Алмаз Мырзахметті алғаш 2011 жылдың сары күзінде, дәлірек айтсам, Кереку өңірінде өткен Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған «Тәуелсіздік тұғыры» атты жас қаламгерлер форумында көрдім. Қара Ертістің жағасындағы форумға шақырылған жас ақын-жазушылардың туындыларын алдымен «Қазақ әдебиеті» газеті басып, сонда проза жанрынан шыққан Алмаз Мырзахметтің «Көгершін» атты әңгімесін әдебиетсүйер қауым жылы қабылдады. Аға буын өкілдері де жақсы лебізін білдірген болатын. Содан бері ерекше эксперименттері мен өзгеше ізденімпаздығы арқылы қалың оқырманның ыстық ықыласын суытпаған жас жазушының алғашқы кітабы да әдебиетке дайындықпен келгендігін растайтындай.
Адам жанының қалтарыстарына үңілген жас жазушымен болған сұхбатымыз төмендегіше өрбіді.
Схемасын құрып жазып жатсам, жаңа технологиялар салғым келгендіктен
- Алмаз, шығармаларыңда психология басымдау. Неге? «Автопортрет» әңгімеңде суретші өзінің автопортретін саламын деп сан жылдар жанын тырнап, жүрегіне беріш болып қатқан жарасы - анасының көңілдесінің суретін салып қойғандығын байқамай қалатыны бар ғой?
- Жоғарғы оқу орнында «психология» мамандығы бойынша білім алдым. «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының магистратурасын оқыдым. Екеуі де адамның жанына үңілетін сала. Сурет салсам психологиялық бояуларды көбірек жағатынымның себебі сол шығар. Бұны менің ерекшелігім деп қабылдаңыздар.
«Автопортрет» әңгімесі бейсаналық (подсознание) әлеміне құрық бойлатқым келген, таза идеяға құрылған шығарма. Оқырманның назарын аудару үшін қолданған әдіс. Адам санасында айнаға қарауға деген қорқыныштың пайда болуын жазғым келді. Кейбір оқырмандар әңгіменің атауына иек артып, оқиғаны өз өміріңнен алдың ба дегендей сұрақ қойып жатады. Бұл мен қолданған әдіс, эксперимент жемісін берді деген сөз. Ол және басқа әңгімелеріме деген қызығушылықты оятты. Міне, сіз де сол қақпанға түстіңіз!
- Шығармаларыңды оқып отырсақ, алдымен схемасы құрылғандай көрінеді. Шығармаңның түйінін әу баста шешіп қоясың ба?
- Әр кезде әр түрлі. Ой құрсағында алдымен жүрегі пайда болып, сосын сүйек-схемасы жаралған шығармаларым аз емес. Кей шығарма ауыздыққа көнбей, мені қоса ала қашатын кездер де болады.
Қазіргі таңда әдебиет интеллектуалдық деңгейге көтерілді. Бұны қарапайым оқырманның азайғанымен түсіндіруге болады. Менің бұл жазғандарымды оқитындардың басым көпшілігі әдебиеттің жілігін шағып, майын ішкендер. Қарапайым қойшы, базарда жүрген саудагер, қала қарбаласындағы көлік жүргізуші емес, әдебиет, мәдениет айналасындағы адам болуы ықтимал. Көпке топырақ шашудан аулақпын, айтқым келгені әдебиет біртұтас қоғамдық сипаттан алыс. Көпшілік рухани кеңістігін әдеби дүниеден гөрі эстрада сипатындағы туындылармен толтырғысы келеді. Поэзияны елдің бәрі түсіне бермейді. Ол, әрине, жақсы. Солай болуы тиіс. Әдебиет - бекзада өнер. Әлімсақтан бері солай болған. Схемасын құрып жазып жатсам, жаңа технологиялар салғым келгендіктен. Оқырманмен ойнау, миға шабуыл әдістері несімен жаман? Кез-келген әдіс – көркемдік ізденіс емес пе?
Туындының түйінін шешуді оқырманға қалдырғанды жөн көрем.
Егер, замандасым Арман Әлменбеттің стилі уақытпен жарысқа түссе, үндес жазушылар шығатын болса, ол да қазақ прозасындағы үлкен жеңіс болар еді
- Кейіпкерлеріңнің көбі жалғыздық дертіне шалдыққан. Себебі неде? Сенің шығармаларыңда мистикалық, триллерлік жанр қылаң беріп қалады. Әсіресе, «Теміржол қиылысында» атты әңгімең Дункан Джонстың «Исходный код» фильмін еске түсіреді. Бұл жанр саған несімен жақын?
- Адам әрқашан жалғыздықпен бірге. Ол жазғыздық – ой. Ой деген адамнан ешуақыт ажырамайтын құбылыс. «Жасаған жақсылығыңды ешкім айтпа» деген сөз бар. Жақсы әрекет жасасаң – жақсы энергия аласың. Олардың барлығы ой сандығында сақталып тұрады, біреуге айтсаң жоғалттым дей бер. Ой тазалығы – тіл тазалығы. Ойың былғанса, әрекетің де өзгереді. Ой – сен жалғыз қалғанда әрқашан жаныңда болады. Ол қорқынышты болса - жалғыздығың қасіретке, шуақты болса – жылылыққа бөленеді. Жалғыздық дегеніміз – ой. Ой дертіне шалдыққан адамның образын ашу үшін жалғыздықты айналып өте алмаймын. Мүмкін, жалғыз отырып жазуды жаным сүйетіндіктен шығар.
Шығармаларымнан мистикалық, триллерлік жанрлар қылаң беріп жатса, оларды менің ізденісім деп қабылдаған жөн. Қазақ прозасына қала прозасын еңгізгім келеді. Сондықтан ойымның мың градустық домна пешінде көңілім сүйген кейбір жанрларды қорытатыным бар.
«Исходный код» фильмін жақын арада көруге сөз беремін. Интернет желісінен қарап едім, 2011 жылы жарыққа шыққан екен. «Теміржол қиылысында» әңгімем 2008 жылы жазылған. Берік досыма Гүлденді алып қашып, ауылға бара жатқан кезде жолда түскен идея еді. Солар куәгер. Алманың да прототипінен сұрауға болады. Екеуінің шаңырақ көтергеніне 9 жыл болыпты-ау. Мен болсам әлі сол теміржол қиылысында жүрмін...
- Жас жазушы ретінде айтшы, қазіргі қазақ прозасының ауаны қайда ауып барады деп ойлайсың?
- Проза өз жолымен келе жатыр. Әдебиетті бір адам ғана жасамайды. Әр жазушы – жеке стиль! Стиль – қолданатын жаңашыл әдістен байқалады. Әдістер – ағымға, ағым – бағытқа айналады. Бұлақ өзен болуы үшін басқа да бұлақтарға қосылу керек. Өзен – дарияға, дария – теңізге айналуы үшін әдебиет кеңістігінде (уақыттың қатысы жоқ) үндес туындылар көбею керек. Мен жаңа ғасырдың, қала прозасының бұлағымын. Мен сияқты жазатын жазушылар дүниеге келсе, бұл сабақтастық әрі қарай жалғасса, эксперименттің оң нәтиже бергені. Менің жазып жүргенім – тәуекелге бел буу. Не бүк, не шік болады. Егер, замандасым Арман Әлменбеттің стилі уақытпен жарысқа түссе, үндес жазушылар шығатын болса, ол да қазақ прозасындағы үлкен жеңіс болар еді. Біздің толқын ғаламтор жазығына өз саласын іздеп жайылған су сияқты. Уақыт өте келе тереңдігіне қарай әркім өз саласын табады. Ағыс пайда болады. Саламызды жасамасақ әдебиеттің топырағына сіңерміз де кетеміз. Билік кейбір еңбекқорлардың бағытын бұрып, арықпен ағызар. Ол уақыт еншісінде.
Қазақ прозасының потенциалы орасан зор. Біздің фольклор – әлем үшін әлі ашылмаған қазына. Кейінгі он жылда оқылымы, таралымы, сатылымы бойынша әлемдік жанрлар рейтингісінің үшінші орынына бірақ көтерілген фэнтези жан-жағындағы барлық бағыттар мен ағымдарды жалмап келе жатыр. Бұлай жалғаса берсе алдында тұрған детектив пен қызғылт романдарды да орнынан ығыстыруы мүмкін. Фэнтези ертегіге табан тіреп тұр. Мегополис тұрғындарының көп ішіндегі жалғыздық жұмбағы осы фэнтези жанрында жасырынған. Жалғыз қаһарман ғана жеңімпаз боп шығатын бұл туындыларда классицизмдік бояулар да қылаң беріп қалатындай. Егер фэнтези жанры бірінші орынды бағындырса, қазақ фольклорының уызына жарыған бір жазушы шығып, әлемді өзіне қарата салуы мүмкін...
Біз баспалдақтан – эскалаторға, садақтың жебесінен - жарық жылдамдығына ауысқан заманды мойындап, өз өнімдерімізді батыл ұсыну керекпіз!
Қалыптасқан шекараны бұзғысы келетін жазушымын!
- Рақымжан Отарбаев өзіңнен зор үміт күтетіндігін айтып, жылы пікірін білдіріп жүр. Өзің мойындайтын жазушылардан басқа қандай пікір естідің?
- Рақымжан Отарбаев – қазақ әдебиетіндегі қайталанбас тұлға. Қазақтың тұрақты тіркестерін қойша өргізем деген сөзі қандай?! Тілдің қаймағын сүзіп, балталаса бұзылмайтын шаһқар дүниелер жазып жүрген аса талғамды қаламгер, дарынды драматург. Бүгінгі таңда қазақ прозасының көкжиегін кеңейтіп, әлем оқырмандарымен тілдесуде. Үлкен кеме - үлкен теңізде жүзеді емес пе?! Жаңа мыңжылдықтың жылдамдығына ілесіп, әдеби агентпен жұмыс жасауды алғаш бастаған қазақ қаламгері – осы Рахымжан Отарбаев ағам. Ұлт топырағынан тамыр алып, бұлт тіреген бұл ағамның қолына қалам ұстаған жастарға деген ықыласы тіпті ерекше! Қолынан келгенше көмектесіп жүреді. «Үлкендерден көп шапағат көрдім, соны сендерге табыстаймын» – дейді әрқашан.
Сенім білдіріп, иығыма үлкен жүк артып бергені рас. Кітаптарын жата-жастана оқитын қаламгерден мұндай баға алу мен үшін зор құрмет. Өзіме берген сертке, ағамның артқан сенімі қосылды. Қуанышына арнайы шақырып, «ала таңмен Астанадан аттанған поездың қайыстай созылып күнге маңдайын төсеген» Атырау сапарын да өткердік. «Көбелектің қанат қаққаны әлемнің екінші шетінде дауыл тұрғызуы мүмкін» деген сөздің жаны бар. Рахымжан ағаның бір ауыз жылы сөзі проза жағалауында жүрексініп жүрген жас желкенге теңізге бастар оң жел боп соқты. Дауылы мен жауыны аралас әлемге еніп кеткенім соншалықты, ағама хабарласпай ұзақ жүріп те алам. Желкенімді керіп, жалауымды желбіретіп бір күні алдынан шығатынымды да білем. Сонда қатты құшақтап тұрып рахметімді де айтам! Тек сол кезде артқан сеніміне лайықты болсам. Сондықтан жұмыс пен тұрмыс (быть) жауыны арасынан құрғақ шығуға тырысып, әлі де жазу-сызуға жанымды салып, уақытымды арнау керекпін.
Жетінші сыныпта Аманжол Әлтаев ағам ақын Жүрсін Ерманның мерейтойында мені сахнаға шығарып, дүйім халықтың алдында Қадыр Мырзалиев пен Тұманбай Молдағалиев батасын беріп еді. Рухани әкеміз Серік Ақсұңқарұлы бекзада әдебиеттің биік мәдениетін үйретуден жалыққан емес. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіріп, жазғаныма пікірін білдіріп, үлкен үміт артады! Ғалым Жайлыбай ағамыз қолдау көрсетіп, алғашқы проза жинағым жарыққа шықты, оның алғысөзін жазушы Дидар Амантай жазды, «Қазақ прозасының үміті» деп баға берді. Әнес Сарай, Әлібек Асқаров ағаларымыз, Фариза Оңғарсынова апайымыз жылы лебізін білдірді. Бұның барлығы аванс. Барлығы өзіме байланысты деп есептеймін.
- Кезінде «Ханшайым» кітабың жайлы жас сыншы Бағашар Тұрсынбайұлы өз пікірін айта келіп, сенің шығармаларыңды «қазақылықтан қашық» деп еді. Бұл сынды өзің кемшілікке жатқысазың ба?
- Бағашардың пікірімен келісем. Бірақ, қаным қазақ, көзім қазақ, жүрегім қазақ. Қазақша түс көрем. Жазғаным ұлттық проза қоржынындағы шығармаларға ұқсамаса да, оны жазып отырған қазақ қой. Қалыптасқан шекараны бұзғысы келетін жазушымын! Өзгеше болу деген – кемшілік емес, ерекшелік!
- «Менің автопортреттік шығармам» деп қайсы әңгімеңді атайсың? Бүгінде не жазып жүрсің, не толғантып жүр? Келесі кітабыңнан нендей жаңалық күтеміз?
- Мен өзім тағдыр тақтасында жазылып қойылған көркем шығармамын. Мен де кейіпкермін...
Ойда жүрген шығармалар көп. Отыра қалсам жазып тастайтындай сенім де бар. «Мылқау һәм саңырау» немесе «Балықтар патшалығы» деген атаумен бір психологиялық дүниенің айналасында іздену үстіндемін. Уақыт мойын бұрғызар емес... Келесі кітабымның жаңалығы да сол болады деп сенем...
- Біз де сенің шығармашылығыңнан жақсы жаңалықтар еститінімізге сенім білдіреміз. Рақмет!
Сұхбаттасқан: Наурызбек САРША
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.