Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

15.12.2022 2446

Алаш және Азаттық 14+

Алаш және Азаттық - adebiportal.kz

Қанатты сөздер топтамасы

Бүгінгі Тәуелсіздігіміздің тарихи тамыры тереңде жатыр. Қазақтың бір аты – азаттық, еркіндік, теңдік. Күн түбіне күңірене жортқан ескі заманнан бергі барлық күрестер мен қан кешулер – осы ел мен жердің бостандығы үшін болған. Тәуелсіздік жолындағы бұл күрес жалғаса бермек, тоқтамақ емес. Ұлт азаттығы жолындағы ерен ерліктің жарқын үлгісі кешегі Алаш арыстары еді. Бүгінгі елдігіміздің алтын қазығы осы Алаш зиялыларының ұстанымы негізінде қалыптасқаны анық. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Алаш ардақтыларының аталы сөзін алдарыңызға тартып отырмыз.   

 

Алаш туы астында,

Күн сөнгенше сөнбейміз.

Енді ешкімнің алашты

Қорлығына бермейміз!

... Өлер жерден кеттік біз,

Бұл заманға жеттік біз!

Жасайды Алаш, өлмейміз!

Жасасын, Алаш, жасасын!

Сұлтанмахмұт Торайғыров

 

Біз өз тізгінімізді өзіміз алып, өз ұлтшылдығын өзі сақтайтын жұрт болу үміті үстінде тұрмыз! 

Әлихан Бөкейхан

 

Бар күшті ұлт әскерін жасауға салыңдар

Әлихан Бөкейхан

 

Қазақтың ақысы қазақпен араласқан жұрттың бәріне де ауысып жатыр, қазақ өзі теңеліп, ақысын ауыстырмайтын дәрежеге жеткенше қазаққа қай жағынан болса да теңдік жоқ

Ахмет Байтұрсынұлы

 

Адамға ең қымбат нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі

Ахмет Байтұрсынұлы

 

Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай, түзу істеңдер! Сендер адассаңдар арттарыңнан алаш адасады, арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар

Ахмет Байтұрсынұлы

 

Басқаның айтқаны, айдағанымен жүріп, өз қамын өзі ойламаған жұрттың күні қараң

Міржақып Дулатұлы

 

Біз өз жұртымыздың тіл салтына, заңына түссек, елге жылдам жақындасамыз, елге жанасқан сайын ел ағартқан іс гүлдейді

Міржақып Дулатұлы

 

Ендігі біздің мақсатымыз... – халқымызға шын мәнісінде тәуелсіздік, еркіндік алу. Жерімізге, суымызға, жер асты байлығымызға өзіміз қожа болуымызды көксейміз 

Жаһанша Досмұхамедұлы

 

Артынан елі ермеген басшы – басшы бола алмайды. Басшының артынан ермеген ел – ел бола алмайды. Құдайға шүкір, әзір басы аман, малы түгел еліміз де бар, ел қамын ойлап, тура бастарлық еріміз де бар

Жүсіпбек Аймауытұлы

 

Қазаққа аюдай ақырған шенді табылуы оңай, ерінбей-жалықпай, бақырмай-шақырмай іс бітіретін, терісі қалың, көнбіс, табанды қызыметкер табылуы қиын

Жүсіпбек Аймауытұлы

 

Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызыметкері бола алмайды

Жүсіпбек Аймауытұлы

 

Біз еркін және азат өмір сүргіміз келеді

Мұстафа Шоқай

 

Өзінің ішкі бірлігін нығайта алған халықтар ғана тәуелсіздігіне қол жеткізе алады және оны қорғап қала алады

Мұстафа Шоқай

 

Ұлттық еркіндік пен азаттыққа талпыну – табиғаттың болмай қоймайтын заңы тәрізді нәрсе

Мұстафа Шоқай

 

Атамекенді сүю – оның тұтас мүддесіне қызмет ету, осы жолда әрқашан қызмет етуге, керек болса жан пида қылуға дайын тұру болып табылады

Мұстафа Шоқай

 

Қай ел болмасын шаруасы өркендемей, ғылымы мен пән өнері марқаймай, терезесі тең ел болмайды

Қошке Кемеңгерұлы

 

Ақсақал батасын, бай малын, молла дұғасымен қолдап, жастар күшін аямай, елді жаудан қорғау керек

Қошке Кемеңгерұлы

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар