Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Әдебиет жайлы Мұқағали не дейді?!...

18.08.2016 4024

Әдебиет жайлы Мұқағали не дейді?!

Әдебиет жайлы Мұқағали не дейді?! - adebiportal.kz


timthumb.jpg

Что должен имет поэт, чтобы быть поэтом?

Первое: Талант. Талант и образование, эрудицию. Диплом необязательно.

Второе: совесть, чтобы стыдиться сам перед собою, прочтя свои слабые вещи.

Третье: простоту. Пусть не гениальную, как у Пушкина и Абая, но простоту человеческую, чтобы быть понятным другим. Не умничать, не рассуждать а воспеть!

Четвертое: интуицию. Чего не видять другие, увидеть и познать.

Пятое: труд, чтобы постоянно совершенствоваться.

Шестое: дух.

Менің денсаулығым қираған үй сияқты. Әзірше түзелген сиқым байқалмайды. әсіресе, таңға жуық қиын. Кеудемді тас басып жатқандай ауыр, оң жақ қабырғамның астынан әлдене сыздайды. Бауыр ма, өкпе ме білмеймін.

Жүрек! Менің жалғыз тірегім – тек сол.


17 ақпан, 1976 жыл


Бойында бір тамшы таланты жоқ бола тұра, талантты әдебиетшілердің қатарында тұрғысы келгендер ақымақ емес, өз творчествосын бүгінгі күнмен және өзінің ура – патриотизмімен өлшейтін, сөйте тұрып, әдебиетте қалғысы келетіндер ақымақ. Үнемі іздеп жүретін және ылғи әдебиеттегі «бос орынды» тауып ала қоятындар ақымақ. Осы күні талантты адамдар әдебиетте аз роль атқарады. Қазір біздің әдебиетке құлдық ұра беретін құлдар қажет. Олар, әрине, «боразданы бүлдірмейді». Осы күнгі ережелер оларды толық қанағаттандырады. Рұқсатпен жазады, жұмыс істейді. Тамақ ішеді, және жүріп-тұрады. Олар тәртіпті. Өйтпегенде ше, талант буырқанса, ол өз жолымен қозғалғысы келеді және жолдан шығып кетіп, бірдемені бүлдіріп те алады, сондайда құлдар аяқ асты табыла кетеді. Ұятсыздар, олар таланттың «орнын басады» да, орынға отырады да, таланттардың үстінен бұйыра бастайды. О, қандай өкінішті! Одан өткен өкініш болмайды...


1 қазан, 1974 жыл


Әдебиетімізді арам шөптерден тазартатын күн туар ма екен?! Қайдам? Осы күнгі әдебиет нағыз таланттардың әдебиеті емес, пысықтардың, жерлестер мен достардың, жағымпаздр мен қорқақтардың шатпағы. Әдебиеттің көкжиегіне өйтіп-бүйтіп бір алаяқ іліне қалса, ол өзі сияқты бір Санчо-сыншысымақты сүйрелей келеді. Ол «сыншысымақ» белгілі бір уақытқа дейін өз шәркейін сол салада сүйретіп жүріп жатады. Жағдайы барда айпап-жайпап қалуға тырысады. Біреуге жағымпазданады, біреуді қорқытады (өзі де қорқады), содан соң жан-жағына қарайды: жоқ, бұдан әрі бүйте беруге болмайды екен, ол өзінің шатпақайшыл серіктерінің көмегімен ұялмай-қызармай үлкен әдебиетке аяқ салады, сөйтіп енді өзі шығармалар жаза бастайды. Сондықтан бізде ай сайын әдебиетімізде жаңа, бірақ өзі белгісіз, аты-жөнсіз бір «жұлдыз» пайда болып жатады. Ал біз құнарлы топырағымыз тағы бір арамшөпті өсіргенін елемейміз.


Қашанға дейін осылай созыла бермек? Арамшөптерді түп тамырымен жұлып тастауға әлдекімнің батылы жете ме? Менің ойымша, ол бір кісінің ғана қолынан келетін іс емес. Сондықтан мен әдебиетіміздің тазалығы үшін қиналатындарды, азшылық таланттарды мынаған шақырам: Достар, таланттар! Бірігіңдер! Барлық шатпақайшыларға қарсы майдан ашайық! Олардың желеп-жебеушілерін түгелдей әшкерелейік! Ұқсаңдаршы, біздің әдебиетіміз тұншыға бастады!


6 қазан, 1974 жыл


Тәңірім-ай, бізде ақын мен жазушы қаншама? Бәрі де атақты болғысы келеді. Бәрінің де халыққа танымал болғылары бар. Алайда сол әрекеттеріне халықтың қалай қарайтынына бұрылып бір өздері көз салмайды –ау.


Қайран әдебиетіміз қазір не боп кетті? Ол бәрін асыраушы: талантты да, талантсызды да, пенсионерлерді де, тағы-тағыларды. Екі-үш өлеңін алып жаңа жаза бастаған жас келеді, бірер жерге көрсетеді де, бұл істен ештеңе өнбейтінін, өтіп кетудің мүмкін еместігіне көзі жетеді. Сонан соң өз күшін проза жазып байқайды. Ол да алдында алынбас қамалдай тұрып алады. Ашынған, жаңа жаза бастаған жас сонан соң сынға жармасады. Поэзия мен прозадағы беделділердің біріне болмаса біріне жағымпазданудың оңай еместігін біліп, ал сын саласын ыңғайлы, әрі тиімді санайды. Сонымен өз әрекетін бастап кеп жібереді. Кейде тіпті біреуді (әрине, онша қауіпті емесін), яғни қызметі жоқты, қорқытып та тастайды, сөйтіп күндердің күнінде біздің әдебиетіміздің «білгіші» болып шыға келеді. Және әдебиетімізге пікір айта бастайды.


Мен кейде дүмбілездердің әдебиетке қандай жолмен келгенін, кімнің бақшасында өскенін, кімнің қанаты астында қатайғанын, оның қамқоры кім екенін, бүкіл кезген жолын зерттегім келеді, әттең, уақытым жоқ...


Бұлай бола беруі мүмкін де емес. Түптің түбінде бәрінің де ақыры болады, шыда, күт...


26 қаңтар, 1975 жыл


Көркем сынсыз көркем әдебиет өмір сүрмейді. Сын өз мойнына талай нәрсені алуға тиіс.


Сын қазы да, адвокат та болуы керек, ал қажет болса қалған жағдайда ол өте қатал, мейірімсіз айыптаушы да бола білуі керек. Әйтпесе, әдебиет, жалпы өнер атаулы алғашқы қоғам құрылысын елестетеді. Әркім өз білгенінше, әйтеуір сезікпен, көркем еместігін және жақсы еместігін біле тұра әрекет жасайды. Ойпырым-ай, қоймайды-ау қоймайды. Соның бәріне сын кінәлі. Бізде дұрыс сын жоқ. Тек жағымпаздар бар.Олар беделділерді мақтау үшін өзара жарысқа түседі. Олар сол арқылы әдебиеттің асырауында өздерінің қала беруін қамтамасыз етеді. Бұл урашыл-сыншылар көркем шығарманы шатпақтан ажырата алмайды. Олар үшін автор бірінші орында тұрады. Оның кім, қандай қызметте екеніне көңіл аударады. Ал ондай шатпақайлардың көлеңкесінде таланттар бірте-бірте сөне береді.


Өмірге, өзі өмір сүріп отырған қоғамға белгілі бір көзқарасы жоқ адам ақын емес. Ондай адамның өзін ақын ғана емес, қоғамның ойлай білетін азаматымын деуге де хақысы жоқ.


Қазіргі нағыз ақын алдымен ойшыл, яғни философ болуы қажет. Поэзияның жалаң сұлулығы жалаңаш сұлуға ұқсайды. Оған тек таңдана қарауға ғана болады. Ақынның міндеті суреттеп шығу, баяндап беру емес, қайта сол сұлулықтың құпиясын, оның ар жағындағы нақ сол жасырынды ашып беруде. Осы заманғы ақын, тәжірибиелі құбылнамашыдай уақыт тамырын дәл басып, дәуірдің, қоғамның дертін өз дертіндей қабылдауға тиіс. Поэзияда философ болу деген сөз, өзін қоршаған әлемді ұғыну, әр заттың мәнін білу. Алайда салқынқанды, ақылгөй философ болу жарамайды, ақырына дейін «адам жанының инженері» болып қалу керек.


16 ақпан, 1976 жыл

(Мұқағали Мақатаев. Күнделік, Алматы: Жалын, 1991)


***


Тағы да Мұқағали: Жүрегім – Африка, бауырым – Кипр, миым Мұзды мұхиттай...




Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ақжол Қалшабектің «Әдебиет жайлы жазбаларынан» үзінді



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар