Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ТӨР
Әділбек Қаба. Реформатор...

17.02.2022 1598

Әділбек Қаба. Реформатор 12+

Әділбек Қаба. Реформатор - adebiportal.kz

Ұлт үшін туылған тұлғалар болады. Ол байлыққа, билікке, атақ пен даңққа ұмтылып, пендешілікке өмірін зая етпейді. Оның бар мақсаты – ұлтын ұлы биіктерге көтеру, ел есімін мәңгілік ету. Мұндай тұлғалар өте сирек туылады. Алайда тарихтың ақтаңдақтарында, ел басына күн туған сәттерде осындай тұлғалар суырылып алға шығып, маңына ел мүддесін өз мүддесінен биік қоятын ұлтшыл азаматтарды топтастырып, туған ұлты тарих сахнасында мәңгі қалуы үшін қажетті бағдар құрып, қандастарын жаңа белеске бастайды. Ахмет Байтұрсынұлы осындай тұлға.

Міне сондықтан да ұлт тәуелсіздігі күресінің рухани көсемі, Алаш қайраткері, қазақ тіл білімінің, әдістеме және әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы А. Байтұрсынұлының шығармашылық мұрасын жан-жақты дәріптеу – бүгінгі ұрпақ алдындағы парыз.

Жас ұрпақтың алдында тұлғаның өміршең мұрасы, қайраткерлік күресі, ағартушылық қызметі әрқашанда үлгі болуы қажет.

Ахмет Байтұрсынұлы – реформатор. Оның бір ғасырдан бұрын таратқан ілімі, реформаторлық идеялары тек қазақ халқы үшін ғана емес, халықаралық ғылыми кеңістікте, әсіресе түркі әлеміндегі гуманитарлық ғылымдарда күні бүгінге дейін мәнін жоғалтқан жоқ.

Ұлт ұстазының еңбектері бүгін қанат жайып отырған қазақ тіл білімі, әдістеме және әдебиеттану ғылымдарының тұғыры екені анық.

Ұлы тұлға Ахмет Байтұрсынұлының туылғанына 150 жыл толуы қарсаңында, 2021 жылғы 19 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт ұстазы, «Алаш» қозғалысының қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын мемлекеттік деңгейде аталып өту туралы Жарлығын жария еткен болатын.

Жарлыққа сәйкес, мерейтойды дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылып, жалпыреспубликалық жоспар бекітілді.

Жоспарда Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын дәріптеуге бағытталған халықаралық, республикалық, өңірлік деңгейлерде өткізілетін 6 бағыт бойынша 63 іс-шара қамтылды.

Атап айтарлық жай, мерейтой ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтеді.

Сыртқы істер министрлігінің ақпараты бойынша ЮНЕСКО-ның 2022-2023 жылдарға арналған Естелік даталар күнтізбесіне Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын осы Ұйымның 41-ші Бас конференциясында енгізді.

Осы ретте ұлт ұстазының мұрасын халықаралық деңгейде ұлықтау мақсатында бірқатар халықаралық іс-шаралар өтеді.

2022 жылдың қыркүйек айында ТҮРКСОЙ аясында Ыстамбұл қаласында дөңгелек үстел, фотокөрме, ал, қарашада отандық және шетелдік зиялы қауым өкілдерінің, қоғам қайраткерлерінің қатысуымен ЮНЕСКО-ның Париж қаласындағы штаб-пәтерінде дөңгелек үстел өткізілетін болады.

Қазақстанның шетелдегі елшіліктері А. Байтұрсынұлының мұрасын шетелдік аудиторияға таныстыруға бағытталған әртүрлі форматта іс-шаралар қарастырылған.

Халықаралық Түркі академиясы тарапынан Баку қаласында (Әзірбайжан) «Баку конгресі және Ахмет Байтұрсынұлы» атты конференция, Орынбор қаласында (Ресей Федерациясы) және Ташкент қаласында (Өзбекстан) Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы мерейтойына арналған іс-шаралар өткізу жоспарланған.

Халықаралық шаралардың мақсаты – Ахмет Байтұрсынұлын аса көрнекті түркі танушы ғалым, ХХ ғасырдың басындағы «мәдени ренессанс» өкілі ретінде таныту.

Әрине, ел ішінде де мерейтойға қатысты көптеген жұмыстар қолға алынды. Ең бастысы, бұл іс-шаралар той-тойлауға емес, А.Байтұрсынұлының ғылыми ағартушылық, ғылыми танымдық, мәдени ағартушылық сипатқа құрылмақ.

Қысқаша тоқталар болсақ, жалпы 10 ғылыми конференция, 17 семминар, 12 конкурс, 2 экспедиция, 4 халықаралық, 6 мәдени-көпшілік, 2 ақпараттық-имидждік іс-шаралар қарастырылған.

Арнайы брендбук жасалып, бекітілді.

Сондай-ақ, «Ахмет Байтұрсынұлы» деген атпен 12 томдық толық шығармалар жинағы, 4 тілде таңдамалы еңбектерінің 1 томдық жинағы, өзге де монографиялық зерттеулер жарық көрмекші.

Бұдан бөлек «Ахмет Байтұрсынұлы» ведомстволық төсбелгісі, ұлт ұстазы атындағы ғылым саласындағы мемлекеттік силық, ескерткіштер орнату, мерейтойлық монета мен марка шығару, кино түсіру, көшелер мен мектептерге есімін бері, тағы да басқа көптеген іс-шараларды жүзеге асыру жұмыстары басталып та кетті.

Мақсат – ірі реформатор, көрнекті мемлекет қайраткері, алаш ардақтысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлын өскелең ұрпақ жадында мәңгі қалдыру және өнегелі өмірін үлгі ету.

Әділбек Қаба,

Қазақстан Республикасы

Білім және ғылым министрлігі

Тіл саясаты комитетінің төрағасы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар