Алтын үстіндегі Балғын

14

Алтын үстіндегі Балғын - adebiportal.kz

Алтай бетінің ала бұлтын басына үйірген, ақ жаулығын жамылған таулары анадайдан көз тартады. Бұлақтары сылдырай ағып, жел әуеніне сәлем беріп билегендей, хош иісті құрақтары өрнекті жасыл көйлегін киіп, сызылып қатар-қатар тұрған бикештердей сезіледі. Қарағай, қайың, тал, шыршалары, анда-санда бір толқыған сыңай білдіргендей маңғаздана көсіліп жатқан мүлгіген тұнық көлдері, көлден төменгі көсілген кең жазықта арлы-берлі шапқылаған жылқылар, жасыл шалғынға әбден тояттап күйісін қайырып ыңыранған сиырлар, күннің ыстығынан әрбір жерге топтасып үйездеген қойлар осы өлкенің сәнін келтіріп тұрғандай. Кеудесі құтты Жер-ана, саф тұнық ауасы, көз тартар табиғаты қандай тамаша!?

«Табиғат – тал бесік» деп, Балғын жеті атасынан осы өлкені мекендеп, өсіп-өнді. Бір атадан – алты ұл, бес қыз. Ең кенжесі – Балғын. Жас қартаяды, жоқ туады, туған өледі. Міне, осының бәрі өмір заңдылығы, одан ешкім де қашып құтыла алмайды. Аға-әпкелерінің көбі өмірден өтті, ұрпақ-жұрағаттары оқыды, жетілді. Бәрі де астанаға, қалалы жерге қарай бет бұрып, бірнешеуі шет елдің азаматтығын алып, сол елдерде тұрақтап қалды, еңбек шартымен шет елдерде жұмыстап жүргендері де бар. Жаз айларында Балғынның үйі абыр-сабыр, той-думан. Туған жер, қара шаңырақ, ата-бабамыздың қасиетті жері деп, дүниенің төрт бұрышынан туыстары ағылып осында келіп қауышып, мәре-сәре болады да қалады. Ағайын-туыс, бауырлары әкелген шет елдің бренд киім, заттарын осы өлкеде Балғындікі ғана керектенеді.

Балғынның таспен қаланып, ағашпен салынған мал қорасының өзі ат шаптырым. Бес түлік малдың әрқайсысына арналған қорасы, өз-өзінде жалдамалы бақташылары бар. Бұл өлкеде кейбір жылдары жұт болып, малдың басы көп шығынға ұшыраған кезде Балғынның малы қыстан, жұттан аман-есен шығатынына басқа көршілері таң қалады. Сиырлары сүтті, ірі денелі, жылқылары сымбатты, жүйрік, қой-ешкілері қоңды, жүнді, түбітті, ерген төлдері ширақ болғандықтан басқа өлкенің малшыларынан сұраныс көп. Бірақ Балғын «атадан қалған құты бар мал» деп албаты сатпайды, алатын кісісін де байқайды.

Мал екеш мал да өзі иесін біледі, тіпті танитын көрінеді. Ұсақ малдары тау бетінде жайылып жатса, Балғынның үйреншікті айғайы шыққанда тобымен бері қарай бұрылады, сауғызбай, ұстатпай жүрген бие, жылқылары Балғынды көргенде, «құрилаған» дауысын естігенде жынын алдырғандай тұра қалады. «Шеңгелдің өзі – өз жерінде шіренеді» дегендей, Балғын төрт құбыласы тең, жерде – піл, суда – кит, әуеде – самұрық алып болса осы өлкенің кереметін өзім деп сезінеді, өзін осы жердің иесімін деп көреді, бірақ еш уақытта асып-тасыған емес.

Маңдайына біткен бір бағы бар, ерекше қасиеті бар адам деп жергілікті жердің халқы да сыйлайды. «Сыйға – сый, сыраға – бал» дегендей, әрқашан шаршаған-шалдыққан адамдарға жәрдемдесіп, кедейлерге қол ұшын бере жүреді.

Малдың тойынған, жердің шөбі пісіп жетіліп жайқалған жаздың жадыраған бастапқы айында астанадан бір топ адамдар келді. Бұлар «осы өлкеде алтынның мол қоры бар» деп, тиісті жерден рұқсатын алып келген маманды адамдар болып шықты. Халық болып: жер тағдыры – ел тағдыры, жерімізді, жайылымымызды қаздырып, қопартпаймыз, қара жерге халық ие деп қарсы тұрғанымен, тиісті басшы ұйымдардың рұқсатын, куәлігін көрсетіп, келушілер бет бақтырмады.

Ата-бабамыздан жалғасқан қонысымыз, туған жеріміз, мал жайылымымыз, бұл неғылған әділетсіздік, басынғандық?! – деп Балғын бастаған осы өңірдің адамдары алтын қазушыларға қаншама бөгет жасады. Алтынды жерді қазып жатқан трактордың алдына да барып жатып алды, қамшы да үйірді, орталық ұйымдарға да арыз-тілектерін жазғанымен «сендердікі дұрыс екен» деп жылы жауап берген ешбір басшы, ұйым болмады.

Балғынның жақтастары оған да мойымай күрестерін жалғастырып, күн сайын тыныштарын алып бөгет жасаумен болды. «Ерегескен жау жаман». Алтын қазушылар да алған бетінен қайтпай, әрбір жерді бір қопарып, Балғынның қорасына қарай бір сызықпен жақындай бастады. Онымен шектелмей «Дәндеген ит – дән қоймайды» дегендей, қолдарына ұстаған белгісіз бір заттармен қыстау қораның маңайын көріп, не бір дүниені бақылап жүргендей болды.

Осы келіспеушіліктен болып алтын қазушылар мен жергілікті жердің адамдарының арасында төбелес-жанжал болып, заң ұйымдарынан тексеру жасалып, қылмыстық іс қозғалғанымен, ақыры екі жақ та дау-дамайды ары қарай ушықтырмай, өзара келіскеннің арқасында тергеу тоқтатылды. Осы өзара келісімнен кейін алтын қазушылар мен жергілікті жер адамдарының ортасындағы қарым-қатынас жақсара түсіп, жиі араласатын болды. Тіпті компания бастығы орталықтан келіп, Балғын бастаған төңіректегі ауылдарға сый-сияпат көрсеткеніне «мынау нағыз азамат екен» деп мәз болысты. «Адамның көңілі – алабұлт» демей ме? Оның өзгеруі де, өрлеуі де тез. Бірқалыпты тұрмайтыны белгілі. Бұлар келгеннен бастап ала жаздай атысып, шабысқан адамдар әп-сәтте аралас-құралас ағайындай болды да қалды.

Алтын қазушылар қазан айының соңына дейін жұмыстап, ары қарайғы жұмысты келесі жылдың сәуірінен бастайтынын айтып, барлық техника жабдықтарын Балғынның үйінің қасына орналастырып қойды. Оған қарап, күзетіп отырғаны үшін ай сайын жалақы төлейтін болды, жұмысшылардан артылған ұн, шай, күріш, жанармай, жағармай, күн электр жарығын тегін беріп, аттанып кетті.

Күндер жылжып өтіп, Моңғол халқының ұлттық мерекесі «Шаған» тойына бір айдай уақыт қалғанда аймақ орталығындағы алтын компаниясының өкілі Балғынның үйіне келіп, Улаанбаатардағы орталығынан жіберілген конвертті тапсырды. Конвертті ашып танысқанда Балғынды алтын компаниясының әкімшілігінен «Шаған» мерекесіне орай Моңғолдың 256 балуаны қатысатын ұлттық күресіне, мерекелік концертке, мұражай көруге, компаниядан ұйымдастырылатын тойдың салтанатты дастарханына шақыру болып шықты, онымен қатар аймақтан Улаанбаатарға баратын, қайтатын ұшақ билеттері де жіберіліпті.

Балғын рахметін айтса да, көпті көрген көнекөз қария әрбір нәрсенің түпкі сырын түсіне білетін, тегін дүниенің кейіннен салмағы болатынын іштей түсініп, бұл істе бір гәп бар деп ойлады. Балғынға шақыру келгендігін естіген маңайдағы көршілері «Адам деген – қызылқұрт» деп бұрынғылар айтқандай, біреулері құттықтап қолдаса, енді біреулерінің қызғаныш оты лаулап, «бізді неге шақырмайды? Бұл жер жалғыз Балғынның жері емес, біздің де жеріміз» десіп, гу-гу болып басылды.

Балғын Улаанбаатар қаласында «Шаған» мерекесіне қатысып, ерекше сый-сияпат, құрметке бөленді. Ел-жеріне келгеннен соң көп ұзамай көктем де басталып, алтын қазушылар бұрынғыдан да көп адам, жаңа техникаларымен оралды. Компания бастығы өзі басқарып келіп, қызу іске кірісе бастады. Балғынға тағы да құрмет көрсетілді. Балғын бұл сый-құрметтің бәрі бекер емес екенін сезсе де, үндемей әліптің артын бақты.

Көктемнің жаймашуақ бір күні компания бастығы Балғынды шақырып әңгімелесті. Қаланың бар жақсы, қымбат тағамдары, Шотландияның арағын алдына қойып, дастархан үстінде қыстау қорасын сатуға ұсыныс жасады. Бағасына су жаңа «Ланд Тойота-200» машинасын, дәл осындай қыстау қораны қалаған жеріне, заманауи үлгідегі үйді де салып беруге уәде берді.

Бастықтың бұнысына «енеңді дегенді емеуіріннен танитын» Балғын қария, әккі кәрібозың мырс етіп күліп қойып, олардың жаман ойларын әбден білген соң:

– Әр адамның ой-пікіріне құлақ салып тыңдау парызымыз. Алайда бұл қыстау қора менің ғана емес, ата-бабамнан қалған, бізге ырыс-құт болған, өсіп-өнген, бақыт қонған жерім. Бұндай жерді дүниенің төрт бұрышынан да таба алмаймын. Маңайымыздағы жайлау-жайылымымызды алдыңдар. Ал бұл жерді еш уақытта, ешкімге де бере алмаймын! – деп кесіп айтты.

Компания басшылары Улаанбаатардағы Балғынның туыстарымен де сөйлесті, қомақты қаражат беруге де уәде берді, басшы адамдарды да салып айтқызып көрді, бірақ бірбеткей Балғын алған бетінен қайтпады. Мұндай көп адамдар артынан түсіп айта берген соң «әкесі өлгенді де естіртеді» деп, «жоқ», «болмайды» деп, қолды бір-ақ сілтеді.

Жер – ана. Қандай бір сұлулық, байлық, бақыт – бәрі де жерден өніп, көктен жауады. Биылғы жылдың көктемі үнемі боранды, жазы салқын болды. Алланың аспаннан жауар нұры да аз болып, жер көктемеді, бұлақтар семіп, құрып қалды. Бұл өлкеде бұрын-соңды бұндай жағдай болған емес.

Ауылдастарының аты сұмындық тойда топ жарған дастарқанда жиналғандар биылғы жаз туралы әр түрлі пікірін айтып отырысқанда Балғын қарт:

– Әй, қарақтарым, жер екеш жер де ауырады, шамданады. Мынау жазықтың әр жерін қазып, тас-талқанын шығарды. Жаңбыр ала жаздай жаумай, жалғыз рет жауғанда бұрын-соңды болмаған сел жүрді. «Судың да сұрауы бар», – деп сөзін аяқтады.

Алтын қазушылар Балғынның қыстау қорасына соншалықты қызығып, алмақшы болғаны – зерттеу барысында алтынның қордаланған қоры сол қыстау қораның астында және төңірегінде екендігі анықталыпты.

Осылайша ата-бабасынан қалған, өсіп-өніп, кіндік қаны тамған жерде асығы алшысынан түсіп, аумақты алтынды астына басып, сұғанақ қолды сұққызбай, сумақы жандарды жолатпай, еш нәрсеге де айырбастамай Балғын қария отыр.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Қос қасиет

22.10.2026

1430

Той-қазына

19.10.2026

1345

Taza Qazaqstan