Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Алтыншапақ Хаутай: Менің мамық махаббатым секілді....

29.01.2016 3938

Алтыншапақ Хаутай: Менің мамық махаббатым секілді...

Алтыншапақ Хаутай: Менің мамық махаббатым секілді... - adebiportal.kz

12659585_946658112048988_1449847805_n.jpg

* * *


 


Ескі әннен. Үнінен ырғақтың, 
Есіме сен түстің, қымбаттым. 
Сөзінен сезім боп тіл қаттың, 
Жанымды тербеді жұмбақ мұң.


 

 

Ескі әуен. Ескі жыр. Ескі өлең. 
Естелік. Әлі естен өшпеген. 
Келмейді, келмейді-ау, әттеген, 
Мен мына уақытты жек көрем...


 

 

Жанымды несіне ақтардың, 
Бүгінде бәрі де елес тек. 
Бұл әуен бақытты шақтардың, 
Вальсі тәрізді емес пе ед?!


 

 

Бәрі ойдан көшеді, беу, неге? 
Бұл сол ән. 
Біз бірге тыңдаған. 
Ғаламат күй ойнап кеудеде, 
Ғажап боп көрінген бұл ғалам...


 

 

Армандай жеткізіп тілегін, 
Ал, мынау сал құрбым салған ән. 
Қалайша, о, құйттай жүрегім, 
Жарылып кетпей тұр, таңданам...


 

 

...Билейді ел несіне мастана, 
Бір әуен ойнайды көріксіз... 
Басқа әнге қосады жас бала: 
"Аспанға қараймын" еріксіз...


 

 

 

* * *


 

Түн жапса мейлi, шығады қайта, 
Шуағын нұрлы шашып күн. 
Таласа таңмен тұрамын қайта, 
Бiлмеймiн, қайда асықтым?!


 

 

Жаңылдырады есебi айдың, 
Жоғалып жылдар, батты күн. 
Ұмытылады кешегi қайғың, 
Шығады естен шаттығың.


 

 

Жалғастырасың жолыңды тағы, 
Жанардан маржан құлатып. 
Жүрегiң тағы жалын құшады, 
Тағы бiр жанды ұнатып.


 

 

Өрлейсiң тағы, қызықтап өмiр, 
Өзiңдi-өзiң жұбатып. 
Сұлу жүзiңе сызық салып жүр, 
Суретшi - ұлы уақыт.


 

 

Мезгiлге бiр күн тоналып ақыр, 
Кетем деп жүрек елеңдер. 
Тылсымға сiңiп, жоғалып жатыр, 
Таңбаланбаған өлеңдер...


 

 

 

* * *


Арман күндерiм ақ сағым ба едiң, 
Сәттерiм қайда сән құрған? 
Желаяқ - жылдар басқан iздерiн 
Сағыныш қылып қалдырған.


 

 

Жасындай жанып өткен белдердiң, 
Жоқ шығар мүлде өкпесi. 
Көкiрегiме көктем күндерiм 
Самала мұңдар сеппешi.


 

 

Сыры ортақ едi iзгi құрбының, 
Назыңды қайдан естiрмiн? 
Қызғалдақ сынды қыз ғұмырының 
Қысқа боларын кеш бiлдiм.


 

 

Жабырқау тартып жаным не түрлi, 
Жанарда қалды жас тұна. 
Жүрегiмдегi жалын отымды 
Жасырдым желек астына.


 

 

Көктем гүлiндей келте, әдемi, 
Көңiлдiң қырын қар басты. 
Қиялшыл қыздың ертегi әлемi 
Күйбең күндермен алмасты.


 

 

Аппақ қанатым сiлкiнетiн өр, 
Арманшыл едiм, расында. 
Өзегiн өртеп күрсiнетiн ел 
Өмiр дей-тұғын осы ма?


 

 

 

* * *


Көп болды кездеспедiк. 
Уақыт қалай? 
Жүзiңе күнде үңiлер бақытты ма Ай?


 

 

Жолықтық. 
Еске түстi сағым күнiм, 
Жай ғана желпiп өттi жанымды мұң.


 

 

Бiлмедiм. 
Айта алмадың. 
Айта алмадым. 
Көзiңнен бiр тұңғиық байқалғанын.


 

 

Кездерiм еске түстi мұңды, арманды, 
Шертiлмей көкiрегiмде сырлар қалды.


 

 

Кеудемде асыр салды жүрек түге, 
Сол сәтте сездiм сен де дiр еттiң бе?!


 

 

Қоштастық. 
Кеттiң солай. 
Күлiп қалдым. 
Көрдiң бе, бәрiн мүлде ұмытқанмын.


 

 

Қос тамшы құлады үнсiз. 
Кием бе едiң?! 
Келдi тек: "Өзiңдi әлi сүйем..." дегiм.


 

 

 

***


Алматыда ақ қар жапқан тымық түн, 
О, білмеймін, қашан, нені ұмыттым?!


 

 

Ең аяулы сәттерімдей жоғалған, 
Ақша қар боп қалықтайды сол арман.


 

 

Әлдилейтін жүрегімді күні түн, 
Ақ ұлпадай еріп пе едің үмітім?!


 

 

Бір белгісіз сезім неге оянды? 
Ештеңе де болмайды екен баянды.


 

 

Жүрегіңді мұң билесін не түрлі, 
Менің мамық махаббатым секілді...


 

 

 

 

 

Бала күнгі келбетім


 

 

Бұл өмір – армандар аралы.

Өткердік уақытты дүрмекпен.

Балалық қадайды жанарын

Кетілген көнетоз суреттен.

 

Куәсі бүлдіршін шағымның

Кермек у татпаған кеседен.

Санада сенделмес сағым мұң

Қуыршақ қыз едім кеше мен.

 

Желбіреп желменен тұлымым

Жылдармен жарысқам. Бәрі айқын.

Кездерді әкетті ұры – күн

Құлаған жұлдызды санайтын.

 

Жадымда шалқитын шекер – үн

Сәби күн. Сарылттың... Керім ой.

Жерде ондай бақыт жоқ екенін

Сен маған айтпаған едің ғой.

 

Бұлдырап кеткенмен бала күн

Сайқал сыр сырғыса еңседен.

Кешегі күнәсіз жанарым

Қаймығып тұрамын мен сенен...


 


 

 

 

Туған жерге сағыныш


 

 

Көк жатқан керiлiп...

Көкте мың,

Тырналар тiзбегiн тағынып.

Жатыр ма Бөкеннiң бөктерi

Ақшулан аспанын жамылып.

 

Жанымды далаңдай шалқытып,

Жататын...

Шұғылаң шашылған.

Анамның мейiрiн аңқытып

Ақ самал сипайтын шашымнан.

 

Сәуледен сен жайлы сан айтып,

Әр күнi үмiттiң таңы атар.

Әкемнiң әжiмiн молайтып,

Самарқау сырғи ма сағаттар?

 

Жырақта әр жарық таң сайын

Санама сағыныш саулайды.

Мен сенi көрудi аңсаймын

Қобданың көгiлдiр таулары.

 

Сан мұнар басымнан өткенмен,

Серпiлтер сезiмдi жыр құны.

Сен жаққа аттанған көктеммен

Iлесiп жетемiн бiр күнi...


 

 

 

* * *


Кестелеп гүлмен сағым - етегiн, 
Бұлттардан шәйi жамылған. 
Бауырыңда бала шағым, Бөкенiм, 
Мен сенi тағы сағынам...


 

 

Жаныма менiң жыр еккен бұла, 
Жұлдызды Өлгей аспаны. 
Сен тұнып жатқан жүрекке мына, 
Сыйдырам қалай басқаны?


 

 

Керiм белдерiн, көгiлдiр көлiн, 
Қия алмай кетер жыл құсы. 
Көңiлде тұнған сезiмдер ме едiң?

Қобданың ерке күлкiсi.


 

 

Арысы қанша жүктi көтерген, 
Алтайдың арман даласы. 
Кiшкентай ғана құтты мекенге, 
Қасиет қонған қазақы.


 

 

Өзегiмде әр күн сағыныш артып,

Өзiңдi жырлап өтейiн. 
Айдай әлемнен қадiрiң артық, 
Аядай ғана мекенiм...


 

 

 

* * *


 

Кетсек те "өмiр" дейтiн тасқынға ерiп, 
Бiр қырда қауыз жарған қос гүл едiк. 
Бейнемiз құштар едi сұлулыққа 
Беретiн жанымызға от - жыр көрiк.


 

Сырлас ек, парталас ек, мұңдас едiк, 
Жүректер болушы едi жырға жерiк. 
Бiрiмiз қуансақ та, қайғырсақ та, 
Кетушi ед қос кеудеге жымдаса енiп.


 

Жайнаушы ед жаз гүлiндей тұлғамыз да, 
Бiздерге көз салмаушы ед кiм қызғана? 
Сол кезде күн шомылып күлкiмiзге, 
Еркелеп сәуле ойнайтын сырғамызда.


 

Өтсе де басымыздан үмiт - қайғы, 
Өзiңдi адал жүрек ұмытпайды. 
Бiрiгiп жамандаушы ек мұғалiмдi, 
Бiрiгiп сыр шертушi ек жiгiт жайлы.


 

Бүтiн едiк, бұл өмiр еттi бөлшек, 
Сыбағаңды тағдырың бердi ме өлшеп? 
"Ағайынды адамның аңсары боп, 
Бiр үйге келiн болсақ", - деп тiлеушi ек.


 

Кеттi екен күндер қайда? 
О, құдiрет! 
Қобданың суын жұтқан қос елiк ек. 
Бүгiнде арман да жоқ ақша бұлттай 
Бүгiнде ол серi жоқ, сол серi жоқ...


 

Өмiрдiң болғанымен мың айтары 
Өткен күн қуантады, мұңайтады. 
Бұрынғы күндерiмнiң белгiсi боп, 
Бүгiнде сурет қана сыр айтады.


 

Бiрiгiп ұшып едiк, қона алмадық, 
Бiр үйдiң ұлына жар бола алмадық. 
Сен кеттiң бiр қиырға, мен де кеттiм, 
Кеттiк те, туған жерге оралмадық.


 

Сол үмiт бiздi бiрақ, мәңгi алдады. 
Сағыныш қана бiздiң жалғар жанды. 
Бұл күнде балалық шақ баурайында 
Балауса жүректегi арман қалды.


 

Сен де ендi сүйiктiңнiң төрiне ендiң, 
Мен де бiр шаңыраққа келiн болдым. 
Сағындым құрбым сенi. 
Жаным сыздап... 
Сағынып жүрмiн сенi жерiм менiң!!!


 


 

 

 

 

***


 

Қанша рет арайлады ақ таңдарым,

Қай сәтті сәл мұңайған шақ қармады?

Қай мезет қиналды екен жан анашым?

Қай кез екен әкемнің шаттанғаны?

 

Қуаныштар кешкен ем, арасы мұң,

Қанша түндер көшті екен нала асынып?

Күлкі тұнған көп күннің қатарынан

Қымбат маған әйтеуір дәл осы күн.

 

Қалайша сырғыды екен сағым – уақыт,

Қалмапты бірақ, әйтеу жадымда түк.

Қай түні тәтті ұйқыға кеттім екен?

Қасыма қуыршағымды алып жатып.

 

Қайда екен қиял толы іңірлерім,

Қай жылы қосылып ед үніме мұң?

Қашан оған алғаш рет ұнау үшін

Айна алдында ұзақтау тұрып едім…

 

Жанымды өртеп кеткен бөлекше леп,

Мен әлі сағынамын сол отты көп.

Қай жылы еді жүзіңді көріп үнсіз

Жүрегім алғашқы рет өрекпіп ед.

 

Достар қайда, сәні еді айналамның,

Арман қайда қанатын жайған әрбір?

Көшіме ілесе алмай қалды ма екен,

Қайдасың он сегізді тойлаған күн?

 

Ұзаған әрбір күнге сәт тығылды

Ұмытқам қайғымды да, шаттығымды.

Қайсы жылы жанымды дірілдетіп

Ұсынып едің сол бір шоқ гүліңді?

 

Әр туған күн.

Сыйлықтар…

Талайғы әнім.

Ақша бұлттай армандар.

Арайларым…

Көрген түстей жоғалды.

Отырмын мен,

Бөбегімнің есептеп әр айларын.

 

Уақыт-ай!

Аяқталар тамам мекен.

Бір арманға ілескем.

Табам.

Жетем.

Қадіріңе жетпеген қайран жастық,

Сені де бір күн еске алар ма екем?!


 

 

 

* * *


Жасын тамызып жетiм күз жылғаға ескi, 
Тырау құлатып төбемнен тырналар көштi. 
Тағы бiр өлең толқыды теңiз кеудемде, 
Тағы бiр сезiм жанымды тырналап өттi.


 

 

Сары мұң ұшты. Сарғайды сағыныштарым, 
Сары Күз айтты қадамда жаңылыс барын. 
Жасыл көктемiн жастықтың кезiп жүргенде, 
Жайдары күннiң сезбеймiз сабылыстарын.


 

 

Адал боп адам, батса да күнаға, мейлi, 
Көкжиек көне қалпымен қызара бердi. 
Бабалар кешкен баяғы замандарда да, 
Бағзы көктемдер осылай ұзаған дейдi.


 

 

Жаз кетiп, бәлкiм, жатқанда атырап тоңып, 
Көңiлдiң барлық көлiне ақырап қонып. 
Күздер келгенде қуарған өмiр - теректен, 
Бiздер де бiр күн құлармыз жапырақ болып...


 


 


 

Алтыншапақ Хаутай

 

Жас қаламгердің “Қаламымнан сағынышым сырғанап...” атты тұңғыш кітабын оқыңыз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар