Агата Кристидің детективке жолы
Детектив жанры туралы сөз болғанда, Агата Кристидің есімі аталмай қалмайды. Британ жазушысы өз ғасырдағы қылмыстық прозаның қалыптасуына айрықша ықпал еті. Ол оқырманды қылмыстың өзінен гөрі оның байламын табуға қызықтыратын өзіндік тәсілмен баурады. Өзінің азғана шығармашылық өмірінде 66 детективтік, 6 психологиялық және 19 әңгімелер жинағын жазды. Шығармаларының жалпы таралымы ағылшын тіліне бөлке 100 тілге аударылған. Бұл басылымды қоса есептегенде миллиардтаған данамен өлшенеді.
Алайда Кристидің жазушылық жолы бірден басталған жоқ. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде ол Торкидегі ауруханада медбике болып, кейін дәрі-дәрмектер бөлімінде қызмет атқарды. Сол кездегі өлімнің 86-сы уланудың әсері еді. Осы оқиғамен, әпкесі Мэджбен оның жазушының оқырманға қылмыскерді бірден байқатпайтын детектив жаза алатынына күмән келтірген сәттері, Кристидің алғашқы детективтік шығармасын жазуына мұрындық болды. Міне осы оқиғалардың арқасында Кристидің алғашқы романы «Стайлздағы жұмбақ оқиға» дүниеге келеді.
Романдағы адам өлімі улану арқылы жасалады. Шығарма 1920 жылы Эркюль Пуароны алғаш оқырмандарға жария етеді. Ал кейін Пуаро мен Мисс Марпл сияқты кейіпкерлері арқылы детектив жанрының ең танымал тұлғаларын таныстырылады.
Кристидің шығармаларында қылмыс көбіне күрделі әрекеттерден емес, адамның мінезі мен жасырын ниетінен туындайды. Сондықтан оның романдарын тек «кім өлтірді?» деген сұрақпен оқу жеткіліксіз. Осы тұжырымға айқын мысал ретінде «Он қара бала» романы. Шығармада бір-бірімен бұрын таныс емес он адам аралға шақырылады. Олардың әрқайсысының өткенінде белгісіз, бірақ қаралы бір оқиғасы бар. Аралдағы үйде қонақтарды күтетін адам болмайды. Көп ұзамай олардың әрқайсысы бұрын жасаған қылмысы үшін айыпталады. Кейін адамдар жұмбақ жағдайда бірінен соң бірі қаза таба бастайды. Әр өлім үйде ілулі тұрған балаларға арналған санамақтың жолдарымен үндеседі. Осылайша қарапайым ойын тәрізді көрінетін санамақ біртіндеп өлімнің реттілігін анықтайтын белгіге айналады.
Бұл романда Пуаро немесе Мисс Марпл секілді орталық детективтің болмауы Кристидің шығармашылығын басқа қырынан ашады. Оқырман оқиғаны кейіпкерлердің өздерімен бірге бақылауға мәжбүрлейді.
Аралдан шығатын жол жоқ, байланыс үзілген, ал күдіктілердің бәрінің қылмысқа қатысы болуы мүмкін. Сондықтан шығармадағы басты қысым қылмыскерді іздеуден емес, келесі құрбанның кім болатынын білмеуден туындайды. Тағыда романның ауыз толтыра айтатын бір тұсы, Кристидің оқырманды кейіпкерлердің моральдық жауапкершілігі туралы ойландыруы. Мұнда адамдар заң алдында жазаланбаған әрекеттерінің салдарымен бетпе-бет келеді. Осы тұрғыда алғанда бұл көп жағдайда детективтік емес психологиялық тұрғыда жазылған роман ретінде көрінеді.
Бұл туындының алғашқы кинонұсқасы 1945 жылы түсірілді. 1987 жылы кеңестік режиссер Станислав Говорухин осы романның белгілі экрандық нұсқаларының бірін ұсынды. Ал 2015 жылы BBC үш бөлімді жаңа теленұсқасын шығарды.
Егер «Он қара бала» романында оқырман қылмыскермен бірге бір кеңістікте қамалып қалса, «Әліппе бойынша өлім» шығармасында жағдай мүлде өзгеше. Мұнда оқиға Эркюль Пуароның айналасында өрбиді. Пуаро белгісіз адамның хаттарын ала бастайды. Хат авторы өзінің келесі қылмысын алдын ала хабарлап, детективті әдейі сынайды. Алғашқы өлтіру Эндоверде, кейін Бексхиллде, одан соң Черстонда болады. Қылмыс орындарынан «ABC» теміржол анықтамалығы табылады. Қалалар мен құрбандардың есімдері әліпби ретімен таңдалғандай көрінеді. Мұнда Кристи қылмыскердің ерекше психологиялық портретін жасайды. Ол тек адам өлтіріп қоймай, детективті өз ойынына қатыстырады. Шығармада Александр Каст есімді шұлық сатушы күдікке ілігеді. Оның қасында қылмысқа қатысты заттардың табылуы, өлтіру орындарында пайда болуы және өзіне өзі сенімсіз мінезі оны басты күдікті етеді. Бірақ Пуаро дәл осы жерде өзгелерден өзгеше әрекет етеді: ол көзге көрініп тұрған дәлелдерге ғана сүйенбей, олардың бір-бірімен қалай байланысатынына назар аударады.
Бұл романдағы негізгі интригасы қылмыскердің не үшін осындай күрделі жолды ойлап тапқанында. Әліпби реті бастапқыда кездейсоқ тәртіп сияқты көрінгенімен, кейін оның нақты мақсатқа қызмет ететіні анықталады.
«Әліппе бойынша өлім» сериялық өлтіруші туралы идея ерте көрінген шығармалардың бірі ретінде сипаттайды. Бұл романда бірнеше мәрте экранға бейімделген. 1992 жылы «Agatha Christie’s Poirot» телесериалының эпизодына айналды, ал 2018 жылы үш бөлімнен тұратын BBC-да драмасы жарық көрді.
Екі романды қатар оқығанда, Кристидің жазу стильін танытатын ортақ қасиеттері бар. Оқырманға барлық қажетті белгілерді беру. Жазушы жұмбақты шешудің кілттерін әдейі жасырып қоймайды. Керісінше, оларды кейіпкерлердің сөздерінің, әрекеттерінің және ұсақ детальдардың арасына орналастырады. Бірақ сол белгілердің маңызын оқырман көбіне соңына дейін толық түсіне бермейді.
Ал Кристидің тағы бір әйгілі туындысы «Шығыс экспресіндегі кісі өлімі» 2017 жылы Кеннет Брана түсірген толықметражды фильм ретінде экранға шықты. Брана фильмде Эркюль Пуаро рөлін де сомдады. Бұл жерде кітап пен фильмді теңестіру, қатарластыру дұрыс емес. Экрандық бейімдеу кезінде режиссер оқиғаның құрылымын, кейіпкерлердің бейнесін немесе атмосферасын өзгерте алады. Сондықтан Кристидің шығармаларына қызыққан оқырман үшін алдымен түпнұсқамен танысып, кейін экранизациясын мен салыстыру әлдеқайда қызықты.
Агата Кристидің шығармаларының ғасырдан астам уақыт бойы оқылуының бір себебі де осында. Оның детективтері белгілі бір дәуірдің қылмысын ғана бейнелемейді. Адамның қызғанышы, пайдакүнемдігі, қорқынышы, кек алуы және өз әрекетін ақтауға ұмтылысы сияқты мотивтер уақыт өте өзгермейді.
Айнұр Досжанова
