«Азаттық рухтың жаршысы» немесе «Семсер жүзіндегі серт» романы туралы сөз
Қазақ халқының тарихи санасы шын мәнінде осы эпикалық туындылар арқылы қалыптасқаны рас. Бұл үрдіс қазіргі күні де жалғасын тауып отыр. Демек, кешегі хандық дәуір, одан бергі ұлт-азаттық қозғалыстар мен қоғамдық өзгерістер тәуелсіздік дәуіріндегі көркем әдебиетімізде сабақтастық тауып, тарихи роман үлгісінде жазылуда. Кейінгі жылдары жарық көрген сондай кесек туындылардың бірі – жазушы Әділбек Ыбырайымұлының «Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогиясы. 2024 жылы «Фолиант» баспасында басылып, оқырманға жол тартқан роман-трилогияның құрылымы мен мазмұны күрделі де ауқымды.
Тарихи роман – ұлттық санасының локомотиві
Тарихи роман – әлемдік әдебиетте ХІХ ғасырдың басында қалыптасқан, нақты тарихи оқиғалар мен тұлғаларды көркем бейнелейтін, сол дәуірдің тыныс-тіршілігі мен рухын ашатын эпикалық прозаның жанры. Алғаш еуропалық романтизм дәуірінде қалыптасып, әлем әдебиетінің алтын қорына енген туындыларды дүниеге әкелді.
Нақты болған оқиғалар мен тарихи тұлғалардың жанына автор ойдан шығарған кейіпкерлер қосылатын, яғни тарихи шындық пен көркем қиялдың ұштасуына негізделген тарихи романдарда өзек болған дәуірдің болмыс-бояуы молынан сипатталып, бейнеленеді. Яғни, сол заманның салт-дәстүрі, киім үлгісі, тіл ерекшеліктері мен қоғамдық қатынастары дәл кескінделеді.

Ал ондағы оқиғалар неге құрылады? Тарихи роман әр дәуірдегі бетбұрысты кезеңдерге: көбінесе ел тағдыры шешілетін соғыстар, көтерілістер немесе билік ауысуы т.б. сияқты ірі оқиғалар арқау болады. Қазақ әдебиетіндегі көрнекті тарихи романдар Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы, Софы Сматаевтың «Елім-ай» дилогиясы, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы, Әбіш Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң» романдары, Қабдеш Жұмаділовтің «Аласапыран» дилогиясы, «Тағдыр», «Соңғы көш», «Дарабоз» романдары, Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» роман-хамсасы, Әнуар Әлімжановтың «Махамбеттің жебесі», «Жаушы», «Ұстаздың оралуы» романдары ХХ ғасырдың 40-жылдарынан бастап жарық көрді. Қазақ әдебиетіндегі осы аталған және басқа да тарихи романдар ұлттық жадты жаңғыртып, тарихи сананы қалыптастырды және халықтың өткен жолын көркем бейне арқылы танытты. Олар тарихи құрғақ деректі адам тағдыры мен рухани ізденіспен байланыстырып, ұрпақтар сабақтастығын нығайта алды. Тарихи романдарға деген қызығушылық, құмарлықтың деңгейіне «Көшпенділер» романының жалпы 3 тиражы миллионға, тек орыс тіліндегі тиражының өзі 1,5 миллионға жетуі-ақ танытып тұрғандай.

Қазақ халқының тарихи санасы шын мәнінде осы эпикалық туындылар арқылы қалыптасқаны рас. Бұл үрдіс қазіргі күні де жалғасын тауып отыр. Демек, кешегі хандық дәуір, одан бергі ұлт-азаттық қозғалыстар мен қоғамдық өзгерістер тәуелсіздік дәуіріндегі көркем әдебиетімізде сабақтастық тауып, тарихи роман үлгісінде жазылуда. Кейінгі жылдары жарық көрген сондай кесек туындылардың бірі – жазушы Әділбек Ыбырайымұлының «Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогиясы. 2024 жылы «Фолиант» баспасында басылып, оқырманға жол тартқан роман-трилогияның құрылымы мен мазмұны күрделі де ауқымды.
«Семсер жүзіндегі серт» – тәуелсіздік лепті тарихи роман
«Семсер жүзіндегі сертті» – азаттық рухының көркем шежіресі десек болады. Тарих – халықтың жады, ал әдебиет – сол жадты ұрпақ санасына жеткізетін рухани көпір. Өткен дәуірдің күрделі оқиғаларын көркем шындыққа айналдырып, тарихи тұлғалардың болмысын жаңаша зерделеу – жазушыдан терең ізденісті, үлкен жауапкершілікті талап ететін шығармашылық міндет. Осы тұрғыдан алғанда, жазушы Әділбек Ыбырайымұлының «Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогиясы – қазақ халқының елдік тарихын, азаттық жолындағы арпалысын және ұлт тағдырындағы шешуші кезеңдерді кең тыныспен бейнелеген салмақты туынды.
Роман-трилогияның басты өзегі – қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы күресі, хандық мемлекеттіліктің қалыптасуы мен тарихи сабақтастығы, Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық қозғалыс және одан кейінгі кезеңдегі Сыздық сұлтанның күрескерлік жолы. Үш кітаптан тұратын шығарма «Арланның азуы», «Серт», «Рух» деп аталады. Бұл атаулардың әрқайсысы белгілі бір тарихи кезеңді ғана емес, тұтас бір дәуірдің рухани болмысын аңғартады.

