Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Академик Қаныш Сәтбаевтың толық шығармалар жинағын...

22.04.2025 694

Академик Қаныш Сәтбаевтың толық шығармалар жинағының тұсаукесері өтті

Академик Қаныш Сәтбаевтың толық шығармалар жинағының тұсаукесері өтті - adebiportal.kz

Қаныш Сәтбаев – қазақ халқының маңдайының бағына біткен біртуар тұлға. Осы бір ерекше дарынды тұлғаның саналы ғұмырында атқарған іс-қызметінің сан салалығы соншама, бір немесе бірнеше ғылымның немесе өнердің айналасында, ауқымында ғана қарастыруға мүмкін емес. Әлемге әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаев еңбектерінің 10 томдығы әзірленіп, тұсауы кесілді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында Қаныш Сәтбаев еңбектерінің он томдығы шығуына арнап өткен тұсаукесердің мән-маңызын осы іс-шараға атқарушы, заң шығарушы билік органдары басшыларының арнайы құттықтау хаттарын жолдауы арттыра түскені сөзсіз. 

Тұсаукесердің тізгінін ұстаған «Халықаралық Сәтбаев қорының» қамқоршылар кеңесінің төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҰҒА академигі Алтынбек Нухұлы іс-шараны ашып кіріспе сөз сөйледі: «Құрметті іс-шараға қатысушылар! Академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев есімі мемлекет тарихында алтын әріппен жазылған ұлттың ұлы перзенті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өткен жылы Қаныш Сәтбаевтың мерейлі жүз жиырма бес жылдығына байланысты Қаныш Имантайұлы – халқымыздың біртуар перзенті. Еліміз әлі күнге дейін оның ғылыми жаңалықтарының игілігін көріп отыр. Әйгілі ғалымның мерейтойын жоғарғы деңгейде атап өту маңызды», - деген болатын.

Ұлт мақтанышына лайық құрмет көрсету және орасан зор еңбегін кеңінен насихаттау үшін үкімет деңгейінде жалпы республикалық жоспар қабылданып, жүз жиырма бес жылдық мерейтойы өте жоғары, мемлекеттік дәрежеде аталып өтті. Бүгінгі іс-шарамыз сол жоспардың соңғы орындалып жатқан пункттерінің бірі болып табылады. Қазақ елінің қазына байлығының көзін ашушы, Қазақстан Ғылым Академиясының негізін қалаушы, әрі тұңғыш президенті, алғашқы академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың толық шығармаларынан құралған он томдық жинағының Сенат бастамасымен өтіп жатқан салтанатты тұсаукесеріне қадірлі қауым қош келіпсіздер!»

10 мың дана таралыммен жарық көрген жинақ «Атамұра» баспасынан жарық көрген екен. Алғашқы данасы ҚР Президентіне жолданған жинақ томдықтары еліміздің ғылыми мекемелеріне, жоғары оқу орындарына, жарық көруіне және 20 басты қалалардың облыстық кітапханаларына үлестірілумен қатар, цифрлық нұсқасы электрондық кітапханалар мен ашық ғылыми платформаларға жүктеліп жатқандығын атап өткен модератор бұл еңбектің жарық көруіне қолдау білдірген  ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және жинақтың бас редакторы, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің ректоры Мейрам Бегентаев және істің басы-қасында жүрген Теміртай Ізбастин мырзаларға алғыс-ризашылығын білдірді. 

Ғылым және жоғары білім министрлігінен қолдау тауып, «Халықаралық Сәтбаев қорының» атсалысуымен және Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің басшылығымен жүзеге асып отырған бұл толымды еңбектің тұсаукесерінде ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын ҚР Парламенті Сенатының орынбасары Жақып Асанов оқып берді: «Сіздерді көрнекті ғалым, академик, қазақ ғылымының атасы Қаныш Сәтбаевтың еңбектерінен құралған 10 томдық жинақтың жарық көруімен шын жүректен құттықтаймын!

Ұлт тарихында ерекше орны бар қайраткерлердің мұрасын жан-жақты дәріптеу-жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайтатын маңызды қадам. Осы тұрғыдан келгенде, ғалымның монографиялары мен зерттеулерін және мақалалары мен баяндамаларын жүйелеп, кешенді еңбек ретінде басып шығару қолдауға лайық бастама.

Қаныш Сәтбаев кең байтақ даламызда тың зерттеулер жүргізіп, бұл бағытта еселі еңбек етті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, еліміз әлі күнге дейін Сәтбаев ашқан ғылыми жаңалықтардың игілігін көріп отыр. Сондықтан есімі ел тарихына алтын әріппен жазылған академиктің өсиеті мен өнегелі өмірін ұлт санасында жаңғыртып, насихаттау баршамыздың азаматтық парызымыз.

Осы ретте аталған іргелі іске ұйытқы болған және маңызды жобаны жүзеге асыруға атсалысқан барша белсенді азаматқа алғысымызды білдіреміз. Алдағы уақытта бұл 10 томдық еңбек ұлттық ғылым мен руханиятты дамытуға тың серпін беретін құнды қазынаға айналады деп сенеміз.

Өмірін ұлт мұратына арнаған тұлғаның есімі ұлықталып, елдік мүддені көздейтін осындай игі бастамалар сәтті іске асырыла берсін!»

ҚР Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев мырза өз сөзінде: "ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен келіп отырмын. Негізгі мақсат – осы игілікті шараға қатысып үн қосу, сонымен бірге ел басшылығының осы іске тілектестігін білдіру. Сөзімнің басында ең алдымен ғылымға қатысы бар әрбір азаматты кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын!» - дей келе мемлекет тарапынан ғылымға көңіл бөлініп отырғанын, ғалымдарға кенде ел емес екенімізді және осыған орай сан мен сапаны да ескеру қажеттігіне тоқталды. Қазақ ғылымы дегенде Қаныш Имантайұлы еске оралатындығын, ол есім емес, қазақтың ұлттық бренді екендігін баса айтып өтті. 

ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтау хатын Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев оқып берді: «Құрметті зиялы қауым!

Сіздерді қазақ ғылымының көрнекті тұлғасы, әйгілі академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 10 томдық шығармаларының жарық көруімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл – еліміздің мәдени-интеллектуалдық, кеңістігіндегі елеулі оқиға. Қаныш Сәтбаев Қазақстанның сапалы индустриалды, ғылыми, интеллектуалды елге айналуына зор үлес қосқан даңқты ғалым, қайраткер тұлға. Ол еліміздегі ғылыми-техникалық дамудың көшбасшысы, қазақтық тұңғыш академигі болды. Әсіресе, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының негізін қалап, геологиялық зерттеулердің дамуына ерекше еңбек сіңірді. Оның тікелей басшылығымен елімізде ірі мыс және марганец кендерін өндіру жұмыстары басталды.

Сонымен бірге, Кеңес Одағы мен Қазақстанның металлогения мектебінің негізін қалады. Академик Қаныш Сәтбаевтың қалыптастырған ғылыми мектебі мен геологиялық барлау жұмыстары жалғасын тауып, үздіксіз жемісін беріп келеді.

Сондай-ақ, ол ғұлама ғалым, зерделі зерттеуші ретінде артына мол ғылыми мұра қалдырды. Соның бір көрінісі – бүгін тұсауы кесілгелі отырған 10 томдық шығармалар топтамасы. Бұл қазақ ғылымын жаңа белеске көтеріп, ұлтымыздың интеллектуалдық өресін өсірген іргелі еңбек деп білемін.

Осы игілікті іске ұйытқы болған бастамашыл топқа алыс айта отырып, рухани қазынамызды байытып жатқан осынау айшықты жаңалық құтты болсын дегім келеді. Кітаптардың оқырманы көп, жолы ашық болсын!»

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің құттықтау хатын ҚР Үкіметінің Парламенттегі өкілі Ерік Аманшаев оқып берді: «Ұлт мақтанышы, аса көрнекті тұлға Қ.Сәтбаевтың 10 томдық шығармалар жинағының тұсаукесер рәсімінің қатысушылары мен қонақтарына!

Ұлт ғылымының негізін қалаушы заңғар тұлға, халқымыздың ұлы перзенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 10 томдық шығармалар жинағының жарыққа шығуы бұл сөзсіз, бүкіл қазақ қоғамы үшін рухани маңызы зор елеулі оқиға. Осы игілікті істі ұйымдастыруға мұрындық болған еліміздің ағартушы-ғалымдарын, барша зиялы қауым өкілдерін айтулы шараның өтуімен шын жүректен құттықтай отырып, шынайы ризашылығымды білдіремін.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ғұлама ғалымның есімін ұлықтау мақсатында ауқымды іс-шаралар өткізілуде. Президентіміз академик Қаныш Имантайұлын қазіргі қазақ ғылымының атасы деп бағалап, еліміз Сәтбаев салған сара жолды жалғастыруы қажет екенін айтты. Бұл орайда Ұлттық ғылым академиясына жаңа мәртебе беріліп, ғылымды қаржыландыру 3,5 есеге ұлғайды. Жас ғалымдарды әлеуметтік тұрғыдан қолдау күшейтілді. Отандық ғылымның әлеуетін арттыруға бағытталған жүйелі шаралар одан әрі де жалғасын табатын болады.

Қазақта «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген қанатты сөз бар. Қаныш Сәтбаевтың шығармашылық дәуірі мен мол мұрасы халқының тағдырымен бірге жасай бермек. Өткенді үлгі тұтып, тарихтан тағылым алу мақсатында өтіп жатқан бүгінгі ізгілікті іс-шараны ұлт перзентінің рухына көрсетілген риясыз құрмет әрі шынайы тағзым деп білемін.

Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге толайым табыс тілеймін!»

Ерік Аманшаев мырза өз сөзінде Академик деген, жалпы қазақ ғылыми интеллигенциясы деген ұғымды шырқау биікке көтерген тұлғалардың бірі. Кезінде академик Сәтбаев, академик Марғұлан, академик Қабдолов деген кезде осы екі ұғымның өзі біреуі адамның атауы, біреу ғылымның атауы болып, бір-бірін үйлестіріп, мағынасын толықтырып, тіпті кеңейтіп тұратын еді деп атап өтті.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына орай өткізілген сан ондаған іс-шаралардың ішіндегі ең шоқтығы биігі, түйіні он томдық шығармалар жинағы екендігіне баса тоқталып өтті: «Бұл жинақ тек академиялық еңбек емес, жас ұрпаққа, жас ғалымдарымызға ұлы ғалымның ғылыми дүниетанымын түсіндіретін маңызды нәрсе. ...Біз Сәтбаев еңбектерін алда да насихаттауды, зерттеуді қолдай беретін боламыз. Біріншіден Президенттің тікелей қолдауымен Қаныш Имантайұлы өзі құрып кеткен Ұлттық Ғылым академиясы жалғасын тапты, сабақтастықты үзген жоқпыз.  

«Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы» іспетті, Қаныш атамыздың өндіріс пен қолданбалы практикамен ұштастыру арқылы Қазақстан экономикасының салаларына нақты үлес қосатын бағытқа алып шықпақпыз», - деп сенім білдірді. 

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов өз сөзінде Қаныш Сәтбаевтың сан түрлі ғылымдағы еңбегі «әлемнің екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр әл-Фарабиге ұқсайтынын тілге тиек етті: «Қаныш Сәтбаевтай ерекше дарынды, ғұлама ғалым, орасан көреген, алып тұлғаны Алланың қазаққа берген ғажайып сыйы демей не дерсің.

Сәтбаев білімі, ғибраты, сарқылмас асыл мұрасы, қажымас қайраткерлікке толы ізденісі мен өркениет өріне өрмелеген еңбегі халық игілігіне тек мерейтой тұсында ғана емес, үнемі, үздіксіз нұр шашып, тұрмысымызға  нәр беріп, қуат беріп тұрған ел дамуының, өсуінің  өркенді тірегі.

Қаныш Сәтбаевтың  байтақ даламызды, туған жерімізді, оның табиғатын, ырысқа толы қазынасын зерттеудегі еңбегін зерттеудің өзі телегей теңіз керемет екені де әлдеқашан бағаланған, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан ұлы құбылыс.

Ғұламаның еңбектерін оқу арқылы жаңа ұрпақ жас толқын өседі, өркендейді. Осы білімі арқылы да өз жолдарын табады, өз дәуірінің жаңалықтарын ашады.

10 томның әр томында тек өткен дәуір, жылдардың  көріністері ғана емес, бүгіннің, болашақтың әңгімелері, бағыт бағдары сарапталған, болжанған, айшықталған. Сарқылмас қазына дейтініміз де сондықтан.

...Әр томдағы сан салалы бағыттардағы ғалымның сөздері, зерттеулері, мақалалары, ұсыныстары, пікірлері оқыған адамның кеудесіне жігер беріп, санасын ашатыны Фараби тектес көп жақты кемеңгерлігін көрсетеді.

Қазақтың тарихы, тілі, өнері, әдебиеті, мәдениеті туралы ой толғаулары жинақталғаны да қуанарлық жағдай.

Қысқасы, бұл 10 том үлкен энциклопедиялық рухани байлығымыз, ұлттық асыл қазынамыз. Жаныңды жадырататын осындай жаңалық құтты болсын!»

Белгілі ғалым, қоғам қайраткері Жақсыбек Күлекеев өз сөзінде академик Қаныш Сәтбаевтың отандық ғылым, білім, мәдениет, өнеркәсіпті дамытуға қосқан зор үлесіне, бастан кешкен қиыншылықтарына тоқталды: «Қазақтың талантты ұлы Қаныш Имантайұлының есімі қашанда құрметпен аталады. Оның қазақ елінің болашағы жолында атқарған ұланғайыр еңбегі, артында қалдырған таусылмас рухани мол мұрасы ұрпақтан ұрпаққа өнеге болып жалғаса берері даусыз. Осындай біртуар тұлғаның 10 томдық шығармалар жинағы қалың оқырманға ұсынылып отыр. Бұл – ғұлама ғалымның өнегелі жолына еліктеп, рухани мол мұраларын зерттеп, зерделеп жүрген барлық саналы азамат үшін үлкен тарихи оқиға. Сәтбаевтың өмірі мен ғылыми және шығармашылық қызметі қажырлы еңбек, толассыз ізденіс пен жанқиярлық зерттеулердің арқасында алға қойған ұлы мақсатқа жетудің өнегелі үлгісі дер едім. Халқымыздың кесіп айтқан бір сөзі бар: «Асқар тау алыстаған сайын айқын көріне түседі». Содан да болар, халқымыздың осы аяулы перзентінің тұлғалық келбетін құрметтеп, адамзат өркениетіне қосқан үлесін ұлықтау уақыт өткен сайын жаңа мазмұнға ие болуда. Бұл – өте қуанарлық жағдай. 

«Ұлы тұлғаның өмір жолы даңғыл» деп айтуға болмайды. Қызыл империяның құрсауында жүрген кезеңде халқымыздың көптеген бетке ұстар азаматтары қуғын-сүргінге ұшырап, өмірлерін трагедиямен аяқтағанын жақсы білеміз. Қаныш Сәтбаев та осындай қудалаудан зардап шекті. 1950 жылдары Ермахан Бекмахановтың «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» деген еңбегінің «Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісі» тарауы үшін бүкіл Ұлттық академияның бетке ұстар академиктері қуғынға түсті. Ермахан Бекмаханов 25 жылға сотталды, ал редакция алқасының мүшелері Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Ахмет Жұбанов, Есмағамбет Ысмайылов және тағы басқалар неше түрлі қуғындауға ұшырады. Сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов оларға көмектесуге дәрменсіз болды. Кітаптың бас редакторы, беделді ғалым, коммунист, Лениннің әріптесі болған А́нна Михайловна Панкратованың араша түсуінің арқасында ғана аталған азаматтар түрмеден аман қалады. Әрине, бұл жағдай аталған азаматтардың бәрінің жүректерін жаралағаны анық, бірақ соған қармастан жаладан құтылған соң Қаныш Сәтбаев бұрынғысынан да зор қарқынмен еңбек етіп, еліміздің ғылымы мен өндірісін дамытуға орасан зор үлес қосты.

Енді бір жағдайға сіздердің назарларыңызды аударғым келеді. Бүгін таныстырылымы өтіп жатқан он томдыққа Қаныш Сәтбаев жас кезінде жазып шыққан “Алгебра” оқулығы еніпті. Жалпы өз өмірінде 640 ғылыми еңбек жазған Қаныш Имантайұлының ең алғашқы туындысы болып табылатын бұл кітаптың қолжазбасы 1642 беттен тұрады. Осыған байланысты өзім куә болған жайтты айта кетсем деймін. Бұл 2004 жылы болған оқиға еді. Маған бір күні барлығымызға сыйлы, ақын және қайраткер Кәкімбек Салықов ағамыз келді. Қолында папкаға салып алған қолжазбасы бар. Әңгімелесе келе ол қолжазбаны Қаныш Сәтбаевтың дайындағанын, осы кітапты шығаруға қолдау таба алмай жүргенін айтты. Мен қолжазбаны сұрап алып, еліміздің ең мықты математигі Мұхтарбай Өтелбаев ағамды шақырып, сол азаматқа жақсы математиктерден редакция алқасын құрып, кітапты баспаға дайындауын тапсырдым. Ол азамат бұл тапсырмаға үлкен жауапкершілікпен қарап, кітапты баспаға әзірледі. Артынша бұл еңбек баспадан шықты. Аталмыш оқулық Қаныш Имантайұлының студент кезінде жүріп, өскелең қазақ балаларының болашағы үшін жазған алғашқы кітабы еді. Сондықтан да жап-жас Қаныш Сәтбаевтың математиканың алғашқы категориялық аппаратының қалыптасуына өз үлесін қосқанын біз келешек жас ұрпаққа үлгі ете беруіміз керек.  

10 томнан тұратын жинақта Қаныш Сәтбаевтың тұлғалық келбетін, терең білімін, жан-жақтылығын, көрегендігін айқындай түсетін және әлі де құндылығын жоғалтпаған еңбектері жарияланып отыр. Бұл жинақ ЖОО мен ғылыми-зерттеу институттарының, жалпы барша саналы азаматтардың кітап сөресінен лайықты орын алатыны сөзсіз. Кітап редакциялық алқаның табанды еңбегінің арқасында іске асып отыр. Сондықтан осы істің басы-қасында болып, аянбай еңбек атқарған Мейрам Бегентаевқа, топтаманың сапалы дайындалып, жарық көруіне ерекше атсалысқан Алтынбек Нұхұлына ризашылығымды білдіріп, бүгінгі еңбектерінің жетістігімен құттықтағым келеді.»

Академик ғалым Алтынбек Нухұлы аталған он томдық жинағының І томына енген өзінің «Ұлт мақтанышы - Қаныш Сәтбаев» атты мақаласында ұлы тұлға Қаныш Сәтбаевтың ұлт руханиятына қосқан үлесі жайлы кең көлемде тоқталып өткен: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының: «...Қаныш Сәтбаев қазіргі қазақ ғылымының атасы» дегені ғұламаға берілген байыпты баға ғана емес, Шығыс елдерінен шыққан тұңғыш академиктің еліміздегі орны айрықша екендігін айшықтау болып табылады. 

...Бүгінгі Астана Елорда болуы керек  екендігін де 1948 жылы алғаш айтқан Қаныш Сәтбаев болатын. 

Шынында да соңына мәңгі өшпес бай қазына, баға жетпес мол мұра қалдырған ғұламаны – жүз жылда емес, мың жылда біртуар ұлы тұлғалар қатарына жатқызуға болады, яғни туған топырағымен қайта қауышқан әлемнің «екінші ұстазы» Әбу Насыр әл-Фараби мен жаһандық ауқымдағы ұлы ойшыл, дара да дана Абайдың жалғастары болып табылады. Заманауи озық ой айтып, құнды әдеби-ғылыми мол мұралар қалдырған, ұлт мәдениеті мен руханиятының кемелденуіне аса зор үлес қосқан ойшыл дана тұлғаларды ғұлама деп атаймыз. Қарға тамырлы қаймана қазақтың дәстүрлі ұғымында ғұламалар білім мен ғылымды терең игергенімен қатар, руханият бесігін тербей білетін жанашыр, ұлағаттылықтың ұстазы, кемелдіктің кемеңгер иелері болып келеді. Заңғар ғұламалардың есімдері тарих беттерінде алтын әріптермен апталып, ғасырмен шектелмей, Әл-Фараби бабасындай мыңжылдықтарға ұласады. Міне, осы тұрғыдан алғанда Қазақтың Қанышын халқымыздың біртуар ғұламасы деп айтуға әбден болады. 

«Қазақстан халқы, Қаныш Имантайұлы деген ғажайып тұлғаның қадіріне жете алмадыңдар. Қазақстан былай тұрсын, Советтер Одағы оны жете тани алмады. Бұл ғасырда лайықты бағасы берілмес. Бірақ есіңде тұт! ХХІ ғасыр – ҚАНЫШТЫҢ ҒАСЫРЫ болады» - деген екен өткен ғасырдың соңында  үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Кеңестер Одағында министр болған Е.П.Славский. Шынында да бүгінгі күні осы сөздердің көрегендігі де көрініс беріп жатыр. Әлем таныған Қазақтың Қанышының есімі шағын планетаға берілгендігі өз алдына бір бөлек, Қазақстан елдімекендерінде көтерілген еңселі ескерткіштер саны бойынша да ұлы Абайдан кейін екінші орында тұр. Халық арасында туған өңірлерін Абай Елі, Қаныш Елі деп атау да осы ғұламаларға тән. Қазақ елін әлемге танытқан ғұламалар жыл өткен сайын зорайып, жаңа қырынан жаңғыра беретін, мәңгі өлмес данышпандарға айналуы да заңдылық. 

«Әлемнің отыз алтыдан бір бөлігін бостандық сүйгіш қазақ халқы жайлап отыр. Қазақ деген сөздің өзінде еркіндік рухы атойлап тұр. Сол үшін де біздің халық талай ғасырды үздіксіз күреспен өткізді. Оның сана-сезімінде бұл сөз аса қасиетті әрі аса ұлы ұғым» - деп айтқан Қаныш Сәтбаевтың туған халқын қалай сүйетіндігі ғана емес, қазақ болып туғанын шексіз мақтан ететіндігі көзіқарақты әр азаматқа түсінікті деп ойлаймын. Осындай ұлағаты мол Қазақтың Қанышының ерен зор еңбектерін насихаттау, жалпы «Сәтбаевтану» ілімін нығайту жолында тәбәрік боларлық дүние жасап, ұлтына қалтқысыз қызмет еткен Қаныштай тарихи тұлғаны темірқазық етіп алсын деп ой тастау –  бүгінгі және болашақ ұрпақты тәлімді өмірбаянымен ұлағаттылық жолына бағдарласақ деген ниет қана емес, сонымен қатар мұны Халықаралық Сәтбаев қорының қоғамдық кеңесінің төрағасы ретіндегі мойнымдағы парызым деп те білемін. 

...Ұлы тарихи тұлғаның мерейтойы маңызды ғибрат алуға мүмкіндік береді. Оның баянды өмір жолы – қажырлы еңбек, төзімді табандылық және өз мақсаттарына жетудегі қайсарлықтың жарқын көрінісі болып табылады.  Ұлттық мүдде жолындағы жетістіктері көбіне күрделі жағдайларда, талмай ізденіс пен жанкешті еңбекқорлықтың нәтижесінде келген. Заңғар тұлға Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойын лайықты атап өту бүгінгі және болашақ ұрпақ үшін бірнеше маңызды мәнге ие. 

БІРІНШІДЕН, бұл ғұлама ғалымның еңбектерін дәріптеу арқылы жастар арасында ғылымға, білімге және руханият саласына деген қызығушылықты арттыру. ЕКІНШІДЕН, Сәтбаевтың Қазақ Елінің қарышты дамуына  қосқан орасан зор үлесі  еліміздің қазба байлығын тауып, табиғи ресурстарын халқының пайдасына жаратудағы баға жетпес рөлін ұғынуға мүмкіндік береді. ҮШІНШІДЕН, оның өмірі мен қызметі патриотизм, еңбекқорлық және азаматтық борыш сезімін оятады. ТӨРТІНШІДЕН, тұлғатану саласында біртуар тұлға ретінде жаңа серпіліске әкеледі. БЕСІНШІДЕН, ұлттық тәрбие мәселесінде өнеге тұтарлық қағидаттарды тудырады. Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өту, оның еңбектерін жаңғырту, жаңа буынға жетістіктерін жеткізу – тарихымызды түгендеп, мәдениетімізді әспеттеп, руханиятымызды күшейтуге  ықпал етеді.

Жыл басынан бері мерейтой шеңберінде ғылыми конференциялар, көрмелер, жалпы сансыз көп игілікті іс-шаралар республикамыздың түкпір-түкпірінде өткізіліп, ғылым мен білімге деген қызығушылықты арттырды. Жыл бойғы өткен іс-шаралар ғұламаның ғылыми жаңалықтарын дәріптеп, жас ғалымдарға шабыт берді деп ойлаймын. Бұл жаңа зерттеулер мен инновацияларға жол ашып, Сәтбаевтың табандылығы мен ізденіс жолы жалындаған жастарға жарқын үлгі болары сөзсіз. 

Мұндай мерейтойлар шетелдік ғалымдар мен туристердің қызығушылығын тудырып, Қазақстанның халықаралық деңгейде қосымша танылуына ықпал етеді деп сенеміз. Қорыта айтқанда, бұл мерейтойлық тойлау ұлттық бірегейлікті нығайтып, ғылым мен білімге қызығушылықты арттырады, сондай-ақ еліміздің мәдени және ғылыми мұрасын тереңірек насихаттайды.

Ұлы тұлғаның мерейтойы көп жағдайда тек мерекелік шаралармен шектелмеуі керек деп білемін. Мұндай мерейтойлардың негізгі мәні – сол тұлғаның қоғамға, ғылымға, мәдениетке қосқан үлесін қайта бағалау, оның ойлары мен еңбектерін жаңа қырынан тану, қазіргі заманға сай құндылықтарын ашуы тиіс. Бұл тұрғыда мерейтойды ой ойлау арқылы оның тереңдіктерін бойлай ашып, жаңа буынға мұрасын насихаттау аса маңызды.

Тұлғаларға қарап ел бой түзейді, ой қорытады. Сондықтан да өткенімізді өшірмей, ұлыларымызды ұлықтайтын ұлт қана өркендейтінін естен шығармай, жас ұрпақты өзінің ұлттық рухын көтеретін ақылман ғұламалардың өмірлік үлгісіндегі тәліммен тәрбиелесек деген ниет.

Қазақ елін әлемге танытқан ғұлама жыл өткен сайын зорайып, жаңа қырынан жаңғыра беретін, мәңгі өлмес тұлғаға айналды. ХХІ ғасыр – Қаныштың ғасыры болады деген сөздер ақиқатқа айналып келеді. Академик Қаныш Сәтбаев – әлемдік деңгейдегі тарихи тұғырдан орын алуы, ғылыми және рухани мұраларының жалпыадамзаттық маңызға ие болуымен байланысты, сонымен қатар бір ұлттың шеңберінен шығып, бүкіл адамзат өркениетінің биігіне көтерілген қайталанбас планетарлық деңгейдегі біртуар тарихи тұлға. «Планетарлық деңгейдегі» тұлға Қаныш Сәтбаевтың, аса көрнекті ғалым, заңғар ғұламалығымен қатар Қазақ Елі ғылымының  басты ұйымдастырушы екендігі – еліміздің даму тарихындағы баға жетпес еңбегінің бір бөлігі ғана. Жалпы алғанда, академик Қаныш Сәтбаев өмір бойы ұлттық мүдде тұрғысынан терең ойлап, ел дамуының экономикасы, өндірісі, ғылымы, мәдениеті, руханиятында бағасы өлшеусіз мол мұра қалдырғаны, Қазақ Елінің болашағы зор болсын деп жасаған ұшан-теңіз еңбегі – бірнеше кітаптар жазарлық дүние болып табылады. 

«Халықаралық Сәтбаев қорының» қамқоршылар кеңесінің төрағасы болып Елордадағы Қаныш Сәтбаев ескерткішінің Монументалды кешенінің тұжырымдамасын авторы ретінде әзірлеп, ескерткішті 2021 жылы тұрғыздық. Кешеннің тұжырымдамасын толығынан 2022-2023 жылдары іске асырып, академик Қаныш Сәтбаев алаңы Астанада пайда болды және тағзым етер құдіретті орынға айналып келеді. Еңселі зәулім ескерткіштің жанында гранитте таспаланған ақиық ақын Несіпбек Айтұлының "Қаныш" поэмасындағы үзінді Ұлт мақтанышының бүкіл болмысын ашып тұр:

Болмысы сүттен таза, нұрдан жарық,

Бақытты Сәтбаевты туған халық!

Атасы сол деп қазақ ғылымының,

Айтады сұрасаң да кімнен барып...

 

Тұратын жарқыратып алыстарды,

Үлгісі ұлылықтың Қаныш мәңгі!

Құдайға мың рақмет бере салған,

Қазаққа осындай бір данышпанды!..

 

Сәтбаев ғұмыр кешкен, міне, қандай,

Кім сірә, ғалам сырын біледі ондай?

Көз салып кең әлемге Елордадан,

Қарап тұр ескерткіші тірі адамдай!..»

Белгілі ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Ахметов өз сөзінде Қаныш Имантайұлының жарық көріп отырған 10 томдық толық жинағының рухани маңызына кең көлемде тоқталып өтті: «Астанадағы еліміздің рухани орталығына айналған Ұлттық Академиялық Кітапханада ұлтымыздың мәдени-тарихи жады мен санасын жаңғыртуға бағытталған халқымызға кеңінен танымал қаламгерлердің айтулы туындыларының таныстырылымы жүйелі түрде өтіп келеді. Олардың ішінен Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты жарыққа шығарған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы шығармаларының 5 томдық академиялық жинағы мен Мағжан Жұмабайұлының үш томдық академиялық жинағын, Сауытбек Абдрахмановтың «Бейбарысын», академик Дархан Қыдырәлінің «Мұстафасы» мен қазақ, орыс, қырғыз және әзербайжан тілдерінде жарық көрген «Тамыр» немесе «Тасқа жазылған тарихын», Қайрат Сәкидің «Шеркеш Мәмлүк сұлтандарын», академик Шерубай Құрманбайұлының «Алаш көсемі және ұлт тілі», «Абай тілі» сынды монографияларын, сондай-ақ жоба жетекшісі Жақсыбек Күлекеевтің жетекшілігімен ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясы жарыққа шығарған «Қазақстан ұлттық пантеоны» атты энциклопедиялық туындыны, сол сияқты жуырда ғана Астана төріндегі осы рухани орталықта тұсауы кесілген елімізге белгілі саясаткер-тұлға Қуаныш Сұлтанұлының «Қазақтың Қонаевы» және «30 жыл ой толғауында” атты мемуарлық туындыларын атап өту лазым.

Дәл осы тұрғыдан келгенде, әсіресе, ағымдағы жылдың 10 сәуірінде Ұлттық Академиялық Кітапхана төрінде қазақ ғылымының атасы атанған Қаныш Имантайұлының ғылыми мұрасына бағышталған іс-шараның   жөні  мен мәні ерекше. Өйткені, бұл іс-шараны ұлтымыздың ұлы тұлғасы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының негізін қалаған әрі екі дүркін президенті болған, КСРО ҒА-сының академигі, қазақ ғылымының қара нары Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 2024 жылы Үкімет деңгейінде қабылданған Жалпыреспубликалық жоспарға сәйкес,  күллі ел аумағында кеңінен аталып өткен 125 жылдық мерейтойының  шарықтау шегіне жеткен табиғи жалғасы болды десек, артық айтқандық емес. Өйткені бұлай деуге толық негіз бар.

Біріншіден,  бұл бірегей іс-шара, ұлы ғалымның 126 жылдық мерейтойының қарсаңында өтіп отыр. Екіншіден, ҚР Парламенті Сенаты бастамашы болған бұл іс-шара Президент әкімшілігі тарапынан үлкен қолдау тапты. Үшіншіден, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар және зиялы қауым өкілдері қатысқан  бұл іс-шарада Қаныш Имантайұлының атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің, Геология ғылымдары институтының ұжымы мен Халықаралық Қ.И.Сәтбаев қорының қатысуымен жарық көрген  ғұлама ғалымның 10 томдық ғылыми еңбектерінің тұсауы кесіліп қана қойған жоқ, сонымен қатар Қаныш Сәтбаев мұрасының 10000 данасы мен цифрлық нұсқасы күллі қазақ оқырмандарына, одан да нақтырақ айтқанда, ұлттық кітапханалармен қатар барлық аймақтардағы жоғары оқу орындарының кітапханаларына жол тартты. Бұл, әрине, қуанарлық дүние.

Осы орайда, жақсының жақсылығын айт нұры тасысын демекші, жоғарыда аталған Жалпыреспубликалық жоспардың авторы әрі сол жоспардың толық іске асуына ерекше үлес қосқан Халықаралық Қ.Сәтбаев қорының қамқоршылар кеңесінің төрағасы, Сенат депутаты, академик Алтынбек Нұхұлының, сондай-ақ кезінде  академик Әлкей Марғұланның ақыл-кеңесімен өмірінің 50 жылдан астам уақытын Қаныш Имантайұлының ғұмырнамасына арнап, іргелі роман-эссе жазған талантты қаламгер Медеу Сәрсекенің еңбегін ерекше атаған жөн. Өйткені біртуар жазушының ұлы ғалым Қаныш Сәтбаевтың өнегелі өмір жолын баяндаған роман-эссесі қазақ тілінде 12 мәрте, орысша – 5 рет және ағылшынша 1 рет, бас-аяғы жүздеген мың тиражбен жарық көріп, ғұлама ғалымды күллі әлемге танымал еткен  болатын. 

Қазақ ғылымының негізін қалаған Қаныш Имантайұлының қаламынан туған салиқалы жинақтың 1-томы Қазақстанның табиғи байлығы мен ғылымына арналса, 2-томы Үлкен Жезқазған кен байлығына, 3-томы Қазақстанның минералдық ресурстары мен қара металдарына, 4-томы еліміздің түсті металдарына, 5-томы ғалымның Қазақстандағы геологиялық зерттеулері мен металлогенияға, 6- және 7-томдары  1941-1951 және 1955-1963 жылдар аралығындағы Қазақстан ғылымына, 8-томы ғалымның әртүрлі басылымдарда жарық көрген ғылыми мақалалары мен баяндамаларына, 9-томы ғалымның публицистикалық және библиографиялық материалдарына, 10-томы ғалым жазған Алгебра оқулығына арналған. Бұл оқулықты жазуға Қаныш Имантайұлы 19 жасында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының арнайы тапсырмасымен кірісіп, 6 жылда толық аяқтаған. 

Осы орайда әңгіме арқауы ғұлама ғалым Қаныш Имантайұлының артында қалған 10 томдық ғылыми мұрасы жайлы болып отырғандықтан, сөз соңын түркі халықтарының ортақ ойшылы әрі кемеңгер ақыны Әлішер Науаи мен қазақ халқының ұлы ақыны әрі жазба қазақ әдебиеті мен қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы Абай абыздың нақылға айналған сөздерімен тұйықтауды жөн көрдік. 

Әлішер Науаи: «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына», - десе, ұлы Абай: «Өлді деуге сыя ма ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған», - деп ой түйіпті.

Ендеше, егемен еліміз мәңгі жасасын! Елімізбен бірге артына өлмес мұра қалдырған Қаныш сынды  ұлы тұлғамыз да бірге жасай берсін, ағайын!»

Осылайша ұлы ғалымның он томдық толық жинағы өзінің қалың оқырманына жол тартты.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар