Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Алдан Мұсабекова: Алтын қазық...

01.10.2016 3052

Алдан Мұсабекова: Алтын қазық

Алдан Мұсабекова: Алтын қазық - adebiportal.kz



(әңгіме)



attach-635642091857645723.jpg

Анна өз суретіне өзі үңіле қарап ұзақ отырды. Қалыңдық сәукелесін жамылған жас бойжеткен неге сонша мұңайды екен? Аясы кең көк көздері төменге телтміре қарайды. Тіпті шашын, фатасын әсемдеп жатқан құрбысының әзіл сөздеріне де көңіл бөлмепті. Ақ пейілді ауыл қыздарының да игі тілектерін мәнсіз тыңдаған кейпі бар. Әлде бейкүнә жан өзін-өзі жұбатып, өзін-өзі алдайтын сүреңсіз күндердің келетінін сол алғашқы сәтте -ақ сезді ме екен? Онда неге еркіне ерді? Жаза басқан махаббатына неге тежеу салмады? Жоқ, сүйген жүрек, сенген жүрек көңіліне күдік әкелмеген…


Ол орнынан тұрып айна алдына барды. Соңғы апталар жүзіне кәдімгідей-ақ із тастапты: күлімсіреп тұратын аясы кең көкшіл көздері мұңайып, жағы солған. Абзал қыңқылдады. Анна оны төсегінен алып, айналып-үйірілді, беті-қолын жуып, тамағын берді. Бір жастан жаңа асқан балғын бөбек шешесінің омырауын томпақ саусақтарымен сипалап, тәтті күлкісімен ана мейірімін оятты. Аннаның жүрегі шымырлап, көзіне жас толды, баласын көкірегіне емірене қысып, біраз отырды. Қабырғадағы қалақтай ғана радионың құлағын бұраған. Ойы – көңіл көтеретін бірдеңе бар шығар деген, бірақ ол да қасақана соғыс жылдарының аса бір ауыр кезеңі жайлы репортаж беріп жатыр екен. Қиянат күндер Аннаны да еріксіз жетелеп кетті…


Тағдыр айдап қазақ жерінен шыққан өзі тақілеттес бөбектерді әркім-әркім бала ғып алып жатқан. Алтынай кемпір: “Соғыстағы жалғызымның орны өгейсіп жүр еді, осы қызды маған беріңізші,”-деп жалынғанда, тәрбиеші Александра Федоровна: “Барасың ба, Анечка?”- деді бұған. Ана құшағын аңсаған жас қыз жаутаңдап біраз тұрды да: “Барам,”- деп салды. Кемпір қызды бауырына басып, бетінен сүйді де, үйіне алып келді.


…Бір үйдің ауыртпалығын көтеретін апасы екеуі ғана еді.Отын жинайтын да, малға қарайтын да өздері. Мал дегенде бір сиыр, екі қой бар. Ол да болса дәтке қуат. Апасы күнде кешкісін соғыстағы Боранбайын аңсап, бір жылап алады. Бұл болса, жылуы мардымсыз пештің түбінде екі тізесін құшақтап, шүйкедей болып отырады да қояды. Әрі-беріден соң қарт ана өзін-өзі кінәлағандай, жаутаңдаған қызын бауырына тартып, көзінің жасын сүртеді. “Қорықтың ба, ботақаным, апа жаман, апа жылайды. Боранжан көкесі келеді, кәмпит әкеледі, Айнүшкеге береді,”- деп, айналып-үйіріліп аймалай бастайды.


Бара-бара Анна да апасына қосылып жылайтынды шығарды. Өмірі көрмеген ағаны бұ да сағынады. Ол келсе, Аннаға мынау меңіреу үйде ештеңе қорқынышты емес. Бірақ, ағасы оралмады.. Баласының қаралы қазасы әбден меңдеген қарт ананың Анна бірінші сыныпты бітіргенде есін жинағандай болғаны әлі есінде. Табалдырықтан асыға-аптыға аттаған Аннаны көрген апасы:


- Неменеге екі езуің құлағыңа жеткенше мәз болдың? – деді салқын үнмен.

- Апа, бірінші сыныпты бітірдім!

Анасының қолындағы шөміші жерге түсіп кетті. Тізесі дірілдеп, бір отырып, бір тұрды. Көз шарасы жасқа толды.

- Қарағым-ай, сары балапаным-ай, көзіңнен айналдым сол. Боранбайым да сен құсап кіріп келіп еді, сен құсап қуантып еді баяғыда. Қара танымайтын мен сорлы сол қуаныштың мәнін түсінбеген екем-ау! Ізбасарым-ай, сен ізбасар екенсің ғой!

Кемпір қызды құшағына қысып, көз жасына ерік берді.

- Сорлы басым, сені олқысынып та жүрдім-ау мен бейбақ! Сен болмағанда қайтетін ем, қу тіземді құшақтап қалатын ем ғой. Алланың мұнысына да шүкір, мың шүкір…

Содан былай қарай ананың Аннаға деген ықыласы ерекше болғандай. Тапқан-таянғанын аузына тосып, өз қатарынан кемсітпеуге тырысты. Адамның үйренбейтіні, көндікпейтіні бар ма? Анна да қазақша ағып сөйлеп, ауыл-аймақтың әдет-ғұрпына да әбден машықтанып алды. Үй тірлігіне өте пысық. Бертін келе қартайып, ауру меңдеген анасының екі қолын жылы суға малып қойды десе де болады. Ерте тұрып от жағып, қарт анаға ас-су жылытып қояды. Сиыр сауып, мал өргізеді.


Көрші от ауызды Ұмсындық деген әйел бар еді. Салдыр-салақ қызын шашынан алып сабап жататын, сондағы айтатыны:

- Өзіңнен кіші анау сары орыстың қызын көрмейсің бе? Бәрін тындырады. Өгіздей өңкиіп, сенің түкке икемің жоқ!

“Орыстың қызы” деген сөзге алғаш апасы да, өзі де тызылдап ашуланушы еді, ақыры апасы бұған:

- Қарағым, со бетпақтың сөзін елемеші. Аузынан ақ ит кіріп, қара ит шығатын ондай құдайсыз өз қызын да аямайды. Оның өзі кім, сөзі кім?- деді бір күні. Бұдан соң Анна да қаңқу сөздерге көңіл бөлмейтін болды.


Ол мектептен әрі оқи алмады. Анасы ауру, халдері мүшкіл. Қиып тастап кетуге дәті бармады. Апасымен сүт фермасына көшіп келіп, сауыншы болып орналасты. Өзінің бой жетіп қалғанын да осы кезде аңғарғандай болды. Кішкене айна алдына келіп,өзімен-өзі ойнайтынды шығарды. Толқын шашын жайып жіберсе, тіп-тік әдемі иықтарын жібектей сары шаш көміп тастайды, жайлап көтерсе, аппақ мойны сымдай тартылып шыға келеді. Бұл ойынына масаттанып жымиса, аспан көк көздерінің түбінде әлдебір жасырын ұшқын ойнап, оймақтай еріндері жұмсақ күлкімен діріл қағады. Бірді-екілі қашпа кекілдер топқа қосылмай, ай маңдайында ойнақ салады.


Осынау толықсыған кейпіне телміріп ұзақ қарап қалған балғын қыз кейде өзінен-өзі қысылып, тез есін жиып алатын. Әлдекім сыртынан қарап, қыздың жұмсақ сырын ұрлап алғандай, артына жалт қарайтын.


Сөйтіп жүргенде, фермаға сүт таситын машина айдап Аманжол келді. Алып тұлғалы, аңқылдаған ақкөңіл жігіт екен. Күніне екі рет келіп кетеді. Бұл сиыр сауса, ол мұның сүйріктей саусақтарының қимылынан көз айырмай, әрнәрсені әңгімелеп жанында тұрады. Шелек толы сүтті флягқа өзі апарып құяды. Алғаш әзіл-қалжыңнан басталған таныстық бара-бара ұлғайып, арасынан қыл өтпейтін достыққа айналды.


Бір күні түнде Аманжол терезе қақты. Анна апасының кешкі асын беріп, жаңа жатқызған-ды. Ақырын жылжып сыртқа шықты. Жаңбыр құйып тұр. Аманжол сырт киімсіз, костюмінің жағасын көтеріп алыпты. Жақындаған Аннаның саусақтарын қолына алып, жұмсақ аялап тұрды да:


- Аннушка,- деді ақырын.,- шаршадың ғой, апаң да ауру, өзің жалғызсың. Күннен-күнге қалжырап барасың…


Өзіне тартып, қыздың шашынан сүйді. Қыз бұрын-соңды болмаған күйге еніп, денесі дірілдеп кетті. Қорыққаны ма, жалғысырағанда жанын ұғар серік тапқанына қуанғаны ма, әйтеуір алқымына тас тығылғандай, тұншығып қалды. Енді бір сөз айтылса, ағыл-тегіл болатын түрі бар.


Ұзамай анасы көз жұмды. Анна күйеуімен ақ жуып арулап, байғұс ананы соңғы сапарға шығарып салды. Ас-суын берген соң, аздаған дүние-мүлікті үйлеріне көшіріп алды. Апасы сорлы айта беретін шаңырақ осылай ортасына түсіп, жат жұрттық қыз бала ата-бабаның салтымен ер етегінен ұстады. Келер жылы осы Абзал дүниеге келді.


Әке-шешеден ерте айырылып, қатал жеңгенің қолында жасып өскен Аманжолдың қуанышында шек болған жоқ. Өзінен аумаған сәбидің әр қылығы ата-анасының аялы алақанында қауыз жарды. Күлгенін де, жүргенін де қуаныш көрген Аманжол баласын қолынан тастамайтын. Әйелінің оны мәпелеп баққанынан да сүйсіне көз айырмайды. Аналы-баланың болар-болмас тіршілігін қызықтағандай, ет-бауыры езіле қарайды. Аннаны еркелетіп ”Әнеке” дейтінді шығарды. Бұрынғыдай емес, үй тіршілігіне де көбірек араласады. Су әкеледі, шәй жасайды, баланың жөргегін ауыстырады. Адал жары мен бейкүнә сәбиінен барын аяр емес.


Ол кезде Анна шат еді. Қой соңынан ерген марқа қозыдай сезінетін өзін. Кейде: “Апыр-ай, сол анасын қасқыр тартып кетсе, қозы сорлының күйі не болар еді?”- деп жүрегі суылдайды. Іле бұл сұм ойдан арылып, алаңсыз кейпіне қайта түсетін. Өйткені күйеуінің пәк ниетіне сенуші еді. Амал не, ақкөңіл жігітті адам-қасқырлар пұшпақтан тартып, жолдан тайдырды. Адастырып орға жықты, өз үйін өзіне жат көрсетті.


Анна ауыр күрсінді. Бәрі сол ауыл жігіттерінің бас қосқан күнінен басталды ғой. Бір – біріне кезек бермей сөйлеген даңғаза жігіттер үйді басына көтере даурығып, қарқылдай күліп жатты. Шайдан соң ет, еттен соң шай әкеліп безек қаққан Аннаның мүлдем тынышы кетті. Абзал бір жағынан қыңқылдап, мазаны алып барады. Әрлі-берлі көмекке шақырған Аманжолды көзінің алды көлкілдеп іскен, жалпақ бет қара бұжыр жігіт ақыра жанына шақырып алды.


- О не ол, жырбаңдап! Отыр орныңа! Бәріміздің де қатынымыз бар. Асты-үстіне түспесек те, отыр бәйек болып. Біз тұрғанда аштан өліп, көштен қалмайды әкеңнің…Қатын дегенді басынан шегедей қылу керек. Атамыз қазақ қатынға жарамсақтанбай-ақ жалғанды жалпағынан басып өткен!


Иә - ә, сол күннен бастап Аманжол да жиі-жиі масаң күйде, карта ойнадым деп түнделетіп келіп жүрді. Алғаш Анна өкпелеп, томсыраюшы еді, онымен бетін қайыра алмады. Кейін ашу шақыра бастады. Күйеуі де есесін жібермей, салғыласатын болды. Әйтеуір ақталар сылтауы жеткілікті. Не керек, екеуінің үйінен береке кетті. Аннаның райынан қайтарам деген әрекетінен нәтиже шықпады. Ал соңғы ұрыс өмірге жететін сыбаға әкелді.


Күндегі әдетінше Анна кешкі асты пісіріп болып, Абзалын бауырына салған бойда қисайып жатып, қалғып кеткен. Әлден уақытта әлдекімнің есікті аяғымен тепкенінен атып тұрды. Терезеден сығаласа, Аманжол екен. Жүрегі тулап, аузына тығылды. Жүгіріп барып есікті ашып жіберді. Удай мас күйеуі теңселіп есіктен зорға кірді. Жәй емес, балағаттай кірді. Көздері былшықтанып, адам кейпі қалмаған.


- Кімді күтіп жатырсың? Мен саған лайық емеспін ғой! – деп тұра ұмтылды. Қорқыныштан өзін-өзі әрең ұстап тұрған әйелін құлақ тұсынан бар пәрменімен салып жіберді. Анна ұшып кетті. Онсыз да күйіктен тұралап жүрген сорлы талып жығылды. Дүние астан-кестен, ауып барады. Бұл аздай, Аманжол оны тағы теуіп-теуіп жіберді. Не болғанын білмей, астан-кестен болған Анна кенет бар күшін жинап, жанталаса орнынан атып тұрды да, бұрын-соңды болмаған өжеттікпен:


- Кет, жоғал, көрсоқыр, надан!- деп ышқына айқай салды.

- А-а-а солай ма? Кетем, жоғалам! Сенен он есе артық әйел алам!


Аманжол теңселіп шыға жөнелді. Сол кеткеннен мол кетті. Міне, бүгін ай жарымнан асып барады, хабар жоқ. Кімнің азғырғаны белгісіз,фермадан мүлдем шығыпты. Естуінше, қалада шофер көрінеді. Аһ ұрып Анна, шырылдап Абзал қалды. “Бейшара-ай,- дейді Анна күйзеле,- бұзылдың ғой. Басынан тепкен бағың, азар қылған адал махаббатың жаныңды жесе, не деп ақталар екенсің? Кімнен болды дер екенсің? Екеуіміз бүтін бір ғұмыр едік қой, бағалай алмадың. Менің арым сен едің, сенің барың мен едім, жалғыз қалдың. Бірін тапсаң, бірін таппай, өмір бойы жетімек боп өтетін болдың ғой!”


Анна оны іздемеді. Алтын қазық боп отыра бермек. Айыбын анық түсінсе, өзі қайтып оралар, жанына балап жақсы көрмеуші ме еді? Ал, шындап бұзылса, ондай адамға қандай ақыл жүрмек?


Анна көңілсіз. Азды-көпті жұмысын әлдеқашан тындырған. Телміріп терезеге қарайды. Ирелеңдеген жол да нөсерлеп жауған жаңбырға лайланып, шұбатылып, мылқау, тыныш жатыр. Атамзаманнан бері адам жүрмегендей.


Алыстан автобус көрініп, ә дегенше болған жоқ, жүрісін бәсеңдетіп, ферма тұсына тоқтады. Ішінен бір әйел түсті де, бері беттеді. Көше басынан түскен ол бұлардың үйіне төтелей тартты. Әлде бір үрей Аннаны лып көтеріп орнынан тұрғызды. Әйелден көз алар емес. “Тегін болмады.Не жақсылық, не жамандық,”- деп күбірлей берді өзінен - өзі. Еріндері бозарып, дірілдеп тұр. Басына байлаған орамалы сусып, жерге түсті.


Әйел, айтқандай-ақ, асыққан қалпы үйге кірді. Қалада тұратын осы ауылдың қызы Әлима екен.

- Аманжол ауруханада жатыр. Аварияға түсіпті…

Анна сөздің аяғын естімеді. Құлағы бітеліп, басы зырқ ете қалды. Дереу есін жиып, плащын ала сыртқа ұмтылды да:

- Балаға… сіз…- деуге ғана үлгіріп, қалаға қайтып бара жатқан автобусқа қарай құстай ұшты.



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар