Биыл қазақтың көрнекті жазушысы Қалихан Ысқақтың туғанына 90 жыл толып отыр. Әдебиеттанушы ғалым Аян Қажыбайдың жазушы шығармашылығы туралы талдау мақаласын ұсынып отырмыз.
Туған жер мен туған елдің бәсіре перзенті болу баршамыздың несібеміз. Дегенмен, бұған қоса туған жер мен туған елдің бәсіре суреткері болу тек санаулылардың ғана сара бәсіресі. Өйткені, бәсіре перзенттен – бәсіре суреткерге көтерілу, сөз жоқ, сирек бақыт. Бұл екінің бірінің қолынан келе бермейді.
Қаншама бәсіре суреткер болғысы келгенмен де, кейбір қаламгерлер бәрібір бола алмайды.
Қаншама көтензорлықпен бәсіре суреткер болғысы келгенмен де, кейбір қаламгерлер бәрібір бола алмайды.
Қаншама атақ-мансаптың буымен бұрқырап, текірек қағып болғысы келгенмен де, кейбір қаламгерлер бәрібір бәсіре суреткер бола алмайды.
Әлбетте, бәсіре перзенттен – бәсіре суреткерге көтерілу үшін ең алдымен талант жомарттығын қылаусыз қалпында, мәрт қалпында, табиғи жарасымды қалпында, шынайы уыз қалпында мейлінше сарқып беру қажет. Ал бұл қияметтің қияметі. Мұның азабы мен ләззаты әуелі бір жаратқанға және сонан соң бір авторға ғана аян нәрсе.
Дегенмен, атамекен мен атажұрттан ғұмырлық сыйға алған дарынын-қазынасын автор сол атамекен мен атажұртына қарызымды қайтардым деп емес, парызымды өтедім деп әрі кішірейе, әрі алғаусыз ұсынғанда ғана дүниеге бәсіре туындылардың келетіні кәміл. Ал осындай бәсіре туындылардың өнбойынан туған жер мен елдің барша суреті, соның әралуан перзенттерінің әрқилы тағдырлары бізге беймәлім бір ғажайып сиқырмен мейлінше шынайы, мейлінше ыстық, мейлінше іңкәр күйде аңқып тұрады.
Міне, осындай бәсіре суреткерлердің санатында – халық жазушымыз, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қалихан Ысқақ ағамыз да бар еді. Ендеше, қалай мақтанбаймыз, қалайша сүйсінбейміз! Қалайша тәнті, қалайша қайран болмаймыз?!
Ол бұған қалай қол жеткізді? Барша мәселе де, барша кілтипан те осы арадан өрбісе керек. Мұның бірінші дәлеліне автордың «Қоңыр күз еді» атты повесін жатқызар едік. Шығарма алғашқыда, «Жұлдыз» журналының 1962 жылғы № 8 санында жарияланып, іле-шала сақа суреткер, көрнекті сыншы Зейнолла Қабдолов ағасы повесть туралы арнайы да толымды пікір айтты. Мейлінше сүйсінгенін білдірді. Асылы, біздіңше таланттың талантты тануы, суреткердің суреткерге сүйсінуі осылай болса керек. Арада алпыс жылдан астам уақыт өтсе де оқып көрейікші: «Асылы осы шығарманың аты...
Жә, мәселе мұның атында емес, затында: жаңа айттық, «Қоңыр күз еді» повесі арқылы біз қалам иелерінің қатарына бір қабілетті жас талап қосылғанын байқаймыз. Өмірді өзінше тануға, таныған шындығын өзінше танытуға талпынатын, сезімі сыршыл, сыры шыншыл бір қабілетті жас келіпті. Оның көрген-білгені, ұққан-түйгені әзірше шағын, тіршілік тәжірибесі де онша үлкен емес, бірақ талғамы бар, талабы зор. Біз соңғысына сүйсінеміз.
«Қоңыр күз еді. Ақ жауын себелеп тұр. Жол лайсаң. Алтай өңірінің ең бір көңілсіз шағы. Соқыр тұман оның биік сілемдерін жым-жылас қып жұтып қойыпты. Тау да бірте-бірте аласарып, адырлы жота-қыратқа айналып, шөгіп бара жатқан сияқты. Әр жерде селдіреген ойдым-ойдым шоқ ағаштар болмаса, етекте бұрынғыдай ну орман да жоқ, үркіп барып сонау жоғарыдағы алқым-алқымдарға тығылып қалыпты». «Қоңыр күз еді» осылай басталады. Әсем пейзаж! Ә дегенде-ақ автордың тіл білетіндігін, тіл болғанда кәдімгі әдебиеттің бейнелі тілін білетіндігін аңғарамыз. Сол тілмен Қалихан Ысқақов құр сөйлемей, қағаз бетіне сурет салып отыр. Суреті жанды, әсерлі шығыпты. Әр сөз орнында, ойнап тұр. Сөздің бояуы да мөлшерлі, табиғи. Автор өзі суреттеп отырған құбылысты толқына сезінеді және сол сезімін ірке алады; бұл – шыншылдық жолындағы әрлі әрекет. Сөз саралауда, сөйлем құрауда, жалпы өнер өрнегін төгуде – Қалихан Ысқақов біртүрлі бір еркіндік пен кең тыныс танытады» – деген бір кезде (1962 ж.) академик З.Қабдолов. Бұл аталмыш мақаладағы ой-пікірлердің бір үзігі ғана. Бұған қоса осынау дербес мақалада Қалихан Ысқақтың сол кездегі қалам қарымына тән басты-басты жетістіктер мен кемшіліктер нақты келтірілген, нақты дәлелденген байсалды ой-пікірлер сорабының бар екендігін айтумен ғана шектелеміз. Осы орайда маған әдебиетші ретінде «Қоңыр күз еді», «Заманай мен Аманай», «Құйрықты жұлдыз», «Қызыл жебе», «Жабайы алма», «Құлыным менің», «Күй», «Бесін», «Кінәлі махаббат», «Қарғын», «Өліара», «Ұят туралы аңыз», «Жаңғырық» «Келін», «Уәде», «Өмірзая», «Мінажат», «Қорғансыз жүрек» тәрізді бір ғана туынды туралы бір ғана дербес мақалаларды қамтитын анталогияны құрастыру тізгіні бұйыра қалса, мен ең алдымен академик З.Қабдоловтың осы мақаласын енгізер едім. Өйткені, қазір осынау аталмыш мақаланы оқырмандар назарына сол күйінде қайта ұсынсақ та ешнәрседен ұтылмаған болар едік. Мұның өзі көрнекті сыншы пікірлерінің жанашырлығын, көрегендігін, өткірлігін, мәнділігін, өнеге-тәлімін әлі де болса мысқалдай да жоғалтпағанын көрсетер еді. Шынтуайтына көшсек бұған мақала да, біз де кепіл бола аламыз. Ретіне қарай айта кетейік, осы мақаланы толық құптаймыз, қосып-аларымыз жоқ, бұдан артық жеткізіп айта алмаймыз деген пікірді кезінде Қалихан Ысқақтың ең жақын достарының бірі – атақты сыншы, кейіннен көрнекті жазушы-драматург болған марқұм Асқар Сүлейменов те 1964 жылы баспа жүзінде білдірген болатын.
Сонымен академик З.Қабдоловтың жоғарыдағы дербес мақаласы төмендегіше: «Қорыта келгенде, «Қоңыр күз еді» – Қалихан Ысқақовтың әдебиет үйінің есігін еркін ашып кіруіне кепілдік бола алатын, оның жас та болса өнер адамы ретіндегі табиғатын, қабілет-күшін танытатын тұрлаулы туынды» – деп аяқталады.
«Қоңыр күз еді» повесі ол кездің өзінде тұрлаулы туынды деп өте жоғары бағаланған екен. Бұл – рас. Бұл – шындық. Бұл – ақиқат.
Ал тұрлаулы туындының уақыт өте келе, қазақ прозасының, қазақ әдебиетінің, қазақ оқырманының бәсіре, төл туындысына айналып кеткені қандай ғажап олжа десеңізші! Олжа демеске әддіңіз жоқ қой. Бұл – рас. Бұл – шындық. Бұл – ақиқат.
Ал оның есесіне сол кездің өзінде тұңғыш повесіне арнайы да дербес мақаланың шығуын, дуалы ауыздан көшелі пікір естуін, мәселен, автор үшін сирек бақыт екеніне кім күмән тудырады? Сирек бақыт демеске шараңыз жоқ қой. Бұл – рас. Бұл – шындық. Бұл – ақиқат.
Мұның өзі, түптеп келгенде атамекен мен атажұрттан байланатын сирек дарынның өрісі мен өтеуіне тікелей байланысты. Соның бір жарқын көрінісіне – «Қоңыр күз еді» повесі дәлел. Ал сол бәсіре дарынның кенен сипаты соның мысқалынан-ақ белгілі болады. Сөйте тұра мысқалдай жарқырадым болды деп есіретіндер қаншама? Мысқалымның өзі жамбыға барабар деп жүріп, ескі сүрлеудің шаңын қауып қалатындар қаншама?
Дегенмен, – араға отыз үш жыл салып қайта оқығанымызда, – «Қоңыр күз еді» атты повесть өзінің уыз шынайылығымен, бәсіре суреткер Қалиханның қоңыр қаламына тән серпінді сезімімен, өзінің әлеуметтік-көркемдік қуатымен бәсіре туынды екендігін тағы да бір толық дәлелдей түсті ғой дейміз.
Ал сонау 1962 жылдан күні бүгінге – 2025 жылға дейін «Қоңыр күз еді» атты повесті оқырмандардың қаншама буыны оқыды десеңізші?! Солардың әрқайсысы Алтынды, Қасымды, Жарықжұлдызды өзіндей көретінін, өзгелерге қимайтынын, тіпті авторы Қалихан Ысқақтың өзіне де қимайтынын немен түсіндірер едік?! Әрине, бәсіре туындының шыншылдығынан, шынайылығынан ғой дейміз. Бұл арада біз оқырмандардың авторға деген сүйіспеншілігінен туатын ерке қызғанышын атап айтар едік.
Мұның бір мысалын, бір дәлелін келтіріп көрейік. «Дәу де болса, осы бізді аңдитын шығар-ау деп ойлайтынбыз. Өйткені, оқытушы, тәрбиеші атаулының бәрі де қыз бен ұлдың қатар жүргенін көзі шалса, қасқыр мен қойдың қатар өргенін көргендей, аза бойы тік шапшитын. Қыздармен сабақ үстінде жүздескеніміз болмаса, көп жұғыса қоймайтынбыз. Тәрбиешілер қызғыштай қорып, қылп еткенін аңдып отырады да, «ойбай, пәлен қыз түген ұлмен әңгімелесіпті оңашада, түген қыз пәлен ұлдың бетіне қарай ыржаландап күліп қойыпты» десе болды, дереу интернат жиналысын ашып немесе педсоветке салып, іреп-сойып, бүйі тигендей қырып жібере жаздайтын.
Достық, адамгершілік жайында өсиет оқыған көптеген қадірлі ұстаздарымыз қыздар мен ұлдарды екіұдай етіп, күнәдан пәк балғын жүректерге сезік пен жек көрушіліктің, эгоизмнің қоламтасын сепкен екен де. Сол бір өткен балалық шақты еске түсіріп отырсам кеудемді кейде өкініштің запыраны қысқандай болады.
Іштей қаншама жақсы көргенмен, іштей елжірегенмен біз қыздарды кекетіп-мұқатып, дөкір мінез көрсетіп, қағып өтіп, соғып кетуге даяр тұратынбыз, әдейі кемсітіп, түртпектей беретінбіз. Қыздар да ұлдардың алдында именіп, өтірік те болса ұялған болып, беттерін басып, кісі киікше үрке қарайтын еді. Осының бәрін қадірлі оқытушыларымыз бен тәрбиешілерімізге жағыну үшін, солардың көңілін табу үшін немесе күдік тудырмас үшін қасақана істейтінімізді ішіміз сезетін де. Осы бір жасандылықтың, осы бір қылымсушылықтың ар жағында көміліп, қаншама тұтанбаған от кетті? Сол бір жаутаң көздердің ішінде қаншама ақтарылмаған сыр қалды екен?! Тәтті сезімнің, ұшқыр қиялдың арқауы кесілмеді ме?! Мүмкін кейбіреулер өзінің махаббатын тепкен шығар, болашақ жар болар жақсы адамынан айрылмағанына кім кепіл болар екен?! - деген үзіндіге зер сала үңіліп көрейікші.
Осынау үзіндінің ғана емес, повестің бүкіл өнбойынан біз ең алдымен көркемдік-әлеуметтік қуатты болмысты тап басып, жыға танимыз. Соған иланамыз әрі өте-мөте ден қоямыз. Балаң қаламның батылдығын мейлінше айқын көреміз, бұл бәріміз жабыла айта беретін өмір шындығы ғана емес, өнер шындығы. Бұл – өнер шындығы ғана емес, сонымен қатар шырқыраған шындықтың шыншыл көрінісі де ғой.
Екіншіден, бұл – тек өкініштің запыраны ғана ма екен?! Бұл, әрине мың-мыңдаған болашақ отбасыларындағы талай драманың, талай трагедияның, талай комедияның, талай фарстың бастау көзіндей болып көрінеді емес пе?!
Үшіншіден, бұл – күні кешеге дейін әлеуметтік-дидактикалық саладағы созылмалы дерт болып келген келеңсіз кемшіліктеріміздің бірі ғой деп, жауырды жаба тоқи салуымызға да болады.
Мұны, әрине, озық педагогика тәжірибелерінің қияндағы қазақ ауылына әлі толық жетпегенінен деп ақталармыз. Болса болар.
Мұны, әрине, ұлттық педагогикадан, халықтық қайнарлардан кезінде ат-тонымызды ала қашқандығымыздан деп жалтарармыз. Бәлкім, солай да болар.
Мұны, әрине, кешегі кеңестік қоғам мен дәуірдің моральдік кодексіндегі сара жолмен еш ауытқымай жүргендігімізден деп түсіндіретін шығармыз. Бәлкім, солай шығар.
Әлқисса, қалай десек те, жас қаламгердің әлеуметтік-педагогикалық шындықты «Қоңыр күз еді» повесінде осыншама ашық, осыншама ашына сынағанына жете мән бермеппіз.
Меніңше, мұны қаламгердің еске түсіру тәсілімен баяндау арқылы жеткізген жалаң сентиментализмі, әсіре-күйрек патетикасы деуден гөрі, қайта керісінше, бәсіре суреткердің бойындағы өткір пафос пен сыншыл реализмнің балаң көрінісі деген абзал.
Меніңше, мұны бәсіре суреткердің өршіл талғамы мен сындарлы мұратын замандастарының бойында көкіректерінде қордаланып қалған ащы өксіктер мен сыздатқан сырлар арқылы әдемі жеткізген әлеуметтік-көркемдік дүниетанымы, азаматтық позициясы, байсалды өмірлік-өнерпаздық философиясы дегеніміз, соның жарқын бір көрінісі дегеніміз жанасымды сияқты.
«Қоңыр күз еді» повесі – «Көкейкесті» деген ортақ атпен аталынатын бірегей көркем полотноның бірінші бөлімі болса, ал «Тұйық» атты роман соның – екінші бөлімі болып табылады.
«Тұйық» романы 1970 жылдардың басында жазылып, Ұлы Жеңістің 30 жылдығында 1975 жылы оқырмандар қолына кітап болып тиді. Романын жазушы Мая ауылындағы елу түтіннің Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жүз елу ұрпағына ескерткіш еткен, солардың аруағына бағыштаған.
Шығарманың бүкіл оқиғасы – ауыл адамдарының соғыс кезіндегі ерен еңбегін көрсетуге, тылдағы баршама ауыртпалықтар мен қасіреттерді, әсіресе, Қажымұрат, Зылиха, Шәмшінұр, Рәпия, Жүсіп, Захайыр, Бақыт, Қияқмұрт, Трофим сияқты әралуан адамдардың тағдыр-талайын суреттеуге құрылған. Мұның баршасы бір Қажымұраттың басынан өткен шерлі де жаралы жылдардың тауқыметі арқылы беріледі. Соның есіне түсірген шегіністері арқылы суреттеледі. Бәсіре суреткер Қалихан Ысқақтың мылқау кейіпкеріне өзіне лайық тіл бітіргендігі, сол арқылы тың характерді дүниеге келтіргені автордың зор табысы. Сөзі мен соны жеткізер тілі жоқ демесеңіз, Қажымұраттың кісілігіне, азаматтығына, мәрттігіне, мейір-шапағатына, шынайы да мөлдір сезімдеріне, тынымсыз бейнетқорлығына, қайсар дүлейлігіне мейлінше риза боласыз. Басыңызды иесіз.
Қажымұраттың туған ауылынан жыраққа кеткеніне жиырма жыл болған. Бар болғаны жүз елу шақырым жерде, кержақтардың ортасында жүр. Еңбегі жанып, Ленин орденін де алған. Жасы қырықтан асса да, өз ауылына небәрі екінші рет қана келіп тұр.
«Кейісе – өзіне-өзі наразы, кеуілі көтерілсе – өзіне-өзі разы адамның бірі Қажымұраттың өзі еді, бірақ жалғызбын деп өзімен-өзі іштей сөйлесіп, өз ойын, өз мұңын өзі талшық еткен жаратқанға жалбарынып, жазымышқа да ренжіп көрген емес...» – дейтін Қажымұрат енді: «Қоңыр күздің осынау бір мақпал түнін, тұнық аспанын сағынып қалыпты. Ол өзінің алыстап кеткен балалық шағына, балалық шағында көкірегіне жаттап алған дәп осы туған ауылдың дәп осы мақпал түні мен тұнық аспанына ойша қайтып оралды, өзінің бүгінгі қырық жасын сызып тастап, елес боп кеткен өкініші мол, қызығы кем – тікен өміріне – ымырт дүниесіне шомды; ымырт ішінен алдымен шап-шағыр мұздай көгеріп, көктен телмірген Алтайдың шың-құздары жүзіп шықты, жасауылдай қара-құрым боп самсаған мынау іргедегі тылсым орман, орман тұйығындағы кең дүниеден орын таппағандай сығылысып келіп бытқылға тығылған шағын ауыл, шағын ауылға сыйыса алмай бірінің есігі құбылаға, бірі түстікке, теріс бағынып томсарып жататын бір рудың елу шақты түтіні... Япырау, мына телмірген сол аспан ба, сергелдеңмен өткен балалығына, берекесіз кеткен жастық шағына куәгер болып, енді соған қосыла өкініп, қосыла мұңданған мынау жұлдыздар сол баяғы жұлдыздар ма..?» – деп тебіренеді. Осылайша іштей қиналады, осылайша іштей өксиді.
Қажымұратпен бірге соның өткен өмір жолына, татқан дәм-тұзының ащы-тұщысына көз саласың, қанығасың. Тәлкекке түссе тәлкектен арашалағың келеді, қажыған тұста дем бергің келеді, пендешілік рахатқа бөленгенде бірге бөленгің келеді, әйтеуір не керек, соның ыстық-суығын бірдей көтергің келіп тұрады. Кейіпкердің оқырманды тарту құдіреті осылайша ұласа, осылайша жалғаса береді.
Күнделікті тіршіліктің қым-қуыт қарбаласында да, қаһарлы қасіретімен сағыңды сындырып, үнжырғаңды түсірген шақта да қарағайға біткен қарсы бұтақтай қасқайып шығуға, атан түйенің жүгін көтеретін тұста да нар төзімділікті көрсетуге еріксіз құштар болатының, асылы, Қажымұрат образының тың сипатынан, Қажымұрат характерінің ірілігінен болса керек. Характердің оқырманды тарту құдіреті осылайша ұласа, осылайша жалғаса береді, осылайша өркештене береді.
Қажымұрат – Зылиха, Зылиха – Қажымұрат, Қажымұрат – Қияқмұрат линияларының «Тұйық» романындағы өрімдері бұлардың әрқайсысының образдарын әрі даралап, әрі толықтырып көрсетеді. Олардың іс-әрекеттеріндегі, ой-пиғылдарындағы көріністерді жазушы Қалихан Ысқақ шебер жеткізеді. Тыл өміріндегі ауыр кезең көз алдыңа қоспасыз түрде, шынайы қалпында келе қалады.
Қажымұрат бейнесінің қуаттылығы – оның әу бастан тәуелсіз жаратылған еркіндігінде, тағдыр еріксіз таңған өршіл қайсарлығында. Оның Зылихамен табыспағандағы өкінішіне; оның Шәмшінұрдың табиғи тілегінің тұтқынына түсіп, еріксіз тұншыққандағы ұялуына; Оның суға кетіп өлген Бақытты жерлеуіндегі адамгершілік болмысына ортақтаспауың әсте мүмкін емес. Сондықтан шығар, біз «Тұйық» романын – жетпісінші жылдардың орта тұсындағы қазақ прозасының сүбелі табысы саналуға тиіс кесек туынды десек, ақиқат ауылынан алыс кетпегеніміз.
Қалихан Ысқақ қаламынан туған, бірақ «Көкейкесті» деген ортақ атпен аталынатын бірегей көркем полотноның үшінші бөлімі – «Ақсу – жер жаннаты» романы болып табылады. Шығарманың бірінші кітабы «Қараорман» деген атпен тұңғыш 1981 жылы жарық көрген. Ал мынау 1989 жылы екі кітап – екі бөлім атанып, бір мұқабаның астына «Ақсу – жер жаннаты» болып шыққан роман мүлде өзгеше, түбірімен басқаша туынды. Әсіресе, «Қараорман» біраз толықтырылған. Екінші кітаптың журналдық үзіндісі «Жұлдыз» журналының 1987 жылғы № 11 санында жарық көрген.
«Қараорман» мен «Ақсу» екеуін жазушы бір кітап – екі бөлімді роман еткен тұста көп еңбектенген, көп байытқан.
«Ақсу – жер жаннаты» атты романды тек экология, экономика проблемасын көтерген десек, онда роман ауқымын тым тарылтып жібереміз. Ал бұл мәселелердің ретіне қарай проблемаға айналуы, өткір де зәру мәселеге айналуы роман оқиғасының қаңқасы болуынан емес, қайта керісінше, өмірдің өзі алға тартып отырған күрделі де күрмеуі мол әлеуметтік мәселелер. Қалихан Ысқақ уақыт жүгінің – соңғы отыз жылдың беделінде қаншама қиындай, қаншама күрделі бола түскендігіне назар аудартып қана қоймайды. Ол мұның тамырын әріректен, тереңіректен қозғауға, көрсетуге, суреттеуге ұмтылған. Мұнысы табыссыз да емес. Екі бөлімді романның әлеуметтік-көркемдік панорамасы – географиялық тұрғыдан да, уақыт тұрғысынан да, тарих тұрғысынан да мейлінше қомақты, мейлінше арналы болып келеді.
«Тұйық» романында жазушының суреткерлік камерасы көбінесе бас кейіпкер Қажымұрат тұлғасын мейлінше ірі планда көрсетуге ұмтылатын еді. Қалихан Ысқақ қаламы енді «Ақсу – жер жаннаты» романында неғұрлым кесек, неғұрлым ірі, неғұрлым тосын планда тек Алтай табиғатын, Алтай трагедиясын ғана емес, мұндағы Бекет, Сиғат, Әбдіжаппар, Асхат, Ситан, Шерубай, Сарқыт, Әсем, Леся, Жақып, Мешел, Бескемпір, Сән, Меруерт, Тынымкүл, Осип, Сапа, Есімхан, Қылаңхан тәрізді кейіпкерлердің қай-қайсысын болмасын неғұрлым ірі планда көрсетуге арналған. Шаруашылықты жүргізудің ескіше әрі жаңаша тәсілдерінің арасындағы өмірлік нақты айырмашылықтарды және Алтай өңірінің дәм-тұзын әрқилы себептермен татып жүрген орманшылардың, егерьлердің, ағаш қырқушылардың, бұғышылардың, саяқтардың, келімсектердің, кержақтардың, жергілікті тұрғындардың туған жерге, оның қазына байлығына деген көзқарастары мен іс-әрекеттеріндегі шын қақтығыстар, шынайы күрестер арқылы бейнелеуге Қалихан Ысқақ суреткерлік талантын сарқа жұмсаған. Сондықтан шығар, бұл романдағы кейіпкерлердің барлығы бір-біріне мүлде ұқсамайды. Суреткер солардың көбін іс-әрекетіне, ой-пиғылына сәйкес мінездегенде тапқырлықтың алтын кеніне тап болғандай мейлінше жомарт бейнелейді. Әрқайсысының кескіні де, жүріс-тұрысы да дәл әрі көркем сомдалады. Бұған мысалдар келтіріп жатудың өзі артық. Ал олардың бірінің мінін бірі тап басатын, уытты мысқылмен ойсыратып тастайтын ирониясы мен сарказмы, әскиясы мен тәжікелесуі бәсіре суреткердің көшелі шеберлігінің айқын дәлелі. Дегенмен мына бір мысалға – «Күзде түскен балқарағайдың жаңғағын барша тышқан мен шауқарғадан қызғанып келе жатқан Ситан Асекеңнің қалтасын ұмытып та кеткен сияқты еді» – деген сөйлемге ешқандай комментарийдің қажеті бола қоймас.
«Ақсу – жер жаннаты» романы төңірегінде өте-мөте бөліп айтатын нәрсе – мұнда басты әрі орталық кейіпкерлер жоқтың қасы. Оның есесіне жоғарыда аты аталғандардың баршасы өздеріне лайық бітіммен мейлінше дара шыққан бейнелер. Осы орайда, суреткер Қалихан Ысқақ орталық кейіпкер, басты кейіпкер, дейтін шартты өлшемдерден, әдеби категориялардан саналы түрде қашқан сияқты. Ең бастысы, өмірдің өзіне жүгініп, өмірдегі адамдарды сол тіршілігімен, сол қалпымен қоспасыз жеткізуге ерекше күш салған сияқты. Бұл орайда, ол кейіпкерлерінің осал жақтарын мейлінше мол қазбалап көрсетуге саналы түрде ұмтылған. Автордың мұнысы жеміссіз де емес. Көп орайда ащы шындықтар да, барша кейіпкерлердің ірі пландары да кей тұстарда бірін-бірі ығыстырып, бірімен бірі тайталаса түсіп, біріне-бірінің сәулесінен гөрі көлеңкесін, бақастығын, тақыстығын көрсетіп қалуға бейім сәттер де аракідік ұшырасып қалады. Осылай бола тұра, романдағы әлеуметтік тартыстардың табиғаты мен таразысына түскен осынау кейіпкерлердің іс-әрекеті ылғи кемерленіп, ылғи кернеуленіп, күрес алаңына шақырады да, жетелейді де тұрады.
Сондықтан шығар, «Ақсу – жер жаннаты» романы 1992 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ие болды.
Тәуелсіз еліміздің Халық жазушысы, көрнекті суреткер Қалихан Ысқақтың «Көкейкесті» деген ортақ атаумен аталынатын эпикалық көркем полотносының үш бөлімі осылай болып келеді. Бұлардың әр мезгілдегі қапталында қабаттаса жүретін драмалары, повестері, сценарийлері, әңгімелері, инсценировкалары және бар. Өйткені, Қалихан Ысқақ өзінің бүкіл шығармашылық жолы мен мұраты, нысанасы барысында туған жері Алтайды, өзінің үлкенді-кішілі замандастарын көкейкесті күйлерімен – шығармаларымен танбай-тынбай жырлап келген ірі қаламгер.
Өйткені, осы үш шығармада да қазақ сөз өнерінің қоңыр үні, қоңыр әуені, қоңыр музыкасының мөлдір әуені аңқып тұрады. «Қоңыр күз еді», «Тұйық», «Ақсу – жер жаннаты» және тағы басқа туындылары арқылы кемел де кенен дарын екендігін әуелден айғақтап, мысқалға мысқалдап қосып, үстемелеген сайын үстемелеп жүріп, алтын жамбыдай жарқырайтын суреткерлер әмісе сирек қой. Солардың бірі де бірегейі – Қалихан Ысқақ.
Осынысы арқылы да ол – қазақтың қоңыр Қалиханына, бәсіре суреткеріне заңды жеткен, заңды айналған айтулы тұлға болып қала бермек!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.