Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Әбділдә Тәжібаевтың өлеңдері...

04.02.2016 10170

Әбділдә Тәжібаевтың өлеңдері

Әбділдә Тәжібаевтың өлеңдері - adebiportal.kz




abdilda.jpg

Алтын ай

 

Терезеден тесіліп,
Қарасам сұлу далаға.
Айды көрем қалғыған
Ұсаған жас балаға.
Жастанғаны жұмсақ бұлт,
Жұмсартыпты жамбасын.
Жатыр жалқау бүркеніп,
Сүйіп ұйқы жолдасын.
Аш көзіңді, алтын ай,
Көміле берме ұйқыға!
Оятамын, қоймаймын,
Жатқызбаймын ұйқыда.
Бөлене бермей бесікке
Аш көзіңді, алтын ай!
Өлеңнен өрнек кестелеп,
Отырмын мен де ұйықтамай.
Ұйықтама, тыңда, алтын ай,
Айтайын қызық сырларды.
Сырласып сұлу далада
Күзетейік қырманды.
Аш көзіңді, алтын ай,
Көміле берме ұйқыға,
Оятамын, қоймаймын,
Жатқызбаймын ұйқыда.

 

 

Ауылдағы азан

 

Естуші едім ауылда
Молдамыздың азанын.
Азан үні шыққанда,
Кетіріп жол тозаңын -
Намазға жұрт баратын,
Мешіт лық-лық толатын,
Барлық мойын иіліп,
Барлық қабақ түйіліп,
Тірлік қамын ұмытып,
Бір аллаға сыйнып -
Құблаға жұрт құлайтын,
Иман, ұжмақ сұрайтын.

 

 

Алатау

 

Ұқпаймын тілін теңіздің,
Таныған жоқпын тереңін.
Білмеймін сырын толқынның,
Білмеймін сырын кеменің!
Сүйемін туған тауымды,
Тәкаппар оның тұлғасын,
Бөгеген тентек дауылды,
Бүкпеген тізе мың ғасыр.
Киініп сауыт көк мұздан,
Жамылған қардан желеңін,
Ұшырып бүркіт шың, құздан,
Жаттатқан маған өлеңін.
Жатсам түнде дамылдап
Күзетімде ол тұр менің.
Тілегендей сыбырлап,
Тірлігімді бір менің.
Пердесін түннің ысырыіт,
Тұрғызады ол - таңды да,
Көтеріп күнді ұсынып,
Тартады менің алдыма!

 

Ақын

 

Кеудесі шын акынның күй сарайы,
Алады төгіп-төгіп келсе орайы.
Жаңбырдай нажағайлы нөсерлеткен
Жерінде гүл шайқалар құйып өткен,
Жас дүние алдында үміт, жас ұрпағы,
Жарқылдар жаздай жасыл болашағы,
Бүгіннен ертеңіне қадап көзін
Арнайды аңсап ақын соған сөзін.
Мінезі әулиедей ел айтатын,
Құлқынға құл болуды білмейді ақын,
Жаны әзір сүйгені үшін құрбандыққа,
Бүкпесіз жүрек сырын айтар жұртқа.
Қүласа сеніммен бір кұлайды,
Аяныш сонда ешкімнен сұрамайды.
Қамыспас қас болаттай кектенгенде,
Қарғысы атқан оқтай жек көргенге.
Көрсең де осы ақынның қай мінезін
Оқушы, түсін өзің, кешір өзің.

 

 

Алматы

 

Алматымыз астанасы қазақтың,
Тұрамын мен сол қаланың өзінде.
Рим да емес ол, Париж да емес мақтаулы,
Ұқсасы жоқ бүкіл дүние жүзінде.
Қала емес ол - сіздер көрген, достарым
Суреті оның басқалардан өзгерек.
Жырлау үшін оның жерін, аспаның
Ескірмеген, естілмеген сөз керек.
Қай қалада осынша алып емендер
Қөшелерге жайып қанат шығады.
Қай қалада алтын бұйрат теректер
Жапырағымен көкті сүртіп тұрады
Әрбір гүлге бір бүлбүлдан сайраса,
Әр сұлуға жыр шертеді бір ақын.
Әрбір көңіл жоғарыға қомданса,
Бұлттан да әрі тауымыз бар шығатын,
Желпіп өтсе жібек самал лебімен,
Ақ жаңбыр кеп астанамды шаяды.
Тартып шеңбер бояулары көгімнен
Қемпірқосақ кең құшағын жаяды.
Сүюшілер күн мен гүлді жанындай
Алматыма - астанама келіңдер.
Достарыма казақ дастарқанындай
Ақ пейілдер жайылғанын көріңдер!

 

Қазақстан

 

Қазақстан өлкесінің кеңдігін
Өлшеп жатпай өзгелерше мен бүгін,
Оңай ғана ұғындырып байқайын,
Болмашы бір белгілерін айтайын.
Қысты күні бөлмеңізде пеш қызып,
Көрінгенде сол қызудан кеш қызық.
Жанған отқа сүйсіне зер салыңыз.
Қазақстан көмірі деп таныңыз.
Туралғанда ақ мамықтай бөлкелер,
Түспей ме еске астық еккен өлкелер,
Соның бірі Қазақстан - таныңыз,
Соның наны жеген осы наныңыз.
Дастарқаннан нарттай қызыл алманың
Қол созғанда таңдап бірін алғалы
«Қазақстан!» дей көріңіз, бауырым,
Өсіруші алманың ең тәуірін.
Сары аязда - сақылдаған ақпанда -
Адам тұсын, ағаш дір-дір қаққанда,
Ұмытпаңыз Қазақстан сыйларын
Жеткен сізге жылуымен пиманың.
Жапқан сайын әрбір үйдің тебесін,
Қаққан сайын әр есіктің шегесін,
Құрметтеңіз Қазақстан жерінің,
Өзендерше өрши аққан темірін.
Көк теңіздей толқын ата көпірген
Домбыра үні жетсе сізге эфирден,
Қабылдаңыз Қазақстан күйлерін
Қуантушы бақытты Отан үйлерін!

1957

 

Жастық туралы

 

Қызық қой жастың мінезі,
Қызу ғой оның жүрегі.
Әлемге жалғыз бір өзі
Иедей болып жүреді.

Лебізі жаздың лебіндей,
Ғажайып дүние сұлуы,
Көзі де күннің көзіндей,
Жылуы қандай, жылуы!

Көңілді жүрсе жайдары,
Кеудесі толы сенімге.
Арманын Іздеп қайдағы,
Талпынар тынбай көруге.

Күнге де ғашық, Айға да,
Құмартпай бір де жүрмейді.
Келмейді қауіп ойға да,
Қатерлер барын білмейді.

Ғашығын тапса болғаны,
Ұшады жаны биікке.
Таба алмай қалса қорланып,
Жатады жанып, күйіп те.

Қызық қой жастың мінезі,
Қызу ғой оның жүрегі,
Әлемге жалғыз бір езі
Иедей болып жүреді.

 

bilim-all.kz

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар