Есболат пен Өміржанға!
Негізі қазаққа осындай талқылар керек-ақ. Сондықтан екеуіне де рахмет!
1. Бізге социалистік дәуірде қалыптасқан жазушыларды қолдау жүйесі түкке де керегі жоқ. Бұндай әлеуметтік қолдаудың құны мен бағасы бар: оны соцреализм деп атаған совет заманында. Егер бүгін сондай жүйе енгізілсе, оның да құны болады. Бұл жүйе, айналып келгенде, ақын мен жазушының ауызын буып тастап, белгілі бір тақырыптарға жолатпауға апарады.
Елдегі 800 жазушыға арнайы жағдай жасап, жалақы беруге де қарсымын. Себебі, одан 800 Мұхтар Әуезов пен 800 Мағжан Жұмабаев автоматты түрде пайда болмайды. Керісінше, көптеген адамның еңбек етуге деген қажыр-қайраты мен жігерінен айырып тастаймыз. Пушкин мен Достоевский біраз ұлы шығармасын картадан ұтылған қарызын жабу үшін жазып тастағанын барша жұрт біледі. Сол сияқты үй де, жақсы жалақы да аванс емес, қажырлы еңбектің зейнеті. Ол үшін де біраз бейнетін көру керек.
Оның үстіне адам ретінде ақын мен жазушы басқа да кез-келген кәсіп иесінен еш артық емес. Егер бір топқа жағдай жасалса, басқа да топтардың барлығына дәл сондай жағдай жасап шығу қажет. Бұл – утопия!
2. Ақын-жазушыларды аймақ-аймаққа таратуға да қарсымын. Себебі қаламгерлер Алматы мен Астанаға бақ үшін ғана емес, бәсеке орта, ой ортасы үшін келеді. Шығармашылық үшін ақын-жазушылардың бір-бірімен кездесіп, пікірлесіп, тіпті төбелесіп тұрғаны өте тиімді және пайдалы.
Тағы да оқыңыз: Қазақ қаламгерлеріне жағдай жасау керек пе?
Кейбір кездері шығармашылық адамдарын аймаққа жинау үрдісі болғаны рас. Мысалы, Атырау, Оралда. Бірақ, оның нақты мақсаты, идеясы болды. Түпкілікті мақсаты – аймақтардың әлеуетін көтеру, аймақтағы шығармашылық ортаның сапасын арттыру дегендей. Бірақ, бұл жұмыс екінің бірінің қолынан келе бермейді. Имекеңдей, Қырекеңдей әкімдер бізде көп емес. Тіпті сол кісілердің кезінде аймаққа кеткен біраз азамат соңынан қайтадан Алматы мен Астанаға оралып та үлгерді. Аймақтағы әкім сол жердегі он жазушының кітабын оқымаса, қажет етпесе, жергілікті жерде орта болмаса, ол жерге топырлатып ақын-жазушыны жинағаннан не пайда? Ертең сол әкіммен соттасып, ұрсысып жүрсе кімге пайда?
Бір ғана бағытты қолдар едім: бүгін Арқаның зиялы қауымын күшейту керек. Онда да жершілдік пен туыстық тұрғысынан емес, жалпы қазақтың белсенді азаматтарын, ақын-жазушысын Арқаға қарай баруға үгіттеп, жағдай жасауды талап етуге болады. Онда да нақты мақсат, нақты көрсеткіштер керек.
Тағы бір бағытты айтып жүрмін. 800 жазушының ішінен тілі жатық, ойы мен зедесі ашық 32 жазушыны таңдап, кезіндегі Рузвельттің жүйесімен аймақ-аймаққа 1-2 жылға жөнелту керек. Осының нәтижесінде дүниеге әр облыстың 1-2 туристік жолнұсқасы (жергілікті аңыз-әфсаналарды жинап, жақсылап жазып, тіл-тілге аударылып) дүниеге келсе құба-құп.
3. Есболат айтқан жүйе нарықтық принциптерге қайшы. Бізге кітап индустриясын (жазушы-агент-баспа-маркетинг-сауда-насихат-оқырман) жасақтап шығу керек. Егер оңды индустрия жасақталса, бұл жүйеде озық, сөзі мен қаламы өткір тұлғалар жарып шығады.
Бізге жаңа кітап модасын, кітап оқу мәдениетін жасақтау керек. Жылына мектепті 100 мың қазақ баласы аяқтап жатады. Солардың кемі 20 мыңы көркем әдебиетті іздейтін потенциалды оқырман. Жыл сайын мектеп табалдырығын 100 мың қазақ баласы аттайды. Бұлардың барлығы дерлік өзіндік қажетілігі бар, өзіндік талғамы мен мұраты бар потенциалды оқырман. Міне осыларды кітап оқитын, талғамы бар, өресі бар оқырман жасауымыз ұлт дәрежесіндегі майдан мен жұмыс болуы керек. Егер осындай оқырман орта болса,ешқандай мемлекеттік бағдарламаның не басқаның қажеті де жоқ.
Егер осындай оқырман орта пайда болатын болса, арасынан эсттеттік топтар да шығады. Олар өз талғамына сай белгілі бір ақын-жазушыларға сұраныс тудыра да алады, өмірлік қажеттіліктерін де өтей алады.
Өзім талай жазушымен доспын, жолдаспын, біразын танимын, арасында аштан өліп (құдай сақтасын) жатқан адам көрмедім. Өмірдің қиыншылығына келсек, оны бәрі де көргені жақсы. Бәріміз де үйсіз жүрген кез болды. Жалақымыз жетпей, талай қарыз алған күндер де болды. Есі дұрыс адамды бұндай жағдай шынықтырады, өмірлік тәжірибе береді, еңбектенуге машықтайды.
Сосын тағы бірнеше ойым бар, реті келгенде жазып тастармын...
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.