Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Алтайдың алтын тамыры» шығармашылық кеші өтті...

19.09.2014 4894

«Алтайдың алтын тамыры» шығармашылық кеші өтті

Алдында Алтайдың асқақ армандары қол бұлғап, өлең өлкесінде өзіндік өрнегімен танымал болған ақындарымыздың бірі – Ұлықбек Есдәулетов. Біз өткен жаңалықтарда хабарлағанымыздай ақынның 60 жасқа толу құрметіне арналған кешке арнайы қатысып, ерекше әсерде болдық. Бұған дейін «Әдебиет порталында» ақынмен интернет-конференция ұйымдастырылып, ақынның туған күіне орай  бірқатар қаламгерлердің жылы лебіздерін ұсынған болатынбыз. 

                                               _MG_3442.JPG

Алаштың айтулы ақыны Астана төрінде оқырмандарымен кездесті. 2014 жылы қыркүйектің 18 жұлдызы күні Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Тұңғыш Президент аудиториясында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулеттің 60 жасқа толуына орай «Алтайдың алтын тамыры» атты әдеби-музыкалық кеші өтті. 

                                              _MG_3334.JPG

Кешке мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар мен өнер иелері, студенттер қатысып, ақынды мерейлі мерейтойымен құттықтады. 
Әдеби кешті Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің жетекшісі Кенжеғали Мыржықбаев жүргізді. 

                                              _MG_3331.JPG

Бүгінгі қазақ поэзиясының көш басында тұрған талантты ақын өзінің ел тағдырын, қазақ мұңын сахна төрінде шабыттана жырлады. Ақынның ел басына күн туғанда шыққан «Заман-ай», «Қара пима» әндерін халық үлкен толқыныспен тыңдады. Осы кеште алғаш рет «Қара пима» әніне түсірілген қысқаметражды фильм көрсетілді. Әсем әндер шырқалды, жүрекжарды жырлар оқылды, күй тартылды... Көрерменді ерекше ықыласқа бөлеген тағы бір таңғажайып нәрсе – айтулы ақынның кешінде тұңғыш рет талантты күйші Секен Тұрысбеков ақынның сөзіне жазылған әнді нақышына келтіре шырқады. 

                                             _MG_3547.JPG
                                             _MG_3463.JPG

Қаламгерді құттықтауға келген бір топ ақын жолдастары мен қоғам қайраткерлері Әшірбек Сығай, Кеңес ДүйсекеевКөпен Әмірбексынды тағы да басқа зиялы қауым өкілдері сахнаға шығып ізгі ниеттерін білдірді. Ақын, сатирик Көпен Әмірбек Ұлықбек ақынның лирикалық өлеңдерін оқып, ақын өмірінен естеліктер ұсынды. Моңғолия халқының құттықтауын ақын Сұраған Рахметұлы жеткізді. Ақынның «Киіз кітап» атты кітабының моңғол тіліндегі нұсқасын кеш иесіне табыстады. 

                                            _MG_3411.JPG
Кеш барысында өнер көрсеткен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері ақынның сөзіне жазылған бірнеше әнді орындап, ақынның жүрекжарды жырларын көрермен қауымға ерекше ықыласпен ұсына білді. Оқырмандарды, әсіресе студент жастар өздерін толғандырып жүрген әдебиетке, өнерге байланысты сауалдарына ақыннан жақсы жауаптар ала білді.

                                          _MG_3511.JPG

Кеш соңында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы ақынға ұлттық университеттің ең құрметті белгісі Л.Н.Гумилев атындағы төсбелгімен марапаттады. Көптен бері ақынның жырын сағынған Елорда халқы 60 жасқа толған ақынның шығармашылығымен жіті танысып, әсерлі кештен ерекше көңіл-күймен тарасты. Иісі қазақ халқының маңдайына біткен жарық жұлдызы, Алаштың айтулы ақынына біз де амандық, шығармашылық жетістіктер тілейміз! Мерейлі мерейтойыңыз тағы да құтты болсын, Ұлықбек аға!

                                          _MG_3532.JPG
                                          _MG_3538.JPG



adebiportal.kz

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар