Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Әбіл-Серік Алиакбар. Элегиялық модустың тылсым әле...

12.05.2019 5351

Әбіл-Серік Алиакбар. Элегиялық модустың тылсым әлемі

Әбіл-Серік Алиакбар. Элегиялық модустың тылсым әлемі - adebiportal.kz

Әдеби дарындылықтың табиғаты ілкі заманнан-ақ өзіне зор қызығушылық тудырып, ежелгі гректер оны (невроздан психозға дейінгі аралықта өте бай реңктер бой көрсететін) «ессіздікпен» теңестірді. Ақын дегеніміз – ол жұрттың бәрінен ерек бірде өзгелерден кемшін түсетін, енді бірде олардан бір саты жоғары тұратын «жын буған» жан. Оның осы «бейсанасыздығы» бір мезетте әрі ақыл-парасаттың ең төменгі, әрі ең жоғары санаты болып табылады.

Ескіден қалған жәдіргерлерге зер салар болсақ, одан кейінгі дәуір мұраларына ой жүгіртетін болсақ, онда әлі күнге дейін санамызға орныққан дүние ақын әлденесін жоғалтып, оның есесіне айырықша қабілет-дарынға ие болған жан ретінде танылады. Сонымен қазіргі заманалық ұлттық әдеби процесте әлдесін жоғалтқандар да, әлдесін жоғалтпағандар да ақын атанып жүр.

Көркем әдебиетті көбіне сөз өнері деп атайды. Қай дамыған тілде болмасын «өнер» ұғымын екі түрлі түсіндіруге болады. Оның біріншісі адам қолынан туындаған кез келген шеберлікті, ұқсатымды ұқтырса, екіншісі рухани мәдениет саласындағы іс-әрекет түрін түсіндіреді.

Осыдан шығарып айтарымыз, «сөз өнері» өзінің бірінші мәнінде тілдің майын тамызатын шешендік өнерді танытса, екінші мағынасында әдебиет – көркем өнердегі өзіндік бір түр ерекшелігі ретінде музыка, сурет т.б. сияқты көркемдік қызмет атқаратындығын білдіреді. Осы екеуінің басын бір жерге түйістіре білгендер ақындық әлеміндегілер арасында өте сирек.

Адам тірлігі қайталанбас дербес келбетті өмірдің екі қыры: «мен» және «әлемнен» тұрады. Көркем тұтастықтың эстетикалық аяқталымы бірін бірі жекелеп, байланыстырып тұратын көп қатпарлы шектерден түзіледі. Сонымен эстетикалық мәдениет дегеніміз – адам мен оның әлемінің ішкі және сыртқы мәдени шекарасы.

Туындының көркем болуы аралас немесе рухтандырушы т.б. болып келушілікті білдіріп, ең ерек дегендерінің өзі әлдебір типке жатып, кез келген өнер туындысы белгілі бір көркемдік модусымен (заңдылықтарды жүзеге асыру амалдарымен) сипатталады. Заманалық әдебиеттану ғылымына «модус» ұғымын көркем және әдеби типтердің жалпыэстетикалық аражігін ашпай Н.Фрай енгізді [ғалым еңбегінің орысша аудармасын қара: Зарубежная эстетика и теория литературы ХІХ-ХХ вв. – М., 1987. – С. 232-263.].

Көркемдік модустер (лат. modus – өлшем, амал-тәсіл) дегеніміз – өнер заңдылықтарын өзектендірудің амал-тәсілдері. Егер әдеби дәуірлер мен бағыттардағы амаляттық орын алушылықты көркемдік парадигма (гр. Παραδειγμα, «мысал, үлгі, нұсқа») сипаттаса, көркемдік модустері өзіндік таранстарихи сипатымен ерекшеленеді. Қаһармандық, трагедиялық, комедиялық, идиллиялық, элегиялық, драмалық, ирониялық модустер өздігінен эстетикалық сананың типологиялық түр өзгерушіліктері болып табылады. Қазіргі (бұрынғы) қазақ әдеби процесінде өмірге келіп жатқан кез келген туынды өздерінің көркемдік құндылықтарына қарамай эстетикалық модальдылыққа ие шығармалар.

Әдебиет теориясы саласындағы көркемдік модустары көркем мазмұнның (идеялық-сезімдік бағалаушы пафос түрлері мен автор эмоционалдығы типтерінің) тұлғаттық жағын ғана емес, сонымен қатар, жағдаят, қаһарман типтеріне, оқырмандық қабылдау жапсарларына (тұлғат-нышанат-қабылдаушы//субъекті-объекті-адресат) да қолданылады.

Зерттеушілер әр көркемдік модус өзіндік ішкі біртұтас жүйелік құндылық пен оған сай келетін шартты уақыт пен шартты кеңістікті, мотивтер жүйесін, «ішкі (жан) дауыс» жүйесін, мәтіннің ырғақты-екпіндік түзілім құрайтын поэтикаға ие деп ұйғарым жасап жүр. Көркем-эстетикалық жүйенің тіні «тұлғалық диада//қосарлық» және оған қарсы тұратын сыртқы әлем: «мен сондамынан» тұрады.

Енді көркемдіктің элегиялық модусын жеке қарастыратын болсақ. Көркемдіктің элегиялық модусы идиллиялықпен бірге жеке тірліктің ішкі оқшаулануын эстетикалық игерудің жемісі болып табылады. Бұрындары кеңестік дәуірде, одан кейінгі кездері де көпке дейін осы элегиялық модустың орнына туындыдағы бастан дербес күй кешудегі көңіл жарасын онша ашпайтын жартыкеш термин «лиризм» қолданылып келді. Әлі де осы терминді оңды-соңды қолданатын әдебиеттанушылар кезігіп тұрады.

Сонымен элегиялық «Мен» дегеніміз – дүниеден баз кешіп, бәр сәттік өмірден түңілушіліктің көрініс беруі.

Мезілсіз алма үзілді үсік шалған,

Құрыққа тай сүрінді түсіп қалған.

Қақалып бура қалды көбігіне,

Алғанда тірсегінен күшік жалған.

РЕКВИЕМ («Жаназа» күйі) Аманхан Әлімұлы "Жас Алаш" газеті, №24 /26 наурыз/ 2019 жыл.

Елімізде азаттық жылдары орын алған келеңсіз оқиғаларға қатысты ақын өз жан дауысын осылайша естірте, өксіте сыртқа шығарады.

Бодандық дәуірдегі Мағжанның реваншистік жырларында да элегия көрініс тапты.

Осы арада Мағжанның күйінішті «Тәңірі» өлеңінен үзінді бере кетелік.

Жібердің басқа жұртқа

жолбасшылар,

Әр жұрттың жолбасшымен

көзін ашылар.

Не елші, не жол сілтер

кітабың жоқ,

Алашқа әлде жазғаны бар да

шығар?

– дегені қасиетті кітаптың біріншілігін аударма арқылы иеленіп, өздері, әлі күнге содан жапа шегіп жүрген жөйіттер (еврейлер) – қасиетті керей таңбасын (свастиканы) Дәуіт жұлдызына айырбастап, бірінші адамның есімін – Құманы әйелге (Хауаға) теліп жібергені аз жазылған жоқ. (Түркі әлемінде ерекше қадір тұтылатыны Қазіреті Қызырдың Тәңірінің ең бірінші адамзатқа жіберген Жаратқанның елшісі болғанынан және аспаннан құдай кітабы түскен бірінші халық түркілер екенін бұрынырақ жазылған бір мақаламызда дәлелдеген едік. – Ә.Ә.Ә.)

Латында адамның есімі Құба мифологиялық түсінігімен астасып, Хомо деп аталады. Оның жақсы сипатын humanus//гуманист, адамзат ізгілігін – humanitas//гуманизм сөздері білдіреді. Қыпшақтарды римдіктердің – «Құман» деп атауларының түп негізінде көп мән жатыр. Құман латынша – адам атаның ұрпағы деген мифтемені білдіреді.

Суреттің авторы Эдвард Мунк

Әлемдік деңгейдегі элегиялық жырлардың қазаққа танылуында Ілияс Жансүгіровтің рөлі аса зор. Оны мына аудармадан көре аламыз.

Элегия

Есалаң өмірді ойлап қызығы өшкен,

Кісідей ауырлаймын шарап ішкен,

Қайғысы өткен күннің – тәтті арақтан

У жанға қанша тозса, сонша батқан.

Жолым мұң: кең теңізі келешектің

Сияқты қайғы, бейнет елестеткен.

Достарым, бірақ менің келмейді өлгім;

Тұруға ой-азаппен бар тілегім.

Ішінде дау-жанжалдың, қайғы-әуренің

Барлығын рахатымның құп білемін:

Кей-кейде сусындаймын тәтті күйден,

Көзімнің жазуыма жасын төгем,

Бәлкім бейуақ кешіне өмірімнің

Қош деп күліп махаббат шашар нұрын.

(А. С. Пушкиннен аударған Ілияс Жансүгіров)

Сонымен элегиялық катарсис (өнер арқылы имани тазару) «жоғалған дүниеге қара жамылып қайғыруды» танытады. Бастан хал кешуші «мен» антиидиллиялық дүние сезінімге бой алдыртады. Құдайдан жұрт безінген тұста Мұқағали керісіше күй кешкенін мына өлеңнен аңғарамыз.

Жарының жарық дүниеге перзент әкелгенін естіген Мұқағали былай жыр толғайды:

Иә, Алла бердің бе,

Бермедің бе?!

Иә, Жаратқан көрдің бе,

Көрмедің бе?!

Шырылдаған үніңнен

айналайын,

Шыныменен өмірге

келгенің бе?

Қызым болсаң –

Қырымда құралайсың,

Ұлым болсаң –

Ұлы бір мұрадайсың.

Естідің бе есі жоқ, ей дүние,

Менен неге сүйінші

сұрамайсың?!

Жалғыз едім таста өскен

шыршадайын,

Жабырқаушы ем дауылда

сынса қайың.

Су боп кетпей неге тұр

қос жанарым,

Ну боп кетпей неге тұр

қу самайым?!

Иә, ақын үшін бұл өлеңнің баспа бетін көруі шарт емес, тек Алладан алыстаған жұртты оған жақындамағаны үшін «өзі арқылы өзгені меңзеу» стилистикалық әдісі арқылы көзге шұқуы бар. Өйткені, құдайсыз – көпшілік бір жақ. Алласын аузынан тастамаған ақын – қоғамнан бөлінген кісікиік.

Енді Мұқағалиды аңсауға арналған элегиялардың біріне кезек берейік. Медет Демежанның “Мұқағали” өлеңіне элегиялық модус бойынша пайымдама жасап көрейік. Бәріміз білеміз “Қасиетті кітаптардың” барлығы тек поэзиялық мәтін түрінде ұшырасады. Неге? Осының жауабын барша пайғамбарларымыз мен нәбилеріміздің жиынтық прототипі шоғырланған “Мұқағали” образ-символынан табамыз:

Мұқағали

Тәңірім жер бетіне жіберген елші еді,

Ол мына тірлікте таскерең, азалы,

Өмірін өлеңмен ғана өлшеді.

Талантты ешкімде мойындамады,

Аласұрып бойында қаны.

Құсадан ішіп кетті,

Тәлкекті тағдырына төзе алмай...

Поэзия пырағына мініп ұшып кетті,

Ертеңгі жарықтан көз алмай.

Ертеңгі жарық деген сөз штрихтың астарында бодандықтан құтылу идеясы жатыр.

Ол өлген жоқ,

Өлең қалды соңында басты құны.

Жырларын іздеп жүріп

Сұрап оқитын болды.

Тығып қойып басына жастығының,

Қыздар жылап оқитын болды.

Ұлтты “танымал тұлғаның” образы арқылы отаршылдықтан құтылып, ер мінезінен айырылып, “қыз қылықты” бола бастаған қазақ жылап отырып, өз пайғамбарларымен табысатын болады деген ойды санамызда таңбалайды.

Иә, Мұқа,

Біз сенен аса алмай жүрміз.

Сен ойқастап өткен ақ парақты,

Жүрексініп баса алмай жүрміз.

Қалам ұстауға да кейде қиналамын,

Көңіліме ұят мекендеп.

Өлең оқып беріп ем сүйіктім мәз

«Мұқағалидың жазғаны сияқты екен» деп.

Тәңіршілдік рухтың мұсылмандық реңкіндегі қазақ абсурдизмі ұзақ та, толғақты-толғаулы кезеңді бастан кешіп ұлтына оралуға тиіс-тін. Осы бір ұлттың жаһұт әдеби-мәдени қазынасы өзін ғасырлар тозаңынан аршып, заманға сай жұтындырып, алаш жадысына қайыра оралтатын жанды тек егемендік жылдары кезіктірді. Қазақ абсурдизмі жастар арқылы әдебиет есігін араға мыңжылдықтар салып жаңарған сипатпен қайыра аттады. Сол абсурдизмді ұлтымымызға қайыра оралтқандардың ішіндегі дарасы – Азамат Тасқара еді. Бұл даралық оның қазіргі әдеби процесте шығармашылықтарымен жұртқа танылып, өнімді еңбек жүрген өзге ақындардан ала бөтен шетіндік (абсурдтық) стилінен танылады. Азамат Тасқараның алогизмдік сөз саптауға негізделген жыры Бармақ өлшемін шартты түрде сақтап, ұйқастық бірізділікті керек етпейтін стильдік ерекшелікке ие. Ол бүкіл өлең бойында не екілік, не үшемдік ұғым-түсінікке авторлық акцент түсіріп, барлық айтпақ ойын солардың төңірегіне жинақтап, оқырманымен мысық пен тышқанның әдеби ойынын ойнайды.

Суреттің авторы Эдвард Мунк

Енді ақынның «Түн сезбейді: ғасыр, ғасыр, ғасырлар...» атты өлеңінде ақын уақыт мезгілі (түн) мен жыл маусымына (күз) барлық ойын топтастырып, жолдың шетінде асықпаған арбаның доңғалағын арқалап, Сизифтік тіршілік кешіп жүрген өзінің жалғыздығымен мұңдасып, ақын және пенде ретінде қаққа жарылып Құлазыған бастан хал кешу ауанында айдың жұп-жұқа тілінен тамшының ақ дұғасының құлайтын себебі:

Бұл күрсініс азаматтық шынымен,

Мына күз де – тасқараұлы маусымы, деп аты-жөнін өлеңнің финалдық соңғы тармақтарының қаузына сыйдырып, ақындық «МЕНІН» паш етеді. Бұл Ақберен Елгезек те:

Қайдан келді, білмеймін, бұл ұйғарым,

Біреудікі – өксігім, жымиғаным.

Қарашықтың түбінен оқта-текте

Оқылады дыбыссыз жыр-иманым,

- түрінде беріледі де, ақын бабалардың жоғалған өркениетін өкси отырып, ел болып қайыра тірілтуімізді еске салады. Аңдаған адамға “Оқылады дыбыссыз жыр-иманым” деген жол Авеста гимндері мен Бабыл қыш жазуларының ұлтымызға жетпеуін меңзейді. Ұлттың өлген мәнін тірілту қос ақынның шығармашылық кредосы мен ақындық миссиясына айналғандығына көз жеткіземіз.

Ахмед Яссауи түркі дүниесіне сопылық ағымды тарту етсе, ХХІ ғасырда қазаққа Абсурдизмді сыйлаған Азамат Тасқара арасында рухани байланыс жоқ дегенді әсте айта алмаймыз. Ол қарапайым адамға түсініксіз Ахмед хикметтерін замана қалыбына салып, жаңаша қырынан құдайдан алыстаған алашына таныту үшін соны қадамға барып отырған ақын.

Осылайша, ақындарымыз элегиялық модусты бағдаршам еткен өз туындылары арқылы ұлт жадында өз қолтаңбаларын қалдыра алды. Азаматтың шығармашылығын түркі сопылық әдебиетінің заирлылықпен астасып халыққа қайыра жол тартуы деп те бағалауға болады. Екі дәуірдің марқасы бірі – түркілер үшін сопылық әдебиеттің есігін ашса, екіншісі – алашы үшін элегиялық абсурдизмнің шымылдығын түрді.

Әсет Найманбаевтың Демежан өлімінен кейінгі “Қара ағашқа” мұң шағуын заманына сай трансформациялаған Дәулеткерей Кәпұлының “Кекілігіне” айналуының әдеби кескінделуіне қаламгер қолданған элегиялық модус арқылы куә боламыз. Осы модус Махамбеттің қызғышын Дәулеткерейдің кекілігіне айналуға септесті:

Тастан да тасқа секіріп,

Тауда бір ойнар кекілік.

Біздің елде жалғыз ғана жетім ұлт,

Сен, ешкімге айтпа, кекілік!

Кекілін самал сүйген құс,

Тау тұғырында билер құс.

Бұратаналар – хан ұлындай шіренген,

Мен Қазақ боп қалдым – именгіш,

- деуінде сананы сарсылтқан сұмдық зәреңді зәр түбіне жіберетін ой жатыр.

«Суреткер дегеніміз (дейді Фрейд) – о баста шындық болмысты қаз қалпында қабылдамайтындықтан оның шарттылығын да кәперге алмайтын жан болғандықтан, туа біткен ілкі түйсіктік оянымның құрсауында қалып, өзі туындатқан тылсымды әлемінде патшалық құрып, эротикалық әм өзімшілдік тілек-қалауына ерік береді. Солай болғанымен де, ол аспаннан жерге түсіп, қайыра шындық болмысқа оралады; өзінің асқан дарындылығы арқасында өз қиялын шындық болмыспен астастырып, маңындағыларды оның шынайы әлем екеніне құлай сендіре алады. Оның ойға алған арман-тілегі осылайша жүзеге асып, ендігі жерде ол қаһарманға, падишаһқа, туындыгерге, ел аузындағы жанға айналады. Осы бағытта ол ешбір айналма жолды таңдаған жоқ, қайта өз татым-талғамын ішкі әлемнің ыңғайына бейімдей білді».

Осылайша, ақын дегеніміз – өзін өздік өмір сүруін қоғамға таныта білген арманшыл жан. Өмірді қаз қалпында емес, өз қиялының бесігінде тербетушілік оның тірлігінің басты шаруасы.

Біз келтірген әр дәуірдегі элегиялық көркемдік модусының мысалдары ақын оқшаулануы мен аулақтануының нәтижесінде өмірге келетін жан дауысының поэтикалық айшықталған түрлі қырынан хабар береді.

Элегиялық хронотоп дегеніміз – өзгелерден не уақыттық, не кеңістіктік аулақтанып, өзінің мұңды әлеміне бой жасырған шығармашылық адамы өзінің «қайғы әлемінде» дербес тіршілік кешуі. Бұл әдебиеттанушылық проблема ұлттық ғалымдарымыз арасында енді-енді қолға алынып, әр қилы жапсарда қарастырылып жатыр. Біз тек соның кейбір тұстарын шиырлап қана өттік.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар