«Әкем, ой, әкем, ой!» – Зиратқа барғандардан бұрын үйге жетіп, алты еркек кіндікті бір туған бауырлар – көліктен өкіріп түстік. Ішкеріден тағы бір құрсақтан туған әпке-қарындастарымыз – төрт қыздың жоқтау аралас жылағаны біздің үнімізге қосылып, ауылды жаңғыртып, алыс-жақындардың жүрек-жұлынын аралап өтіп жатыр...
Әдетте, мен – үлкен баласы, әкемді біздің ауылдықтардың салты бойынша «аға» деп атап, алпыс жылдан бері «әке» деген сөзді аузыма алмай келсем де, бұл жолы «әкелетіп» келдім. Алғаш рет«әкелегенімді» енді келмеске кеткен марқұм әкем естіген жоқ...
Аңырайып ашылған дарбазадан кіргеннен-ақ жасаураған көзім әкем отыратын тапшанға түсті. Қазір ғана біз әкемнің сүйегін құлқайыр басқан молалар арасына жасырып, қабірін дүңкитіп, үстіне ешқашан, ешкімнің көмегімен шыға алмайтын қылып топырақты төбе қып үйіп қайтсақ та, әкем баяғы орнында – дарбазадан кіреберістегі үйреншікті орнында отырғандай тапшанға қарадым. Тапшанның үсті қаңырап бос тұр...
Халықта «Ат қартайса есекпен дос болады, адам қартайса төсекпен дос болады» деген ескіден келе жатқан сөз болса да, әкем төсекпен дос болмады, ептеп тұрып келіп осы сәкіге отыра қалғысы келетін.
Әкемнің қаңырап қалған сәкісін көргенде көзімді жұмдым, мұздай дем бе, үрей ме, әлде бір өксік пе – әйтеуір, беймәлім бірдемені кеудеден шығардым да, «Әкем-ау, әкем, енді қайдан табайын...», - деп тағы төрт-бес мәрте қайталап өкіріп алдым. «Қой, енді» дегендей болды біреу. Артымнан өкшелей келген, қазір ғана бейіттегі әкемнің жаңадан пайда болған қабірін айналып тұрған көпшілік апыр-топыр үйге кіріп, оқылған құранға қол жайып, мені қапсыра құшақтап құлағыма сыбырлап кете берді:
«Сабыр ет!», «Жақсы кісі еді!», «Пенделік қой!», «Әкеңнің топырағы торқа болсын!», «Бекем бол!», «Енді үлкені ретінде артыңдағыларға бас-көз бол!»
– Келіңіздер, шайға кіріңіздер!
– Шай ішіңіздер?
– Ішкеріге! – Жақын туыстарым келгендерге осылай десе де, үйге ешкім кіре қойған жоқ.
Аяғы үзілмеген қаз-қатар тізілген құран оқытуға келгендер бізге бір көрініп, құраннан қысқа сүре оқылған соң бет сипасып, дарбазадан шығып кете берді. Мен танығандар, танымағандар бар, әкесіне, туыстарына ұқсатып «бәленшенің балалары ғой» деп шырамытқандар бар.
Әкем олай-бұлай боп кетсе, ақыры солар келер, солар кіріп шай ішер деп ескі үйді бұзып, жаңасын тұрғыздық емес пе?.. Бұлар неге кірмейді сонда? Неге үйді бұзып, басқасын салдық екен? Ақыры бір жыл қоя тұрсақ болар екен, а? Ағайындар да: «Әкелерің жасарын жасап, асарын асады, үйлерің ескірді, жаман айтпай – жақсы жоқ...», - деп қоймаған соң он ағайынды бауыр ортадан ескі үйді бұзып, анау қораның бұрышынан бір жаңасын салып тастадық...
Сол бір жыл бұрын бұзылып кеткен ескі үйдің орнына қарадым. Орны жым-жылас. Тас аралас топырақпен тегістелген жердің бетін шөп басқан. Топырақ арасында ескі ошақтың орны қалыпты тек. Түтін ыстаған күйелеш тастарынан таныдым, сол ошақты. Біздің ошақты...
***
Он ағайындының ішінде үйелмелі-сүйелмелі үш-төртеуіміз тетелес өстік. Ошақты айналып отыратынбыз. Ошақ – біздің өміріміздің өзегі еді. Таң атпай анамыз ересектеулерді алып темекі кесуге кетіп, апамыз сиыр саууға кіріскенде әкем қолындағы кесесімен жанына барады. Жалғыз баласының жақындағанын иісінен танитын апам сиырын қоя салып, сүттің бетін үрлеп-үрлеп жіберіп, қыл-қыбыры болса теріп, ұлына – біздің әкемізге кесесін шүпілдете толтырып жаңа сауылған сүттен құйып береді. Үнемі асқазаны ауыратын әкемнің дертіне тек осы сүт қана дауа болған сияқты, бәріміз оның сүт ішкенінен көз алмай телміріп қарап тұратынбыз.
Содан әкемнен қалған сүт астына тезек салып от жаға бастаған қара қазанға құйылады, біз сүттің астындағы отты күшейтіп, қарап отырамыз. Беті шымырлай бастағанда араластырып, тасытып жібермей сапыра береміз, піскенде басқа ыдысқа құйып аламыз. Сол ошақтан алыстамай сүт машинаға тартып, қаймағы мен сүтін ажыратып аламыз. Машинадан сорғалап аққан қаймақты жегіміз келіп тамсанып тұрсақ та, май жасаймыз деп саусақ тигізбейміз. Тек сүт тартылып болған кезде ғана сүт машинаның табақтарын таласып-тармасып жалап-жұқтап тазалап қоямыз. Бізге риза болған әкем жұмысына – темекі атызға кетеді.
Жаздың шіліңгір аптабында сол ошаққа атала қайнатамыз. Қыз демей, ұл демей ошаққа қазан асып, май салып, ұннан талқан қуырып, үстіне су құйып, мұқият араластырып тұрып, атала қайнатуды бәріміз үйреніп алғанбыз. Ыстықта сусын, суықта ауқат болатын бұл атала сол темекі егуден бастап темекі оруға дейін осы ошақта дайындалады. Өзгеше Ақтас, немесе Артылма деген тау етектерінде шөп шабу басталғанда, бидай алқабындағы комбайннан қалған сабан масақта әр жұмысшының жанынан осы атала табылады. Әкеммен шөп оруға біз де кетеміз. Салқында бір-екі шалғы жол жүріп өткен соң әкем бізге қарап: «Енді демалыңдар, атала ішіп, қырт кекіріп, қарағанның көлеңкесіне жата қалыңдар, әйтпесе алып келген кітаптарыңды оқыңдар», - дейді де, өзі жанында жүрген аталасын әріректе шалғы сермеп жүрген құрдастары – Бұрқан аға ма, Мамразақ аға ма, Жиенбай аға ма, Атазақ ағаға ма – әйтеуір соларға қарай ала жөнеледі. Біреуіне ішкізіп, екіншісіне өтіп те кетеді. Әкем олардың жандарына бара бермесе, оларды алаң етпесе екен дейміз, ал кешкі салқын түсе бастағанда «кетейік пе» деп қайтып келеді...
Сол ошақ – міне. Әкем сүйіп ішетін атала қайнаған ошақ, әкем әркімге барып мақтауын жеткізіп ішкізіп келетін атала қайнаған ошақ... Ошақтың ізі тұр. Әкем жоқ... Атала жасаған адамдар жоқ... Әкем аталасын мақтап ішкізетін кісілер де жоқ...
Ошақтың жоғарғы жағында қарлығаштың ұясы болатын. Жылда қыста бұзылып қалады да, көктем шыға айыр құйрық қарлығаштар қайтадан ұя салумен әбігерленетін.
Сол құстар кейде аяқ астынан шыр-пыр болып шырылдап қоя беретін. Анам немесе апам: «Келді, анау тағы келді!» - деп аттан салады. «Бар, тез Тойғын нағашыңды шақыр, ол жоқ болса Нұрдинді шақырып кел!» - дейтін ондайда әкем ұл балаларының біріне қарап. Қайсымыз болсақ та дереу шауып кетеміз. Қалғанымыз, төбеге асылып, қарлығаштың ұясына өз үйіне бара жатқандай сумаңдап ирелеңдеп өрмелеген қара шұбар жыланнан көз алмай бағып тұрамыз. Тойғын нағашым, немесе Нұрдин ағай, яки көшеден өтіп бара жатқан біз шақырып келген бір кісі қақпадан кірер-кірместен, ілмек таяқ дайындап тұрамыз. Әкемнің жанында ілесіп жүріп қазір өлетін жыланды көметін жер де әзірлейміз. Жыланның ирелеңдеген өлігі келгенде жерді шұқырлап қазып, шығып кететіндей көріп нығыздап көміп тастаймыз. Бұнымен қоймай, кейін тағы бір жылан пайда болады....
Жаз бітіп, күз басталғанда ошақтың дәурені тағы келеді. Жүгері собықтары піседі. Әкем келерге үйдің артында өскен жүгеріні аралап жүгіріп, жүгері собығының көк шапанын бір жерден тесіп, дәнегіне жеткенде бас бармақтың тырнағын батырып көреміз, сүт шықпаса, әлі көк екен деп кейінге қалдырып, сүтті шыққандарын жинап алып ошақтың басына әкеліп тізіп қоямыз. Канша адам болсақ, сонша собық әкелеміз. Әкемнің төңірегіне тізіле қаламыз. Әкем собықтарды алдымен шоққа қақтап, күйдірмей, арасынан бір-екеуін бабына келтіріп пісіріп береді. Кімдікі бірінші дайын болса да, бөлісіп жейміз. Кейін тамақ та дайын болып, оттың қызуы қайтқанда, «жүріңдер енді тамаққа» дейтін еді, содан ошақтағы қоламтаға жүгері собықтарын көміп кетеміз. Ұйықтап қалмасақ жейміз, ұйықтап қалсақ – таң сәріде жейтін едік қытырлатып ...
Міне, сол әкемнің қолы тиген ошақ, әкем бізге жүгері собығын пісіріп берген ошақ. Ошақтың орны тұр... Тұруын тұр ғой... Әне, әкемнің сәкісі тұр. Қаңырап тұр. Елсіз дала, құла түздей бос тұр. Кейінгі жылдары бір күн де бос болмаған, бір де адамсыз тұрмаған сәкі иесін жоқтап, үн-түнсіз өксіп жылап тұрғандай.
***
Ол жылдары қыс аязды келетін. Үйде пеш жақсақ та, көбіне көмірді үнемдеу үшін ошаққа тезек саламыз. Тезек деген не, күзде даладан теріп аласың, немесе малдың қиын шылап, көмірдің майдасын қосып, саратанда дуалды жағалата кептіріп қойсаң бір жұмадан соң құп-құрғақ дайын отын болып шыға келеді.
Сөйтіп қыста да ошаққа тезек жағамыз. Әкем звено жетекшісі ғой, көбіне темекінің престелген тайларын даярлау конторасына өткізу үшін ауданға кетеді. Ашық көліктің үстінде мақталы шалбары мен күпәйкесінің үстінен ақ тонын киіп кетеді. Ерте келгенде, темекілерін түгелдей өткізіп келгенде, дарбазадан әрқайсымыздың атымызды дауыстап шақырып көңілді кіреді. Біз де әкеміздің алдынан шығамыз. Жорта ұйықтаған болып жатсақ та жүгіріп кетеміз. Өйткені әкем бізге – әрбіреумізге бір-бір үлкен қораз кәмпит алып келеді. Қораз пішінді, таяқшасы бар мұндай тәттілер Ноқаттың базарында қолда ғана сатылады. Әкем соларды ерінбей барып арнайы сатып алады. Содан әкеме анам немесе апам ошақта тұрған ыстық астан құйып береді. Тамақ ішкенше әкем өз өмірінің сыр сандығын ақтара бастайды. «Бір жолы, - дейді, - Аршамазарға отынға бардық. Көп теріп, есектерімізге жүкті үстемелеп артып алған екенбіз, Қаражардан өтіп, Артылмаға келгенде ауылдың шырақтары көрініп қалды. Әбден діңкеледік. Серіктерім отындарын есектен түсіріп, жаңбыр шайған шұқырға қалдырып, «далаға кетеміз» деді. Мен «осында қала беремін» дедім. «Отындарды қарап жатамын» дедім. «Қорқасың, жүр» десе, ерініп «бармаймын» дедім. Олар жүгін түсіріп, есектерін мініп ауылға тартты. Жата бердім. Оянсам күн едәуір көтеріліп қалыпты. Серіктерім келіп отындарын қайта жүктеп жатыр. «Қорыққан жоқсың ба» деп таң қалысты. «Қорыққан жоқпын» дедім. «Сонда суық өткен екен, мына аяғыма», - деп қояды да, әкем біреуімізге аяғын соза қалады. Біз болсақ жыланнның ба, әлде аюдың, не балықтың, әйтеуір бір сап-сасық майын аяғына сылап жағып береміз.
Содан тағы әңгімесін жалғастырады: «Аналарыңа жасы жетпей үйленіп алдың», - деп артымызға түсіп алды. «Қашып кетіңдер», - деді. Қаштық. Қарасудың Өзбекстан жағында Ақтас деген ауыл бар. Аналарыңның бір ағасы сол жақта екен. Соныкіне қашып барып, сол жақта біраз жүріп қалдық. Мақта қырманда күнде күрес болады. Әне, палуандар, бәрекелді! Бірі-бірін көтеріп алып, жерге атып ұрады, бірін-бірі жығады. Мен, ноқаттық байғұс, бір шетте қарап тұрам. Бір күні бір түрік палуан бәрін жеңіп, қарсылас шақ келтірмеді. Белге дейін шешінген, көкірегін қап-қара жүн басқан еңгезердей кісіге кімнің батылы барсын. Ары айналды, бері айналды. Төреші қолын ұстап тұр, ешкім шықпаса жеңіс осынікі деп көтеретін түрі бар. Тәуекел дедім. Жығылсам жер көтереді деп ойладым. Көптің арасынан суырылып шыға келдім. Бой бар. Кемеліме келіп тұрған шағым. Дүйім елдің көзі менде. Төреші әжуалағандай белдегі белдіктерімізден ұстатып қойды. Әлгі түрік бірден шалт қимылдап, тік көтеріп тастай бермек болғанда, күшімді жинап алып бар салмағыммен басып қалдым. Тізерлеп отырып қалды. Қайта тұрды. Қайта белден алыстық. Көп алыстық. Өзі де зіл батпан екен. Шаршаттым. Ақыры жауырынын жер иіскеттім. Елдердің қол шапалақтағанын айт. Мені көтеріп төбеге лақтырды келіп, лақтырды келіп... Сөйтіп жас кезімде бір намысқа жарағаным бар».
Әкемнің осы секілді әңгімелерін ошақ басында ұйып тыңдаймыз. Шынымен, әкем шырайлы кісі еді, жұлдызды еді, жеңгелерінің «ұзын жігіт» деп ат қоюы тегін емес екен.
Кейде темекі қабылдау мекемесінен жолы болмай келгенін де бірден білетін едік. Еш-кімді шақырмайды, тамағын ішсе ішіп алып, өтірік ұйықтаған болып бүк түсіп жатып, сол кезде: «Тұрыңдар!» - десе ұшып тұратын бізге де қарамай, анама нали бастайды: «Мына приемчиктің көрсеткен қорлығын-ай. Оқу бітірген-мыс. Бұғанасы қатпаған бала әлі. Мен қалайша осыншама жыл істеп темекінің бірінші сұрыбы мен екіншісін, үшінші сұрыбын ажырата алмай қалайын. Бірінші сұрыпты екінші деп алады. Екі тайымды дымқыл деп қабылдамай қойды. Оған пұл беру керек екен. Не күркетауық, арақ көтеріп бару керек дейді. Мен олай жасай алмаймын. Ақыры алады, алмай қайда барады». Осындай сөздер естіле бастағанда басымызды көрпе астына тығып ұйықтап кетеміз. Әкем әлдекімдерге наразы бола береді. Басқалардай пара беруді білмейді. Айтпақшы, кейін-кейін Жаңабазар деген үлкен ауылға мешіт салмақшы болады. Бір таза адам бірінші іргетасын қойып беруі керек екен. Ол кісі өте бәкізе болсын, жемеген-ішпеген, зина жасамаған болуы қажет депті. Бұл іске ешкім батпаған көрінеді. Содан көрші ауылға – әкеме келген. Әкем мешіттің алғашқы тасын қалаған...
***
Ошақ жанында тағы да ойлар келеді... Ошақтан шұбалып көкке сіңіп кеткен біз жаққан оттың түтініндей ойлар созылып шығып, қайда екені белгісіз сіңіп кетеді...
Ол кезде Әдиш інім екеуіміздің ептеп жұмысқа жарап қалған кезіміз. Темекіден қолы босамаған әкем ептеп бізді апама қосып оқтын-оқтын Көк-Төбеге жайлауға жіберіп алады. Ол жерде басқа көршілер қарайласады. Жүкті түсіре салып әкем алдымен ошақ орнын дайындай бастайды, шатыр тігетін жерден алыс болмасын деп төрт-бес қадам арыдан жұмсақ жерді қазып, бұлақ жақтан төрт тас тауып келіп ошақ жасайды, қазан тура келсе болды, ошақ даяр! Бірінші кезекте күйелеш болып ысталған құмғанға бұлақ суын құйып келіп, оны арнайы алып келген темір мосыға асып шай қайнатамыз. Оо, жайлаудың шайы! Киікоты қосылған шай! Содан біздің жазғы тұрмысымыз сол ошаққа байланады да қалады: шай, сүзбе қайнатып, сүт пісіреміз, тамақ асамыз, қаттама, кеспе, пәтір, нан жасаймыз, ошаққа деп қураған қарағанды, долана-шетендерді теріп келеміз. Ауылдан шығып келгеннен-ақ әкем қарайды, бұзылған жоқ па дейді, тастарының арасы опырылып жатса сылап қояды...
Мен ол кезде Ошқа оқуға түскен едім. 1-курста мақта терімнен келе салып махалаларды кезіп квартира іздеп, «о, айа-а, квартира борми» деп айғайлаймыз, ішкеріден «йок», «кет», «кема» деген дауыстар естілгенде, еңсеміз түсіп кетеді. Осылай жүріп ақыры біреу көп жыл қараусыз қалған бір үйіне кіргізіп алды. Қыс басталып, бірге жататын Алпыс, Әбдіжәлел, Ақмат, Тұрдыбай – бесеуіміз кезек-кезек теміржол вокзалынан ба, не отжағарлардан ба, әйтеуір бір-екі бақырдан көмір тауып келеміз. Содан пеш жақсақ, онымыз жарытып қызбайтын болып шықты.
Бір күні хабар алайын деп әкем келіп қалыпты. Ауылдың алмасы мен картобын салып алған қоржынына. Әдеттегідей, әкем айтқандай «тоңып» отырғанбыз. Пешіміз бықсып дұрыс жанбайды. Әкемнің айтарлықтай қолөнерге ебі жоқ, бірақ мына ахуалымызға ашынды ма, жыны келді ме, – пешті әп-сәтте ашып тастады да, мұржасын реттеп, содан бір жақтан отын тауып келіп от жағып еді, рахат-ай, отымыз лаулап жана бастады. Тамақты да пешке жасап бір жадырап қалдық. «Өмірдің бастауы – ошақ, - деген әкем сонда, - ең бірінші ошақтарыңды жөндеңдер!».
***
Өмірінің ақырғы көктемінде жақын туыстар жиылып ауылға бардық. Колхоз ыдырағанда бөліп берген үлес жерлерге бақ тігейік деген ниетіміз болды. Жерді жырттық, көшет алып келдік. Содан сол Төрт-Күл деген аңыз жерге ошақ жасап, ет салып қазан көтердік. Көшет тігеміз деп бәріміз көліктерімізге отырып жатсақ, шапанын сүйреп әкем: «Мен де барайын», - деп тұр. Әрең тұрған кісіні қалай қалдырып кетудің амалын таппаймыз. «Төрт-Күлмен қоштасып келейін», - деді жүрек-бауырды езіп. Көлікке салып алдық. Аңызға барғанда, Төрт-Күлді көргенде әлсіреген денесіне кәдімгідей қан жүгіріп, жан кіріп қалды, қашаннан бері боп-боз болған жүзіне қан жүгірді. Ақыры тоқсанға келген әкемнің бүкіл өмірі осы Төрт-Күлде өтті емес пе. Сол жерде темекі суарып жүргенде найзағай түсіп, белінен төмен киімдерін түгел күйдіріп кеткенде ауруханада жатқаны болмаса, өмірі ауруханаға барып көрген емес, курортқа да барған емес, шетелдерге де шыққан емес. Темекі егістігі – оның тағдыры да, өмірі де еді. Тоғыз-он шақты әйелге, бір мұрапқа қойылған басшыны звеновой дейтін ол кезде. Әкем сол звеновой міндетін атқарды. Шілде түскен бойда қамысты орғызып әкеліп, сарайда ши тоқытты, сол шимен жылыжайды жаптырды, жылыжайдың ішін жылыту үшін Кіші-Алай, Шөгім деген таулы өңірлерден қойдың қиын алдырып баптаған соң, тұқым септірді, арамшөптерді жұлдырып, күннің көзіне қарап жылыжайды ашып-жаптырып тұрды, егістікті мезгілімен айдатып, жүйек тартып, оларға егіннің алдында да, соңында да жылжытып су беріп, көшет ектірді, содан алты-жеті қайтара суарып, темекіні сымға түйреп тізіп, тізілген темекілерді шарбаққа іліп құрғатып, құрғату кезінде жауын жауып кетсе сарайға кіргізіп, не үстін қымтап жауып баласындай мәпеледі, шарбақтағы құрғаған темекілерді сұрыптап алып сарайға, не казармаға ілді, қыс түскенде оларды тағы іріктеп, сорттап тай-тай қып престеді, кейін оларды даярлау мекемесіне тапсырды. Сол қайталанған өмірі жарты ғасырдан артық уақытқа созылды. Бір мәрте дәрігерлер тексеріп, «сонша темекі тартасыз ба» деп ұрысқан екен. Өмірі арақ та, боза да ішпеген, насыбай да атпаған, шылым шегіп көрмеген әкемнің тұла бойы никотинмен уланған болып шықты...
Сол әкем осы Төрт-Күл даласымен қоштасу үшін келген екен. Кең даланы көрсетіп, «осы жердің әрбір топырағына кетпеніңіз тисе керек ә, аға» десем, «бір емес, он мәртеден тиген болар, кетпенім ғана емес, қолыма алып қанша бір кесектерді езіп топырақ қылушы едім» деді күлімсірей...
Әкем сағынған егінжайын бір көріп алды...
Содан бір-екі күн өтіп, біз Бішкекке шыға бердік. Екі қыз қалған. Сол қарындастарымның бірі – ең кенжемізден орнынан тұрып: «Бүгін бейсенбі ме?» - деп сұрапты. «Иә», - депті Назгүл. «Ертең жұма ғой?» - депті қайта. «Ыы». «Ертең жұма намазды біздің мешітте оқи ма?» Солай депті де бір түшкіріп алыпты, сол түшкірігімен әкемнің жаны шығып кеткен...
***
Міне, сол әкемді жоқтап, бәрімізді біріктірген ошаққа қарап отырмын... Балалығымның ошағы, он бауырдың ырыздық-несібесін бөлістірген ошақ, келін алып келгенімде апам мен анам келініне өткізіп бере алмай, өзіміз иелік етеміз деген ошақ, келінге қарап, қайын енелері «баяғы майда кеспеңді бүгін жасашы» деп жас жұбайымның кеспе пісірген ошағы, «ошағыңның оты өшпесін» деп атам жанында тұрып батасын берген ошақ...
Сол ошақ бұзылып, күлге көміліп жатыр... Бұны да біз істедік... Бәріне өзіміз кінәліміз... Осы ошақ бұзылмай тұрса, әкем де өлмей тұрар ма еді деп өзегім өртеніп, жүрегім күйіп барады...
***
Мен әйеліммен шаһардан келіп, көліктен түсер-түспестен әкем сәкісінен ұшып тұрып, төс қағыстырып көрісті. Тоқсанға шыққанша бұлай құшақтасып көріспеген әкемнің бұл әрекеті менің де жүрегімді жылытып, бір кездегі алып денені, қазір болса қаусап қалған құр сүйектерді кеудеме бекем қыстым. Айтпақшы, бұдан он жылдай бұрын әкем Мекке-Мәдинадан қажылық сапардан қайтқанда осылай төс қағыстырған едік. Онда әкемнің денесі босап, құбыласы айналып қалған екен. Үйге келгенше жанында қостап жүріп, мықты-мықты жігіттер қапсыра құшақтағанда олардан қорғап «жай-жай», «құшақтамай-ақ көрісіңдер» деп келгенмін.
Ол кезде жарықтық жасырақ екен. Қазір неліктен орнынан тұра қалғанын, не үшін құшағын жая қарсы алғанын енді әкемді орнына қойып келген соң сезіп тұрмын...
Сөйтсем, ең соңғы тірегі, ақырғы сөзін айтқаны мен екенмін...
– Мыналарың үйді бұзамыз деп жатыр, - деді сәлем-әлікке келмей-ақ. –
Қалай бұзады? Ақыры осы үйде он балам бірдей дүниеге келдіңдер, өстіңдер. Жан-жаққа кеттіңдер. Жоқ дегенде сен айтшы – үйді бұзбаңдар деші! Үлкені сенсің – сені тыңдайды!
Мен не қыларымды білмей қалдым. Әкемнің осылай айтарын ойласам да, мұншалықты қарсы шығарын білмедім. Сілейдім де қалдым. Бұл үй мен үшін де естелік еді. Анама жаман ауру жабысып, ауыр дерт жанына батып еңіреп, жылап жатқанда осы үйден шығарып салдық. Жүз он үшке шығарына бір-екі күн қалғанда намазын оқып келіп, жап-жақсы бойда кете берген апамды да осы үйден шығарған едік...
- Осы үйдің құбыласына қарап намаз оқыған сайын, сенің оқуыңды, жұмысыңды, балаларыңды, жарыңды атап бата қылушы ем, енді осы үйді сүрдіресің бе? – Әкем тағы маған жалынышты қарады.
Басқа бауырларымның алдында, үйдің дуалын құлатуға жақындап келіп қалған бульдозердің алдында, осы үйге арнап құран оқыту үшін әкелінген маңыраған қара қошқардың алдында әкем екеуіміз еш нәрсеге жарамсыз бір қаңбақ іспетті тұра бердік...
Бес-алты жасымда болса керек – осы үйді салып жатқаны еміс-еміс есімде. Асарға келгендер көше жақтан там басына шығатын екі тақтай орнатып, оған басқыш қылып тақтайларды бекітіп, сол сатымен шелектеп, зембілдеп лай, топырақ, кірпіш тасып төбеге шығып жатқаны есімде. «Үй бітсе болды – екі балама сүндет той беремін», - деп мені және інімді көрсетіп қояды әкем асаршыларға.
– Сен білерсің, - деді әкем ойымды бұзып, - оо әріректе нағашы атам мен апамның үйі бар еді. Соны бұзып келгенбіз. Бір адам зорға көтеретін абажадай кірпіштері бар еді, соларды жеткенінше қолдандық. Ол кезде ауылда темір шатырлы үй жоқ, бірінші болып біз қаңылтыр жаптырғанбыз. Осы үйде бәрің тізіліп бір төсекте жататын едіңдер. Содан кезек-кезек есейіп, оқуға, әскерге кеттіңдер. Қара шаңырақ болса сіздерді сағынып тұратын үнемі. Оның түгел топырлап келіп қалғанда үй іші нұрланып, тамаша күйге енетін. Алты баламды осы үйден үйлендіріп, төрт қызымды осы үйден ұзаттым. Оның да түгел есейгендеріңе іштей құдайға шүкіршілік етіп жүрдім... Енді осы үйлеріңді – өз ұяларыңды бұзып тастамақсыңдар ма? Есіңде бар ма – осы үйде қарлығаштың ұясы болған, ұясын бұздырмай, ұясына жыланды жолатпай қалай шырылдайтын еді, байғұс?
Әкем солай дегенде, не істерімді білмей мелшиіп тұрып қалдым. Басқалар маған қарайды жалтақтап. Ақыры үйді бұзуды, одан шыққан тақтайларды жаңа үйге қолдануды шешіп қойғанбыз. Ол былай тұрсын, онымыз он бөлменің әрленуіне дейін ақылдасып шыққанбыз. Ауылдағылар айтқан: бір жолы үйге келген келіндер үйді қалайша бұзып, жаңа үйді қалай салуды сөйлесіп жатқанда әкем үстілеріне кіріп келіп, өмірінде бірінші мәрте балағаттап қуып шығыпты деп... Содан кейін олар әкем барда біздің аулаға аяқ баспай қалыпты...
– Түсінесіз ғой, - дедім әкеме баяу булыққан дауыспен, - бәрі ескіреді, тозады. Бұл тамның салынғанына елу жылдан асыпты. Мен онда есім кірмеген баламын. Қазір алпыстан астым. Үйдің түбі шөгіп кетті. Дуалдары уатылып тұр. Едендері шіріді. Бұл үй бір кезде ауылдың маңдайы болса, қазір тапалтақ жер тамға айналды. адамдар Ресейден ақша әкеліп ыстық суы, суық суы ішінде, іргетасы биік, жертөлесі, гаражы бар үйлер салып жатыр. Сізге де түнде сыртқа шықпайтын, дәретханасы, дәрет алатын жері, намазханасы ішінде болған үй салып берейік дедік.
- Мен үйдегі даретханаға аяқ баспаймын, үйден дәрет алмаймын! - Әкем ашуына әбден мінді. Шынымен, шаһарға барғанда көпқабатты үйлерде бір күн де тұрмай, жер үйлері бар балаларынікіне қашады, дәретханасына да кірмейді, дәрет те алмайды. Мұнысын естігем.
Бульдозердің үйге таяп қалғанын мен де, әкем де көріп тұрдық. Әкеме сай жаққа барып келейік десем де, көршінің үйіне жүр десем де болмады. Ескі үйден көзін ала алмады. Жас толы жанарына қарадым. Жанарынан қазір талқаны шығатын ескі үйді көрдім.
Бульдозер тұмсығымен дуалды сүзді. Үй былқ етпеді. Тағы сүзді. Тағы былқ етпеді. Мұндайға еті үйренген бульдозерші тракторын гүрілдетіп тағы бір сүзіп еді, дуалдың бір бұрышы опырылып түсіп, ірі кірпіштері сатырлап төгіліп қалды.
- Әне кетті, - деді әкем, - жолбарыстың екі шөнжігі қашты!
Мен таң қалып, қалжыңдап тұр ма десем, әкем шынымен де қашып бара жатқан жануарларға қарағандай, жанарымен оларды алысқа шығарып салғандай, көзін алмай біршама жерге дейін қарап тұрды. Маған жолбарыстың шөнжіктері түгілі мысық та, ит те көрінбеді. Бұрқыраған шаң-тозаң, менімен тең ши қамыстар, қарауытқан сабандар жерде шашылып жатыр. Қорқып кеттім. «Әкем ақылынан адаса бастады ма? Немесе шынымен де осы үйдің киесі бар болды ма» дедім іштей. Оларды қашырып жібермедік пе деймін. Дедім де, ішім удай ашыды. Содан әкем мына үйден шай ішкен еді деп ауылдағы өлген адамдарды бір-бірден түгендеп шықты. «Мен де сіздерге барамын», - деді. «Бұл жақта қатарластарым да, замандастарым да қалмады» деді. Жүрегім дір етті... Әттеген-ай, дедім...
***
Арада бір жылдай уақыт өтіпті. Жаңа үй бітті. Әкем оған кірген жоқ, ескі жазғы жайда қала берді. Ескі үйдің шетінде осы ошақ қалған еді, өйткені.
–... Жаназашылар келді! – десті адамдар менің ойымды бұзып. Есік алдына қатар қойылған орындыққа келіп отыра қалдым. Құран оқылып, жұрт бет сипады.
– Шайға кіріңіздер, шайға! Жаңа үйге! – дедік.
– Рахмет! – деп құран оқытуға келгендер бізге басу айтқан болып кеуделеріне қысып құшақтасып, «жақсы адам еді марқұм, жаны жаннатта болсын» деп шығып кете берді...
2018 жыл, 19 тамыз
Қырғыз тілінен аударған Гүлнұр Қыранбайқызы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.