Кітап оқитын мектепте ойлы ұрпақ қалыптасады

30

Кітап оқитын мектепте ойлы ұрпақ қалыптасады - adebiportal.kz

Қазіргі қоғамда білімді, ойы ұшқыр, рухани дүниесі бай ұрпақ тәрбиелеу – білім беру ұйымдарының алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Ал осындай тұлғаны қалыптастырудың негізгі жолдарының бірі – кітап оқу мәдениетін дамыту, жас ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды сіңіру. 

Осы бағытта Астана қаласы әкімдігінің №113 жалпы орта білім беретін мектебінде «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны және «Балалар кітапханасы» жобалары аясында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып келеді.

Аталған бастамалардың негізгі мақсаты – оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырумен ғана шектелмей, олардың дүниетанымын кеңейту, сөздік қорын байыту, өз ойын еркін жеткізе алатын, сыни тұрғыдан ойлайтын, рухани құндылықтарды бойына сіңірген тұлға қалыптастыру.

Мектепте кітап оқу мәдениетін дамыту бір реттік іс-шара ретінде емес, күнделікті білім мен тәрбие үдерісінің ажырамас бөлігі ретінде қарастырылады. Осы орайда оқушылар арасында кітап оқу марафондары, әдеби кездесулер, кітап талқылаулары, зияткерлік сайыстар, танымдық жобалар мен шығармашылық іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Әрбір шараның түпкі мақсаты – баланы кітаппен жақындастыру, оқығанын түсінуге, ой қорытуға және алған әсерімен бөлісуге үйрету.

Мектептегі маңызды бағыттардың бірі – «8 минуттық оқу» жобасы. Жоба аясында күн сайын сабақтың алғашқы минуттарында оқушылар көркем әдебиет оқуға уақыт бөледі. Бұл бастама балалардың кітапты күнделікті әдетке айналдыруына, оқу сауаттылығын дамытуына және әдеби шығармаларға деген қызығушылығының артуына ықпал етеді.

Кітап әлемін балаларға жақындатудың тиімді жолдарының бірі – қаламгерлермен жүздесу. Осы мақсатта мектепте ғалым-сарапшы, балалар жазушысы Бижан Құрманғалиқызы Игенбаевамен және ақын, аудармашы Дүйсенәлі Әлімақынмен мазмұнды әдеби кездесулер ұйымдастырылды. Мұндай жүздесулер оқушылар үшін жай ғана кездесу емес, әдебиет әлеміне тереңірек бойлап, қаламгерлердің шығармашылық жолымен танысуға, кітаптың адам өміріндегі маңызын түсінуге мүмкіндік беретін тағылымды сәттерге айналды. Оқушылар көкейіндегі сұрақтарын қойып, шығармашылық иелерімен еркін пікір алмасып, рухани азық алды. Қаламгерлердің өмірлік тәжірибесі мен шығармашылық ой-толғамдары жас оқырмандардың әдебиетке деген ықыласын арттырып, кітапқа деген көзқарасын жаңаша қалыптастыруға ықпал етті.

Сонымен қатар мектепте кітап оқуға ынталандырудың ерекше тетіктері де қарастырылған. «Кітап оқитын оқушы» бағыты бойынша үздік деп танылған оқушыны марапаттау мақсатында мектеп атынан кітап оқу марафонының қорытындысында велосипед сыйға тарту көзделді. Бұл бастама – оқушының еңбегін бағалаудың ғана емес, кітап оқуды қызықты әрі тартымды үдеріске айналдырудың үлгісі.Мұндағы басты ой – сыйлықтың құндылығында емес, баланың ізденісін, табандылығын, оқуға деген ынтасын қолдап, өзге оқушыларға үлгі етуінде. Өйткені әрбір ынталандыру жас оқырманның кітаппен достығын нығайтуға бағытталуы тиіс.

Кітап оқуды насихаттау жұмыстары тек оқушылармен ғана шектелмейді. Себебі бала тәрбиесінде отбасының рөлі ерекше. Бала кітапқа деген сүйіспеншілікті ең алдымен отбасындағы үлкендердің әрекетінен, олардың күнделікті өмір салтынан үйренеді. Осы ұстанымды негізге ала отырып, мектепте оқушы, ата-ана және отбасы бағыттарында ««Kitap time», Сырлы сөз», «Кітап оқитын әулет» оқырман клубтары жұмыс жүргізеді.

Аталған клубтардың қызметі аясында ата-аналармен кездесулер, отбасылық оқу сағаттары, пікір алмасу алаңдары, әдеби талқылаулар мен тәрбиелік бағыттағы басқосулар ұйымдастырылады. Мұндай кездесулер ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттырып қана қоймай, отбасы мүшелерінің ортақ қызығушылығы – кітап оқу арқылы өзара байланысын нығайтуға мүмкіндік береді.

Әсіресе, отбасы құндылықтарын дәріптеуге, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға және үлкеннің өнегесін жас ұрпаққа жеткізуге бағытталған кездесулердің тәрбиелік мәні зор. Кітап төңірегінде құрылған әрбір сұхбат, әрбір пікір алмасу бала мен ата-ана арасындағы рухани байланысты тереңдете түседі.

«Кітап оқитын ұлт» идеясы мектеп, оқушы және отбасы арасындағы ортақ құндылыққа айналғанда ғана өз нәтижесін береді. Сондықтан мектептің басты ұстанымы – оқыған кітаптардың санын көбейту емес, сол кітаптан ой түйетін, сөз қадірін түсінетін, өмірлік ұстанымы қалыптасқан, өз пікірін дәлелдей алатын ұрпақ тәрбиелеу.

Бүгінде №113 жалпы орта білім беретін мектепте жүзеге асырылып жатқан жұмыстар кітап оқуды білім алудың құралы ғана емес, тұлғаның рухани дамуына ықпал ететін өмірлік мәдениет ретінде қалыптастыруға бағытталған.

Өйткені кітап оқитын бала – ойланатын бала, ойланатын бала – ізденетін тұлға. Ал кітапты серік еткен ұрпақтың рухани тамыры терең, болашағы баянды болмақ. Кітап оқитын ұрпақ қалыптастыру – мектептің ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті.

Көптілеуова Гүлбану Маратқызы, 

113 ЖОББ мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Қос қасиет

22.10.2026

2287

Taza Qazaqstan