Төбедегі суретке қарап, бұл тышқандар «Рататуй» мультфильмінің екінші бөліміне түсіп жүрген болар деп ойлап қалсаңыз, қателесесіз. Бұл – Швецияның Мальме қаласындағы тышқандарға арналған дүкендер мен кафелердің бірінің суреті. Иә, қате оқымадыңыз, «тышқандарға арналған дүкен мен кафе».
Мальмеде 2016 жылдан бері қала ғимараттарының іргетасына осындай шағын, өте сәнді кафе мен дүкен ашып, оның ішіне тышқандар тұтынатын түрлі астарды толтырып қою үрдіске айналған. Қазір Мальме қаласында бір кездері Еуропа жұрты үшін ең жиіркенішті әрі зиянкес жануар саналған тышқандарға арналған мұндай ғимараттар жетерлік. Қала тұрғындары белгісіз топтың бұл бастамасын жылы қабылдап, күн сайын босап қалған дүкен сөрелері мен кафе асханасын азық-түлікке толтырып қояды. Бұл, құдды бір, қиял ғажайып фильм я мультфильмдерде ғана болатын оқиға секілді көрінгенімен, Швеция халқының «ұсқынсыз, ауру таратушы, бір кездері Еуропа жұртының тең жартысын жойған «Қара өлімнің» негізгі себепшісіне» оң қарауы, санадағы үлкен өзгерісті, жаңа ғасырға өте қажет философияны паш етеді.

Эпидемия тасымалдаушы
Тышқан я егеуқұйрық десе болғаны, денеміз тітіркеніп, бір оғаш сезімді бастан кешіреміз. Неге екені белгісіз, осы кеміргішке қатысты көзқарасымыз теріс қалыптасқан. Діни әпсаналардан бастап (Нұх кемесін тесіп тастаған тышқандар), ежелгі мифтің бәрінде (ежелгі дәуірде егеуқұйрықты ашкөздіктің символы деп таныған) егеуқұйрықтар жағымсыз кейіпте көрініс тапқан. Бәлкім, адамдар ежелден бұл кеміргіштер түрлі ауруды тасымалдайтынын білген шығар. Мәселен, 90 миллионға жуық адам қаза тапты делінетін VII ғасырдағы Юстиниан обасын егеуқұйрықтар тасымалдады деген дерек бар. Жалпы, сол шақтағы Жер халқының 70 пайызының өмірін жалмаған аталған обадан кейін, әлбетте, кеміргіштерді жек көруі заңдылық.
Тарих бетінде кеміргіштер таратқан оба осымен ғана аяқталмады. XIV ғасырдағы Жер беті «Қара өлім» деп аталатын тағы бір зұлматпен бетпе-бет келді. 1338–1353 жылдар аралығында өршіген обадан жалпы 200 миллионға жуық адам көз жұмды. Бұл – сол шақтағы адамзаттың тең жартысы. Бұл, құдды бір, «Кек алушылар» фильміндегі Танос «шексіздіктер тасына» толған қолғабымен саусағын шырт еткізіп, ғаламдағы жаратылыс атаулының тең жартысын жойып жібергендей жағдай. Кеміргіштер зияны осымен біткен жоқ. Олар кейде үй ішіндегі тұрмыстық бұйымдарды, киім-кешекті бүлдіріп, азық-түлігімізді жеп кетеді. «Қорадағы етікті, тышқан тесіп кетіпті» деп келетін балаларға арналған әзіл-оспақ тақпақ та кеміргіштерге деген махаббаттан тумағаны анық. Қалай болмасын, кеміргіштерді қала тұрғындарының қатарына қосып, өміріміздің ажырамас бір бөлшегі ретінде қарау ақылға қонбайтын әрекет сияқты көрінеді.
«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп»
Бұл – қазақтың бас ақыны саналатын Абайдың өлеңінің бір жолы. Аталған өлең жолы – Модерн (XVI–XX ғасыр аралығын қамтиды) деп аталатын кезеңде ғұламалар көтерген гуманистік идеяның басты насихаты болған сөз. Өйткені дәл осы кезең – Еуропаның алпауыт елдері, Ресей империясы мен Жапон империясы жер бетіндегі барлық халықты отарлап, бөліске салып жатқан кез. Айталық, Батыстағы Ұлыбритания, Испания, Франция, Португалия империялары Оңтүстік және Солтүстік Американың байырғы халқын, Үндістан мен Африка құрлығын отарласа, Ресей Орталық Азия мен Шығыс Еуропаның бірен-саран елін, ал Жапония Қытай мен Корей халқын азаттығынан айырды. Отарлық бейбіт түрде орнамасы анық. Бірнеше ғасырға созылған отарлық салдарынан түрлі қақтығыстар орнап, ел азаттығы үшін күрескен батырлар қолына қару алып, басқыншыларға қарсы дүркін-дүркін көтеріліп тұрған. Мәселен, Ресей патшалығы тізесін батырып, отарлауын күшейткенде, қазақ жерінде халық 500-ге жуық көтеріліс жасап, бас көтерген. Тіпті арты қанды қырғынға ұласып, қаншама адам көз жұмған.
Сонымен, жоғарыда сөз еткен Модерн кезең ғылым мен білімнің, технологияның дамуымен ғана емес, сондай-ақ тарих бетінде алпауыт империялардың әлсіз халықтарды қанға бөктірген отарлау кезеңі ретінде қалып отыр. Ғылым аясы кеңейіп, Ұлы географиялық ашылулармен қатар, ат пен семсердің, найза мен жебенің күшіне сенген Ортағасырлық қарулардан да сұрапыл зеңбіректер, мылтықтар, бертін келе танкі, бомба, химиялық қарулар шықты. Модерн кезеңнің қарулары адамдарды жаппай қырып жіберетіндей құдіретті бола түсті. Қолына осындай қару ұстаған империялар, тиісінше, құдіретті адамға айналып шыға келді. Бір-біріне жау болып, адам қаны судай аққан шақта оқымыстылар мен ғұламалар тығырықтан шығарар гуманистік идеяны көтере бастады. Абай айтқан «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген тәмсіл философтар көтерген сол гуманистік идеяны дәл сипаттайды. Яғни қолына құдіретті қару ұстаған еуропалық адам мен Америка құрлығын мекен еткен үндіс, Африкада қоңыр тірлік кешкен нигериялық, Қыпшақ даласында атына еркін мініп жортқан қазақ, жалпы алғанда, жер бетіндегі барлық адам тең. Сондықтан бір-бірімізді бауыр көріп, бір-бірімізді сүймесек, әрі қарай да қан төгіле бермек. Әрі солай болды да. Жаппай қаруланған империялар әлем халқын отарлағанын қанағат қылмай, XX ғасырда бір-бірімен тіресе бастады. Осы текетірес кесірінен екі бірдей дүниежүзілік соғыс орнап, бас-аяғы 100 миллионнан астам адам көз жұмды. Бұл екі соғыс кезінде қаза болған адамдардың саны ғана. Ал, жалпы, отарлаушылар қолынан қаза болған халық санында есеп жоқ.
Жаңа қару – жаңа қатер
Екінші Дүниежүзілік соғыстың соңғы нүктесі АҚШ Жапонияның Хиросима және Нагасаки деп аталатын қос қаласына атом бомбасын тастаған соң қойылды. Бір ғана бомба қаланы тұтас қиратып, мыңдаған адамның өмірін жалмады. Тарихшылардың сөзінше, отарлық үдеген Модерн кезеңі осы бір оқиғамен аяқталып, адамзат тарихындағы жаңа кезең басталды. Енді адам баласы өз қолымен жасаған қару адамдарды ғана емес, тұтастай қалаларды, миллиондаған жаратылысты жойып жіберуге қауқарлы. Ендігі жерде қолына ядролық қару ұстаған мемлекеттер басшылығына қаныпезер, ессіз адамды қоюға болмайды. Өйткені адамзат Жер шарын, ондағы өмір сүрген барлық жаратылысты жойып жібере алатындай күшке ие. Иә, ядерлік қару қатерінен қорқып, қолдануға тыйым салғанымызбен, кейбір мемлекеттер мұны артықшылық көріп, пайдасына жаратқаннан еш қымсынып отырған жоқ. Тіпті жыл өткен сайын бұл қарудың жаңа, бұрынғыдан да ауқымды түрлерін шығарып, жаппай қаруланып алған елдер саны артып келеді.
Дегенмен бар мәселе тек қарумен бітпейді. Саны 8 миллиардтан асқан Жер беті тұрғындарына азық тауып беру мен энергиямен қамту мәселесі де ушығып, ормандар мен қазба байлықтар, жерасты суы мен өзен суларды шамадан тыс пайдаланғаны салдарынан планетамыз үлкен катастрофа алдында тұр. Енді адамзат көлдерді суалтып (Арал теңізі), ормандарды түгел отап тастайтын дәрежеге жетті. Кейінгі 50 жылда өндірістің артқаны сонша – адамзат Жер бетіндегі жаратылыс атаулының тең жартысын жойып жіберген. Жер жаратылған 4,5 миллиард жыл ішінде құрлық келбетін мұншалықты өзгерткен түр болған емес. Адам баласы Жердің қожасына айналып қана қоймай, алты құрлық, төрт мұхиттың бас жауына айналып үлгерді. Ендігі жерде «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген тәмсіл жарамайды. Өйткені біз адам адамды ғана өлтіретін, адамға ғана әмірін жүргізе алатын қарудан да үлкен, Жер шарын тұтас жойып жіберетін қарулар мен өндірісті ойлап таптық. Жер мен көкте біздің зиянымыз тимеген нүкте қалмады. Болашақта жер шарының амандығы біздің әрі қарайғы әрекеттерімізге байланысты. Енді бізге «Жер бетіндегі жаратылыстың бәрін сүй бауырым деп» деген жаңа философия қажет. Әрі «сүйкімсіз, жағымсыз» кейіптегі тышқандар мен егеуқұйрықтарды дос көрген Мальме тұрғындары осы бір философияны іске асыруға жақын. Ұлттың жаңаруы дегеніміз осы емес пе?!
Өзге де кафелер мен дүкендер, кітапханалар мен дәріханалар суретін осы сілтемеден көрсеңіз болады: https://1gai.ru/uploads/posts/2020-08/1597308420_1-9.jpg
Нұрдәулет Омарбек
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.