Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Абай Мауқараұлы. Жатырдағы жақсылық жасаушым...

17.06.2019 4790

Абай Мауқараұлы. Жатырдағы жақсылық жасаушым

Абай Мауқараұлы. Жатырдағы жақсылық жасаушым - adebiportal.kz

(қазіргі заман прозасы)

Аппараттың айнасына үңілген дәрігер әйел кенет: «Сіз қай жақтансыз?» – деді. Ұлбосын құрсақ тұсын сап-салқын сайманмен басып отырған дәрігерге: «Семейдің Абыралысынан», – деп қысқа жауап қайтарды.

Дәрігер әйелдің «І... і...і...м» деген үні сөзге бергісіз мағыналы әрі үрейлі естілді.

Ұлбосын «Нендей жағдай?» деп сұрауға жүрегі дауаламады. Көңіліне ызғарлы күдік көлеңкесі түсе қалды. Суық ойлар да қыраудай ұшқындап қаптап келеді: «Тұрғанға күйеуге шығып, сегіз жыл бойы бір шаранаға зар болып, енді бірдеңе бола ма, дегенде не болды тағы?!»

Ұлбосын: «Екіқабатпын ба, жоқ па?», – деген сөздің тілінен қалай шығып кеткенін де аңдамады.

Дәрігер болса: «Иә...» деген, сөз бен үннің аралығындағы бір сараң жауабына «бірақ...» деген сөзді қосты. Жаңағы күдік көлеңкесі енді қорқыныштың қараңғылығына қарай ауып бара жатты.

Ұлбосынның көз жасы «Сұңқар» зеттеу орталығынан үйге жеткенше тиылмады. «Өзің сақтай гөр, жасаған...», – деп күбірлей береді.

Үш күн өткенде бәрі де айқын болды. Тұрған мен Ұлбосынды шақырған дәрігерлер кеңесі: «Үш айлық шарананы түсік арқылы алып тасатау қажет» деген шешім шығарғанын хабарлады.

Ұлбосын дәл төбесінен сел құлап келе жатқандай: «Неге?!!» – деп шыр ете түсті.

Бас дәрігердің: «Іштегі үш айлық шарананың оң жақ аяғы тізеден төмен кем екендігі УЗИ-де анықталды», – дегенде Тұрғанның: «Неліктен олай?!!» – деп өксік араласа ышқына шыққан сұрағына: «Радиация тұқымға әсер еткен...», – деген қысқа жауап айтылды.

Әттең! Адамның өмірі сұрақ пен жауап арқылы шешіле салса, жан қиналысы деген болмас еді-ау! Жиналып отырғандардың көңіл күйі астаң-кестең болды. Аяушылық пен заңшылдық, адамгершілік пен сөзуарлық, кісілік пен ресмилік тайталасқан ой-пікірлер су бетіндегі сеңдей соғылысты.

Бас дәрігердің: «Бұл кемшілік ұлтымыздың генофондына зиян», – дегені, басқаларының «Кем сәби туғанша, сау сәби тауып аласыз ғой...», – деп алдаусыратқаны Ұлбосынды иліктіре алмады.

Қайсар келіншектің: «Шолақаяқ болса да өз баламды өз жатырымда өлтірте алмаймын!» – деген сөзі анттан да салмақты естілді.

Алай-дүлей боран сап тиылғандай тыныштық орнады. Үнсіздікті бес дәрігердің ішінде отырған ең жастауы Ыдырыс есімді жігіттің сөзі оятты: «Тәні кем болғанмен, жаны кемел болса ше?!»

Сең соққандай қос қолымен басын ұстап, бір сөз айта алмай отырған Тұрған: «Әмин...» – деп күбірледі. Осы сөз басқа әрекеттің жолын кесті, түсік жасалмайтын болды...

Осынау қайғы мен қуаныш қайшыласқан оқиғадан кейін де аққан өзендей арқырап отыз жыл өте шыққан еді. Тұрған мен Ұлбосын оң аяғы туасылы кем боп дүниеге келген ұлдарының атын Таңырыс деп қойған-ды. Жандары жалғыз ұлдарының үстінде болды. Оның көңіліне қаяу түсірмеуге барын салды, бар тірліктерін соның жақсы тәрбиесіне арнады. Таңырыс та оқуда алдына бала салмады. Ол анасының тілегі бойынша медицина мамандығын таңдады. Алматы медуниверситетін ерекше үздік бітірген соң, аз жылда, Сеул, Токиода кәсіби білімін жетілдіріп, дүниежүзілік денсаулық сақтау саласын дүр сілкіндірген жаңалықтар ашты...

...Қартаң дәрігер реанимацияда есі кіргенде өзінің тірі екеніне қайран қалды. «Кең көлемдегі инфаркт» деген диагноз қойылған адамның тірі қалуы екіталай болатын. Кардиолог қыз Нұрәбия сырқаттың көзін ашқанын көріп, жанына қуана жетіп келді:

«Ыдырыс аға, сізді құтқарған мына дәрі!» – деп көз алдына бір ампуланы тосты. Дүниеге қайта келгендей болып, айналасына таңырқай қараған қарт дәрігер шыны сауыттың бүйіріне латынша жазылған «TANIRIS-I» деген сөзді оқыды.

Кардиолог қыздың: «Бұл ерекше дәрі жүрек қан тамырындағы тромбыларды бірнеше секундта-ақ ерітіп жібереді. Тек үлгеріп егілсе болды, адам қандай ауыр инфарктен де аман қалады! Бұл қазір скорыйдың кабинасында тұратын ең қымбат дәрі...» – дегенді мақтанышпен айтып жатты.

Қарт дәрігер Ыдырыс: «Бұл – Таңырыс Тұрғанұлының ойлап тапқан атақты дәрісі ғой!» – дегенде көз алдына осыдан отыз неше жыл бұрын өтіп кеткен шақ қайта оралғандай, құрсағын қос алақанымен басып, мөлдір жанарынан моншақтап жасы төгілген аққұба, жаутаңкөз келіншек көз алдына елес болып келе қалды.

Қарт дәрігердің көз жасымен қоса ауызынан шыққан: «Жатырдағы жақсылық жасаушым менің...» – деген түсініксіз сөзін дәрігер қыз пайымдай алған жоқ...

Көрнекі сурет: Юрий Сизоненко "Батар күннің сәулесі"


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар