Мұхтар Мағауин. Өзім
Өзім... Мен... Мен Өзім...
Қайдан келдім? Қайда барам? Түнектен шықтың, түнекке батасың... дейді ғылым. Бұрын да жасағансың, өлесің, жаңғырып, жаңадан туасың... дейді ғайри дін. Тамшыдан жаралдың, топыраққа айналасың, қиямет күні қайыра бой көтересің... дейді мұсылман қауымы. Қайткенде де, көзі тірі пендеге бұрын кім болғаны, кейін не болары беймәлім. Бәрі күңгірт, бәрі күмән. Анығы - ешқандай таңдау жоқ. Жарық дүниенің еріксіз тұтқынысың. Егер ырық болса, қалауымды берсе... мен қайта тіріліп келмес едім.
Өзің емес, басқа біреу екенсің. Өткеніңді білмейсің. Тіршіліктегі бар машақатыңды тағы бір рет, бір емес, сан рет, бәлкім, әлденеше мың мәрте, дүркін-дүрмегімен, үздіксіз бастан өткеру де мұрат па. Жоқ, мен екінші, жүзінші, мыңыншы қабат қайыра туғым келмейді. Осы бір өмірдің өзі Жаратқанның шексіз рахматы, немесе аяусыз азабы. Өзің болсаң, қияметте қайта тұрсаң... Не мән бар? Еншілі өмірің өткен. Алда... ұжмақ, иә тозақ. Қайсысы болса да, бұ дүниедегі азғана қызыққа, немесе кенеусіз мехнатқа жетпейді. Мұндағы қалың сор - жан азабы онда мәңгілік қинау - тән азабына ұласса, немесе өтпелі, алдамшы қуаныш - таусылмас барақатқа айналса... адамды жаратудағы мақсат не болғаны? Ойыншық, ермек үшін емес қой! Жоқ, мен ғарасаттан қорықпаймын, тергеуден бұрын өз есебім бар. Ол есеп - Мен қалдырған таңбалы сөз. Өзіме ғана тән, ұлтыма ғана арналған риясыз лепес. Басы, ақыры, дүйімі - осы. Бөтен бір кепте, басқа заман, жат ортада қайта жасағым келмеуі де содан. Егер Жаратқан Ием кеңшілік бергісі келсе, жасымды ұзартсын. Өткендегі барға бүгінде жоқты қосайын. Арыдағы ұжмақ емес, берідегі басқа ғұмыр емес, қазіргінің жалғасы ғана керек. Өйткені...
Мен жалғыз екем. Өзім ғана. Жалған дүниеде жалғыз Өзім. Қайта тумас. Қайталанбас. Қайталансам... Өзімді ғана қайталайды екем. Бастан кешкен, көз көрген жағдай. Рас, өткенім - естелік, болашағым - бұлдыр. Сырттай, үстірт қарағанда. Ал шын мәнісінде... қазіргі бір ғана сәтіңде бұрынғы бүткіл ғұмырың жатыр. Келер мезетіңде - болашақ бар тіршілігің. Мен келешегімді ойша байыптасам, өткенімді көзбен көріппін. Өзімді. Жер басып тұрған тірі кейпімде. Сондықтан алдағы азды-көпті ғұмыр суретін де кәміл таныдым дер едім.
1
2000 – жер әлемді қайта құрған, ал қазақ үшін, бәлкім, ешқашан оңалмас апат әкелген қанды, қаһарлы ХХ ғасырдың соңғы жылы болатын. Мен ақсақал жасы алпысқа толғам. Қыста - Алматыдағы салтанатты, мадақ, мерейлі жиын, әріптес қауым, ағайын-туыс, дос-жар, алыс-жақындағы бар бала - ересегінен бесікке дейінгі пәленбай немере - опыр-топыр қаншама жұрт бір дастарқан басынан табылған дүбірлі той. Жаз шығып, жер аяғы кеңігенде бәйбішеммен бірге ауылға келдім - Шыңғыстаудың күнгейі - Бақанас өзені, Көпбейіт, Ескі-Жұрттағы баба қоныс. Біздің әулет соңғы екі жүз жылдан астам ұзақ уақыт бойы бауыр басқан құтты мекен. Бұл жерде менің бес атамның сүйегі жатыр.
Әуелде барыма тәуба айтып, аруақтарға ас бердім. Содан соң... бұрын ескермеген, ойға келмеген бір ізгі шаруаны қолға алдық. Кейінгі Бабамның бұдан жүз жыл бұрын қаланған аумақты ескі зиратының қабырғалары құлап, мүжіліп, жал топыраққа айналған екен, іште қатар-қатар оншақты қабір, төменгі, оң жақтан екіншісі - Бабамның өзі, қалғаны - аға, інісі, екі бәйбіше, бір баласы, бәрінің де үстіне жусан өскен, ойқы-шойқы, түгел түсіп кеткен, жер болған; ескі зираттың іргесіне қойылған, бір заманда қапада өткен қайран Әжем, қатарында бұрынырақ, олар да азалы жылдарда өлген тағы үш-төрт кісіміз, бұлардың басы мүлде жалаңаш. Біз алыстан шалғанда ескі зират үстінде тақау төңіректегі ауылдың торпақ, тайыншасы жайылып жүр екен. Аяқ астында, атаусыз, қорғансыз қалдыруға болмайтын еді. Менің дүние ісіне қырым жоқ, бар шаруаны осы өткен әулеттің Келіні, болашақ, бүгінде, - мәшалла, - берік негізі салынған үлкен, жаңа әулеттің жалғыз Анасы - біздің бәйбіше мойнына алған. Мен - жебелеуші, демеуші ғана екем.
Қатарынан - бірі ауқымды, асқақ, екіншісі - ықшам, әдемі - екі зират тұрғызу керек еді. Өлшем, есеп, тиесілі дайындық, қажетті заттар түгелденген соң құрылыс та басталып кетті. Өзен жағасы, тау етегі, ашық аңғарда тұрған иен жұртқа арнайы киіз үй, қосалқы шатыр тігілді, таңдалған он бес кісі - аспазы, құрал-сайман, керек-жабдық, машина мен тракторына дейін бар қажеті түгелденген машықты шебер, құрылысшы жігіттер шаруаға білек сыбана кіріскен. Әуелі үлкен зираттың ескі жұрнағы тегістелді. Содан соң екі бейіттің де ірге тастары құйылды. Тұғыр-тиянақ бірер күн сорғып, бекіген соң, төрт қырлы, сопақша, әдемі, аппақ кірпіштер жарасты үйлесім тауып, қос зират қатарынан қабырға көтере бастаған.
2
Баба, әрине, қастерлі. Зираты аумақты ғана емес, өзгеше тұрпатты, айдынды шығуға тиіс еді. Жай ғана төртқұлақ емес. Бұл өлкедегі үлкен, ашық бейіттердің ескілікті бір үлгісі - қабырғалары кеудеден ғана, есесіне төрт бұрыш - төрт баған - орнықты, шомбал, еңселі, биік. Ежелгі түрік заманындағы тас қоршаудың төрт тарабына биік сынтас орнататын көне дәстүрдің кейінге жеткен бір көрінісі. Мен бұрыштар ғана емес, көлденең қабырғалардың өзінің орта тұсы, ұзын қабырғалардың сәйкес, өлшеулі аралығы дараланып, бір кірпіші сыртқа сұғына, кертпеш қаланса, құрылыс әдемі әрі бедерлі шығады деп білдім, осындай, кісі бойы қол ұсыным қалаудың сатылай көтерілген төрт бұрышы кіші-гірім төрт мұнара кейіпті болуға тиіс еді.
Ұлы Абаймен дос-жар болған, туған ұлы, одан соңғы немересі арқылы маған арғы аталарымның бар қасиетін жалғастырған Бабамның басын көтеру - парыз еді. Парыз ғана емес, мерей, мәртебе. Және тәуба, қанағат.
Ал Әжем... Әжемнің зиратын тұрғызу - мұң еді. Мұң және қуаныш. Қасында жатқан, қиыншылық, зобалаң күндерде дүниеден озған екі қайын мен кейінірек - күні кеше көз жұмған тағы бір апамыз – төртеуінің басын қосып, ол да өзіндік бедермен қаланған ұзыншақ ақ бейіт бұрын бітті.
Қайран Әжем...
3
Әудем жер - ол да өзенге төне біткен жартасты қабақ – байырғы мекен-жай, енді іргесі ғана қалған үлкен қораның орны. Жүрегім шымырап, дәл үстінде тұрмын. Ақ қашқан жылы жазда Атам салғызған екен. Құрылымы қызық. Нақ ортада - шығыстан батысқа тартқан ұзын дәліз. Екі тарапта екі қақпасы болатын. Күнес жақ - қатарлас, қосар-қосарымен алты бөлме. Жоғарғы, шығыс беттегі қоржын там - ағасінікі. Төменгі екі бөлме - інісіне. Ортада - өзі. Етекте, батыс шетте – малшыға арналған шағын, жеке бөлме. Дәлізден арғы, қарсы, көлеңке бетте әуелгі үш үйге арналған үш шошала. Бұлар да бірінен біріне тіке өтетін екі бөліктен: түкпір - ет, азық-түлік, артық мүлік қоймасы, ауыз - жас төл, жаңа туған малға арналған. Тек ол ғана емес. Шеткі шошалаға жалғас, есігі сыртқа қараған үлкен қой қора бар...
Мен қашан келсем де, қабырғасы жоқ, іргесі ғана қалған ескі тамға тек ойпаң "есіктен" ғана кірем. Енді міне, биыл, соңғы күндердің өзінде әлде төртінші, әлде бесінші мәрте үйден үй аралап жүрмін. Қабырғалары қалың, бөлмелері кең екен. Ескі өлшеммен алғанда. Ол заманда байтақ сарайдай көрінсе керек. Орта шаруа есебіндегі біздің Ақсақал кәмпескеге ілінбесе де, ата жұрттағы қыстауын тартып алған. Колхоздың кеңсесі жасапты. Арада бес-алты жыл өткенде ауыл орталығы жоғарырақ жылжыған да, кеңсе үйі мектепке айналған. Екі-үш жылдан соң мектеп те көшеді. Оның орнына бір қора қой келеді. Қойшысымен, ферма бастығымен қоса. Әйтеуір ортаңғы үй біздің Ақсақалға қайтадан бұйырыпты. Әділдік жөнімен емес. Колхоз мүшесі әйтеуір бір жерде тұруы керек қой. Ескі қыстауын сұрайды. Сөйтіп, өз үйі өзіне тиген.
Мен осы ортаңғы үйде туған екем. Одан соңғы талай өмір, балалық шақтың бірнеше қысы осы жерде өткеріліпті. Ұмытылмас, қимас қоныс. Және қайғылы, зарлы қоныс. Басқасын айтпағанда, осы үйде, осы жерде менің аяулы Әжем дүние салып еді. 1953 жыл, қарашаның соңын ала. Осыдан екі жыл бұрын жалғыз ұлы Итжеккенге айдалған. Ендігі бар қызығы, бар қуанышы - Мен едім. Бесігімнен көтеріп баурына салған. Күнге тигізбей, желге қақтырмай, мамыққа бөлеп, әлпештеп өсірген. Мейлінше еркелеткен, шексіз сүйінген. Менің жолыма жанын айтар еді. Бірақ... қатал заманның салмағын көтере алмады. Бетін теріске бұрды. Бар мейірін төккен, бар тілегін арқалаған немересін тастап, кете барды.
Менің жасым он үште болатын. Ескіше айтқанда, отау иесі. Шын мәнісінде... Оқу, білім жағынан алып қарасақ, әдебиет, тарих тарабын айтам, орта мектеп көлемінен шығандап кеткем, ал таным, білік тұрғысынан... өз тұстастарым, одан арғы ағалар, әкелер тұрыпты, мүлде басқа, тың, биік, өзгеше өріске шыққан екем. Сонымен қатар, әдепкі тіршілік, мінез, табиғи болмыс жөнінен... өз жасымнан әлдеқайда кемшін, асса тоғыз, он жас деңгейінде ғана тұрсам керек. Осыншама кереғарлық. Ішім дүлей, сыртым қорғансыз екен. Әжем өлгеннен соң бар кемшінім ғана емес, бар қасиетім де арылмас сорға айналыпты. Бастағы білік, жүректегі қайғы, көңілдегі зар - келешекте кім болса да, дәл осы сәттегі жетім баланы мүлде дәрменсіз кейіпке түсірген екен.
Бар бақытым, болашағым - мені алғаш рет жеті жасымда ғана көрген, төрт-ақ жыл көз алдымда жүрген, енді қайта оралмас құрдымға кеткен аға - Әкеме емес, мені тәрбиелеп өсірген, ес білгеннен өмірге баулыған, өткен заманның бар даналығын көкірегіме құйған, енді өзі де кісі қолына қараған мүскінге айналған Атама да байланысты емес, тек жалғыз Әжеме ғана қарап тұр екен. Сол ізгі, мейірбан Әжем қапа мен қайғы жеңіп, небәрі алпыс бес жасында дүниеден көшкенде... менің басыма қара күн туған еді. Көз жасы өлшем емес. Көкіректегі зармен жоқтадым. Жарты ғасырға тақапты, әлі жоқтап бітпеген екем.
4
Ескі қоныстың төменгі беті - өзен арнасы, жартасты, қысаң сайға құлайтын шатқал. Екі қабақ - Қос Босаға аталатын екі биік. Біздің әулеттің көне зираты Сол Босағаға тіркес. Аралықта көктемде тасқын жүретін, боз қараған, қызыл тобылғы, сұр үшқатты сайлауыт. Табандағы қалың көдені басып, бей-берекет бұталар арасынан жол тауып, көлденеңінен кесіп өттім де, іргелес тау етегіне шықтым. Тау болғанда, жас балалар, жүгірмесе де, екпіндей, еркін шығатын, ересек кісілер қиялай, жайлап көтерілетін, егделер екі-үш демалып жететін шағын ғана шоқы. Бірақ қарымы кең. Қарсы бет - Шыңғыстаудың іркес-тіркес, өркеш-өркеш жоталары, сол қанаттағы Үшқызыл, Буратиген аталатын биіктер, оң қанаттағы Үйтас, Сұлушоқы, аралықтағы, үш тармақ боп қосылған Байқошқар, Бақанас, Балқыбек өзендерінің тоғайы сиреген ойпаң арналары алақан аясында сайрап жатар еді. Абай қонған, Мұхаң жазған құтты қоныстар. Бұрынғы, тіпті, біз білген кездегі көркінен айрылса да, тума бедері сақталған өзгеше өңір. Абай да өтті, Мұхаң да кетті, ендігі кезек бізге де тақап қалған сияқты.
Алпысқа толғаннан бері жаңа мұң тапқам. Дүниеден көшерімді кәміл бағамдап. Әрине, мәңгілік емесіңді бұрын да білгенсің. Бірақ алдыңда ұбақ-шұбақ жылдар керуені тұрғандай көрінетін. Ендігің анық. Тағы бір алпыс жасамайсың ғой. Сыбағалы ғұмыр жорамалсыз, өткеніңді буып-түймей болмайды. Ата-баба зиратын қайта көтеру - соның бір ғана тармағы. Байырғы әулет алдындағы борыш. Сырттай қарағанда, өзіңе ғана қатысты іс. Кеңінен алсаң, ендігі кезекте қырық жылғы жазуыңды жинақтау керек. Өткен аруақ қана емес, болашақ ұрпақ - ұлтым үшін, жұртым үшін деп алдарқатам ғой өзімді. Қайткенде де бірдеңе жасағаның, әлденендей нәтижеге жеткенің анық қой. Шүкіршілік айту керек. Сонау бір жылдары, қорғансыз, панасыз қалған, дәрмен де, дәурен де жоқ заманда... әдепкі кісі қатарына қосылу, адам болудың өзі неғайбыл екен, арман екен. Міне, соншама, одан да соңғы қаншама өткелектен өтіп, бәріне де жеттің. Тәуба... Тәуба дедім.
5
Тау басына көтеріліп келем. Екі, әлде үш рет, жоқ, екі рет тоқтап, азғана тыныс алдым ғой деймін. Жас ұлғайғаннан бері тізесі құрғыр сыр бере бастаған. Бірақ уақасы жоқ. Қалған дүние орнында сияқты. Аяқ деген не, бас қалыбында тұрса. Кеше, алдыңғы, одан арғы күндерде қорғалауым бекер екен. Күн сайын көтерілсем, пайдалырақ болар ма еді. Тізеге ғана емес. Көкірек, көңілге. Биікте отырсаң, Шыңғыстаудың өріне көз тігіп. Өткен-кеткенге ой саласың. Содан соң... Соң емес, ең алдымен - аяқ асты, жалпақ жартастағы сырлы суретке!
Бұл Көпбейіт - Ескі-Жұрттың төбесі мен тасы, сай-саласы толған көне таңбалар. Тасқа қашалған ғажайып петроглифтерден көз тұнады. Арқар, киік, таутеке ғана емес, қазір бұл өңірде жоқ, көшіп емес, мүлде жойылып кеткен сілеусін мен жолбарыс. Иір мүйіз бұғы. Құйрығы шұбатылған келес. Сида құлан мен аңсағай тағы, төртпақ тарпаң. Жираф тұрпатты, биік, ұзын мойынды жануар. Түз аңымен қатар, жайын балық, шортан. Әрқилы кейіптегі кісілер сұлбасы. Қаумалап аң аулау көрінісі. Ат үстінде садақ тартып тұрған әлде ғұн, әлде түрік. Түсініксіз таңбалар, шым-шытырық сызықтар, әлдебір фантастикалық мақұлықтар. Ал мен шығып келе жатқан Сол Босағаның ұшар басында - кәдімгі мықтың үйі, яғни кесек тастар үйілген дөмпеш қорым. Бергі беті, тура іргесінде – жермен жексен біткен жалпақ, қызғылтым тас бетінде қатарынан, өзгеше екі сурет. Қосар ат жеккен, үстінде түрегеп тұрған кісісі бар, екі доңғалақты әскери арба. Бірі жүріс үстінде, екіншісі - аялдап тоқтаған. Әрине, мынау тас үйінді түбіне, терең қабірге жерленген қорым иесі. Ер болды, елін қорғады, енді міне, тыным тапты демек. Таңба ғана емес, тарих. Бұдан бұрын суретке де, таспаға да түсірілген. Енді нешінші мәрте түпнұсқа қалпында көру керек еді. Әскери арбаларды ғана емес. Алыстағы, өркештене созылған Шыңғыстаудың мұнарлы жоталарын. Берідегі, ұзыннан шұбатылған, тоғайлы, көгалды Бақанастың өзенін. Дәл етектегі, жаңа бейіттер қаланып жатқан ескі ата-баба зиратын.
Ентікпей, аяғым талмай, самалды тау басына жақсы жеттім. Міне, үстіне төрт қырлы, биік оба қаланған ескі қорым. Міне, тал түске тармасқан шуақты күн көзінде жарқырай құбылған, қызғылтым реңді, жалпақ тас. Бедерлі тұстары шұбартып, күлгін көрінеді. Қос арба ғана емес. Одан басқа да әрқилы таңбалар. Көне заман кітабы қарсы алдымда, төрт-бес қадам жерде айқара ашылып, мейірлі жылуымен өзіне шақырып тұр еді.
Кенет... көз алдымда толқынды сағым жүргендей, дүние бұлдырап кетті. Аз-маз басым айналғандай, бір сәтке оқыс бөгеліп қалдым. Келер мезетте көрдім. Көрдім де таң қалдым. Таңбалы жалпақ тастың арғы, кертпеш жиегінде Мадияр отыр екен. Үстінде омырауы ашық, шақпақты көк көйлек, шашын тықыр алғызған, жағы үрпиген... кәдімгі Мадияр!
6
Мадияр - менің кенже ұлым. Орталық Еуропа, Прагада, атақты Карл университетінде оқиды. Қыстыгүні, өзі қолында тұратын, сол сәулетті қалада қызмет атқаратын ағасымен, жеңгесі, бауырларымен бірге үлкен тойға келіп кеткен. Жазда, жыл сайынғы әдетімен, жұрт тану, жер көру үшін Батыс елдерін аралап жүр. Мұнда келер, қарсы алдымнан шығар қисыны жоқ. Оның үстіне, қазіргі Мадияр... соқталдай... жиырмадағы, ер жеткен, үлкен жігіт. Ал мынау... желбегей киінген, мұңды кейіптегі жұмбақ жан - он екі, он үш жасар, кішкентай бала...
7
Әжем өлді... Мені жетім қалдырып. Басқалар үшін қиырсыз кең, мен үшін шынашақ айналмас тар дүниеде. Жер әлемде жалғыз өзім. Панасыз, шарасыз, дәрменсіз. Рас, пана бар - Атам. Менен де сорлы кәрі шал. Дәрмен де күшті. Көкірегім биік, сенімім мол еді. Тек шара жоқ. Төрт тарабым бірдей тас қабырға екен. Қайрансыз ахуал. Бар ісің зая кетпек. Ешбір еңбегің өнбек емес. Өмірдің тайғақ табалдырығынан аттамай жатып, өз көзіммен көрдім.
Әуелі Аға, яғни туған Әкем Итжеккенге айдалған. Зіл қайғы. Бірақ Әжем бар еді. Әжемнің шуақты мейірі. Содан соң үздік оқу. Мектептегі ғана емес. Мен - Мен боламын деп ойладым. Тіпті, Әжем дүниеден көшкеннен кейін де. Енді ойым - ойран. Он төртке толысымен, қатарлас барлық бала комсомолға өткен. Бүкіл класс. Менен басқасы түгел. Мектептегі үздік оқушы - халық жауының баласы екен. Лениндік Жастар Одағы қатарында орын жоқ. Яғни өмірде орның жоқ деген сөз. Ертең үлкен оқуға да алмайды. Бар мұратың - құрдымға кетеді екен. Артың - азап, алдың - талқы. Бүкіл ғұмырың тас қабырғаға тіреліп тұр. Болашағың бұлдыр емес, мүлде жоқ.
Алдымда не күтіп тұрғанын ойламауға тырысам. Өткенді еске алсам ғана еңсем жазылардай. Яғни Әжемді. Ес білгеннен күні кешеге дейін, бар ықыласын маған арнапты. Қайта айналмас, өзгеше бақыт екен.
8
Әжемді ең соңғы рет көргенім... Аттанарда бауырына баса құшақтап, әдеттегіден ұзағырақ тұрып еді. Күзгі, Ноябрь мерекесінде екі күн демалыс. Оған өз тарабымнан үш күн қостым. Аудан орталығынан Атам алып кеткен. Біздің үй Ескі-Жұрттан құнан шаптырым жерде, Байқошқардың құйғанынан жоғары, Қара-жартас түбінде отыр екен. Атамды қошқар бағуға қосыпты. Кәрі болса да колхоз мүшесі, қарап отырмауға тиіс, еңбеккүн жазу, сауын сиыр беру үшін әлденендей жұмыс атқаруы қажет. Атам мені әкелуге кеткенде жиырма шақты асыл тұқым, ақ қошқарды Әжем қарапты. Енді мен бақтым. Әрине, шөп шүйгін, үй іргесінен ұзатпай. Әжем мені көзінен таса қылғысы келмеген.
Сақтап қойған азғана сүрін асып, алдыма тосты. Қайдан келгенін білмеймін, төсек астынан қол басындай домаланған төрт-бес картоп шыққан. Аршып, қалыңдау турап, бауырсақша майға қуырып берді. Қап түбінде құрт, ірімшік тағы бар. Кісі үйінде тұрамын, ашқұрсақ, енді міне, бірер күнде тәп-тәуір торалып қалғандаймын. Тәтті, нәрлі тамаққа ғана емес, Әжемнің мейір, шапағатына. Үлкен, аялы, қара көздері боталап, маған қарайды да отырады. Неге екенін білмеймін, екі, әлде үш рет көңілім босап, жылағым келді. Бірақ дәтімді бекітіп, жыламадым. Мен азғана жыласам, Әжем көл-көсір болатындай көрінген. Жоқ, мен одан әрі мұңға батпасын деп, өзін өзі ұстар еді. Мен де әлсіздік танытқым келмеген. Қайткенмен де үлкенмін ғой - 7-класс. Қатуланып алдым. Ал Әжем сол боталаған көзі, сүйсіне, елжірей қараған жанарымен үнсіз шығарып салды. Мен атқа мінгенде сырт айналып, үйдің арғы жағына шығып, түндік жаба берген еді. Тамшылап жаңбыр жауа бастаған екен. Аспан айғыз, тамшылар ауыр, бұршақтай ірі.
Атам екеуіміз әудем жерге ұзағанда төрт қанат қоңыр үйді қалың нөсер басқан. Бізге жетпеді. Қиялай тартып, Шыңғыстың бөктеріне қарай ауды. Киіз есікті қалқалай жамылып, артымыздан қарап тұрған Әжемнің ақ кимешегін ақырғы рет көрген екем. Арада екі апта толмай, Ескі-Жұрттағы қыстауға көшіп қонғанның ертесіне азапты дүниеден аттанып кете барды.
9
Қыс өтті, жаз шықты. Мен 7-класты бітірген ересек бала ретінде колхоздың жұмысына жегілдім. Құралпас барлық бала жазғы демалыс есесіне түгел пішенші - тырма айдау, шөмеле жинауға кеткен. Олармен салыстырғанда менің міндетті шаруам - нағыз сейіл-серуен. Аудан мен ауыл аралығында пошта тасимын. Меншікті екі атым бар. Бес күнде бір рет қатынау керек. Кейде, шұғыл тапсырыс шықса, кезексіз барамын. Қайткенде де рақат. Екі орта - отыз бес шақырым, барған, қайтқаныңмен жетпіс, бірақ тым алыс көрінбейді - жүлгелі тау, теректі, шілікті шоқ-шоқ тоғай, тұма бұлақ. Атыңды талға байлап, көгалға аунайсың ба, сағат бойы қарақат тересің бе - барар жол болмаса, қайтар жол еркін. Үш-төрт күн кешігіп жететін бүткіл газет, журнал өз қолыңнан өтеді. Ең бастысы – ат жолынан сәл қиысып, тар саймен төмен түссең - өзен жағасы, біздің Ескі-Жүрт. Ескі-Жұртта ата-баба зираты. Ата-баба зиратында - Әжем.
Бүгін де Әжемнің басына келгем. Білмеймін, тағы да жыласам керек. Содан соң атымды, ауыздығын алып, көделі сайдағы жуан тобылғыға шылбырын ұзарта байладым да, Босағаның биігіне шықтым.
10
Қоңыржай самал есіп тұр. Көзім құрғады. Көңілім де орныққандай. Қарсы бет - алыстағы, көкжиекті тізбектеле жапқан өркеш-өркеш тауларға қараймын. Беріде – қалың, жасыл тоғай қапталдай көмкерген өзен. Міне, ескі қыстаудың арғы жағы - Көктүбек аталатын, шалғынды, кең қоныс – Абай атам келіп түскен, жаз жайлаған қасиетті топырақ. Одан беріде – жалпайып жатқан, қазір иен тұрған ескі қыстаудың өзі. Дәл етекте, аяқ астында... бір сәт көзден ұшып, бұлдырап барып көрінген... ескі зират... Тек... Бабамның баяғыда құлаған тоқал бейітінің үстіне... айдынды, аумақты, аппақ жаңа мазар... салынып жатыр! Қабырғада, әлде орындық, әлде тепкішек үстіне шыққан, жыбырлаған кісілер, іргеде, әріректе трактор, жүк машинасы және қызыл-ала, көк-ала тағы екі-үш машина. Және үлкен киіз үй, көк шатыр. Ең қызығы - Әжемнің басына төрт құлақты, ұзыншақ, әдемі бейіт орнапты! Мен көзімді сүртіп, таңырқап үлгермедім - қарсы алдымда сәл-пәл еңкейе үңіліп, бір үлкен кісі тұр екен. Ақ шалбар, ақ жейде, басында аппақ киіз қалпақ, дембелше, жалпақбет, мұртты шал. Мені анадайдан емес, аяқ астынан көргендей, ол да аңырып қалған.
11
Маған таңырқай қараған көк көйлекті, торсық шеке, тақырбас бала - Мадияр емес еді. Елес те емес. Сол, бағзы бір заманда айрықша әсер еткен, уақыт оза келе - әлде түс, әлде қиял - қайткенде де көлеңке тартқан өзгеше оқиға қаз-қалпында жадыма оралған.
12
Мұртты жалпақбет шал - онша кәрі емес, Атамнан әлдеқайда жас, қайткенде де үлкен кісі, азғана бөгеліп барып, мейірлене жымиды. "Қамықпа, балақан! - деді. - Ештеңеден қорықпа. Сен мықтысың! - деді. - Бар мұратыңа жетесің! Болашағың күмәнсіз. Тек қана... тура жолдан тайма!" Содан соң, алға бірер қадам басып, көңілі босағандай, әлде аянышпен, әлде аймалай қарап тұрып: "Әне, көрдің бе, Әжеңнің басын көтеріп жатырмын..." - деді. Мойнын бұрып, төменге нұсқай бере... толқынды мұнар соғып, жоқ болды. Мен атып тұрып, етекке, ата-баба зиратына көз салдым. Манағы өзгеше сурет - бірі біткен, екіншісі қаланып жатқан ақ бейіттер ғайып болыпты. Ақ бейіттер ғана емес, сол жердегі кісілер, машина, трактор, киіз үйлер... бәрі де жоқ. Ал жаңағы таныс-бейтаныс шал көзден ұшса да, дәл қасымда тұрғандай. Үні - құлағымда, сөзі - көңілімде, мейірі - жүрегімде, бар бітіс-болмысы көз алдымда тур.
Елес емес, Аруақ еді. Өткендегі әйгілі аталарымның бірі. Маған күш беру үшін, жөн сілтеу үшін бір сәтке бар болмысымен көзіме көрінген.
13
Иә. Аруақ деп, аян деп ойлағам. Енді екінші жағынан, бүгінгі күн тұрғысынан көріп, айқын танып тұрмын. Елес емес, Аруақ емес, тірі кісі - сол Баланың нақ өзі едім. Қырық алты жылдан соңғы.
14
Тек жалғыз-ақ күмән. Бүгінгі Мен өткенге оралдым ба, әлде бұрынғы Мен әлі болмаған келешекпен беттестім бе - білмеймін. Нәтижесі белгілі. Екі емес, бір-ақ рет болған құбылыс. Қапияда өткен, қайталанбас кездесу. Бүгінгі Мен нар болсам да, бар болсам да, бір емес, жиырма бейбаққа нақты қамқорлық жасай алсам да, өткендегі Өзім - жалғыз мүскін, панасыз Балаға қарайласуым қайткенде де мүмкін емес-ті. Тылсымға сыймайтын, қисынға келмейтін жағдай. Бұл Бала жетем десе, болам десе, таршылықтан, тығырықтан өзін-өзі алып шығуы керек-ті. Ең үлкен көмек - көкіректегі сенімді бекіте түсер Сөз болатын.
"Бар мақсатыңа жетесің! - дедім. - Болашағың айқын. Тек Тәңірінің тура жолынан тайқыма!" - дедім. Сенім арту ғана емес, ақиқат шындықты әйгілеу. Жүзеге асуға тиіс, сонымен қатар, жүзеге асқан болмыс еді. Қажетті нәтиженің жалғыз-ақ шарты бар. Тәңірінің тура жолы. Яғни, аяусыз еңбек және айнымас ұлттық мүдде. Қалғаны өзінен өзі қиысары кәміл еді.
15
Иә, есімде. Ұзақ өмірдің ең бір қиын-қыстау шағында, тапа-тал түсте аян болғаны. Нық сенсем де, көзім жетпеп еді. Мүмкін, бір сәт мызғып кетіп, түсімде көрген шығармын деп ойлаймын. Өңімде екен. Жарты ғасырға жуық аламан-асыр заманнан соң шырқ үйіріліп, шеңбердің басына шықтым. Мүмкін, соңғы көріс те елес, түс шығар. Бәрібір тағдыр шеңбері. Қайта айналып, орнына келген.
16
Енді неше айналмақ? Күмәнсіз, кейінде қалған Баланы енді қайыра көрмеймін. Өзімнен де егде және бір Шалмен жүздесу тағы жөн-жорықсыз. Мәнсіз, мағнасыз. Бірақ алда қанша ғұмыр қалса да, шеңбердің ширатылып барып бітетін тұсы бар.
17
Жоқ! Шеңбер - шексіз. Менің бар ғұмырым - сарқылмас Сөзге, таусылмас Таңбаға түскен. Ендігі жерде Өзімді Өзім қайта көруім шарт емес. Тамшыдан жаралғаннан топыраққа айналғанға дейінгі бар болмысым мәңгілікке жалғасқан. Өткен жүз сан аруақтың аманаты, келешек мың сан зәузаттың тілек-мұраты. Тұманға сіңіп жоғалар бір сәттік елес емес, ұлтыммен, ұлысыммен бірге жасар фәнилік әрі бақилық тас ұстын, ұлағатты дәріс. Нық Сенім, шын Өзім - осы!
2006.
