Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Айым Алтайқызы. Қарашығыңа қырау қатқан ба?...

01.11.2022 8726

Айым Алтайқызы. Қарашығыңа қырау қатқан ба? 16+

Айым Алтайқызы. Қарашығыңа қырау қатқан ба? - adebiportal.kz

Махаева Айым Алтайқызы 2001 жылы Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданында дүниеге келген. 2017-2021 жылдар аралығында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінде оқыды. Қазір Абай атындағы Қазақ Ұлттық университетінің магистранты. Поэзия, проза жазумен бала кезінен айналысады. 2020 жылы «Шабыт» қаламгерлер клубы ұйымдастырған «Жас қаламгер» сайысында 2-орын иеленді. 2022 жылы «Алтын сақа» балалар шығармашылығына арналған әдеби  байқаудың лауреты атанды. Бүгінде,  жас автордың заманауи ертегілері көптеген басылымдарда жарық көріп жүр. 

***

Кеудемде қара бұлт ұлғайып, 

Ренжісем кетеді тынышым. 

Мардымсыз нәрсеге мұңайып, 

Асау боп кетеміз кім үшін?

 

Сындырып қайтеміз көңілдің,

Қайтадан құралмас шынысын.

Онсыз да қып-қысқа өмірдің

Не істейміз анықтап дұрысын? 

 

Қара жер қойнына енгенше, 

Өкпе-наз дегенің құрысын. 

Сен маған қырсыға бергенше

Одан да өлмейтін жыр ұсын.

 

Жыр ұсын, шадыман күйдегі.

Шумақ боп ашылсын тынысым. 

Бір күндік дау үшін үйдегі 

Қырық күн кемиді ырысың. 

 

Жүрейік жүректі жылытып,

Мәнсіздеу майдан көп қоғамда. 

Сен маған өкпеңді ұмытып,

Жыр оқып берсеңші одан да…

 

Бесік-өлең

Тербетші тағы мені  бесік өлең,

Есімді жиғызбашы есінеген. 

Әлемнің қабағына кірбің түсті, 

Жалмауыз жүректердің кесірінен…

 

Соғыстың себебі не, шешімі не?

Сығалап босқындар жүр есігімнен.

Адамзатты шаршадым аяудан да, 

Адамзатты шаршадым кешіруден.

 

Жақсылыққа сенер ем, мүлгіпті үміт.

Жас тамады көздерден сырғып тұрып. 

Дертінен кеше айыққан дүниені

Қайтадан  қойғанын-ай дүрліктіріп 

 

Бейбіт күннің құлазып көші неден? 

Құрбан боп жүр қанша ер есіл ерен.

Ғалам бүгін тып-тыныш ұйықтап алсын,

Тербетші бізді өзің бесік өлең…

 

***

 

Қарашығыңа қырау қатқан ба?

Көзіңнен көрдім сынық мұң. 

Үйренгенсің-ау сыр ақтармауға 

Дидарың солғын, суық тым. 

Қабағыңнан да күз кетпейді екен,

Жадырап неге күлмейсің? 

Жалғыздығымнан жаурадым десең. 

Келеді сені жылытқым.

 

Жасырын жылап қалатын сәтте

Келеді сені жұбатқым. 

Сезімім менің мұз жүрегіңнен 

мың есе бәлкім қуатты? 

Жалын боп құшып, кеудеңді қысып,

Келеді тағы жібіткім

Сең болған сендік сірескен жанды

Жібітетін мен шуақпын.

 

Болғым келеді сен ұнататын,

Сүйікті мезгіл, сүйікті үн.

Келеді сенің көңіліңдегі 

Қалың тұманды сейілткім.

Келеді сені оятып алғым,

Жаман түсіңнен үрейлі, 

Ұйқың қашқанда әлди боп әсем 

келеді сені ұйытқым.

 

Кірпіктеріңе қонған қылаудан 

Келеді тіпті қызғанғым,

Қасыңда сенің болғым келеді,

Ыза төксең де ызғарлым.

Жалынмменен, жарығымменен 

Жылытсам деймін және де,

Ерітсем деймін елжіреп сүйіп,

Қабағыңдағы мұз-қарды .

 

***

 

Сен қуансаң мен де көркем күй кешем,

Құлазимын сен күрсініп, күйресең.

Ренжісем де кешіре алам күттірмей 

Айтшы, солай жасар ма едім сүймесем? 

 

Бал-бұл жайнап жүрем қабақ түймесең.

Бұлданам да сөзбен қағып түйресең,

Бұл ғаламға сыймай кетем сен жоқта 

Айтшы, солай болар ма еді сүймесем?

 

Сүю үшін тазалыққа талпындың, 

Мінез таптың менікімен үйлесер.

Тірлігіме тамшы қостың тартымды,

Айтшы, солай жасар ма едің сүймесең?

 

*** 

 

Сәжде бұлттан сыр саулап тұрған кезде,

Іркілген інжу жасқа жылғам лезде.

Жаңбыр мен жас жанарды жуған кезде,

Қайда болдың?

 

Қызыл шұға көкжиекке ілінгенде,

Іңірде іңкәр сезім білінгенде.

Аспанға жұлдыз түйме тігілгенде,

Қайда болдың?

 

Айға ілесеп шаһар шам жаққан кезде,

Үйірін тастап үркер аққан кезде,

Сағыныштың уын жалғыз татқан кезде

Қайда болдың?

 

Мезгілдер алмасқанда кезекпенен,

Сұр жолдар сапарларда мезі еткенде,

Діріл қаққан мөп-мөлдір мезеттерде,

Қайда болдың?

 

Күз көңілім көктем боп бүрлегенде,

Суалған бағым қайта гүлдегенде,

Оранғанда үлде мен бүлделерге,

Пайда болдың...

 

***

 

Қолшатырлар да жаурайтын шығар,

Жаурайтын шығар кім білген?

Жаңбыр да бекер жаумайтын шығар,

Сәт бар ма мәңгі күн күлген?

Жарқыраудан ай шаршайтын шығар,

Жұлдыздардан да жалығып,

Даланы гүлдераңсайтын шығар,

Солады-аусоған жабығып.

Қарлығып даусы, жүдеген шығар,

Айта алмай әнін бұлбұл да,

Түңіліп талай түлеген шығар,

Адам да мынауғұмырда…

Құлатсабүгін дүлей құм, құйын,

Шомарсың ертең әз нұрға.

Сезіне алмасаң біреудің күйін,

Ешкімді күнім жазғырма…

 

***

 

Естимісің құстар әнін ырғақты?

Байқадың ба мың бояулы гүл бақты?

Маған өмір осылармен әдемі,

Маған өмір осылармен қымбатты.

 

Көрдің бе сен қырау шалған қыр басын,

Аспанды ше? Ай тағынған сырғасын.

Маған ғалам сонысымен әдемі,

Сонысымен мағыналы бұл ғасыр.

 

Байқадың ба зулап өткен ұшақты?

Біреу ұстап бара жатыр құшақ гүл.

Көрегендік керегі жоқ адамға,

Байқау үшін бақыт сыйлар ұсақты.

 

Көрген сайын, қара бұлтты, ақ қарды,

Көрген сайын қол ұстасқан қарттарды,

Көрген сайын жанарларды мөп-мөлдір,

Шексіз сүйіп кетем осы шақтарды.

 

Болсын мейлі бір күн кермек, бір тәтті

Бола берсін бірде жұмсақ, бір қатты.

Маған өмір сонысымен әдемі,

Маған өмір сонысымен қымбатты…

 

Аруды сүю

Сүйсіну бөлек, сүюдің жөні бір басқа, 

Жүректің ортақ жалыны керек жымдасқан.

Көзбен қарасаң арудың бәрі сүйкімді

Сүйікті бірақ бір ару жаның сырласқан.

 

Соқыр жүрекке сұлу көрінер сағым да,

Сырын білмесең сарсаңға босқа салынба,

Сүю дегенің серуен ғана емес қой,

Серік болатын тек албырт жастық шағыңда. 

 

Сезіне алады шын ғашықтықтың күйін кім? 

Аруды сүю шешілмей тұрған түйін мың 

Көрісу менен, өбісу менен бітпейді ол 

Адалдық деген алғышарты бар сүюдің

 

Аруды сүю емес қой күнде гүл беру,

Қарбалас күні көңілді бөліп үлгеру,

Аруды сүю ғаламды сүю негізі, 

Аруды сүю ғұмырдан мынау нұр көру. 

 

Дүниенің барша зілі бар соның жасында,

Әлсіз болуға хақың жоқ оның қасында.

Арудың сүйсең арың да болсын кіршіксіз

Ару да сүйсе бағым бар деп біл басыңда.

 

Жіберме сүйсең, салқындық самал ессе де,

Жанынан табыл тағдырдың бұлты көшсе де

Қорған бол, қолда, қолпашта, қуант, қадірле!

Еріннен далаб, өмірден бояу өшсе де…

 

***

 

Биыл күз ерекше ме бұрынғыдан?

Аумай тұр тылсым сиқыр туындыдан.

Сырды ұғып қоя бердім сенікіндей,

Мұңынан жапырақтың мың құбылған. 

 

Бақтар тұр мүлгіп жандай жыр тыңдаған.

Биыл күз әдемі ме былтырғыдан?

Күз емес біздің жастық жарасымды, 

Әсер етіп жатыр ау мүмкін маған!?

 

Бүгін күз көркемдеу ме кешегіден?

Алтынмен көмкерілген көше-кілем

Жел жетектеп барады жапырақты,

“Бір, екі”… жаңылдырып есебінен.

 

Зілсіз аспан аясын сая қыла,

Күн де жылжып барады баянына.

Сен маған мәңгі көктем сыйладың ба? 

Әлде, күз әсемдеу ме баяғыдан?

 

*** 

 

- «Қалайсың?» де,

Мен "Жақсы" дей саламын.

Бақыттан безіп кетті бейшара мұң

«Бәрі жақсы» өзің кеп күйімді көр

Жауабына сенбесең бейсананың.

 

- «Қайдасың?» де,

- Бір ғажап мекендемін.

Ғажабым да бір азап екен менің,

Сағынғанда бір өлең жазбағанда,

Сағым мұңға айналып кетер ме едім?!

 

-«Не жаңалық?»  деп сұра, тыныш бәрі,

Несібемді ұрттап жүрмін уыстағы

Өзің жайлы ой да ұмыт, бәлкім содан

Өмірдің сүріп жүрмін дұрыстауын.

 

Сен қысылма, бәрін сұра суыртпақтап,

Ал, сезім бұрынғыдан суып қапты,ә?

Бәрін айтам, тек қана сыр ашпаймын

Үкілеп кеп тұрсаң да үмітті аппақ.

«Қалайсың?» де, мен «жақсы» дей саламын,

 Жауапсыз қалып жатса кей сауалың, 

  Кеуіп кеткен көңілдің құтысына 

  Сағыныштың толтырып құй шарабын.

  Соңғы рет мас болайық…


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар