23 қараша күні Алматы қаласында ақын Талапбек Тынысбекұлының «Арғы жағы Ертістің, бергі жағы» атты шығармашылық кеші өтті. Халық биі «Қара жорғаның» атажұртқа қайта оралуы жайлы әңгіме болса-ақ, көзіқарақты зиялылар мен оқырмандар осы Тынысбекұлын ауызға алады. Олай болатыны, өзі құрған «Жезбұйда» жастар қоғамдық бірлестігі арқылы арғы-бергі беттегі ағайынның рухани жалғастығына үлкен дәнекер болып, ел мен жұрттың етене қабысуы жолында жас басымен аз болмаған игі шараларды ұйыстырып келе жатқан ақын Талапбек оншақты жылдың алдында «Қара жорға» өнер ұжымын құрып, Қытайдағы өнерпаздарды алғаш рет Алматыға шақырып, «Қара жорға» биін билеткен еді. Міне, осылайша еліміздің ұланғайыр даласына осы бір дәстүрлі биіміз кең таралған.
Бүгінгі таңда жас патриоттарға үлгі болып үлгірген ардақты азамат рухты, өршіл жырларын жатқа оқыды. Сондай-ақ, ол сөзін жазған, бірнеше реткі республикалық патриоттық әндер бәйгесінің бас жүлдесін еншілеген әндер керімсал кештің көрігін қыздырды. Кеш тізгінін белгілі ақын, сатирик Бейбіт Сарыбай ұстады.
Кеште ақынның «Арғы жағы Ертістің, бергі жағы» атты тұңғыш жинағының тұсауы кесілді. Алмас Ахметбекұлы, Дәулетбек Байтұрсынұлы, Мұрат Шаймаранұлы, Қайрат Құлмұхаммет қатарлы танымал ақындар жинақтың тұсауын кесті. Көптің көңілінен шыққан «Ұлы далам» әнін Талдықорғаннан арнайы келген Индира Әліпбек әуелетсе, әнсүйер қауымға көптен таныс «Туған жер» әнін Қажымұрат Шешенқұлұлы орындады. Аршын Кәсімбайұлы, Бибігүл Қилымханқызы, Нұрлан мен Шәба, Сәулежан Тағзияұлы қатарлы өнерпаздар Талапбектің сөзінде жазылған жаңа әндерді тыңдармандарға сыйлады. Жанарбек Әшімжан, Бақыт Беделхан, Дәулеткерей Кәпұлы, Әділет Ахметұлы қатарлы ақындар жырдан шашу шашты. Ақынның достары мен ізін басып келе жатқан іні-қарындастары ат мінгізіп, шапан жапты. Оқушы жас өрендер отты өлеңдерін жатқа оқыды.
Кеш иесі өзін өнерде де, өмірде де қолдап-жебеп келе жатқан заманымыздың атымтай жомарттары: Мерей Сіләмұлы, Мақсат Әбдіқадырұлы, Айса Озқанұлы, Жеңіс Түркияұлы, Толқын Ақанұлы қатарлы ағаларына және «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшмжанұлы қатарлы азаматтардың иығына оқалы тон жапты.
"Үш қиян" баспасыннан жарық көрген өлеңдер жинағы мен жарық көру алдында тұрған прозалық шығармалар топтамасына «Мақсат мед» медициналық орталығының директоры Мақсат Әбдіқадырұлы мен жеке кәсіпкер Айса Оразханұлы демеушілік жасаған екен.
Алтайда туып, Алатауда қанатын қатайтып, енді Арқа төріндегі Астанаға қоныс аударғалы жүрген Талапбек Тынысбекұлы алыс-жуықтағы ағайынға ақ дастарқан жайып, алғысын айтып, ықылас-батасын алды.
adebiportal.kz
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.