Қазақ хандығы құрылғаннан бергі үш-төрт ғасыр жүзіндегі басты оқиғаларды арқау ете отырып, осы аралықтағы ұлт тарихында елеулі деген кезеңдер мен әлгі мезетте өмір сүрген белгілі тұлғаларға қатысты оқиғалар романда сәтті жымдастырылып, сюжеттік желі тартылып, өрбіп отырады. Романның жалпы композициялық құрылымы жалғыз ғана идеяның ауқымына қызмет етеді. Ол – әрбір сындарлы кезеңдердегі іштен-сырттан төндірген қандай да болмасын қиындықтарға қарамастан, азаттық сүйгіш қазақ халқының ұлт еркіндігі үшін күресінің үздіксіз жалғасымы. «Қазақ халқының ерлігі мен серілігінің ғасыры» деп Шоқан Уәлиханов баға берген, алаш жұртының атының басын бір кезеңге тіреген Абылай дәуірінен кейінгі алмағайып арпалысты заманда тарих сахнасына ұлы ханның Қасым сұлтан, Кенесары хан, Сыздық сұлтан сияқты арыстан жүрек, бөрі мінезді ұрпақтары шыққаны белгілі. Роман осы айтулы тұлғалардың қазіргі Қазақстан мен Орта Азия аумағына өңмендей еніп келе жатқан күші мығым, қаруы қуатты Патшалық Ресей империясының жүргізген жаулаушылық әрекеттеріне қарсы күресін олардың өз өмір сүрген дәуірлерімен тұтастықта, көркем де жатық тілмен шынайы бейнелейді.
«Бұл еңбегімді қаһарман қазақ халқына арнаймын», – деген екен автор бірінші кітаптың бісмілласында. Автордың «қаһарман қазақ халқы» деп ерекшелеуі бекер емес. Ұлт тарихында күрмеуі мен көлеңкесі мол ХІХ-ХХ ғасырлар оқиғалары мен тұлғалары туралы жазу тұрғысында бүгінгі тәуелсіздік дәуірі қаламгерлерімізге үлкен мүмкіндік пен еркіндік сыйлады. Осыған орай кешелі-бүгінгі жазба әдебиет пен тарихта күлбілтелендіріп, сипай қамшылай баяндап, бейнелеп жүрген, ал халық жадында, әсіресе фольклорда анық-айқын ізі жатқан кейбір оқиғалар мен тұлғаларға қатысты айтылар тұста кібіртіктемей, азаттыққа арқалана жазудың да жөні келген заман. «Семсер жүзіндегі сертті» бастан-аяқ оқып отырғанда оқырман осы ойды көкейіне мықтап бекітері сөзсіз.
Романның өзегі – алаш жұртының азаттық күресі
Өз тұсында Қара теңіз бен Сары теңіздің арасындағы Ұлы Даланы арғымақтың тұяғымен дүбірлетіп, түстік жұртты алып ақ қорған тұрғызуға, терістік жұртты ғасырлар бойы алым-салық төлеуге мәжбүрлеген қуатты хандықтар құрған көшпелі ата-бабалардың бақ-дәурені, отқару садақтан басым түскен замандардан бастап тайған екен. Романда бұл жағдайлар кейіпкердің тағдыры мен саяси-әлеуметтік, тарихи оқиғалар өрісі арқылы қиюластырылып отырады. «Әкелері Уәли хан қайтыс болғаннан кейiн, көп ұзамай Ғаббас сұлтан да төтеннен келген науқастан көз жұмды. Ата-баба жолымен ендiгі шаруаны жалғастыру Ғұбайдолланың пешенесіне бұйырды. Уәли ханның асынан соң ежелгі салт бойынша сөз ұстаған билер, беделді рубасылар мен ақсақалдар кеңесе келіп, Ғұбайдолланы таққа отырғызған. Сөйтіп, ол 1820 жылы хан сайланды. Алайда бұған отаршыл ақ патша үкiметi мүлде қарсы ниетте еді. Озбырлар Уәлиден кейiн қазақ жерiнде жаңа хан сайланбайтыны жөнінде алдын ала ескертіп, хандық билiкке тыйым салған. Сондықтан орыстар өре түрегеліп, «сайлау заңды емес» деген желеуін көлденең тартты. «Ақ патшаның боданындағы жұрт мұндай елдік істерді Ресейдің мақұлдауымен ғана жүзеге асырады. Ал қырғыздың хан сайлауына рұқсат жоқ» деп кесіп айтты.» Шыңғыс пен Жошы хандардан басталып, Абылаймен аяқталған хандық билік кейінгі Уәли хандар тұсында пышырап барып, көзден бұл-бұл ұшты. Автор осы кезеңнің ақиқатын ашуда архив деректеріндегі хронологиялық ізділікті сақтай отырып, тарихты жеке билеушілердің өмірбаяны деңгейінде ғана қарастырмай, халық тағдырымен сабақтастыра суреттейді.

Бірінші кітап – «Арланның азуы» қазақ хандығының тарихына, ел басқарған хандар мен тарихи тұлғалардың қызметіне назар аударса, екінші кітап – «Серт» Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық көтерілістің өрбуі мен трагедиялық аяқталуын баяндайды. Үшінші кітап – «Рух» әке аманатын жалғаған Сыздық сұлтанның күрескерлік жолын көркем бейнелейді.
Кенесары хан – тарихи тұлға және ұлттық символ
Романның көркемдік өзегінде Кенесары хан тұлғасы тұр. Жазушы оны тек қол бастаған батыр немесе тақ иесі ретінде емес, елінің болашағына алаңдаған, мемлекеттілікті сақтап қалуды мақсат еткен күрделі тарихи қайраткер ретінде сомдайды.
Кенесарының бойындағы қайсарлық, батылдық, билік жауапкершілігі, ел тағдырына деген алаңдаушылық оның тұлғалық болмысын аша түседі. Сонымен бірге оның шешімдеріндегі қайшылықтар мен тарихи жағдайдың күрделілігі де назардан тыс қалмайды. Өйткені тарихи тұлғаның шынайы бейнесі тек жеңістерімен емес, таңдауларының ауыртпалығымен, қателіктерімен және тағдырының трагедиясымен де өлшенеді.

Кенесары бейнесінің маңызды қыры – оның жеке басының мүддесінен жоғары тұрған ұлттық мұратқа қызмет етуі. Осы арқылы автор хан тұлғасын халықтың азаттық аңсарының көркем жинақталған бейнесіне айналдырады.
Шығарманың атауындағы «семсер» мен «серт» ұғымдары да осы идеямен тығыз байланысты. Семсер – күрес пен қайсарлықтың, ел қорғаудың символы болса, серт – халық алдындағы адалдық пен азаматтық жауапкершіліктің белгісі. Екеуінің астасуы романның идеялық тұғырын айқындайды. Жазушының өз түсіндіруінде де семсер жүзін сүйіп ант беру дәстүрі ел алдындағы міндет пен жанқиярлық қызметтің нышаны ретінде көрініс табады.
Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуынан бастап, Кенесары ханның азаттық жолындағы күресіне дейінгі бірнеше ғасырлық тарихи кезеңді біртұтас көркемдік арнаға біріктірген трилогияның желісін тартып, оны бастан-аяқ түзіп, түйіндеу үшін де қаншама архивті ақтарып, тақырыпқа қатысты кітаптарды парақтап, ой қорыту оңай болмағаны анық. Хан Кененің: «Азаттық жолындағы күреске ақ сауыт киіп, ақбоз ат мініп шығуға біржола бет бұрдым!» деген кесімді уәжіне тақ тұрып, бес қаруын асынып қасынан табылған өз бауырлары Наурызбай, Әбілғазы сұлтандар, әпкесі Бопай ханымдар мен халық батырлары әрбір эпизодта өзінің елдік-ерлік іс-әрекеттерімен танылып, оқырман жүрегінен орын алып отырады. Солардың бірі – Кенесарының өкіл баласы, сенімді серігі болған Баубек батыр Бекмырзаұлы. Сібірге жер аударылып бара жатқанда, енді тірі оралмасын білген батырдың өзі Түменде өмірден өткенде, кесіп аманттап берген саусағы Қима бойында жерленген.
«...Бойы өзінің тұрғыластарынан шағындау болғандықтан балалардың арасына сіңісіп, Кенесарының ұлдары Жапар, Тайшықтармен және осы үйдің бір мүшесіне айналған Баубекпен үйлесіп кетті. Күнімжан іш тартып, ықыласынан сырт қалдыра қойған жоқ. Атын сұрағанда «Нысанбай» деп жауап берді. Сонау Сыр бойынан өздерін іздеп келген баланы көпшіл ана бауырына баса берді. Оның ұзақты күнге сабылтып домбыра тартуы еріксіз ойға қалдыратын. Ал ара-тұра қобыз шалатыны көрген көз бен естіген құлақты елеңдетіп, сарсаң ойға шомдырады.» Бұл – кейіннен Кенесары ханның жорық жырауы атанған әйгілі Нысанбай ақын.
Кенесары дәуіріне қатысты барша оқиғалар, адамдар қамтылған
Тарихта Кенесарының азаттық күресіне қатысты делініп тәпсірленетін барша оқиғалар мен оған қатысты жер-су атаулары жазушының назарынан қағыс қалмаған және мұның барлығы құр баяндау емес, белсенді оқиғалық динамика барысында өрбиді. Хан Кене жорығының қастерлі ізі романда әр өңірлерге қатысты жер-су атауларымен тұтаса көрініс табады: «...Иінтіресе өскен ағашы өртеніп біткен жағалаудың жары күлге көміліп, жалаңаш қалды. Содан кейін ел «Қуандық өткелін» қойып, «Күйген жар» атап кетті.
– Ал, жігіттер! – деді Кенесары саңқылдаған үнімен көзі ұшқындап. – Дешті қыпшақ даласының орталығы, кешегі Абылай ханның айбыны болған Ақмоланы жаудан азат еттік. Дәл осы жерге атамның ақ туын қайта тіксем деп едім, Алла дегеніме жеткізді, шүкір! Содан кейін негізгі қолды «Ұлы ту» деп атағам. Ұлы туды ұлы мұратқа жету үшін осында қадаймын!»
Жалпы романның өн бойындағы назар аударатын маңызды жайт – жоғарыда аңдатқанымыздай, жазушының тарихи оқиғаларға бүгінгі тәуелсіздік тұрғысынан қарауы. Кенесары ханның күресі белгілі бір кезеңдегі хандықты қалпына келтіру жолындағы билік үшін тартыс немесе жеке басының мүддесін қорғау әрекеті ретінде емес, елдің дербестігін сақтап қалуға бағытталған тарихи қозғалыс ретінде танылады. Бұл ұстаным шығарманың идеялық салмағын арттыра түскен.
Романның басты кейіпкері Кенесары хан – ержүрек сардар, ел бастаған көсем ғана емес, ел-жұрттың бүгінгі аужайын алдын-ала аңғарып болжаған сәуегей ретінде де суреттеледі. «Шамасы жеткен бай-дәулеттілер, әсіресе төрелер балаларын Ресейдегі дворян балаларын офицерлік қызметке даярлайтын жабық орта әскери оқу орны кадет корпусына беруге ұмтылды. Бірақ ол кезде баласын «шенсіз қалмасын» деп, жат тілде оқытуға құштар жандар мен орысша тіл сындырып жүргендер кейін ұрпақтары шынында да орыс мәдениетімен әбден біте қайнасып, бір-бір жарым ғасырдан соң өз ұлтының тілі мен дәстүріне қарсы шығатын қасіретке ұрынатынын білген жоқ. Тек осыны сәуегейлікпен аңғарған Кенесары «өзін-өзі алдаусыратып ұлына у берген, болашағы жоқ адамның кебі» дегенді ашына айтты.» Иә, мұны – кешелі-бүгінгі қалпымыздың, салтымыздың шын көрінісі, ащы шындығы емес деп айта алмаймыз.
Мен қауіп еткеннен айтамын:
Ақ борықтай иілген,
Кейінгі туған баланың
Ұстай ма деп білегін,
Шая ма деп жүрегін,
Шашын, мұртын қойдырып,
Ащы суға тойдырып,
Бұза ма деп реңін.
Адыра қалғыр заманның
Мен жаратпаймын сүреңін!..., –
деп Мұрат Мөңкеұлы да осы заманды болжапты. Романды оқып отырып, кейіннен Абайдың: «Өздеріңді түзелер дей алмаймын, Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың», – дейтін заманға сол дәуірдегі ұрпақтың қалай келіп ұрынғанын анық аңдағандаймыз.
Тарихи деректерді көркем баяндаулармен ұштастырып…
Автор тарихи деректерді көркем баяндаумен ұштастырып, оқырманды бірнеше ғасырлық оқиғалардың ортасына енгізеді. Тарихи тұлғалар арасындағы қарым-қатынас, билік пен ел мүддесінің қайшылығы, саяси шешімдердің салдары шығармадағы тартысты күшейтеді. Автор көркемдеуіш құралдарды қажетіне қарай молынан пайдаланып, реті келгенде қазақтың шешендік сөздерімен де әдіптеп, әр кейіпкердің Хан Кенеге немесе өзге бір тұлғаға деген жеке көзқарасын, психологиялық ауанды да аңдатып отырады: «Кенезенің де, көңілдің де сарығы басылып, біраз жерге барғанда ордаға нөкерлердің бірі кіріп: – Алдияр би, Кенесары ханның адамдары келіп қалды, – деді. – Кімдер екен олар? – Алдында Шоқпар би. – Ә-ә, Кенесарының сілтейтіні де – шоқпар, жұмсайтыны да – Шоқпар. Осында түсіріңдер, – деді.» Бұл айтылым – Хан Кене заманындағы Сыр бойының әйгілі көкжалы Жанқожа отырған дастарқанда өрбиді.
Романдағы тарихи оқиғалардың эпизодтық желілер арқылы бір-бірімен табиғи байланысуы шығарманың оқылымдылығын арттырар, әрі жалықтырмас шеберлік болып саналады. Социалистік реализмге тән бір ерекшелік – басты қаһарманның бастан-аяқ «мінсіздігі», қандай жағдаяттан болмасын «құрғақ шығатынында» яғни «жағымды-жағымсыз» трафареті болса керек. «Семсер жүзіндегі серт» кейіпкерлері бұл тарафареттен ада десек те болады. Кенесарының да, өзге кейіпкерлердің де тарихи тұлға ретіндегі ел жадында қалған жағымсыз қылықтары романда бүкпесіз, анық баяндалып, беріледі. – Кенесарының кісісін жіберуі текке емес… – Жанқожа сақалын саумалап отырып, әңгімені жаңаша бастады. – Сарбаз жайы ғой, белгілі нәрсе, – деп жасыл шапанының өңірі ашық Есет кіші шектінің биіне қарады, – өзіміз балшықтан кісі жасай алмай отырғанда оған адам қайдан тауып береміз? – Кенесарының қаһары қатты деп естимін. – Махамбет бір тұстан сөзге араласты. – Адам бермедің, зекет бермедің деп, жаппасты сойып салды ғой. – Бар атаның баласы үшбұрыш көзін алайта, қиықтандыра мойнын күжірейтті. – Бұл неғылған хан, өз қазағын өзі қырып, малын тонап?.. – деп ақын ашуланып, қабағын түйді.» Ел аузынан жеткен аңыздарға қарағанда, Хан Кененің жорықтары барысында кей-кейде күштеп белден басушылық, зорлықпен әмір жүргізулер, шабындыға ұшыратулар да болғаны айтылады. Осыған орай өз тұстастары арасында Кене ханның іс-әрекетіне сыни көзбен қарағандар аз болмаған. Исатай Тайманұлы бастаған көтерілістің қаһарманы, жорық жырауы Махамбет Өтемісұлына қатысты бірер эпизодтан осыны аңғарамыз: «...Түпкілікті байламды естіген Кенесары атының басын кері бұрды. Осы тұста құжынаған қалыңның арасынан әжік-күжік дыбыстар білініп, қозғалыңқырап кетті. Әлдекімнің «Кенесары ханды атамын!» деген дауысы естіліп қалды. Нөпір әп-сәтте дүрлігіп, дауыс шыққан жаққа қарады. Дабыра қылып жатқан Махамбет ақын екен. Жаппас руының жапа шеккені көкейінде тұрған ашулы ақын кең шапанының ішінен белбеуіне қыстырылған шолақ мылтықты алып атуға оқталғанда, қасындағылар «әй, әй!» деп, мылтықтың ұңғысын қағып, аспанға бағыттап, аттырмады.»

«Тарихи романдағы оқиғалар – тарихи шындық пен көркем қиялдың ұштасуына негізделеді» десек, автор осы ретте тарихта айтылып жүрген кейбір оқиғалардың «тігісін жатқызып, жымдастыруға» бағыт ұстағанын көреміз. Осындай оқиғалардың бірі – Балғожа биге қатысты. Кенесары көтерілісін қолдамаған себепті, ханның қаһарына ұшыраған жұрттың бірі – қыпшақ Балғожа бидің ауылы. «...Дүркіреп келіп, бұйығы отырған ауылға лап берген жауға қарсы ұзын қыпшақтың жігіттері өре түрегелді. Бидің қос ұлы Қосжан мен Алтынсары да ақыра ұмтылды. ... Құйғыта шауып қаптаған нөпір салт атты әскер енді бір мәрте құлашын жазуға мұршасын жеткізбей, қасынан зуылдап өтіп бара жатқан бір ертөле тар қолтыққа найзасын шаншып үлгерді. Осы кезде есік аузында үрке қарап тұрған үш жасар ұл Ибраһим «көке!» деп әкесіне тұра жүгірді. ...Осыншама қатер жазатайым кішкентай нәрестені жазым етер деп, үкідей ұшқан мосқал адам шынашақтай ұлды қуып жетіп көтеріп ап, бауырына басып, шапанының өңіріне орап алды.» Міне, осылайша, Балғожа бидің ауылы шабылып, ұлы Алтынсары найзаға шаншылып, болашақ ұлт ұстазы Ыбырай жетім қалды. Төре мен қара, әулет пен әулет арасында қанды кек болып жалғасар осы бір түйінді жағдайдан жол тапқан – романдағы ақыл-парасат иесі ретінде суреттелетін жас ару тарқатады: «Қыздың көзі жалт етіп, ұшқын атты. – Ханның екі сөйлемейтіні рас болса, Балғожа бидің ордасы қайта тігілсін. Түйеге артылған дүние-мүлкі мен жиған-тергені қайтарылсын. Шылбырмен маталған тұтқындар босатылып, шал-кемпірлердің көз жасы тыйылсын. Қарғысымызды біз де қайтып аламыз. Ауыл қайта шаңырағын көтеріп, ошағын түтетіп, мамыражай қалпына оралсын.» Уәжді сөзге хан да қарсы бола алмайды. Орындалады. Еріксіз екі оттың ортасында қалған Құнанбай, Балғожа сияқты билердің түпкі саясаты – қазақтың азаттығы екендігін автор олардың іс-әрекеттері арқылы аңғартып отырады.
Қазақ- қырғыз қарым-қатынасы – күлбілтесіз, кібіртіксіз...
Үш кітапқа арқау болған ең үлкен оқиғалар Алатаудың сай-саласын қатар мекендеп, сонау Абылай заманынан бері бірде тату, бірде қату өмір кешісіп келе жатқан киіз туырлықты қазақ пен қырғыздың арасында өрбиді. Туып-өскен Көкшетауынан еріксіз ірге аударып, Сарыарқаны көктей өтіп, Жетісуға жеткен Хан Кененің мақсаты – қырғыз бен қазақтың басын қосып ортақ жауға бірлесе қарсы шығу еді. Бұл тұрғыда қырғызбен келісімге барған қарауылдан шыққан Қарт Бөгенбай би елшілесе отырып, ортақ пәтуаға келіп те қалған еді: «– Бүгінде қайта-қайта шекісіп жатқан қазақ-қырғыз – ата-тегі бір туысқан, ежелгі бауырлас ел. Біздің арамызда қанымызды қарайтып, өшпенділікті өршітетіндей ешқандай сөлекет іс болып көрген жоқ, болуға да тиіс емес. Бұдан былай да татулықты ту етіп ұстап, тату-тәтті өмір сүрейік. Онсыз да «төскейде малымыз, төсекте басымыз қосылған» елміз, қырғыз-қазақ бекер жауласпайық! Екі дай боп жағаласып жүріп жауға жем болып кетпейік, ежелгі дәстүрмен бір тудың астына бірігейік. Енді бұрынғыдай дербес екі хандық болмасын, Әз Тәуке тұсындағыдай әрі соңғы Абылай ханға берген уәделерің бойынша бір ғана қазақ-қырғыз хандығын құрайық. Оны Абылай жұрағаты басқарсын!» Осы пәтуаға қоса, қырғыздар ханның болашақ ордасы өз ортасында болатыны туралы ұсыныс білдіргенін ұнатпаған Кенесары ханның жүзі шырт етіп, өңі өзгеріп, суық түспен қарт биге ежірейе қарап: «Бөке-ай, алжиын дегенсіз бе?!» – деп сауал тастайды. Осыдан соң шамырқанған қарт би: «Қазақ-қырғыз атынан ақсарбасқа бата қылғандағы сертіме берікпін!.. «Төреге ерген ер-тоқымын арқалайды» дегендейін, маңыңда қалған азғана арғын-қыпшаққа боқташағын арқалатып, жаяу тентіреткің келді ме? Ал енді маған еретін арғын-қыпшақ – соңымнан еріңдер, төреге ергендерің – осы жерде қалыңдар! – деп, табалдырықтан сыртқа аттады.» Автор Хан Кененің қырғызға жорығының жеңіліс табуына осы жағдай бастау болғанын осылай ашып көрсетеді. Және бұл шынайы шындықтың нақ өзі.

Осы ретте трилогияның идеясы, көркемдік қырлары жөнінде «Тәуелсіздік трилогиясы немесе «Семсер жүзіндегі серт» туралы ой» атты мақала жазған әйгілі зерттеуші ғалым, жазушы Қойшығара Салғараұлының берген бағасына ерекшелеп тоқталған дұрыс болмақ: «Кешегі кеңестік кезеңде орыссияның озбырлығын жаба тоқып, олардың тарапынан тек шарапаты ғана тигендей, барлық айып-анжыны өзімізге аударып, құрдай жорғаладық. Өйткені қожайынына құрақ ұшып, жалпақтау – бодан жұрттың бойындағы «негізгі қасиеті» еді. Осы бір құлдық ұрып, төменшіктеу мінез-құлқымызға әбден сіңіп, тарихтың «таңбалы» тұстарын да, күндегі тірліктегі ақиқатты да бетке айтуға жүрегіміз дауаламады. Міне, Азаттықтың айғағы – ұлттық тарихи сана бой көтерді. Оған дәлел – осы Тәуелсіздік трилогиясы.
...Мүмкін бойымыздағы ел арасына іріткі салмауды көздеген қанғасіңді ата-баба дәстүрінің бекемдігінен, әлде басқа жайт, әйтеуір, Кенесарыға байланысты «қырғыз тақырыбы» көпе-көрінеу көмескі қала берді. Ел арасында оны «егжей-тегжейлі білсек» деген ішкі құмарлық арта түсті. Осы тұрғыдан алғанда, трилогия – тарихи ақиқаттың қоймасын ашқан тұңғыш туынды. Олай дейтініміз, Майтөбедегі қырғын ғылыми тұрғыда там-тұмдап жазылғанымен, көркем әдебиетте әлі толық көрініс таппаған еді.»
Иә, абыз ғалымның айтып отырған «ақиқатты айтуға жүрегі дауаламаған» тақырыптардың бірқаншасы трилогияда бүгінгі тәуелсіздік дәуірдің батыл көзқарасы арқылы тарқатылады. Соның бірі – халықтар достығы ауқымында бүркемеленіп, сипай қамшылап өте шығатын қазақ-қырғыз қарым-қатынасының ақтаңдақ беттері. Романда Абылай, Қабанбайлар заманындағы қырғыз-қазақ қарым-қатынасы ушығуы, Кенесары заманында асқынуы салдарынан туындаған шиеленісті жағдайлардың кейін шешім табуы сәтті баяндалады. Мұны Қойшығара Салғараұлының тұжырым сөзімен берелік: «Мұнда қазақ-қырғыз арасындағы жаугершілікке қатысты көптеген жаңа деректер әрі әдеби, әрі көркемдік таным аясында барынша кеңінен қамтылған. Қырғыз бен Кенесары хан соғысының бұрын былайғы жұртқа онша мәлім емес қырлары жақсы көрсетілген. Оқиғасы мен сюжеті бебеу жанға бұрау салмай қоймайды. Әйткенмен бір ұлтты – зор, бір ұлтты – кем санаушылық жоқ. Автор кісілік этиканың да, ұлттық ар-намыстың да шегінен шықпайды. Кенесарының жауы – қырғыз халқы емес, отаршылдардың сойылын соғып жүрген ұлт сатқындары. Олардың ішінде билік басындағы кейбір қазақ төрелері де, қырғыздың бай-манаптары да бар. Кітаптың соңына қарай ырысын ымырадан тапқан туысқан қос елдің бейбіт тұрмысы баяндалады» Иә, кітапты оқып отырғанда автордың кей тұста қырғыздарға қатысты «бұрыттар», «білеуіттер», «сақаулар» т.б. сөз қолданыстарын епсіздене қабылдағанымызбен, романның соңында бұл сөздер әлдебір ксенофобияға, асқын жеккөрушілікке, басқа да бір кері көзқарастарға құрылмағанын анық аңдаймыз.
Жазушының тілдік қолданысында тарихи тыныс пен эпикалық баяндау мәнері басым. Шығармадағы шайқас көріністері, елшілік қатынастар, билік төңірегіндегі тартыстар мен тарихи кеңістік оқырманның өткен дәуір туралы түсінігін кеңейтері сөзсіз. Мұндай баяндау тәсілі туындының деректік негізін көркемдік мазмұнмен толықтыра түседі. Хан Кене мен Наурызбайдың қолға түскен соң өз ажалын қаймықпай, қасқая қарап қарсы алуы, жан төзгісіз азапқа жаны бойдан шыққанша төзімділік танытулары әсерлі берілген.
Хан Кененің кегін жоқтаған Ер Тәнеке
«Семсер жүзіндегі серт» трилогиясының екінші кітабы «Серт» – қазақтың соңғы ханы Хан Кененің Майтөбеде қаза болған соң, оның кегін қуып жорыққа шыққан әйгілі би, батыр Дөсетұлы Тәнекенің іс-әрекетіне құрылған. «Арғын болсаң – алтай бол, найман болсаң – матай бол» дегендей, осы бір қажырлы елден шыққан Ер Тәнеке ақ патшаның ақшасына сатылған қырғыз манаптарынан Кенесары мен Наурызбайдың кегін қайтарады. Көшпелі жұрт үшін «қанға қан, жанға жан» тәртібімен кек алу – ежелден келе жатқан, бұлжымас үрдіс. Хан Кененің кегін алуға Алатау асып жеткен Барақ төре мен Тәнеке батыр бастаған қол осы мақсатты ойдағыдай орындап оралады: «Арманда кеткен Кенесарының кегін қырғыздардан қайтарғаннан кейін Тәнеке би мен Барақ сұлтанды халқы «Қазақтың соңғы батырлары» атады. Атышулы Кенесары ханның жақтасы, жанашыр іздеушісі болғанымен, Тәнеке би мен Барақ сұлтан патша өкіметі алдында да беделден айырылған жоқ. Қос алыптың айбындылығынан шығар, айыбы көзге ұрып тұрса да, ешқайсының батылы барып, кінә таға алмады.

Көкқия тауының Қызылағаш пен Сағабүйен арасындағы бір шатқалы күні бүгінге дейін «Қырғызсай» аталады. Өйткені бес жүзге тарта тұтқындап әкелген жанды сонда қоныстандырып, күндіз-түні бақылау орнатқан. Тәнеке болыс өзі ара-тұра ар жағынан Тереңөзекті басып кеп, Көкқияның төбесінен қырғыздарды қарап қояды. Қазіргі кезде ол қырғыздар қаптағай руының бір тармағы қыдыралы-қырғыз боп, матайлардың арасына әбден сіңісіп кеткен. Қайсыбіреулері өздерінің түбі қырғыз екенін де білмейді, «қырғызсың» десең жанжалдасуы да мүмкін…» Иә, түбі бір, туысқан жұрттар сонау Абылай заманындағы «Жайыл қырғынында» да солай бітіскен. Бұл жолы да осылай болды. Ер Тәнекенің намысшыл, елшіл тұлғасы оның Қашғарияға бет алған Әлімбай саудагердің керуеніндегі жас офицермен әңгімесі арқылы ашыла түседі. «Әкелердің жасықтығы мен жағымпаздығы ұрпағының құлдығымен аяқталады. Аға, сес пен сертіңізді, дидар-көркіңізді көрдім, сіздей азулылар сарқылмаса – есеміз ешкімге кете қой мас. Разымын. Аман болыңыздар!» Тәнеке батырға бұл сөзді айтып отырған – ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов болатын. Әрине тарихта ғасырлар жүзінде орнығып қасаңданып қалған кейбір мәселелерді оң сипатта бағалау, шешім табу оңай емес. Сондықтан жазушының тарихи оқиғаларды көркемдік тұрғыдан қайта пайымдауы оқырманды ойлануға жетелейді. Мұндағы басты ұстаным – жалпыадамзаттық гуманизм болса керек. Осы тұрғыдан алғанда «Семсер жүзіндегі серттің» маңызды жетістігі – тарихи сананы жаңғыртуға ұмтылысында. Автор өткенді дәріптеумен шектелмей, оның тағылымын бүгінгі ұрпақтың елдік жауапкершілігімен байланыстырады. Осы тұста романның тәрбиелік мәні де айқындала түседі. Роман осысымен де құнды.
Сахара сардары Сыздық сұлтан
Кенесары мен Наурызбай қапылыста қаза тапқан соң, олардың азаткерлік іс-қимылын ержүрек Сыздық сұлтан жалғастырады. «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі еді» дегендей, әкеге тартып туған ұл Сыздық сұлтан да Қоқан мен Хиуа, Ресей патшалықтары арасындағы қым-қуыт арбасу, ырғасу, атыс-шабыстарға дендей араласып, қол бастап аяусыз шайқасады.
Жазушы мынау жалған дүниеде соғыс-шапқыншылық салдарынан адам жанында туындайтын қатқыл-беріш сезім туралы былай дейді: «Барлық дүниенің ішінде өлім мен өмір шешуші күшке ие. Сол күндердегі қатерден басыңды арашалап, тірі қалу ең қисынды нәрсе еді. Ал ажал деген күнде көріп, күнде еститін үйреншікті нәрсеге айналды. Қияметтік досыңның өліп бара жатып, жандалбаса айқайлаған үнін естігенде, мына қанды тозақтағы жанға батқан жарадан, жүйке-жүйеңді қалтыратқан қатыгездіктен адам ақылынан алжасады. Тіршіліктің барлық заңдылықтары, әділеттілігі мен әдемілігі әдірем қалып, туған жері мен қатын-баласын қорғауға ұмтылған бауырларыңның, әкең мен ұлдарыңның зеңбірек оғынан жұлынған қол, аяқ, басымен бірге көкке ұшады. Міне, осыны көрген, содан кейін көкейінде кек қатқан адамдарды ыза мен ашу жылдар өтсе де шайқасуға әрі азаттық жолында өлуден тайынбауға әкеледі. Мына сөздің салмағы мен ақиқаттығы аламан топтың ақылын айран-асыр жасады. Бірақ арада жылдар өткенде ешкім қырғыздарды жазғырып, оларға айып тағып, қаралап сөйлемеді. Күнә мен күнәһарлықтың бәрі басқа жақта жатқанын білді.» Иә, күнә мен күнәһарлықтың басқа жақта жатқанын олар білді, түйсінді. Романдағы атауымен айтқанда, әлемді алақанында ойнатуға әрдайым аңсарлы «аққылшықтар» мен «сарқылшықтардың» салған, салар лаң-сойқаны ғасырлардан ғасырларға ұласып, уақыт алға озған сайын қитұрқылана түскен екен. Қалың елге «Сахара сардары», басқыншы жауға «Сахара баскесері» атанған Сыздық сұлтанның өмірі де Шығыс Түркістан мен Сыр, Арқаға дейінгі ұланғайыр өлкедегі халықтардың тәуелсіздігін қорғау жолындағы шайқастары ортасында өтті.

Әкесінің ерлік жолын жалғастырған Сыздық сұлтанның ойы арқылы автор ол өмір сүрген дәуірдің, отаршылдықтың құрсау қамытын кие бастаған тұстағы қазақтың арманын жеткізеді: «Шіркін, менің елім де жетілген, халқы білім-ғылыммен сусындаған, жаппай бүгінгі күннің қаруымен жарақтанғанда, бәлкім, басқыншы жұрт екі қолын төбесіне қойып біржола безіп кетер ме еді? Барлық жағынан бір табан алда тұрып, қарапайым қараңғы халыққа оқ атқан олардікі батырлық емес. Көкейлерін тесіп бара жатқан – үстемдік пен отарлаушылық. Өз қазанында өзі қайнаған, уақыт көшінен кешеуілдеген момақан жұртты отар қойдай иіріп, езгіге салу – ездің ғана ісі. Ен байлыққа құлқы құламай, бұл елді еркіне қойғанда, төңірегіне қарап, қазақ та ұлы көшке ілесіп, дамудың жолына түсер ме еді? Бірақ басқыншы жұрт олай етпеді. Қазақ даласына қызығып, көзі қанталап отырған ашкөздердің тырнағына оңай олжаны іліктірмей, бірінші өздері қармап қалғысы келді. Ағылшындар әуелгі болып қол артқанында, қазақ дәл орыстан көрген теперішін олардан көрмес пе еді? Дәл орыстардай олар қаңғыған мұжықтарын қазақтың ортасына тықпаламас па еді? Отарласа да, сана мен ақылына, тілі мен діліне тиіспесе екен. Бірақ Кондратий айтқан әскерінің өзі діндарлық қалыпқа түскен, пұтқа табынушы сүндетсіздер кісәпірлікпен қазақты шоқындырмас па екен?..» Ой тербеген сардар осы жерге келгенде селк етті. «Халық деген де бір бала: қыстап үйретсе, өзінің негізінен ауып кете береді. Тілінен айырылуы мүмкін-ау, тегінен, түбінен ажырауы мүмкін-ау. Сол кезде орыс қауіпті емес, отаршылдар тойындырып, халқына қарсы айтақтап салған қазақтар одан жүз есе қатерлі болмақ. Оны өз туыстарынан, төрелердің үрім-бұтағынан көріп отыр».
Романның бүгінгі буынға, ертеңгі ұрпаққа да айтар түйінді ойы осы болса керек. Бұл – арғы Абылайдың, одан бергі Кенесарының, кешегі Сыздықтың аңсарлы арманымен астасқан қаупі болатын. Осы бір қауіп азаттық дәуірде де толық сейілді деп айта аламыз ба? Жоқ. Сондықтан да әрдайым қалғусыз, ояу болуымыз қажет.
Елдік мұрат жеке адамның өмірінен биік
Әділбек Ыбырайымұлының «Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогиясы – қазақ халқының азаттық жолындағы күресін, мемлекеттілік мұратын және тарихи тұлғалар тағдырын арқау еткен іргелі шығарма. Оның негізгі идеясы – елдік мұраттың жеке адамның өмірінен де биік тұратынын ұғындыру.
Кенесары ханның қажымас қайтпас күресі мен Сыздық сұлтанның әке жолын жалғастыруы арқылы жазушы ұрпақтар сабақтастығының мәнін ашады. Бір кезеңде семсермен қорғалған елдік идея келесі ұрпақтың санасында рухани аманатқа айналады. Демек, шығармадағы «серт» ұғымы тек тарихи ант емес, ұлт алдындағы мәңгілік жауапкершіліктің көркем көрінісі.
Романның соңғы бөлігі ерлік рухпен өрілген ұрпақтар сабақтастығына құрылып, желі тартады. «Білмесең, біліп қой, Кенесарының рухы мәңгі тірі. Ол қазақ-қырғыздың ғана емес, жер бетіндегі азаттық аңсаған әр адамның жүрегінің төрінде!» – деп романда қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының аузымен айтылған рухты сөз – әр қазақтың жүрегінде жатталса, шырақ болып маздаса қанеки! Осы ретте ойымызға Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллиннің 1944 жылы Ғабит Мүсіреповке жазған хатындағы: «Национальная гордость деген әңгімені Сіз толық көтеруге тиіссіз деп ойлаймын. Ол өте қажет, керек нәрсе. «Бұрын біз кедей едік, сорлы едік, жарлы-жақыбай едік» дегеннен аулақ болыңыздаршы. Біз батыр елміз, бай елміз, мықтымыз дегенді баса-баса айтқан жөн. Бұған Отан соғысы дәлел, бұған майдандағы қазақ жігіттерінің ерлік істері куә. Шындыққа шымылдық болу жарамас», – деген ой-пікірі оралады. Расымен де кешегі кеңестік дәуірде осындай жылаңқылыққа еркін жол беріп, ұлт рухын жасытып жібергені анық қой.

Сол үшін де тәуелсіздік дәуірінде жазылған осындай туындылардың бүгінгі оқырман санасын биіктету үшін маңызы әрқашан зор. Отыз бес жылдық тарихты құрап отырған тәуелсіздіктің қадірін білу үшін оның қандай күреспен келгенін, азаттық жолында қандай құрбандықтар жасалғанын тану қажет. Тарихты білу – өткенге тағзым ету ғана емес, болашақ алдындағы жауапкершілікті сезіну.
Қазақ рухы әсте қалғымауға тиіс!
«Семсер жүзіндегі серт» – өткеннің шежіресін сөйлетіп қана қоймай, бүгінгі ұрпаққа елдік пен ерліктің, намыс пен жауапкершіліктің мәнін ұғындыратын шығарма. Оның көркемдік құндылығы да, рухани тағылымы да осында.

Ел-жұрт есін жиып, арғы-бергі тарихын түгендеп, елдіктің жолындағы асыл мұратқа қол созған халық перзенттерін атай бастады. Оның басында Кенесары хан мен Наурызбай сұлтандар, Сыздық пен Тайшық төрелер, Алаштың арыстары, Желтоқсанның жастары тұрды. Жазушының мынау сөздерінде замананың анық ақиқаты мен бар қалам қаруын, қабілет-қарымын, білім-танымын төгіп жазған трилогиясының түйіні және болашаққа деген үміті жатыр: «Халық ертегілерінің бірінде ханды алдап, ел тізгінін ұстаған тазша бала бұл күнде тазша шалға айналған. «Қазақта бұған дейін мемлекет болмаған» деп соқты. Жанына қанша дәулеті тасқан жылмақайлар топтасқанымен, ол да отаншыл, қазақшыл халыққа арқа сүйеді. «Құм жиылып тас болмас, құл жиылып бас болмас» деген сөзді айтқан дана қазақ осы қоғамды көзімен көріп, қолымен ұстағандай екен… Енді ұйысқан ұлтқа аш қасқырдай ашкөз жемірлер тұс-тұстан тап берді, ырыс-құтын талап әкетті. Үш ғасырға жуық бодандықта өмір кешкен елдің ұлттық санасының ұлы мақсат-мұрат жолында біртұтас боп қалыптасуы қиынға соқты. Ақыры бірікті. Халықтың күресуімен еншісінде Дешті даласы қалды. Ұлт көсемдерінің айтқан ұлағатты сөздері қалды… Соның түпкі мәніне қол жеткізе алмай аласұрған бүгінгі алты Алаштың баласы көк тудың астында еді. Ешқайсысын шашау шығармай, бәрін уысында ұстайтын нағыз халық жанашыры, ұлт атасы – Кенесары ханның киесі көкте тұрды. Кешегі Қаңтар қырғынында бұқараны оның аруағы көтерді… Тәуелсіздіктен тамыр тартқан алып бәйтеректей Рухы асқақ, Мақсаты биік Қазақ деген салт атты аламан әлем өркениетінің көшіне қарай кетіп барады.»
Өркениет көшіне ілескен тәуелсіз Қазақ елінің Рухы әрдайым асқақ, Мақсаты биік, сапары мәңгілік те қайырлы болғай!
Фотосуреттер ашық ғаламтор көзінен алынды.
