Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ҰМЫТПАҢДАР МЕНІ
Әбіш Кекілбаев. Әзиз Әбу...

20.12.2021 8598

Әбіш Кекілбаев. Әзиз Әбу 12+

Әбіш Кекілбаев. Әзиз Әбу - adebiportal.kz

Бала кезіміздегі мектеп оқулықтарындағы ақын-жазушылардың суреттері әлі есімізде.

Суретте ол басына бұлт оралған асқар таудай, мойынына толқын асылған асқақ құздай тым тәкаппар елестейтін.

Дәм бұйырып, Алматыға келгенде, оны жақын жерден көріп, жайдары мінез-құлқын аңғарып, қатты қайран қалдық.

Ол әдеби жиындардан қалып көрмейтін. Дәйім алдыңғы қатарға жайғасатын. Мінбеге шыққандардың жақсы сөйлегендеріне жаны қалмай қуанып, орынынан атып тұрып, жолдан ұстап алып, елдің ең алдымен құшақтап, бетінен сүйіп, құттықтап жататын. Ал көңілінен шықпайтындай сөз естігенде, мүйізі сырқыраған арқардай, дудыраған шашын шайқалта бұлғалап, қаралай күйзеліп отыратын.

Ештеңеге енжар қарамайтын. Баспасөзде жылт еткен жақсы өлең жариялана қалса, жалма-жан жан-жаққа телефон соғатын. «Бүгінгі «Қазақ әдебиетін» көрдің бе? Құдаштың өлеңдері шықты ғой. Оқыдың ба? Әлі қараған жоқсың ба? Ту-у, не бітіріп отырасыңдар, түге?!» – деп күйіп-пісетін.

Редакциялар мен баспаларға да көп баратын. Жалғыз бармайтын. Қашан көрсең де, қасында бір-екі жас қаламгер жүретін. Қолтығында – бума-бума қолжазба. Өзінікі емес, өзгелердікі. Не қасына ертіп жүрген, не алыстағы ауылда жатқан әлдебір жас автордікі.

Әншейінде кісінің бетіне жел болып келмейтін Әбекеңнің дауысы ширығып шықса, қолтықтап келген қолжазбасының көркемдік салмағының мықты болғаны.

Табалдырықтан талтаңдай аттаса, қасына ерткен қаламгерінің талантының биік болғаны.

Бізден бұрын ол баспа директоры болыпты. Сол кезде де әдебиет табалдырығынан аттаған талантты жастарға көбірек бүйрегі бұрып тұрыпты. Ал біздің тұсымызда Жазушылар одағының көп секциясының бірінде кеңесші болып істейтін. Ондай кеңесшілер көбіне көп салқын үй, сая бөлмеде насыбайын атып, шахматын ойнап, өткен-кеткен мен естіген-көргендерін өзара әңгіме қылып, анда-санда тырнақалды туындыларын көрсетуге келген жастарға азды-көпті ақылдарын айтып, жайбарақат отыратын. Оны місе тұтпай, ұнаған қолжазбаны дереу қолтығына қыстырып, авторын қолынан жетектеп алып, әр есікке бір кіргізіп: «Мынандай талантты танисыңдар ма?» – деп, жерден жеті қоян тапқандай, табалдырық тоздырып жүретін жалғыз осы Әбекең ғана еді.

Кейбіреулер онысын әр саққа бір жоритын. Тіпті әлдебір есеппен әдейі істеп жүргендей көретін.

Сонда оның қасынан қалдырмай, жетектеп жүрген құтаяқ жастары кім еді?

Алпысыншы жылдары әдебиет табалдырығын аттағандардың біразы Қос Әбекең – Әбділда Тәжібаев пен Әбу Сәрсенбаевтың алдын көріп, ақ батасын алғандар еді.

Әбділда ақын Қуандық Шаңғытбаев таныстырған қолжазбаны оқып, Ақтөбенің алыс бір ауданында жүрген Өтежан Нұрғалиевты шақыртып алып, жүректері жарыла қуанып жатқанда, Әбу ақын Алматыда консерваторияның театр факультетінде оқып жүрген Сайын Мұратбековтың әңгімелерін оқып, оңды-солды мақтап, масаттанып бақты. Әбділда ақын КазГУ-де оқып жүрген Мағираш Сәрікованың жайма-шуақ жырларына сүйсінсе, Әбу ақын ауылда ауырып жатып жазған Қанипа Бұғыбаеваның қажырлы да қыжылды ойшыл өлеңдеріне тебіренді. Әбділда Сарыағаштағы мұғалім Төлеген Айбергеновті төрге оздырса, Әбу Сәрсенбаев Ақсу беттегі бір совхозда парторг болып істейтін Құдаш Мұқашевты топқа қосқан-ды. Әбділда Тәжібаев диктор боп жүрген Мұқағалидың талантына табынса, Әбу Сәрсенбаев бұрғышы боп жүрген Темірханның аяқ алысына тамсанды. Екеуі де ұлы даланың шалғай-шалғайында шабыттарына мініп, шаршы топқа түсуді аңсап, арман қуып жүрген талантты жастарды дәл тауып, шарапаттарына бөлеп бақты.

Елден ерекше мейірбан Әбу ақсақалдың майда алақанының майса шуағы талай маңдайды жылытқан-ды. Сәтті шыққан әр шумақты көзден таса қалдырмайтын елгезек ақын шідер үзіп тұрған шын таланттарды қайтып елеусіз қалдыра алсын?! Ол, әсіресе, Жұмекен Нәжімеденов дегенде ішкен асын жерге қоятын. Құдайдың құтты күні: «Әй, Әбіш, Жұмекеннің әнеукүнгі кірген үйі суық болып шықты, «Алатау» жақтан басқа бір үй жалдап алды; «Әй, Әбіш, Мүслима (Жұмекеннің анасы) тағы ауырып қалды»; «Әй, Әбіш, Жұмекен бір тамаша кітап бітірді ғой... Саған оқытты ма?» – деп үсті-үстіне телефон шалумен болатын.

Құлағымда әлі күнге саңқылдап тұрған осынау сөздердің ар жағында бір адамның жүрегіне сыймайтындай көл-көсір ықылас жататындығына енді-енді түсініп келеміз. Пәтерден пәтерге ауысып, бір қыста әлденеше рет көшіп жүретін Жұмекеннің үйіне ондайда бәрімізден бұрын Әбекең жететін. Баласындай кісінің жүгін тасысып, отын жағысып жүрген ақ бас ағаны көргенде қараптан-қарап елжіреп кететінсің... Жұмекеннің атасы Нәжімеден деген ақын кісі болыпты. Әскерге кеткен жалғыз баласы Сабырды жоқтаған ақсақалдың зарлы жыры Нарындағы елге кең таралған. Оны естіген адам әлгіндей қолды-аяққа тұрмай ұшып-қонып жүрген Әбекеңді көрсе, тіріліп келіп, жалғыз немересіне жанұшырып жанашырлық жасап жүрген марқұм Нәжімеден атайдың өзі екен деп қалатындай еді.

Иә, Әбекең Жұмекеннің әкесі түгілі атасының көзін көрген, анасы түгілі әжесінің қолынан дәм татқан адам еді. Екеуі бір жерде – Атырау облысының Құрманғазы ауданының Нұржау ауылында туып өсіпті. Іргелес отырған екі үйден екі классик шығып, олар өле-өлгенше бір-бірін жақсы көріп, қадірлесіп өтсе, оған қалай сүйсінбессің?! Екі ақынның бір-біріне деген өліп-өшкен қалтқысыз ықыласынан қалған қазаққа қандай қиянат келмекші?! Жалпы, Жұмекендей таланттарды қайда туса, онда тусын, есі бар қазақтың жақын тұтпай, жатырқауға хақысы бар ма?!

Несін айтасыз, қайран Әбу ақсақалдың Жұмекен жеткіншегіне деген шексіз сүйіспеншілігін бірталай әкелер өзінің туған баласына да көрсете алмас еді.

Әбекең жалғыз Жұмекен емес, шын таланттардың қай-қайсысын да құдайдай сыйлап, құрақ ұшатын да жүретін. Ал өздері қаралай жатырқап, қаралай шалқайып, сырт орай жүретіндердің ешқайсысының соңынан емпеңдеп жүгірмейтін. Әдебиеттің төңірегінде болмай қоймайтын әңгіме-қаңқуды, қиқым-сиқым қысыр сөзді кім тауысып, кім тойтара алған?!... Кім кімнің ауызына қақпақ бола алған?! Ол үшін Әбекең де шала бүлінген жоқ. Былайғы жұрт қалай айтып, қалай шалуаттаса да, қыңбай, жақсы көретін жеткіншектеріне үлкен басын иіп, шын таланттарға таусыла тағзым етуден бір танып көрген емес.

Әсіресе, Әбекеңнің Жұмекенді ақырғы сапарға аттандырғандағы күйзелісті қалпы әлі көз алдымда. Бір жағынан бордай үгіле жүріп, бір жағынан болаттай мықты бола біліп, белін бекем буып, қайрат қылып еді. Алыс-жақындағы ағайын-тума, дос-жаранмен өз аузынан хабарласып, қазақтың «ағайын бір өліде, бір тіріде» дегенінің шын өмірде қандай болатынын қапысыз көрсетіп бағып еді. Үш күн бойы аяғынан тік тұрып, қаралы жиынға келген алыс-жақынның әрқайсысының алдынан шығып, жайылып төсек, иіліп жастық болып еді.

Әбекең табиғатынан лирик еді. Өзі де, өлеңі де мамықтай үлпілдеп тұрар еді. Соншама нәзік, соншама жұмсақ жаратылған ондай жан тіптен некен-саяқ екен. Шашы бір талы қалмай түгел ағарғанша бәз-баяғы бала қалпына ақау түсірмей өткен еді. Оның аңқаулығы мен ақкөңілділігін білетін жұрт ауыздарынан тастамай, тамсана айта жүретін-ді.

Баяғы елуінші жылдарғы топалаң тұсында бір күні таңертең қызметіне келіп, орындығына енді отыра бергенде аяқастынан телефон шылдыр ете қалыпты. Трубканы көтерсе, ар жағынан біреу: «Бұл ЦК-дан? Тыңдап тұрған кім екен?» – деп сұрапты. Иә, ол кезде ондайда өзіңді өзің танымай, өз атыңды өзің ұмытып қалсаң, таңғалатындай ештеңе жоқ-ты. Алдында не күтіп тұрғанын ешкім де білмейтін. Ондай өткелектерден өткен адамдардың өмір бойы тілін тістеп, ерінін жымқыра жұмып, етегін жиып, бір енін ішінде сақтап өтпеске амалдары жоқ еді. Содан да болар, ол кездегі көп ағаларымыз кездесе қалсаң, біраз уақытқа дейін бойын аулақ салып, өңін жылытпай, менсінбей отырғандай, кекірейіп қоңторғай сөйлесетін. Бірдеңе сұрай қалсаң, үсті-басыңды, ауыз-ләміңді әбден тінткілеп алып, жауап қататын.

Ал Әбу Сәрсенбаев олай емес-ті. Есіміңді екі күннің бірінде ұмытып қалатын. Кескін-келбетіңді жыға танымайтын. Бірақ, шығармаларыңды шатастыра қоймайтын. «Ә, пәленшекемнің баласы екенсің ғой» – деп қуана амандасатын баяғының шалдарындай: «Ә, пәлен деген өлеңнің (не әңгіменің) авторы сен екенсің ғой?» – деп айқара құшып, маңдайыңнан сүйетін. Қанша адам отырсаң да, біреуіңді алаламай шетіңнен құшақтап, шетіңнен бауырына қысып, шетіңнен өбетін.

Оның тіпті осы мінезінің өзін де ерсі көретіндер аз емес еді. Кейбіреулер: «Әне, Әбекең келе жатыр. Қазір бәріңнің беттеріңді жалап шығады», – деп жер түбінен қаралай қитығып отыратын.

Бұны ол жәдігөйліктен емес, мейірбандықтан істейтін. Жылы сөзі мен жылы қабағын сатып, абырой алып, мал табатын жылпостар әдебиет төңірегінде де толып жатқаны рас. Бірақ, олар жұрттың бәріне жағалай жалпылдай бермейтін. Кімге көзінің сұғын, кімге көзінің шоғын тастау керектігін жақсы білетін. Үш кісі қатар тұрсаң, үшеуіңе үш түрлі сәлемдесіп, әрқайсысына өз көзқарасын оп-оңай танытып үлгеретін. Әбекеңнің қолынан ондай «сарабдалдық» пен «сырбаздық» келе қоймайтын.

Көре қалғандар айтады. Бір жолы Әбекең моншаға барамын деп үйден шығыпты. Жолда жазушылардың біреу-міреуін көріп қалып, соған ілесіп, әдебиет үйіне барыпты. Басшының орынында отырғанын естіп, сәлемдесуге кіріпті. Сол жерде әңгімелесіп отырып, жуынуға керек нәрселерін салып, қолына ұстап шыққан дорбасын ұмытып кетіпті. Ол кездегі Жазушылар одағының басшысы Ғабит Мүсірепов екен. Ертесіне бір жаққа жол жүріп кетіп, бір айдан соң кабинетіне қайта кірсе, бір орындықтың үстінде жатқан қол дорбаны көріпті. Кімдікі екенін сұраса, кеңсе қызметкерлері біле қоймапты. Сөзге сараң Ғабең сәл ойланып тұрыпты да, бір мырс етіп телефон шалыпты: «Әй, Ләзиза, Әбекеңді қолына дорба ұстатып, маған қандай шаруамен жұмсап едің?» – деп сұрапты. Ләзиза апай: «Ғабе, асакет алла, ақ тоба, сізге Әбекеңді ешқандай шаруамен жұмсаған жоқпын», – деп ант-су ішіпті. Әзілқой Ғабең: «Қайдан білейін, Әбекең сенің жіберген сыбағаңды беруге я ұялып, я ұмытып кетті ме деп едім. Менің кабинетімде бүйірі томпиған бір қалта бір айдан бері тұр», – депті. «Ойбүй, ұят болғаны-ай? Жуырда Әбекең моншаға кетіп, қолындағы дорбасын жоғалтып келіп еді. Жол-жөнекей сізге соғып, ұмытып кеткен екен ғой», – депті Ләзиза апай. Мұндай кісінің қолынан басқаның көңілін баурап алатын әлгіндей әбжілдік пен айла-шарғы қайдан келе қойсын?! Ондай қаңқуды өздері әркімнің мойынынан әрқилы тұзақ іліп жүрмесе, бастары ауыратын сумаң сөз, жылмаң көз жылпостардың өздері шығарады ғой.

Ал Әбекең толарсақтан қан кешіп, елге аман оралғанда, ешкімнің назарын жығып, көңілін қалдырмаспын деп іштей ант-су ішіп келгендей, жан-жағына қолынан келген жақсылығын аямай өткен жан еді. Жиырмасыншы ғасырдың соғыстан басқа да талай топалаңдарын өз басынан өткеріп еді. Отыз жетінің зұлматында өзінің де, сүйікті жары Ләзиза апайдың да талай туысқан-туғандары нақақтан нақақ күйіп кетіп еді. Сөйтіп, нағыз қиямет-қайымның ортасында өмір сүрсе де, тәубесінен бір жаңылмай өтіп еді. Адамдарға деген сенімінен, адалдығы мен аяушылығынан айырылмай, үсті-басына шық жуытпай, аңқылдаған ақ періште қалпын да жоғалтпай өткен аяулы жан еді.

Оның шығармаларының ғана емес, өзінің де тұла бойы тұнған романтика еді.

Бала кезінен жоқ-жітілік көріп, сапырылысқан көк теңіз бен қалтылдаған қайық үстінде көрген тауқыметтерінің бәрін теңізшілік кәсіптің романтикасы жуып-шайып кеткендей еді.

Қабырғасы қатар-қатпаста тапшылдық топалаңына ұшырап, талай бауырларынан тірілей айырылып, қу толағай бастанып, құлазып қалса да, әділет бәрібір жеңеді деген сенім мен жарқын болашаққа деген үміттен бір сәт те күдер үзіп көрмеп еді.

Бастан-аяқ басынан өткерген аламан-асыр соғыс тұсында да туған жерге деген сағыныш пен туған елге деген махаббатты төгіле жырлап өтіп еді.

Оның айтқандары мен жазғандарынан өмірге деген, өзгелерге деген өкпе-бопсаның жұрнағы да сезілмейтін.

Маңдайына тап келген ащы-тұщының қай-қайсысын да қаймықпай көріп алған, бәріне де төзе берген, көре берген, кеше берген, кешіре берген. Өз маңдайын ауыр тағдырдың әулекі әжімдері аямай айғыздағанмен, басқалардың көңіліне қылаудай да дақ түсірмеуге тырысып баққан.

Біз көрген заманда әз кісі болса, ол – басқа ешкім де емес, тек Әбу ақын шығар. Не үлкенге, не кішіге қабағын түймей, тілін тигізбей, өмірден обал мен сауаптың ала жібін аттамай, адал өтуге тек сол кісінің ғана дәті шыдаған шығар.

Ғажайып бір жарастықтан жаратылған сирек жан еді. Аяулы Ләзиза апаймен екеуі қолтықтасып, Алматы гүлзарларын аралап, әрлі-берлі өткен-кеткенге күле амандасып келе жатқандарында, Қыз Жібек пен Төлеген қайта тіріліп кеткен бе деп қалатынсың... Прозасынан да, поэзиясынан да, мінезі мен жүріс-тұрысынан да биік адамгершіліктің, абзалдық пен пәктіктің лебі есіп тұратын.

Жағалай бүр атып үлбіреп тұрған жазғытұрымғы алма бақтың түкпірінде кездейсоқ көзден ғайып болған ғазиз елестей еді. Жуық жылдары Балатонға бардым. Ол Әбу ақынның көп жырлаған өлкесі еді. Мөлдіреген шалқар айдында жүзіп келе жатып та, үлбіреген жүзім бауын кезіп келе жатып та, алдымнан төңірегіне тебірене көз салып, емірене ойланып, жарқылдай күліп, жадырай сөйлеп келе жатқан жайдары қазақ капитан қарсы жолығатындай, көзім боталап, жан-жағыма елеңдеп бақтым. Кенет арғы жағалаудағы дөңбек таудың тасасынан ақ шарбы бұлт қылтиды. Біртіндеп көкке өрмелей түсті. Әлден соң аспан төріне барып, байыздап тұрып алды. Желді күнгі ақынның бұйра шашындай жан-жағына дудырай шашылып жатыр.

Бір кезде туған елін өлердей сағынған майдангер ақынға Алатаудан әдейі жеткен дұғай сәлемдей ыстық көрінген тап осындай ақша бұлт шығар.

Маған енді ол жер бетіне елжірей төніп тұрған сол мейірбан ақынның өзіндей болып елестеді.

Кім біліпті, ауызына қисық сөз, көңіліне қияңқы ой жолатпай өткен әзиз ақынның ақ періште жаны артында аңсап қалған талайлардың көзіне оттай басылатын осындай ақша бұлт болып аласармас аспан төрін мәңгі шарлап жүрген шығар.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар