Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Абзал Бөкен. Тазалық...

12.01.2020 5351

Абзал Бөкен. Тазалық 12+

Абзал Бөкен. Тазалық - adebiportal.kz

Егер елімізде «кімнің қалтасында ақша жүреді» деген сауалнама жүргізсе, бәрі бірауыздан «бастықтардың» деп жауап берері хақ. Бірақ жұрт қатарлы жалақыға қызмет ететін оның әмиянында «артық» ақша неге жүреді, – деп бас қатыратын ешкім жоқ. «Бастық» деген жалғыз ақ сөзбен басымыз гипноздалып қалған біз, «қамқоршымыздың» гаражындағы қымбат көлігі, басындағы қос қабат котеджі, есепшотындағы қомақты қаражысы секілді адам басы айналатын игіліктердің қайдан келгенін қазбаламай-ақ, қабылдауға әзірміз.Алайда, мұның бәрі оның лауазымына орай артығырақ алатын елу-алпыс мың теңгеге келе қалғанына сену қиын. Бірақ біз сене береміз. Көре-көре, көне-көне соған үйренгенбіз. Тазалықты тәрк етіп, әділеттілікті әрі итеріп тастау – осы «үйреніп кетуден» басталған. Қоғам «неге бұлайдан» қалған күні қомағайлық бас көтеретінін бір білсек, біз білуіміз керек-ті. Бюджетті бұтарлап, инвестицияны икемдейтін де, бірдің қалтасын ақшаға толтырып, мыңның қалтасына өрмекшінің ұясын салдыратын да сол ашқарақтық.

Бюджеті парламенттің жіті бақылауында болып, мемлекет игілігі қалың бұқараға бағытталған елдерден біздегідей шікірейген шенеунік, қоқырайған кәсіпкерді кездестіру қиын. Өйткені, олардың қалтасында еңбекпен тапқаны бар болса да, арамнан тапқан ақша жоқ. Ал, адамды шікірейтетін де, қоқырайтатын да – оңайдан келген олжалар. Яғни, халықтың қалтасынан қағып алған қаржылар. Қазынадан қымқыру азаймайынша, қоғам көші түзелмейді, – деп зар илейтініміз де содан. Мақсат-мұраты мақтаулы жұрттарда шағын және орта бизнестен түсетін салық бюджеттің кемінде елу-алпыс пайызын толтырса, біздікі он-он бес-ақ пайызын жабады екен. Сонда қай елдің шенеунігі шікірейіп, қай елдің кәсіпкері кісімсігені жөн? Жауабы – тағы да риторика.

Біреулер көксеу деп ұғар, біреулер бар мен жоқты екшеу деп ұғар, кешегі Кеңес өкіметі кезінде жемқорлықтың жеке мысалы кездесіп қалғанымен, оның етек алып кетуіне жол берілмейтін. Мүмкін, Мәскеу секілді орталық биліктен ыққаны шығар, мүмкін, тәртіптің жөнін ұққаны шығар, бюджеттің бір теңгесіне зиян келсе, ол – үлкен оқиға саналатын. «Балық басынан шіриді» деген мәтелді қатты ұстанған бастықтар өкімі әділетті болуы үшін алдымен өзі таза болуға тырысатын. Содан да болар, бүгінгінің бригадирінің қалтасында кемі бес мың теңге жүре бергенімен, бұрынғының басқармасының боқшасында бейсауат бес тиын жүре бермейтін.

Тазалық демекші, жуырда бір тойда болдық. Қазақтың қазасы тойынан, тойы қанағаттың бойынан асқан заман ғой. Қонақтардың саны төрт жүзді төңіректеді. Дастарқанның белі, даяшының білегі майысты. Сол тойда ақын Есенғали екеуміз жазушы Роллан Сейсенбаевтың қолын ұстадық. Жақсымен сәлемдесудің өзі бір ғанибет қой. Роллан – шығармаларын негізінен орыс тілінде туындатқанымен, жазған дүниелерінен Семейдің жатаған белдерін жұпарға бөлейтін жусан исі бұрқырап тұратын қаламгер. Кезінде біраз жыл Мәскеуде тұрып, қазағының әдебиеті мен мәдениетін дамытуда бірқатар іс тындырған азамат.

Сөзден сөз туындап, қаламгер аға Мәскеуде қызметте жүрген кезінде одақтық деңгейде өткен бір жиынды есіне алды. Оған Қазақстан делегациясын Дінмұхаммед Қонаевтің өзі бастап келіпті.

– Жиналыстың арыны басылып, арқа-басымыз босаған бір шақта Димаш аға, қасында жеңгеміз бар, Олжас төртеуіміз көше бойлай серуенге шықтық, – деп сөзін сабақтады Роллан аға.

– Содан салтанаты Қыз Жібектің көшіндей шұбалған бір шоң дүкенге енбейміз бе. Әрқайсымыз өзімізге таңсық заттарды тамашалап жүргенбіз. Бір уақытта Димаш аға Олжас екеумізге жақындап келіп: «Жігіттер, ақшаларың бар ма, жеңгелерің бір дүниеге қызығып, алайын десе, қауқары жетпей тұр», – дегені. Сонда Олжастың қалтасынан жүз доллар шыққан...

Әңгіме желісі осы арада үзіліп, көз алдымызға бүгініміз бұлдырап қоя бергені. Жадымызда бұлақ бастан бүлінді, кім тұндырар, о, ханым, –деп тебіренетін көне жырау лепесі жаңғырып, көңілімізді еңсегей бойлы ел басшысының қылаудай кіршіксіз болмысына сүйсінген сезім телегейі тербеген. Сол телегейдің тау-толқындары арасынан қасында көк қағазға толы дипломатын ұстап домаланған кассирі бар басшылардың да төбесі көрініп қалған.

О, қайран тазалық! Тұтас мемлекеттің туырылған байлығын турамай асау қолында тұрса да қомағай көңілге кісен, тойымсыз ындынға тұсау салған тазалық! Әлдекімше қат-қат алтын жинамай, қабат-қабат сарай салдырмай, қазынаның пәтерін тұрақ, қызметтік көлігін пырақ қылған, академиктік ақысын жетімдерге ұсынған, айлық жалақысын азық етіп тұшынған тұмса тұнықтық! Абыройы асқар таумен таласқан, парасаты пәк бойына жарасқан Сенімен де иық теңестіремін, – дейді-ау бір жазғандар боқ дүниенің ұйығында үйелеп жатып. Дүние-жарыс оңай, ұрлауын білсең, тазалық-жарыс қиын, тұрлауы мың-сан... Тумысынан тас бұлақтай таза жаратылған Димекең осының қиынын, қиын болғанмен қастерлісін таңдаған-ау.

Бұрынғының тазалық дәстүрі жалқыға емес, жалпыға жұғысты еді ғой. Одан да әріде республиканың тағы бір бірінші басшысы Жұмабай Шаяхметов қызметтен шығып қалған күннің ертесіне әйелі азық алатын ақшасы болмай, саусағындағы жалғыз жүзігін тиын-тебенге айналдырып беруді өтініп, атақты Сәбеңнің бәйібшесі Мәриям апайға барғаны есіңізде болар. Жарты жалғанды алып жатқан Қазақстан билігінің ұшар басында бола тұра қазынадан қарпып қалуды әдет етпей, сәби-көңілдей ақ, періштедей пәк қалпын сақтай білген сондай жандар қайда бүгінде?! Жоқ қой ондай оғландар. Жуыр уақытта болмас та.

Сөз соңында елімізде кімнің қалтасында ақша жүруі мүмкін? – дегенді тағы қайталайын. «Бастықтардың», – деп тақылдарсыз сіз. Ал, өркениетті елдің жұрты мұндай сауалға жауап ретінде екі иығын көтерері кәміл. Өйткені, біздің бастықтарымыз өздерін жұрттың төбесінде ойнайтын төремін, – деп есептесе, олардың бастықтары өзін халықтың қызметшісімін, – деп санайды. Содан да басқалардан айырмашылығы шамалы. Қалтасындағы қаражаты да соған сәйкес. Әлгі сауалға біздің де екі иғымызды көтеріп жауап берер күн жақын болғай...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар