Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
/
Адам жанының ішкі кеңістігін ашқан әңгімелер...

Адам жанының ішкі кеңістігін ашқан әңгімелер

11.03.2026

1800

Адам жанының ішкі кеңістігін ашқан әңгімелер - adebiportal.kz

Жазушы Камал Әлпейісованың 70 мерейжасына  орай әдебиеттанушы Елдос Тоқтарбайдың қаламгер шығармашылығы туралы мақаласын жариялап отырмыз.


Саналы қазақ Камал Әлпейісованың кім екенін өте жақсы біледі. Қаршадайынан оқты да ойлы жасын сөздерімен қазақ баспасөзі арқылы қолтаңбасымен танылған Камал Әбілқасымқызы ақын, жазушы, аудармашы ретінде үндемей жүріп ұлт руханиятына бір кісідей-ақ зор үлес қосты. 

Қазақ-орыс тілдерінің кәсіби аудармашы маманы «Ілеспе аударма» саласы бойынша кандидаттық диссертация қорғап, №1 филология ғылымдарының кандидаты деген дәрежені иеленді. Неше жылдан бері үздіксіз Қазақ мемлекетінің Президентінен бастап, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасын қостап, қаншама ірі лауазым иелерінің ресми сөзін үлкен жиындарда демде аударып, жер-жаһанға таратып отырғанына талай куә болдық. 

Былтыр, 2025 жылы жазушы Камал Әлпейісованың көркем әдебиет саласындағы рөлі мен қажырлы еңбегі ескеріліп, Қазақстан Жазушылар одағының Әдеби жыл қорытындысында «Жүрегіме жасырған жырларым» кітабы үшін халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанды. Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолынан «Парасат» орденін алды. 

Ал бүгін – жан-жақты қаламгер Камал Әлпейісова жетпіс деген жетінші биігін бағындырып, ел ықыласына бөленіп отыр. Аяулы әріптесіміздің 70 мерейжасына орай шығармашылығы туралы бірер сөз айтқымыз келді. Қазақтың қайраткер қызының жүрегіне, қаламына күш-қуат тілейміз! 

***

Қазіргі қазақ прозасында адам жанының нәзік иірімдерін, жүректің қалтарыс бұлтарысында жасырылған сырларды бейнелеуге ерекше мән беретін қаламгерлердің бірі де бірегейі  – жазушы Камал Әлпейісова. Оның әңгімелері көлем жағынан шағын болғанымен, мазмұндық тереңдігімен, психологиялық дәлдігімен ерекшеленеді. Жазушы шығармаларында үлкен оқиғалардан гөрі адам санасында өтетін ішкі тартыстар, сезімдік күйзелістер мен өмір туралы толғаныс басым келеді. Осы тұрғыдан қарағанда, Камал Әлпейісова прозасы – адамның рухани әлеміне негізделген психологиялық проза.

Жазушының интернет кеңістігінде жарияланған «Періштенің көз жасы», «Түс», «Айтылмаған әңгіме» сияқты т.с.с. әңгімелерінде ең алдымен адам тағдырының жұмбақтығы мен өмірдің моральдық өлшемдері туралы ой қозғалады. Мәселен, «Періштенің көз жасы» әңгімесінде өмірге келер алдындағы баланың тағдыры, ана мен бала арасындағы рухани байланыс ерекше символикалық сипатта беріледі. Мұнда автор өмірдің басталуы мен адамның дүниеге келуінің өзінде үлкен философиялық мән бар екенін көрсетеді. Әңгімедегі періште образы – адам тағдырының нәзіктігін, өмірдің қасиеттілігін білдіретін көркем символ. Ұтымды тәсіл. 

Камал Әлпейісова прозасының тағы бір ерекшелігі – оның психологиялық тереңдігі. Жазушы кейіпкерлерінің ішкі әлемін көбіне ішкі монолог, ой ағыны, еске алу сияқты тәсілдер арқылы ашады. «Түс» әңгімесінде бұл әдіс анық байқалады. Мұнда нақты оқиғадан гөрі кейіпкердің ішкі күйі, белгісіз бір үрей мен мазасыздық сезімі алдыңғы қатарға шығады. Түнгі тыныштық, әлсіз дыбыстар, түс пен өң арасындағы шекара – осының бәрі адамның жан дүниесіндегі алаң көңілдің көркем бейнесіне айналады. Жазушы осы арқылы адамның рухани жалғыздығы мен өмір алдындағы белгісіздігін көрсетеді.

Автор шығармаларындағы басты тақырыптардың бірі – әйел тағдыры. Камал Әлпейісова кейіпкерлері көбіне қоғамдағы қарапайым әйелдер: ана, жар, қыз бейнелері. Бірақ жазушы оларды тұрмыстық сипатта ғана көрсетпейді, керісінше, олардың ішкі әлеміндегі күрделі сезімдер мен рухани толғаныстарды ашуға тырысады. «Айтылмаған әңгіме» сияқты шығармаларда адамның жүрегінде сақталған сыр, айтылмай қалған сөз, өткен өмірдің өкініші сияқты психологиялық мотивтер алдыңғы қатарға шығады. Мұндай шығармаларда кейіпкердің сыртқы әрекетінен гөрі оның ішкі ойы мен сезімі маңызды.

Камал Әлпейісова прозасында символдық образдар мен астарлы мағына да жиі кездеседі. Жазушы кейде қарапайым тұрмыстық детальдарды философиялық мәнге айналдырады. Мысалы, түнгі тыныштық, телефонның үнсіздігі, жабық бөлме, түс көру сияқты қарапайым көріністер кейіпкердің ішкі әлеміндегі жалғыздық пен күйзелістің белгісіне айналады. Бұл тәсіл жазушының психологиялық атмосфера жасау шеберлігін көрсетеді.

Камал Әлпейісованың шығармалары көркем әрі бейнелі. Ол артық баяндаудан қашып, қысқа әрі нұсқа сөйлемдер арқылы оқырманды кейіпкердің көңіл күйіне бірден енгізеді. Әңгімелердің құрылымында да белгілі бір жинақылық байқалады. Көп жағдайда автор оқиғаны ұзақ дамытпайды, керісінше, бір сәттің ішіндегі сезімді немесе ойды көрсетуге ұмтылады. Бұл оның прозасын лирикалық сипатқа жақындатады.

Жалпы алғанда Камал Әлпейісова шығармалары – қазіргі қазақ прозасындағы психологиялық бағыттың айқын көріністерінің бірі. Оның әңгімелерінде адам тағдырының күрделі қырлары, рухани жалғыздық, өмірдің мәні туралы философиялық толғаныс бар. Жазушы қарапайым өмір көріністері арқылы адам жанының терең қатпарларын ашуға ұмтылады. Сондықтан Камал Әлпейісова прозасын қазіргі қазақ әдебиетіндегі адам жанының ішкі әлемін зерттеуге бағытталған шығармалардың қатарында қарастыруға болады. Оның әңгімелері оқырманды сыртқы оқиғадан гөрі адамның рухани болмысына үңілуге шақырады. Ал мұндай қасиет – көркем әдебиеттің ең басты міндеттерінің бірі емес пе?! 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan