Бір апта – бірнеше тағдыр. Әлем әдебиетінің айтулы тұлғалары
Әдебиет – уақыт пен кеңістіктің шекарасын еңсеріп, адамзаттың рухани жадын сақтайтын ұлы мұра. Әр дәуірде дүниеге келген қаламгерлер өз шығармалары арқылы тұтас бір ұлттың болмысын, қоғамның тынысын, адам жаны мен психологиясының терең қатпарларын суреттеп келген. Бірінің қаламынан әлемдік әдебиеттің жауһарлары туса, енді бірі қайталанбас еңбегімен тұтас ұрпақтың дүниетанымына ықпал ете білді. Осы аптада әлем әдебиетінің тарихында өзіндік із қалдырған бірқатар көрнекті қаламгерге қатысты айтулы даталар аталып өтеді. Бір аптаға тоғысқан бірнеше тағдыр – сан алуан шығармашылық жол мен ғаламның әр бұрышындағы майталман қаламгерлердің әдебиеттегі орны мен ойы. Назарларыңызға жаһанға кеңінен танылған қаламгерлер туралы апталық шолуды ұсынамыз.

16 қараша Африка әдебиетін әлемге танытқан қаламгер Чинуа Ачебенің туғанына 96 жыл толып отыр. 1930 жылдың 16 қарашасында әйгілі нигериялық жазушы, ақын және әдебиет сыншысы Чинуа Ачебе Нигерияның Огиди елді мекенінде дүниеге келген. 2013 жылы өмірден өткен танымал жазушының «Things Fall Apart» романы 50-ден астам тілге аударылып, әлем халқына кеңінен тарайды. Сондай-ақ, бұл романды қазақ тіліне «Steppe&world» баспасы «Бәрі ыдырайды» деген атаумен аударған. Дәл осы роман жайлы мына жерден оқи аласыздар.

18 қараша Канадалық әйгілі жазушы, әдебиет сыншысы Маргарет Этвуд 87 жасқа толады. Бүгінде көзі тірі жазушы 1939 жылы 18 қарашада Канаданың Оттава қаласында дүниеге келген. Қазіргі таңда Маргарет Этвуд әлем әдебиетіндегі ең ықпалды тұлғалардың бірі болып саналады. Оның қоржынында әлемге танымал «Қызметшінің хикаясы» (The Handmaid's Tale), «Соқыр кісі өлтіруші» (The Blind Assassin), «Өсиеттер» (The Testaments), «Орикс пен Крейк» (Oryx and Crake) сынды шығармалары бар.
1985 жылы ағылшын тілінде жарық көрген «Қызметшінің хикаясы» шығармасы кейіннен жаһанның 40-тан астам тіліне аударылған. Дәл осы антиутопиялық стильде жазылған роман жазушыға әлемдік даңқ әкелгені белгілі. Тіпті аталмыш туындының желісі бойынша 1990 жылдары көпке танымал «Қызметшінің хикаясы» телехикаясы да түсірілген екен. Ал 2000 жылы жарық көрген «Соқыр кісі өлтіруші» (The Blind Assassin) атты еңбегінде автор отбасылық құпиялар мен тарихи оқиғаларды шебер тоғыстыра білген. Жазушы бұл романы үшін алғаш рет Букер сыйлығын иеленеді. Кейіннен 2019 жылы «Қызметшінің хикаясы» романының жалғасы ретінде жазылған «Өсиеттер» (The Testaments) еңбегі оған екінші мәрте Букер сыйлығын сыйлайды. 87 жасқа қадам басқан жазушы бүгінде әдебиет әлемінде жаңа қарқынмен еңбек етуде. Мысалы, 2025 жылдың соңында жазушы «Book of Lives» атты естелік кітабын жарыққа шығарса, биыл 2026 жылы балаларға арналған «For the Birds» еңбегін көпшілікке ұсынған. Сонымен қатар, авторға екінші мәрте Букер сыйлығын сыйлаған «Өсиеттер» романының желісі бойынша түсірілген жаңа телехикаяның тұсауы да жақында кесіліп, көрерменге жол тартқан.

2026 жылы 19 қарашада белгілі америкалық ақын Шэрон Олдс (Sharon Olds) 84 жасқа толады. Ол 1942 жылы 19 қарашада АҚШ-тың Калифорния штатына қарасты Сан-Франциско қаласында дүниеге келген. Ұзақ жылдар Нью-Йорк университетіндегі шығармашылық жазу шеберлігінен сабақ берген Шэрон Олдс – қазіргі заманғы америкалық поэзияның ең көрнекті өкілдерінің бірі. Қаламгер «конфессионалдық поэзия» (ағылш. confessional poetry) бағытында жазатын қаламгерлер қатарында. Ол өз өлеңдерінде отбасылық қарым-қатынас, махаббат, адам жанының терең күйзелістері мен жеке өмір тәжірибесін ашық әрі батыл бейнелейді. Тұңғыш кітабы 1980 жылы «Satan Says» атауымен жарық көрген. Ақынға ең алғашқы танымалдылықты дәл осы еңбегі әкеледі. Аталмыш жинағы үшін Сан-Франциско поэзия орталығының сыйлығын иеленді. Ал 1984 жылы «The Dead and the Living» атты жинағы үшін Ұлттық кітап сыншылары үйірмесінің сыйлығын алады. 2012 жылы жарияланған «Stag’s Leap» еңбегі авторға Элиот сыйлығын және 2013 жылы әдебиет саласындағы ең беделді марапат – Пулитцер сыйлығын сыйлады. Автор шығармалары әлемнің онға жуық тіліне аударылған екен.

20 қараша – Надин Гордимердің туғанына 103 жыл. Ол – әлемге әйгілі оңтүстік африкалық жазушы, әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты атанған қаламгер еді. Надин Гордимер 1923 жылы 20 қарашада Оңтүстік Африканың Спрингс кеншілер қалашығында, еврей отбасында дүниеге келген. Әкесі Изидор Гордимер өз заманында атақты сағат шебері болған, ал анасы Нан Гордимер қоғамдық істермен айналысқан. Жазушы 2014 жылы 90-ға қараған шағында Йоханнесбург қаласында дүниеден өтті. Гордимердің қоржынында барлығы 14 роман, 11 әңгімелер жинағы және бірнеше публицистикалық еңбектері қалды. Уақыт өте оның шығармалары әлемнің 40-тан астам тіліне аударылып, автор ХХ ғасырдағы ең ықпалды қаламгерлердің біріне айналды. 1974 жылы жазушы «Табиғат қорғаушы» (The Conservationist) романы үшін беделді Букер сыйлығын алса, 1991 жылы «адамзатқа зор пайда әкелген ғаламат эпикалық туындылары үшін» әдебиет саласындағы бағасы жоғары Нобель марапатының иегері атанған. Көзі тірісінде Африка ұлттық конгресінің (ANC) мүшесі болған. Сондай-ақ ол Халықаралық ПЕН-клубтың вице-президенті және БҰҰ Даму бағдарламасының (UNDP) ізгі ниет елшісі қызметтерін де абыроймен атқарған.

Осы аптаны қорытындылайтын әлемдік мерейтой иесі – атақты ағылшын жазушысы Джордж Элиот. Биыл әйгілі қаламгердің туғанына 206 жыл толуда. 1819 жылы 22 қарашада Англияның Уорикшир графтығында дүниеге келген жазушы – Виктория дәуіріндегі ағылшын әдебиетінің көрнекті өкілі. Бір қызығы Джордж Элиот – оның лақап аты. Ол өзінің шығармаларын әу бастан осылай ер адамның атымен жариялай бастайды. Бұл әрекет сол дәуірдегі әйелдердің еңбегі дұрыс бағаланбай, нәзік жанды жазушылар үнемі тасада қалып кететіндіктен келген ой еді. Автор үстірт көзқарастан қашып, туындыларының әділ, орнымен бағалануы үшін осындай қадамға бел байлаған. Жазушының шын есімі – Мэри Энн Эванс. Ол өз шығармаларында психологиялық тереңдікке, адам болмысының күрделілігі мен ағылшын провинциясындағы қоғамдық өмір жайлы тақырыптарды кеңінен көтереді. Жеті тілді еркін меңгерген полиглот жазушының еңбектері әлемнің 30-ға жуық тіліне аударылған. Қаламгердің ең әйгілі шығармаларына «Мидлмарч» (Middlemarch), «Флосс жағасындағы диірмен» (The Mill on the Floss), «Сайлас Марнер» (Silas Marner) және «Адам Бид» (Adam Bede) романдары жатады.
