда, қарапайымдылық пен қарабайырлық, кішпейілдік пен жалпақшешейлік ұқсас болса да, өнерде шеберлік пен қарадүрсіндік дейтін екі пайым өзара қылдан жіңішке шекарамен айырылады)

«Адасқақтың» құрлымдық түзілісі де дәл осындай, бұрын басқа қаламгерлер қолданбаған, байқамаған бір түзіліспен шедеврлік пен халтураның, әдемілік пен натураның аражігін ашуды мұрат еткен.

Кітаптың атауы «АДАСҚАҚ» бәлкім, осындай астарлы мақсатпен алынған Біржанның атақты әнінің аты. Осы кітаптың атауынан кейін әдеттегі жанр түрі де жазылмаған. Тек, жақша ішінде «Біржанның кейбір кездері» депті. Одан төменде І ДИАЛОГ деген. Осы тақырыпшадан кейін «1890 ж, июль, Жөкей көл» (бәлкім, қазақша шілде айы демегені қызық...) деп жазылған. Осыдан кейін, нағыз тараудың тақырыбы бас әріптермен «БІРЖАН-ӘПІШ-ТЕМІРТАС» деп тоқтайды.

Содан кейін мәтін басталады. «Мана Теміртасты жіберіп еді – әншейінде қайқы қара пышағын жалаңдатып ауыл кезіп жүретін Қалихан ұшты-күйлі жоқ боп шықты, ал Керкекілдің аз сұлысын жаз бойы бөліп жеген жуан, қоңыр ісектің тірсек қапқан құйрығына құмалақ қысырып тұрған тұрысы анау – үйтіліп бас, қағылып мүйіз кетерінен бейхабар. Қой баласынан мұндай қорен шығар деп ойлаған емес – кешеден қалған таңасты сорпаны сіміріп жатқанын да әлгінде іргеден көрген».

Бұл белі шойырылып тұра алмай жатқан Біржанның көзімен киіз үйдің ашық іргесінен байқалған көрініс. Осы қысқа эпизод көрерменге яки оқырманға жалпысымен де, жалқысымен де көз тартады. Келесіде, осы көріністен туындаған Біржанның ой ілегі төгіледі де, дәл солай оқырман да Салмен ілесе енді, ой қуып кеткенін де аңғармайды.

Содан кілт ойыңды бөліп, Біржан мен Әпіштің сөз қағыстары елең еткізеді. Бұл әдепкі сөйлеспелі сөз секілді болса да, әлгі сырттағы көріністермен астасқаны сондай, ерлі-зайыпты екеуінің дауыстары да құлағыңа жетіп тұрғандай, жанды сөздерін ана.а.а.у қора шетінде тұрып өз ет-құлағыңмен естігендей боласың.

Одан кейінгі тарау – ІІ ДИАЛОГ деп жазылған. Тағы да уақыт есебі «1875-жыл, шілде, Барлыбай жайлауы». Келесіде тараудың тақырыбы ретінде «АБАЙ-БІРЖАН» делінген. Мәтін басталғанда оқиға Абай көзімен баяндала тұра, бірден Біржанның сөзімен басталады. Бір қызығы жауап сөз Абайдікі болғанымен мәтін бірінші жақтан Абайдың «менімен» айтылып, солайша оқиғаның өрби жөнелуі оқырманды осы екі атақтының дәл қасында қолға су құйып, сүлгі ұсынып жүрген қызметші баладай оларға жақындатып жібереді.

«Іле самауыр көтерген мүшесі бүтін, жас, сұр қатын (ойбай, қай сұқсыр бұл?) оның соңынан Әйгерім кірді. Әйгерімнің иілмек боп сәлемге ыңғай алғанын байқаған Біржан: -Қой-й – деп, қолын көтерді. – Алдыңнан жарылқасын, шал-шауқандай сәлем қабылдап жатсам, Керімбаладан да, мына шәйші келінен де ұят-ты. Таяқпен тақасып бақастыққа көшер кез маған да келер. Бел құяңын сонда жазарсың, жаным! Мақтанға салам деп, сырын – Керімбаланы қосты, онысын қостамадым; дауыс ойнаққа салғанмен «жаным!» деп, расынан үздікті, онысын әсіресе, қостамадым. Иіліп қойған Әйгерім, Сал сөзін үдегенше бойын түзеген жоқ. Астары мен бүкпесі мына шәйші келіншекке жабық болғанымен, Әйгерім екеуімізге анық-танық сөзден кейін іркіліп қалып еді, мен көмей қырнаған соң ғана иегін көтерді. Тізе бүгіліп, бел иілген сәтте көлдей көк шәйі орамалдың сол иыққа бос тастаған шашағы сусып түсіп сүйретіліп қалған екен. Байқадым: Біржанның көзінен Әйгерімнің бала кептердің төсіндей шала жұмыр, аққұла тамақтың лып күреңіткені де таса қалған жоқ».

Тағы да уақыт зымыранының арқасына мініп, бұлдыр баяғы заман болып қалған шаққа, қас пен көздің арасында жетіп, Абайдың отауына барып кіргендей күйге енесің. Сонда, тақырыптағы ай-күнге көзің еріксіз қайта түседі. «1875-жыл», «А.а.а. бұл кезде Абай отыздағы жас жігіт екен ғой. Біржан болса қырықтан жаңа асқан, егде жасқа жаңа аяқ басқан адам». Әрине, осы ойдан кейін оқымысты оқырманға Қазақ қоғамының сол кездегі жағдайы еске түспей қоймайды.

Орыс отаршылығы басталғалы жүз жылға таяған. Хандық жүйе құлап сұлтандық, болыстық аталған Ресейдің әкімшілігі үстемдік жүргізуі әлдеқашан іске асқан. Қазақ жері Ақ патшаның меншігіне айналған. Азаттық жолындағы Исатай-Махамбет, Кенесары күрестері ел есінен ескіре бастаған шақ.

Яғни, қылыш ұстайтын қазақтың ерлері енді, домбыра ұстап, ұрысқа ұран шақыратын батырлары ән шырқауға көшкен кез. Елдің жаумен соғыстағы ерік-жігері жасып, ішкі дауды мақсұт етіп, жуан жілік жігіттері білек күшін дұшпанға емес, бір-біріне жұмсайтын барымта соғысына айналған алауыздық белең алып, елге пайдасы жоқ пендауи бақталастық асқынған заман.

«Адасқақтың» нақты айтпағы осы болса да, соцреализм үстемдік құрған кезеңде оны ашық айтудың жолы жабық болғаны өз алдына, ондай тәсілмен айту да әбден таптауырын болып, сөз өнері енді, «кітап» дейтін «өндіретін кірпішке» айналып бара жатты.

Осыны жан-жүрегімен түсінген Асекең, «Адасқақты» жазудағы басты мақсаты сөз зергерлігімен қазақ деген қауымның жетілген ұлт, қалыптасқан халық екенін, соның ішінде адам пенденің қырық қатпар ғажап жан-дүниесін жақұттай жайып көрсетпекті мақсұт еткені анық.

Үшінші тарау яки үшінші диалогтағы БІРЖАН-БАСТИАН тақырыбында неміс текті орыстанған, аса қазақылығымен сөз қағыста Біржаннан кем түспейтін Бастианның ән-әуенді нотаға түсіретін қабілеті бір эпизотта-ақ көз алдыңа маржандай төгіліп түседі.

«Әріден біледі: үн де ауа. Ауаның мүшеленген өрмекші боп, қағазға түскенін Біржан алғаш осы Бастианнан көрді. Ішінде Ақаны бар, өзгелер түгіл өзіне де сынаптық көрсетер «Гауһартастың» құмырсқа бел, үзілме-қалқымаларын бес сызықты бойлап асты-үсті түскен ноқаттарға қарап отырып, ыңыл-ыңмен айна-қатесіз қайырып бергенде Біржанның Бастианға Қожақұлдың қолынан телше асағандай тұшынғаны есінде».

Осы диалогтағы ЕЛЕС деп, аталып жазылған қосымша тараушадағы поэтикалық сөз саптаулар Салдың сезіміне түскен селкеу ме, жоқ, ерекше дарын-қабілеттің шығанға шығып өзгелер түсіне алмастай халге келгені ме, оқырманды тұңғиық терең ойға, шырқау биік қиялдарға шақырады.

Жанботаның жайлауы Біржанның көзіне елес болып көлеңдегенде, Ахкем дейтін әкесі Қожағұл, әпекесі Гүлжаһан – Көкей қыз көкірек сарайында өзімен оңаша сыр шертісетін қимас сәттері – шабытын шарықтататын да, санасына сәуле құятын да ең ет жақын адамдары осылар болғандығы паш етіледі. Кәсіби тілмен айтсақ, осы эпизотта Біржанның «шығармашылық лабораториясының» құпия есігі ашылады.

Төртінші тарау, төртінші диалогта да, дәл ай-күні жазылып, Біржанның Қотыркөл-Шортанға барғандағы, Бурылтай атының тақымында келе жатып көрсеткен қыр-сырымен қоса, жарыса келген ой-жүйріктерін қуалай келген сылаң сезімдері де, тойлы ауылда ән басталар алдындағы қым-қуыт сапырылысқан адуын көңіл-күйдің де, ән-әуеннің сан-мың сипаттары сөз-кестелермен құлпыра құбылып, Біржанның «Жамбас сипарының» сұлу сырлы саздарын санаға сіңіріп, көкейге қондырып оқырманды жан-рахатқа кенелтеді.

Тарау өзгермей, Екінші күн, Ереймен деп басталған тақырып БІРЖАН-НҰРМАҒАНБЕТ деп аталған. Мұнда, тағы да қыртыс, қатпары қалың қазақы тірлік енді мүлде басқа қырға, қиянға тартады.

Елдің ардағы, бағлан-байы, дегдар ақсүйегі Нұрмағанбеттің Салға деген ерекше сыйы жіліктеп сипатталады – жұпыны жүрген Салды шыттай киіндіреді, астына жарқыраған ер-әбзелімен қосып арғымақ мінгізеді.

Сырт көріністе бұл берегендік салтанатты жомарттық болып көрінсе де, ішкі есепте су жұқпас жылпостық пен өнердің даңқын бақталастық саудасына салып құнын түсіру екенін – Келесі күн, Екінді деп жалғасқан БАТЫРАШ-НҰРМАҒАНБЕТ-БІРЖАН дейтін тақырыпта сахнадағы көріністей етіп, көрерменге айпарадай аша түседі.

Сондағы қазақ сахарасының сахнаға айналғандағы көрінісі мынау: Үш жүз құлақ түрген атақты Сағынайдың асында болатын аламан бәйгеде атақ шығаруға Батыраш қырық қараға айырбастап алған өрен жүйрігі Көктұйғынның маңдайы жарылып алға шығуына Ақанның Құлагері ғана кедергі екен.

Батыраш осы аламан бәйгеге Құлагерді қоспай алып қалуға көндірем деп, Ақанға барын салады, ағалығын да, жағалығын да. Ақанның жауабы мынау: «Жылқы басқа нәсіл, атқа ағалық жүрмеген, депті ол; Құла жалғыз, мен жалғыз; Құдай жалғыз, Құла жалғыз депті ол; Ру менен жүзден менің мойындайтыным жылқының ру-тегі мен айдың ғана жүзі депті, ол; Құлагердің халі менің халім, ал шабу үшін келген Құлагерге, ауыл қыдырып, қонақтап жүретін зауық тіпті, жоқ, депті ол».

Міне, осыдан кейінгі жалғыз үміт – Ақанға Біржанды салу еді. Бұл инедей өткір істі Нұрмағанбет пен Батыраш екеулеп қолға алды, ақыры істі індетуге Біржанды Ақанға жұмсайды.

Сол күн, Құптан. АҚАН –БІРЖАН. Осы тақырыпта Сал мен Серінің тайталас сөздері жеке драмалық деңгейге дейін шарықтап, шындықтың жарқ-жұрқ еткен жалаң қылыштай өткір орамдары шыңырау шыңға шығып, оқырман сахна алдындағы демін ішіне алған тым-тырыс көрермен халіне келеді.

Өнердің ұшар басына жеткен екі дара тұлғаның шарпысқан сөздерін қанша рет қайталап оқысаң, сонша мәрте жаһұт ойлардың қазынасына жолығасың, таусылмайды, түбі көрініп қалмайды. Өйткені, Асекең өзі сүңгіген рухани өмірдің тұңғұйығына осыған дейін оқырманды да қалдырмай ертіп келген. Егер, оқырманы ере алған болса...

«Зады, адамның соры өзгені өзімен өлшеуі. Басып беріп, бергенде басып-басып беріп не, лауазым-мансап үлестірушінің алды-артын тұзға ащылаған сиырша жалап жүріп ұлық болған адам, енді кішік болудан қалады. Кішіні, кішінің ішіндегі кісіні көруден қалады. Айтақы төбет желкесінен алып лақтырып жіберген күшік, қанша апайтөс болып өскенмен, бөрі алудан қалады. Мана көрген шығарсың, – Ақан шатқал жақ бетті нұсқады – ана жалғыз жиде саясында өскен шардақ шашыратқыға таптап кетердей тепсініп қараса не шықпақ одан? Әркімнің өз бойы бар. Біреу жаратылысынан биік, біреу аласа. Бірау даңқ қуады, біреу дақпырт. Аласасы әсіресе, қуады. Соңғысы, дақпырт даңққа айналып кете ме, деген қарсақ дәме. Екеуі де оңып тұрған жоқ. Бірақ, дақпыртшылы бәрінен сасығырақ. Ондайлар мұртын майлап жүріп, нәжіс асаудан тайынбайды. Ал, біреу мал қуады, біреу – ән. Екеуін қатар қуатындар да жоқ емес. Бұл өзі ойлап қарасаң, қой мен доңызды қосып баққандай ғой

Міне, осы Ақанның Біржанға айтқан сөзі – нағыз зергерлердің зергерге айтқаны, ал көрерменге өрнек пен өрмекті айыра білетіндей зерделікке шақырғаны, егер, олар көре білсе, ере білсе...

«Адасқақ» атты кітап «БІРЖАН-ТЕМІРТАС» деген тақырыппен аяқталады. Яғни, Салдың ғұмырының аяқталуы. «Құлагер-даңқты» ғасырлардан озған Салдың соңғы тірлігі, өзі пайымдағандай тәні – кәдімгі көптің бірі қатын-баланың қолындағы күйкі көрініспен көрінсе де алаулы жан-дүниесі, асқақ рухы соңғы сәтте шырқырап, шығандап маңайынан тіл табысар жан таппай, тек бетпе-бет жолығуға болмайтын, қолға ұстауға келмейтін елес-бейнелерге ғана мұңын шағады.

Бұл да әдепкі, рухани шыңның ұшар басына жеткен асқан дарындардың соңғы тағдыры. (Ахмед Яссауидің алпыстан асқанда қылуетке түсіп жалғыз күн кешуі, Абай хакімнің «Моласындай бақсының жалғыз қалдым тап шыным» дейтіні, Шәкәрімнің «ұмытылған адаммын» деп иен қыстауда оңаша қалуы...)

Әлбетте, Асекең «Адасқақта» айтпақ болғанын жеріне жеткізе айтқан. Айтқанда, бұрын-соңғы қазақтың сөз өнерінде әлі қалыптаса қоймаған жаңа өрнекпен айтуы – айтпақ болғанынан да артық айтулы жетістік екенін, осы шағын жазбада шама-шарқымызша жеткізу еді.

Өнер – өмірдің өзі десек те, өмір – өнердің сыртқы пішіні ғана. Нағыз өнер, өнерді жасаушының ішкі жан-дүниесінің алуан бояуының көрінісі десек, осы «Адасқақты» басқадай өнерге ұқсата алмайтындай өрен, Құлагердей ерен деу, өнерге ізет дер едім.

Неге десеңіз, «Адасқақ» басқа өнер туындыларынан ерен деуге мына қисынды айта аламын. Егер, ерен сурет-картина болса, ол бір ғана ғажап бейнені көрерменге көрсете алады. Джоконда «Моно Лизасы», Врубельдің «Теңіз ханшасы» т.б.)

Көркем фильм де көкейдегі көрікті ойларды түгел жеткізуге қауқарсыз, өйткені, бұл өнер көпшіліктің бірлескен шығармашылдығы.

Егер, күй-әуен десек ол да, тіл жетпес бір мезеттегі сұңғыла-сырды ғана шертеді. Құрманғазының «Сарарқасы» мен Тәттімбеттің «Саржайлауы» қайталанбас, қайта тумас әуен-өнері екендігі – ешкімге ұқсамай қара үзіп шыққандығымен, қазақ даласының тылсымын бір бойына жинағандығымен дараланып тұрғаны даусыз.

Біржан сал мен Ақан серінің де әндері дәл сондай. Соның ішіндегі Біржанның басқа әндеріне ұқсамайтын «Адасқағы» ән-өнерінің шыңы. (Бәлкім, Сегізсерінің «Гауһартасы» үзеңгі қағысады).

Бәлкім, Асекең әдеттегідей айтсақ, бас кейіпкерге Біржанды алып, туындысының атын «АДАСҚАҚ» қоюы да осыған саяды.

Яғни, Біржан мен Адасқақ арқылы қазақ деген халық пен қазақ сахарасының бүкіл болмысын бір бойына жинаған «Тәжмахал» туынды жазуды мұрат еткен. Мұратына да жеткен.

Біржан салды, Біржанның өз көзімен де, жанына ең жақын әйелі Әпіштің сезімімен де, бел баласы Теміртастың мінезімен де, үзеңгілес өмір кешкен өнердің дарабозы Ақанның сөзімен де, Хакім Абайдың парасат-пайымымен де, ақсүйек бай-бағландар Нұрмағанбет пен Батыраштың пиғылымен де, бөтен жұрт Бастианның назарымен де, өзбек қызметші Тәшмәттің ілтипатымен де, Салға ынтық сылқым сұлулардың ғашық жанарымен де, қара тобыр қалың қазақтың пейілімен де... әдеттегіше айтсақ, Біржан жан-жақты суреттеледі, бәлки мұндағы «суреттейді» деген анықтамамыздың өзі «Адасқақтың» бағасына обал болуы мүмкін. Асекең Біржанды сөз өнерімен, сөз өнері жете алатын алуан айшықпен өрнектеп алдыңызға әкеледі.

Одан гөрі ұтымдылау айтсақ, симфонияға қанша музыкалық аспап қатысса, сонша үн-әуез қосылып, әркім өз тыңдау қабілетімен соншама түрлі сазды әуенмен рахаттанатыны іспетті «Адасқақ» та дәл сондай «СӨЗ ӨНЕРІНІҢ СИМФОНИЯСЫ» десек жарасады.

Олай, болса «Адасқақты» әдеттегі сөз-сыны бойынша қазақ халқы жайлы роман-эпопея деуге де келмес еді. Өйткені, көлемі мен құрлымы, мазмұны, түзілімі, сипаты... ондай стандартқа симайды. Азбаған, аумаған, бұзылмаған... бүкіл тарихи болмысымен қалыптасқан ҚАЗАҚ деген халықтың өнердегі өзгеше бейнесі – өз Пирамидасы, өз Тәжмахалы, өз Аққорғаны дей аламыз. Өйтсе, айпара әлемге аты шыққан атақтылардың туындысымен «Адасқақты» салыстыру да бекер.

Атап айтқанда, әлем таныған дейтін Нобель сыйлығына ие болған Эрнест Хэмингуейдің «Шал мен теңіз» атты шағын повесі расында, адам, теңіз, балық туралы тамаша туынды болса да, Асқар Сүлейменовтің «Адасқағының» жанында монотонды болып пәсі түсіп қалады.

«Адасқақ» қазақ сахарасының сансыз құбылыстарын бір бойына сыйғызған, адам, ән-әуен, жылқы және жай пенделер сезе бермейтін сәуегей сырлар мен хақ қазақ ғана ұға алатын құпияға толы болмысын мінсіз үйлестірген политонды ғажайып туынды. (Қазақтың тақылетінде бұған жалғыз ұнайтыны осы – атқұмарлығы... Ері бар, езі бар, көмбе басына аттылы-жаяулы жүгіргені аздай-ақ, бәйге басынан көз талар жерде отырған, қаспағын қаймақтай көрер байы айғырланғанда дамбалын шешіп жалаңбұт жүрер салпыетек қатынның енді еме берген қызылшақа немесін «жүгірмек-ай, араның ат келерде ашылады сенің!» деп, құрым кигізге қылжита сап, биік іздеп болса төбеге, болмаса ағашқа жүгіретіні...)

Осы пікірге бір қисын айтсақ, «Адасқақты» басқа тілге аудару, тәржімалауды өзіңіз жақсы білетін бір тілге ойластырып көріңізші, мәселен орысшаға, ол ешқандай мүмкін емес! Орысша ешкім де аудара алмайды, өйткені орыста «Адасқақтағыдай» ешбір болмыс жоқ.

Олай десек, ағылшын мен қытайды, немісті, испанды ауызға алудың өзі артық. Тілі жақын түрік те, өзбек те өз тілінде «Адасқақты» ұға алмайды. Бәлкім, қазаққа бүкіл жағынан жақын келетін қырғызшаға тәржімалауға талпынып көргенмен де «Адасқақта» аталған алуан қазақы болмыс олардан да түгел табыла қоюы екіталай. Олай десек, қазақты өнер көзімен тану үшін өзге халық та, өз тілін шала білетін қазақ та қазақтың түбі өте терең төл тілін үйренуі ғана шарт.

Бұл сыни-эссенің де айтпағы осы ғана. Әйтпесе, «Адасқақты» әдеттегі сөз-сынымен талдап тауыса алмайсың, оның қажеттілігі де шамалы, тек тым құрығанда сауатты оқырман ретінде оны оқи білу ғана керек, дегенді осы жазбада құлаққағыс еттік.

P.S.: «Теңіздің дәмі тамшысынан белгілі» десек те бүтін болмыстың бөлшегі арқылы оның бүкіл қасиетін таныта алмайсың, дәл солай екенін біле тұра «Адасқақтың» тұтас мәтінінен жекелеген мысалдар алу жазба үшінгі амалсыздық қана. Ғажап өнер – әрбір ғажап бөлшектің бүтін үйлесімен ғана ғажап.

09-12-2021


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар