Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Әлібек Байбол. Жеті......

28.06.2019 3330

Әлібек Байбол. Жеті...

Әлібек Байбол. Жеті... - adebiportal.kz

(Әңгіме)

И сидит, сидит зловещий Ворон черный, Ворон вещий,

С бюста бледного Паллады не умчится никуда.

Эдгар Аллан ПО («Қарға» өлеңінен үзінді, 1894 ж.).

– Кісіні өлтіріп қойса қайтесің?

– Бұл үйде олай жасай алмайды.

Кемел ТОҚАЕВ («Соңғы соққы» романынан үзінді, 1981 ж.).

Биылғы жыл – ССС үшін өте мазасыз жыл болды. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған Ң қаласының тұрғындары қатарынан 7 бірдей бай-бағланның ажал құшқаны туралы естіді, ішінде о жағдайды көзбен көргендері де бар. Кім өлтірсе де қансыз екен. Алайда, аталған шаһар адамдарының өңгелерден айырмашылығы – өлім олар үшін таңсық құбылыс емес, әрі әлгілер мұны Тағдыр ісі деп ұғатындығында. Бұларды құдайсыз деп те айта алмас ек. Себебі, Жаратушыға сенеді. 7 уақиғаны бір-бірімен ортақтастыратын дүние – пентаграмма. Қылмыскер әр өлтірген адамның маңдайына дөңгелек, ал оның ішіне бес жұлдызды таңбалаған-ды. Ең қызығы, сарапшылар әлгілердің неден қаза тапқанын анықтай алмады. «Бұл пентаграмма қандай мағына береді екен?» деп ойлады ССС. Ол студент кезінен-ақ нумерология, эниология, парапсихология, оккультизммен қызыққан. Енді, кітаптағы қара ағаштай қатқан теория «сумаң» етіп «қарсы алдынан» шыға келгені. Жоғарыдағы белгі Ежелгі Қытай, Мысыр, Рим, Грекия, Үндістан, Шумер елдерінде дінге, наным-сенімге, дәстүрге, дүниетанымға байланысты әр түрлі тәпсірленеді. «Мен қылмыскердің ұлтын да, дінін де, қай елдің азаматы екенін де білмеймін ғой» деп ойлады детектив. Бір білетіні – 7 адам да бір әулеттен. Бұл қарғыс па, әлде бұлар біреудің жолын кесті ме екен, о жағы да белгісіз. Детектив жансыз денеге ұзақ қарап, ойға шомды. Бір сәтте ағашқа Қарға қонды. Қарғаның жасы да үлкен, көргені де көп. Құс демесеңіз адамнан ақылды. ССС қатты қиналғанда сол құстан көмек сұрайды, екеуі ойша тілдеседі. Жігіт: «Маған сенің көмегің қажет! Қылмыскерді қалай тапсам болады?». Қарға: «Меніңше, қандықол қарақшы алыстан келмеген секілді. Белгілерге мән бер». Расында да, асфальтта 40-41-ші өлшемдегі аяқ киімнің ізі тұрды. ССС сол ізбен жүріп отырды. Бірақ, көшенің басына шыққанда ол жоғалып кетті. «Қылмыскер дәл осы тұста аяқ киімін ауыстырды. Бірақ, 7 миллионға жуық тұрғыны бар қаланың тең жартысы 40-41-ші аяқ киім киеді» деп тағы ойлады. Сөйтіп, ССС қылмыс болған жерге қайта барды. 7-уі де әр айдың 7-сі қайтыс болған. Бұл сәйкестік пе, әлде жоспар ма?! Және, бұл жаға ұстатар жағдайды ешбір бейнекамера түсірмеген. Басты мұрат – қылмыскерді тұтқындап, 8-ші өлімге жол бермеу. Мен оған ҺҺҺ деген ат қойып, айдар тақтым. Жобалауымызша, ҺҺҺ – сауысқандай сақ, қырандай қырағы жан. Бірде-бір белгі қалдырмаған. Жігіт кешқұрым сол әулеттің туған-туыс, дос-жаран, көрші-қолаң, жалпы араласатын адамдарының тізімін түзді. Бас-аяғы – 777 адам. Детектив солардың ішінен ең күдікті деген 7-ін таңдап алды:

I

– Сіз осы әулеттен қарыз алып, оны қайтармапсыз...

– Мүмкіндігім болмады. Және, ол кісі тірісінде ақшасын сұраған да жоқ. «Кешірдім!» – деген.

– Қылмыскерді көрдіңіз бе?

– Көрмедім-м-м-м!.. Бірақ... (Алақаны терлеп)

– Иә!

– Тамыздың 7-сі... иә, иә, тамыздың 7-сі күні... бір адамды байқадым. Түр-түсін тани алмадым. Қараңғы еді... Тек артынан ғана көрдім. Сол үйдің маңайында біразға дейін жүрді. Көрші болған соң әр нәрсеге алаңдайсың да!

– Сипаттап беріңіз...

– Қара туфли... (Ойланып) Қара шляпа... тағы, тағы... қара шалбар... бойы... бойы – орташа... сол аяғынан ақсайтын сияқты...

– Оны қайдан білдіңіз?

– Өйткені, ол алғашында жай жүріп бара жатты да, далаға шыққан мені көріп жүрісін үдетті. Ақсағанын сонда көрдім...

– Сол күні қайда болдыңыз?

– Үйде, бала-шағаммен!

II

– Сіз осы әулеттің күзетшісі екенсіз. Марқұмның інісімен ренжісіп: «Мен сендерден кегімді аламын!» – депсіз.

– Айтқаным рас. Бірақ, кейін тануластық, еркекпіз ғой. Одан бұрын кек сақтау – мұсылман үшін жат қылық.

– Сол күні қайда болдыңыз? Ауылда. Әйелімнің туған күні болған. Сенбесеңіз – сұраңыз.

III

– Сіз осы әулет мүшелерімен бірігіп, бизнес саласында біраз жобаларды жүзеге асырған екенсіз. Қаржылық дағдарысқа байланысты олар Сізге қарыз боп қалыпты. Бірақ, кейін жартысын ғана қайтарған екен...

– Міне, бүгін қалғанын берді. Сондықтан, мен бұл іске қатысым жоқ. Одан бұрын өзім намаз оқитындықтан қарыз дегенге аса бас ауыртпайтын адаммын.

– Қылмыс орын алған күні қайда едіңіз?

– Шетелде!

IV

– Сіз осы әулеттің жүргізушісі болыпсыз. Және, бір жылдары қаза тапқан кісінің кенже ұлын ұрлап кеткен екенсіз.

– Ол үшін өзімнің тиісті жазамды алдым. Әлі, сол үшін қатты өкінемін.

– Сол күні қайда болдыңыз?

– Нан алуға дүкенге кіргенмін. Бір кезде ел-жұрт шулап кетті. Сыртқа шықсам біреу жерде жатыр екен. Жанына барсам, мен танитын кісі болыпты шықты. Бірақ, өлтірген мен емес. Қасымда дүкенші болды. Сондықтан, алибиім – тастай.

V

– Сіз кезінде марқұммен дос болған екенсіз. Бірақ, белгілі бір себептерге байланысты араздасып қалыпсыз.

– Құдай сездірді ме, білмеймін. Алайда, ол өлерінен бір күн бұрын менен кешірім сұрады. О кезде жұмыста отырғанмын. Ал, келесі күні «қайтыс болды» деген суық хабар жетті. Шынымды айтсам, өкпеге қисақ та, өлімге қимайтын қазақпыз ғой. Төбемнен жай түскендей күй кештім.

– Сол күні қайда болдыңыз?

– Шешемнің 7-сін тараттым.

VI

– Сіз марқұмның оққағары болыпсыз. Мұндайға қалайша жол бердіңіз?

– Ол кісі көліктен түскен сәтте біреу звандай қалды.

– Әйелі звандаған.

– Солай ғой деймін... Біз банкқа бара жатқанбыз. Аға маған «кіре бер» дегендей белгі берді. Мен есіктен еніп, 7-ші нөмірлі талон алдым-дағы, ол кісіні күтіп отырдым. Сағат түскі бірден 7 минут асқан кез еді. Сөйтіп, далаға шыққанымда жаңағыдай жағдай орын алды. Санасам, марқұм 57-ақ жас өмір сүріпті ғой.

VII

– Сіз марқұмның хатшысы болған екенсіз.

– Иә!

– Тағы, әйелімен ажырасуына себепкер болыпсыз...

– Бірақ, олар кейін қайта қосылды емес пе?! Мен оның ақшасына қызыққан емеспін. Себебі, өзімнің де жағдайым жақсы. 7 үйім бар. Жетеді!

– Уақиға орын алған күні қайда едіңіз?

– Қала сыртындағы Д атты елді-мекенде. Мен сол жақта үлкен зауыт салғызғанмын. Соның ашылу салтанатына қатыстым. Куәгерлер бар.

***

ССС үшін әлі де бәрі бұлыңғыр. Бұл қылмыстың әлеуметтік, психологиялық, діни астары бар екенін де білмейді. Кешкі сағат 7-лер шамасында, нағында – 19:07. Ойға шомған детективтің жанынан қолына 7 қарға ұстаған бейтаныс өтіп бара жатып, кідірді де одан Ж көшесіне қалай баратындығын сұрады. Күңгірттеу жарық әлгі адамның оқ қолына түскенде, ССС домалақ ішіндегі бес жұлдызы бар пентаграмманы көрді. Сол аяғын сәл сылтып басады екен. Қара туфли киген, қап-қара көзілдірік таққан, қара шляпа, қара шалбар, қара туфли киген орта бойлы кісіні детектив қолынан шап беріп ұстағаны сол еді, әлгің жұлқынып шығып кетті де қаша жөнелді. ССС бейтаныстың артынан қуды. Қап-қара көше... Ол жеткізбей кетті. 7 қарғаның қарқ-қарқ еткен дауыстары жан-жақтан естілді. ССС қай жаққа жүгірерін білмей дал болды. Детектив ойша: «Қарға, бұл кім? Неткен 7 қарға, айтшы?!.» – деп еді, қазір ғана ұшып келген сенімді серігі Қарға – үнсіз.

Келесі күні. Сағат 17:17 кезінде әлгі қолына 7 қарға ұстаған бейтаныс полиция бөлімшесіне ССС-ны өзі іздеп келді. Детектив «ұсталдың ба, бәлем» дегендей жабыса кетті. Сөйтсе, ССС бейтаныстың артынан жүгіргенде куәлігін түсіріп алыпты. Күдіктінің бұл қайырымды ісіне қарамастан жігіт оны «Уақытша тергеу абақтысына» қамады. Осымен іс бітті деуге болар. Алайда... Алайда, 7 қыркүйек күні құпия жағдайда сол әулеттің тағы бір адамы қайтыс болады. Мұнда да солай. Күдікті – абақтыда. Сонда оларды кім өлтірді? Және, не үшін? «Енді, қайтсем екен?!» деп ойлады детектив. Бір сәтке бойын дәрменсіздік биледі. Қарға ССС-ға алыстан қарап тұрып «қарқ» еткенде жігіт жалт қарады: «Е-е-е-е, Сен бе?! Кеңес берші, маған Қарғам! Ойым – он, санам – сан саққа бөлінді». Қарға: «Сократ айтқандай, шындық – жаныңда...», – деді де ұшып кетті...

Сөйтіп, детектив Ң қаласына мәшһүр балгерге барып, құмалақ аштырды. ООО есімді емші ССС-ға қарап тұрып:

‒ Бұл әулет қарғысқа ұшыраған. Өйткені, кезінде Жаратушыға жақын жанды ренжіткен. Өзің білетіндей жетім-жесір, кедей-кепшіктің дұғасы кері қайтарылмайды...

‒ Оны қалай тоқтатуға болады?

‒ Кешірім сұрап, разылығын алу керек...

‒ Бұл ‒ ауқатты әулет екен.

‒ Иә, ауқатты...

‒ Марқұмның әйелі нашар екен. Мысықтілеу... дүниеге тойымсыз.

‒ Қылмысқа бұл әйелдің қатысы болуы мүмкін бе?

‒ Мүмкін!..

Емші ұзаққа дейін көзін жұмған күйі үнсіз отырды да, артынша күрсінді.

‒ Түсініксіз... ‒ деді де тоқтап қалды. Бір кезде дірілдеп, қалшылдап, орнынан тұрды да қайта отырды. Қайта тұрды да, қайта отырды. Сезіктенгендей, орындықта отырған ол диванға сенімсіздеу сырғыды.

‒ Қорықпа!.. Түсініксіз! ‒ деп тағы да ілкі сөзін қайталады. ‒ Не аң, не адам екені белгісіз. Әйтеуір, бір жаратылыс иесі. Әйтеуір, қап-қара бір сұлба...

‒ Рақмет! ‒ деп ССС емшінің алдына 7000 теңге қойып, шығып бара жатқанда, балгер: ‒ Сен ол қылмыскерді таппайсың! – деді сенімді сөйлеп...

‒ Табамын!

‒ Тапқан күннің өзінде сен оны соттай алмайсың...

‒ Неге?! ‒ деді детектив қабағын қарс түйіп.

‒ Және, қылмыскерді тапқанда қатты таңғаласың!.. ‒ деп күлді.

***

Әл-дәрмені құрыған ССС Полиция бөлімшесіне барып, қолына 7 қарға ұстаған бейтанысты босатты. Оның қолындағы белгі армиядан бері бар екендігі анықталды. Ал, кешке марқұмның үйін төңіректегені – көзі нашар көріп, бауырының үйімен шатастырғандығынан. Ж көшесін сондықтан сұрапты. Қашқаны – қорыққаны. Детектив үйіне көңілсіз қайтты. Ас-ауқатқа да тәбеті шаппады. Төсегінде ұзаққа дейін дөңбекшіп ұйықтай алмады. Көз алдына қандықол қарақшының қап-қара сұлбасы келе берді, келе берді. «Қылмыскер кім? Оны қалай тұтқындаймын? Неге ол нақ сол әулеттің адамдарын өлтіріп жүр?» деген сауалдар шақшадай басын шарадай қылды. Сол кезде марқұмның әйелі қоңырау шалды. Есімі – ҒҒҒ.

– Сәлеметсіз бе! Мен бір маңызды мәселе жөнінде айтуды ұмытып кетіппін...

– Қандай?! – деп детектив орнынан тұрды.

– Біз осыдан 7 ай бұрын ӨӨӨ деген кісіні қызметінен босатқанбыз. Бұған себеп – оның ақыл-есінен айырылғанында. Бірде менің күйеуім ӨӨӨ-ге дауыс көтергенде, ол аласұрып: «Жарып тастаймын!» – деп пышақ ала жүгірген.

‒ Содан...

– Ол бізде аула сыпырушы боп жұмыс істеді. Оның жанында ІІІ деген досы бар тұғын. Біз оны бұрынырақ, 17 ай бұрын жұмыстан шығарғанбыз.

‒ Сіздің ойыңызша, қылмысты бір емес, екі адам істеуі мүмкін бе?

‒ Иә!

‒ Мұны алдымен дәлелдеу керек, ал екіншіден жынданған адамды соттай алмаймыз.

‒ Әулетіміз үшін ең маңыздысы ‒ қылмыскерді құрықтау...

‒ Бұл екеуін қайдан табамыз?

‒ Қала сыртындағы Орталық көпір жақтан. Мен Сізге жол көрсетіп отырамын.

‒ Онда, дайын отырыңыз. Қазір мен сізге барамын...

***

ҒҒҒ мен ССС ӨӨӨ мен ІІІ-ні Орталық көпірдің астынан іздеді. Көзге түртсе көргісіз қараңғы түнді қақ жарған жарық сұғанақ итше әр бұта, әр тал-терек, әр қуысқа «тұмсығын» тықты. Қаптаған бомждар. Бірақ, әлгі екеуі олардың арасында жоқ боп шықты. ССС сұрастырып еді, бомждар оларды көрмегеніне 17 күннен асқанын айтты. Бір кезде: «Әй, ӨӨӨ! Кеттік!» ‒ деген дауыс естілді.

‒ Бұл ІІІ ғой! ‒ деп ҒҒҒ елікше елең ете қалды.

Детектив дауыс шыққан жаққа қарай жүгірді.

‒ Тоқтаңдар! ‒ деп айқай салды ҒҒҒ.

‒ Тыныш! ‒ деп жігіт екеуінің ту сыртынан барғаны сол еді, қып-қызыл қырғын басталды. ІІІ мен ӨӨӨ детективке жабылды. Алайда, кикбоксинг пен күреспен шұғылданатын ССС екеуін екі жаққа сұлатты да, қолдарын қайырған күйі көлікке отырғызып, бөлімшеге алып барды. Көздері көгеріп, еріндері жырылған, беттері сырылған ІІІ мен ӨӨӨ біразға дейін сөйлемеді. «Жығылғанға – жұдырық» дегендей, әйел ССС-ға екеуін әбден жамандап, қылмысқа қатысы бар екендігін жеткізген-ді. Жаны қиналған ӨӨӨ мұндай әділетсіздікке төзе алмай, орнынан атып тұрды. Жігіт «отыр» дегендей белгі берді де әйелге:

‒ Кім қалай айтса да ақ-қарасын Заң анықтайды. Сондықтан да... Сізге дәлелсіз әңгімелерге жол жоқ екенін ескертуге тиіспін!.. – дегенде барып ӨӨӨ орындығына қайта жайғасты. – Бөлмені босатыңыз. Мен қос күдіктіні тергеуім керек. Әйел ӨӨӨ мен ІІІ-ге кезек-кезек қарап, «бұлар бір нәрсе айтып қоя ма екен» дегендей ұзаққа дейін кеткісі келмей, есіктің аузында тұрды. Детектив оның оңайшылықпен шықпайтынын түсінген соң, өзі шығарып салуға мәжбүр болды. Соның арасынша ҒҒҒ конвертке ақша салып, ССС-ға бергісі келіп еді, ол қолын қағып жіберді де есікті тарс жапты.

– Атыңыз кім? – деді ІІІ сұраулы жүзбен.

– ССС! Бірақ, детектив дей беріңіз!

– Біз кінәлі емеспіз детектив мырза! Ана әйелдің айтқаны өтірік... оның қандай жауыз екенін білсеңіз ғой, шіркін, – деді ІІІ асыға-аптыға сөйлеп.

– ӨӨӨ мырза! – деді жігіт қағазына бір қарап.

– 7 ай бұрын марқұмның үйінде жалданып істеп жүрген жеріңізден жұмыстан шыққаныңыз рас па?

– Ра-а-ас!.. ра-а-ас!.. – деді ӨӨӨ көңілсіздеу сөйлеп.

– Тірісінде неге ренжістіңіздер? Неге пышақ ала жүгірдіңіз?

– О-о-ол ту-у-уралы... айта-а-а-а бер-р-р-рсең... ә-ә-әңгім-е-е тау... с-с-с-с... ылар емес-с-с-с... – деп кінәлі кісідей көзімен жер шұқыды.

– Мен айтайыншы детектив мырза! – деді ІІІ кимелеп.

– Өзі айтсын!

– Ол психологиялық ауруға шалдыққан соң жөнді сөйлей алмай қалған. Кейде, айтқалы отырған сөзін ұмытып қалады, ал кейде тіпті сөз бен сөзді қиюластыра алмай қиналады. Шынтуайтында, Сізден қорыққанынан ғана сөйлеп отыр. Бәріне кінәлі – ана қатын.

– Неге? – деді ССС қағазға бір дүниені сүйкектетіп жазып.

– Ол үйде мына досым екеуміз бірге істедік. Оны білетін боларсыз?! Бір күні... жатқан жері жаннатта болғыр ағамыз... жақсы кісі еді... ӨӨӨ-ге көмек есебінде көп ақша берді. Оны ана қатын көріп, адам жалдап, ұрғызып, бәрін тартып алды. Ал, кейін әлгі әйел ағамызға қастандық жасап, өлтіртпекші болғандығы туралы білген ӨӨӨ-ні ол жындыханаға апарып тықты. ӨӨӨ-нің ағаға пышақ алып жүгіргені шындық. Бірақ, неге?

– Неге? – деді детектив ойлы қалпынан танбай.

– ӨӨӨ ағаға: «Сізге әйеліңіз қастандық жасағалы жүр! Сақ болғайсыз!» – дегенде ол кісі сенбей, досымды елдің көзінше шапалақпен бір тартып, ұрып-ұрып жіберді де, қоя берді. Сол кезде еркектік намысы тапталғанына арланып, ол пышақ ала жүгірді. Күзетшілер ажыратты да әйелінің айтуымен досымды жындыханаға қамады. Қолыма қомақты ақша ұстатып: «Екінші рет сені бұл жерден көрмейтін болайын! Көрсем аямаймын!» – дегені әлі есімде. Ана қатын жандосымнан кешірім сұрасын. Сонда адам алдында да, Алла алдында да ары таза болады. Дәл осы сөздің айтылуы мұң екен, жігіт лезде-ақ әйелге қоңырау шалып, ӨӨӨ-ден кешірім сұрауын өтініп еді, ол ашу шақырып, кедей-кепшіктің алдында бас иетін әдеті жоқ екенін айтты. ССС дәл осы жайтқа қайран қалды. Бағана неге кеткісі келмей тұрғанын енді ғана түсінді. Егер екеуінің көзін құртқысы келсе, неге ұстап берді? Мақсаты қандай? Әлде полиция қыбын тауып, түрмеге қамап, істі жауып тастайды деп ойлады ма екен, кім білсін? Сұрақ көп, бірақ жауап жоқ... Сол түні тағы бір адам қандықол қарақшының қолынан қаза тапты. 27-ші қазан еді. Жаңағының маңдайында: домалақ ішіндегі бес жұлдыз ойылған пентаграмма бар екен. Жігіттің жігері құм боп, салы суға кетті. Енді, не істемек керек?!

***

Қылмыскер табылмаған соң іс тоқтатылды. Сөйтсек, кейіндеу анықталғандай адамдарды өлтіріп жүрген бұл – жанындағы Қарға кейпіндегі Жаналғыш¹ екен. Сол күні қалада «қарқ-қарқ» деген дауыстар біразға дейін жан-жақтан естілді де, бір заматта сап тыйылды. Детектив содан кейін ол Қарғаны көрмеді...

– Ажалдың алдында Заң дәрменсіз! – деп ССС Көкке қарады да ұзын көшемен кетіп бара жатты. Артына қараған жоқ... Өйткені, алдында оны әлі талай-талай қызықтар күтіп тұрған-ды!..

¹ Ежелгі ассириялықтар Жаналғышты Қарға түрінде бейнелеген. Және аңыз модификацияға ұшырағанымен де, әңгіменің негізгі сюжеті содан алынған. Ал, олардың ұғымындағы 7 саны – шексіздікті, мәңгілікті, пентаграмма – тұтастықты білдірген.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар