Әйгілі фильмдерге арқау болған 5 кітап
Әлемге әйгілі фильмдердің кейбірі алғашында әдеби шығарма ретінде дүниеге келген. Кезінде миллиондаған оқырманның жүрегін жаулаған романдар кейін үлкен экранға шығып, кино тарихынан да өз орнын алды. Бірі махаббат хикаясымен, енді бірі психологиялық тартысымен немесе қиял-ғажайып оқиғаларымен танылды. Назарларыңызға кітаптан киноға айналған әлем әдебиетінің бес әйгілі туындысын ұсынамын.
Көркем шығарманы экранға бейімдеу оңай жұмыс емесі анық. Жазушы бірнеше жүз бетке сыйғызған оқиғаны режиссер екі-үш сағаттық фильм арқылы жеткізуі керек. Бұл үшін кейбір кейіпкерлер қысқартылып, оқиғалардың реті өзгеріп, тіпті романның түпкі идеясы басқаша түсіндірілуі мүмкін. Соған қарамастан әдеби шығармалардың желісімен түсірілген фильмдер арасында әлемдік кинематографияның үздік туындыларына айналғандары да аз емес.
«Асқақтық пен адасу»: екі ғасырдан кейін де өзектілігін жоғалтпаған махаббат хикаясы
Ағылшын әдебиетінің көрнекті өкілі Джейн Остиннің «Асқақтық пен адасу» романы алғаш рет 1813 жылы жарық көрді. Шығармада XIX ғасырдың басындағы ағылшын қоғамы, отбасылық қатынастар, әлеуметтік мәртебе және махаббат мәселелері суреттеледі.

Оқиға Беннеттің отбасындағы бес қыздың өмірі төңірегінде өрбиді. Солардың бірі Элизабет Беннет ақылды, еркін ойлайтын әрі өз пікірінен оңайлықпен бас тартпайтын бойжеткен ретінде танылады. Оның ауқатты әрі тәкаппар көрінетін Дарси мырзамен танысуы романның негізгі оқиғаларына арқау болады. Алғашқы кездесуден-ақ бір-бірі туралы теріс пікір қалыптастырған екі кейіпкердің қарым-қатынасы арқылы жазушы адамның мінезі, қоғамдағы орны және шынайы сезімнің табиғаты туралы ой қозғайды. Романдағы тартыс тек махаббатқа құрылмаған. Джейн Остин сол кезеңдегі әйелдердің тұрмысқа шығу мәселесіне тәуелділігін, әлеуметтік теңсіздік пен қоғамдық түсініктерді де шебер бейнелейді.
Шығарма кино және телевизия саласында бірнеше рет экрандалды. Соның ішінде 2005 жылы британдық режиссер Джо Райт түсірген фильм танымалдыққа ие болды. Басты кейіпкерлерді Кира Найтли мен Мэттью Макфэдиен сомдады.
Фильмде Англияның ауылдық табиғаты, ескі үйлер, салтанатты бал кештері мен сол дәуірге тән киім үлгілері ерекше көрініс табады. Ал кітапты оқыған адам кейіпкерлер арасындағы диалогтер мен олардың ішкі толғаныстарын кеңірек түсіне алады.
Бір қызығы, романның жарық көргеніне екі ғасырдан асса да, шығармаға деген қызығушылық бәсеңдеген жоқ. Оның жаңа экрандық нұсқалары жасалып, оқиғасы әртүрлі тарихи кезеңдер мен мәдени ортаға бейімделіп келеді.
«Ұлы Гэтсби»: байлық пен бақыттың арасы қаншалықты алыс?
Америкалық жазушы Фрэнсис Скотт Фицджеральдтың «Ұлы Гэтсби» романы 1925 жылы жарияланды. Бұл шығарма өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы Америка өмірін, қоғамдағы байлыққа ұмтылысты және адамдар арасындағы әлеуметтік айырмашылықтарды бейнелейді.

Романның басты кейіпкері Джей Гэтсби ел назарын өзіне аударатын сән-салтанатты кештер ұйымдастырады. Кейіпкердің зәулім үйі, қымбат дүниелері мен жұмбақ өмірі айналасындағыларды қызықтырады. Алайда Гэтсбидің барлық әрекетінің астарында өткен өмірімен байланысты жеке арманы жатыр.
Оқиға Ник Каррауэй есімді жас жігіттің атынан баяндалады. Ол Гэтсбимен таныса отырып, сырттай мінсіз көрінетін ауқатты адамдардың өміріндегі қарама қайшылықтарды байқайды. Фицджеральд романда байлықтың адамға не бере алатынын ғана емес, оның көмегімен нені сатып алуға болмайтынын да көрсетеді. Шығармада махаббат, жалғыздық, қоғамдағы бедел және орындалмаған үміт мәселелері өзара сабақтасып жатыр.
«Ұлы Гэтсби» де бірнеше рет экрандалған. Солардың ішіндегі ең танымал нұсқаларының бірі 2013 жылы жарық көрді. Фильмді австралиялық режиссер Баз Лурман түсіріп, басты рөлді Леонардо Ди Каприо сомдады.
Режиссер өткен ғасырдағы Нью-Йорк пен оның маңындағы ауқатты ортаның тіршілігін ашық түстер, әсерлі музыка және ғажап киім үлгілері арқылы бейнеледі. Картина 2014 жылы «Оскар» сыйлығының үздік костюм дизайны және үздік көркемдік безендіру аталымдарын да жеңіп алды.
Фильмнің көркемдік шешімдері көрерменді қызықтырғанымен, романның басты құндылығы кейіпкерлердің ішкі дүниесінде жатыр. Кітапта Гэтсбидің өмірге деген көзқарасы мен оның арманының мәні әлдеқайда тереңірек ашылады.
«Көкектің ұясы»: еркіндік үшін күрестің – көркем бейнесі
Америкалық жазушы Кен Кизидің «Көкектің ұясы» романы 1962 жылы жарық көрді. Шығарма психиатриялық ауруханадағы адамдардың өмірін суреттей отырып, қоғамдағы билік, бағыну және жеке адамның еркіндігі мәселелерін көтереді.

Романның негізгі оқиғалары Рэндл Макмёрфи есімді адамның ауруханаға келуінен басталады. Ол мекемедегі қатаң тәртіпке көнгісі келмей, өз еркіндігін сақтауға тырысады. Оның мінезі мен әрекеттері айналасындағы адамдарға да әсер етіп, қалыптасқан тәртіпке жаңаша қарауға итермелейді.
Кен Кизи бұл шығармасында адамның еркін таңдау жасау құқығы мен оны шектейтін жүйенің арасындағы тартысты бейнелеген. Романдағы аурухана тек оқиға өтетін орын емес, қоғамдағы билік қатынастарын көрсетуге мүмкіндік беретін кеңістікке айналған деп айтсамда болады.
1975 жылы режиссер Милош Форман осы романның желісімен фильм түсірді. Басты рөлді америкалық актер Джек Николсон сомдады. Ал ауруханадағы қатаң тәртіптің негізгі өкілдерінің бірі медбике Рэтчедтің бейнесі Луиза Флетчер есімді актрисаның еншісіне тиді.
Фильм үлкен жетістікке жетіп, 1976 жылы «Оскар» сыйлығының бес басты аталымын жеңіп алды. Олардың қатарында үздік фильм, үздік режиссер, үздік актер, үздік актриса және үздік бейімделген сценарий бар.
Дегенмен кітап пен фильм арасында елеулі айырмашылық кездеседі. Романда оқиға ауруханадағы науқастардың бірі, үндіс Бромденнің атынан баяндалады. Ал фильмде көрермен назары негізінен Макмёрфидің әрекеттеріне аударылады. Осы ерекшелік екі туындының оқырман мен көрерменге әсер ету тәсілін өзгертеді. Кітапта кейіпкердің ішкі қабылдауы маңызды орын алса, фильмде адамдар арасындағы ашық қақтығыстар алдыңғы қатарға шығады.
«Жасыл миль»: адамгершілік пен әділетсіздік туралы әсерлі туынды
Америкалық жазушы Стивен Кингтің «Жасыл миль» романы 1996 жылы жарық көрді. Қорқынышты шығармаларымен танылған қаламгер бұл туындысында адам өмірінің құндылығы, мейірімділік, әділетсіздік пен ар-ождан мәселелеріне назар аударады.

Романдағы оқиға 1930-жылдары АҚШ-тағы түрмелердің бірінде өтеді. Шығарма өлім жазасына кесілген тұтқындар қамалатын бөлімде қызмет ететін Пол Эджкомбтың естеліктері арқылы баяндалады. Бір күні түрмеге екі кішкентай қызды өлтірді деген айыппен Джон Коффи есімді алып денелі қара нәсілді азамат жеткізіледі. Сырт келбеті үрей тудыратын Коффидің мінезі мүлде бөлек болып шығады. Ол өте жуас, сезімтал әрі өзгелерге жанашыр адам ретінде танылады. Уақыт өте келе түрме қызметкерлері оның бойында қарапайым адамның түсінігіне сыймайтын ерекше қабілет бар екенін байқайды. Осы кейіпкер арқылы Стивен Кинг адамның сыртқы келбеті мен қоғамдағы орны оның шынайы болмысын анықтай алмайтынын көрсетеді. Сонымен қатар шығармада заң мен әділдіктің әрдайым бір ұғым еместігі, адамның тағдырын шешудегі жауапкершілік мәселелері қозғалады.
1999 жылы режиссер Фрэнк Дарабонт романның желісімен «Жасыл миль» фильмін түсірді. Пол Эджкомб рөлін Том Хэнкс, ал Джон Коффиді Майкл Кларк Дункан сомдады. Ұзақтығы үш сағаттан асатын фильм романның негізгі оқиғаларын кеңінен қамтиды. Әсіресе басты кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынас, түрмедегі ахуал және олардың моральдық қиын таңдауы экранда әсерлі бейнеленген.
Картина 2000 жылы «Оскар» сыйлығының төрт аталымына ұсынылды. Олардың қатарында үздік фильм, екінші пландағы үздік ер адам рөлі, үздік бейімделген сценарий және үздік дыбыс аталымдары болды.
«Жасыл миль» атауының да өзіндік мәні бар. Түрмедегі өлім жазасына кесілген тұтқындар соңғы сапарына шығарда жасыл түсті еденге арналған жабын төселген дәлізбен өтеді. Бұл шығарманың негізгі символына айналып, адам өмірінің өткіншілігі мен тағдыр алдындағы дәрменсіздікті білдіреді.
Кітап пен фильм адамгершілік, жазықсыздық пен әділетсіздік туралы ойландырады. Романда кейіпкерлердің ішкі сезімі мен өткен өмірі кеңірек ашылса, фильм бұл оқиғаны актерлердің шынайы ойыны арқылы көрерменге жеткізеді.
«Сақиналар әміршісі»: қиялдан туған әлемнің кино тарихын өзгертуі
Ағылшын жазушысы Джон Рональд Руэл Толкиннің «Сақиналар әміршісі» шығармасы 1954–1955 жылдары үш том болып жарық көрді. Бұл туынды фэнтези әдебиетінің дамуына елеулі ықпал етіп, кейінгі көптеген жазушыға шабыт берді. Толкин өз шығармасы үшін Орта Жер деп аталатын тұтас қиял-ғажайып әлем қалыптастырды. Онда адамдармен қатар эльфтер, гномдар, хоббиттер және өзге де тіршілік иелері өмір сүреді. Жазушы олардың тарихын, тілдерін, аңыздарын және мекендерін егжей-тегжейлі ойластырған.

Романның негізгі оқиғасы хоббит Фродо Бэггинстің қауіпті сапарына байланысты өрбиді. Оның қолына орасан күшке ие сақина түсіп, бұл зат бүкіл Орта Жердің тағдырына қауіп төндіреді. Фродо серіктерімен бірге сақинаны жою үшін ұзақ әрі қатерлі жолға шығады.
Шығармада достық, адалдық, ерлік, билікке ұмтылу және жауапкершілік тақырыптары кеңінен қамтылған. Кейіпкерлердің әрқайсысы әртүрлі сынақтан өтіп, өз таңдауын жасауға мәжбүр болады.
Романның ең танымал экранизациясын режиссер Питер Джексон түсірді. Оның үш бөлімі 2001, 2002 және 2003 жылдары жарық көрді. Фильмдер негізінен Жаңа Зеландияда түсіріліп, табиғи көріністер мен арнайы жасалған декорациялар арқылы Толкиннің қиял әлемі экранға көшірілді.
Үшінші бөлім «Патшаның оралуы» 2004 жылы «Оскардың» 11 аталымы бойынша жеңіске жетті. Осылайша ол бір салтанатты рәсімде ең көп «Оскар» алған фильмдердің қатарына қосылды.
Үш фильмнің жалпы ұзақтығы тоғыз сағаттан асады. Соған қарамастан, режиссер кітаптағы барлық оқиға мен кейіпкерді экранға енгізе алған жоқ. Толкиннің кең көлемді шығармасында фильмнен тыс қалған тұтас оқиғалық желілер бар. «Сақиналар әміршісі» әдебиетте де, кинода да фэнтези жанрының мүмкіндіктерін кеңейткен ерекше құбылысқа айналды. Кітап арқылы оқырман жазушы қалыптастырған әлемнің тарихына тереңірек бойласа, фильм сол әлемді көз алдына елестетуге мүмкіндік береді.
Бұл шығармалардың әрқайсысы әдебиет пен киноның бір оқиғаны әртүрлі тәсілмен жеткізе алатынын көрсетеді. Сондықтан фильмді көргеннен кейін кітапты оқу немесе керісінше, оқыған шығарманың экранизациясын тамашалау оқиғаны жаңа қырынан тануға мүмкіндік береді.
