Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Әлемді ядролық қарудан тазартайық!...

29.08.2016 4751

Әлемді ядролық қарудан тазартайық!

Әлемді ядролық қарудан тазартайық! - adebiportal.kz

«Адам баласына адам баласының бəрі дос»

Қазақтың ойшыл ақыны

Абайдың сөзінен



Əлемнің айтулы физик ғалымдарының зерттеулері бойынша Жер бетінде бір сəтте он шақты ядролық бомба жарылса, Планетамыздағы тіршілікке зор қауіп төнбек. Ғалымдар егер дүниежүзінде қазір бар ядролық қарудың бір пайызы, яғни 100 Мт күш-қуатты жарылыс жасалса қандай жағдай қалыптасатынын болжап отыр. Қару жарылған жердің жан жағындағы он шақырым аумақта алғашқы секундтарда отты сəулелердің жарылысы күннің сəулесінен мың есе күшті болады. Ол сəтте қағаз, шүберек, маталар мен тез жанғыш заттар өзінен-өзі тұтанады. Кез келген қала өрт құшағына лезде оранып, жарылыстың əуедегі күшті толқыны жеткенде бір өшіп барып, қайта маздайды. Мұндай өрт бірнеше күнге созылады. Ыстық түтін мен ауа, шаң-тозаң аспанға көтеріліп күннің көзін толық жабады. Ядролық түн, қараңғылық пайда болады. Мұндай түнек бірнеше аптаға созылады. Одан кейін маңайдың барлығы суый бастайды. Ғалымдардың зерттеуінше ядролық қыс деп аталатын зұлмат осылайша қалыптасады. Жер бетіндегі тіршілік біртіндеп тоқтайды.


Ядролық зұлмат.jpg


Мен журналистік қызметім барысында іссапармен Жапонияның Хиросима қаласында болып, жер бетінде алғаш рет атом бомбасы жарылған орынды көріп, жаным түршікті. Саябақ түрінде жасалған аспан астындағы ашық мұражай сол бір адамзат үшін ең қасіретті күннің нақты куəгері болып тұр. Бомба түскен негізгі ошақта тірі жан аман қалмаған. Қазіргі фантастикалық фильмдердегідей адамдардың ет, сүйектері жарылыс кезіндегі өте ыстық температурадан еріп кеткен. Ошақтан алыстау жерде болған тұрғындардың денесі қатты күйген. Көп халық қоғамдық көліктерде отырған бетінде сеспей қатқан. Ғимараттар мен үйлердің қиратындыларының астында қалғандар қаншама. Мектептер мен балабақшалардың маңында болып, радиациялық сəуле шарпыған бүлдіршіндер мен жеткіншектер тағы бар.


Мен жоғарыда Семей полигонына жақын орналасқан Қарауыл ауылында туып-өскенімді жазған едім. Бала күнімнен бастап, бұл аждаһаның туған халқыма жасаған зардап қасіретін өз көзіммен көрдім. Сынақ жарылыс болатын кезде біздің мектептегі сабағымызды тоқтатып, есік алдына шығаратын. Сонда далада ойнап жүріп, жер тербелісін сезінгенде бала жүрегіміз дір етіп, бойымызды үрей билейтін. Жер неге қозғалды екен деп мұғалімдерімізге сұрақ жаудыратынбыз. Бірақ ешкім нақты жауапты айтпайтын. Сол сұрақтың жауабын мектепті бітіріп, жоғары оқу орнына түскен кезде біле бастадық. Ең алдымен ашықтан ашық əуеде, кейіннен жер астында жүргізілген сынақтар менің ауылдастарымның денсаулығын ту-талақай етті. Қазір Семей полигоны аумағында тұрған əр азаматтың бір басында бірнеше дерт бар. Обыр, жүрек қан тамырлары, жүйке, эндокриндік аурулар, қант диабеті сияқты дертке шалдыққандар əр отбасында бар. Осы өңірде бала көтермеген аналардың, шетінеген нəрестелердің саны еселеп өсіп кеткен. Зұлмат полигоннан тараған радиацияның кесірінен мүгедек болып туылып жатқан сəбилер қатары өсіп барады. Өзіне-өзі қол жұмсаған жастар, қырық-елуге жетпей қыршын кетіп жатқан адамдар, зейнет жасына жетпей көз жұмған тұрғындар саны көбейіп кетті. Бұл жазықсыздан жазықсыз жапа шеккен адамдар ядролық қарумен бəсекеге, текетіреске түскен əлем елдерінің зобыр саясатының құрбандары. Осы қасіреттерді біле тұрып, көре отырып біз неге бүгінге дейін жалғасып келе жатқан бұл зұлматқа жер жаһанның тұрғындары болып бірлесіп, жұмылып тосқауыл қоя алмаймыз. Менімше, біз демократияны ұстанған əр елдің қарапайым тұрғындары мемлекет басшыларынан ядролық қарусыз əлем бастамасын қолдауды бірлесіп талап етуіміз керек. Дəл қазір бұл бастаманы жүзеге асыруға бірден бір түрткі болатын заңды құжат ядролық сынақтарды жаппай тоқтату жөніндегі халықаралық келісім. Біз бірінші кезекте оны бекітпей отырған сегіз елдің басшылары мен үкіметтеріне, парламенттеріне қатаң жəне ашық талап қоюымыз қажет. Бұл елдердің атын дүниежүзінің назарын аударта отырып, тағы бір еске саламын: Египет, Израйль, Иран, Қытай, АҚШ, Солтүстік Корея, Үндістан, Пəкістан. Осы сегіз ел қол қойса келісім күшіне енеді. Əлемде сонда ядролық сынақтар мүлдем тоқтатылатын болады. Бұл ядролық қару жасау біртіндеп тыйылады деген сөз. Ең бастысы біз осы сегіз елге қойып отырған талабымыз орындалу үшін ғаламдық антиядролық қозғалысқа бірігіп, ортақ əрекет жасауымыз керек. Сонда ғана біз нақты нəтижеге қол жеткіземіз. Барлық дүниежүзіндегі елдердің бейбітсүйгіш тұрғындары ғаламдық антиядролық қозғалысқа бірігейік! Мен 29 тамызды халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күрес күні деп жариялаған БҰҰ-на ғаламдық антиядролық қозғалыстың құрылуын қолдап, оның штаб пəтері əлемдегі сынақ полигонын жапқан жəне ядролық қарудан халқы өз еркімен бас тартқан Қазақстанда болуын ұсынамын. Бұл қозғалыс ғаламдық ядролық қауіпсіздік саммитін ұйымдастырушылар мен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істей алады. Сондықтан бұл бастаманы осы саммитті ұйымдастырушыларға да жолдаймын. Біз жаһандық мүдде тұрғысынан барлық əлем халықтары бірлесіп əрекет етпесек, ешқашан ядролық қарудан əлемді тазарта алмаймыз. Ядролық зұлматқа қарсы күреске бірігейік, Жер Жаһан Тұрғындары!


Еркін Байғабылұлының “Ядролық зұлмат” атты кітабынан


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар