(Күнделік. Жалғасы)
2012 жылдың 28 наурызы
Біз көбінесе жазушы беделінің құлдырауын материалдық жағдайының төмендеп кеткенімен ғана байланыстырып жүрміз. Әрине, мұндай пікірдің де жаны бар. Кеңес одағы күйремей тұрған жылдары қаламгер билікке тәуелді болмай, рухани әлемінде өмір сүріп, қомақты қаламақы алып, жазушылықпен армансыз айналысты. Дегенмен сол жылдардағы жазушының абыройлы болуы - оның тұрмыс-тіршілігіне жеткілікті ақша тауып тұрғанымен ғана байланысты емес.
Ресейдің сөз өнеріне еліктегендіктен бе, әлде ұлыларына ұқсағымыз келгендіктен бе білмеймін, сол заманда біздің бойымызда орыстың үлкен ақын-жазушыларының табиғатынан жұққан бір асыл қасиет болды. Өтірік сөйлеуден ұялатынбыз, ардан аттап кетуді өлім санайтынбыз, биліктің аяғына жығылмайтынбыз. Ал, тәуелсіздік алғаннан бергі жиырма жылдың ішінде біз барымыздан айырылып, адамдық қасиетімізден айырылып, күннен-күнге кері кетіп, ұятсыздықтың батпағына батып барамыз. Жоғары жақтың тастаған сүйегіне мәз болып, табанын жалауға дайын тұрған әдебиетте қандай ұлы рух пен идеал болуы мүмкін?
Билікпен ауыз жаласқан немесе келісімпаздыққа барған әдебиет барлық құндылығын жоғалтып, қоғамның уақытша ғана қажетіне жарайтын арзанқол дүниесіне айналады. Ұлы қаламгерлер Сервантес.., Шекспир мен Байрон.., Пушкин, Лермонтов.., Бальзак пен Гюго.., Толстой мен Достоевский.., Гауптман мен Ремарктардың.. өнердің аспанындағы жұлдыздары әдебиеттегі азаматтық үнінің асқақ болғанынан ерекше жарқырап тұрған жоқ па. Біз жүрегімізді мәңгіліктің сәулесімен жылытқан Асан қайғы мен Махамбетті, Абай мен Мағжанды, Мұқағали мен Жұмекенді азаматтық рухының биік болғаны үшін де жақсы көреміз ғой. Отарлық, сталиндік, тоталитарлық қысымның рухымызға төндірген қаупін алдын-ала сезген олардың азаматтық үні қаттырақ шықты. Билік біреуісінің басын шапты, екіншісін ату жазасына бұйырды, үшіншісін қорлап өлтірді, төртіншісін...
Барлық режимдердің репрессивті цензураны енгізіп, еркіндікті аңсаған жазушыларды түрмеге қамап, жағымпаздар мен алаяқтарды көтермелеп, рухы азат ақындарға қарсы неше түрлі арандатушылық әрекеттерді ұйымдастырып жататынының себебі неде екенін ойланып көрдіңіз бе? Өйткені жазушы шығармасындағы үлкен идеядан рухтанған халық қоғамдағы әділетсіздікке, ұятсыздыққа, арсыздыққа қарсы бүлік бастап, режимді төңкеріп тастауы ықтимал. Азаматтық үні биік болған ұлы әдебиет барлық уақытта да өмірдің жалған көрінісін әшкерелеумен келеді.
Суреткерліктің тіл, форма, стиль, сюжет т.с.с формальдық жағына ғана назар аударған адамнан ұлы ақын немесе ұлы жазушы шықпайды. Ондай адамда бедел де болмайды. Болған күннің өзінде ол өтірік, ертеңгі күні-ақ ұмытылатын баянсыз бедел.
Жазушылық - сенің азаматтық позицияң. Азаматтық үнінен айырылған әдебиет - өлі әдебиет.
Өкінішке қарай біздің бүгінгі әдебиетіміздің азаматтық үні жылдан-жылға бәсеңсіп барады. Ондай сөз өнерінде ұлы бедел қайдан болсын. Әдебиет - ардың ісі болудан қалып, қоғам рухсыздық дертіне шалдықты, көрсеқызарлық, жағымпаздық, алаяқтық, арсыздық, даңғойқұмарлық, екіжүзділік қоғамның бойына кесел болып жабысты. Қоғаммен бірге ақын-жазушыларымыз да азып-тозып бітті. Халықты биік мақсаттарға құлшындыратын ұлы идеялардың бәрі өліп, әдебиетіміз ұмтылысы жоқ идеалсыз әлемге айналды. .
Байқайсыз ба, біз соңғы жылдары аузынан түсіп қалғандай, Гогольдің «Өлі жандарының» кейіпкерлерінен аумай барамыз. Үйде отырғанда Собакевич құсап біреудің шығармашылығын жер-жебіріне жеткізіп жамандаймыз, сол адаммен көшеде кездесе қалсақ құдды Маниловтай аузымыздың суы құрып, өтірік мақтаймыз. Плюшкин сияқты түкке қажеті жоқ дипломдар, құрмет грамоталары, медаль мен ордендерді жинаймыз. Байлығы тасып бара жатқандарымыз Ноздрев секілді жұртты ақымақ қылып ойымызға келгенін істейміз. Әдебиет саласындағы түрлі шаралардың көзбояушылық үшін жасалып жатқанын көре-көре көзіміз үйреніп, етіміз өліп кетті.
Өзіміздің құлдық болмысымызға қарамастан өнердің биік аспанында жарқыраған жұлдыздарына еліктеп, бәріміз де шетінен псевдо Гете, псевдо Есенин, псевдо Чаадаев, псевдо Абай, псевдо Әуезов немесе псевдо Хэмингуэй болып рөл ойнап жүрміз. Жанымызды қинамай-ақ сол ұлыларымыздың рухымен теңескіміз келеді....
30 наурыз 2012 жыл
«Тағдырмен бетпе-бетті» жазғанымда Микеланджелоның «Жеңімпазын» мысалға келтіре отырып, мен жұрт айтып жүргеннен басқа шындықты – ұлы ақындардың рухының көзі тірісінде де, өлгеннен кейін де жеңіске жете алмайтынын дәлелдегім келген-тұғын. Ұлы сәулетші өмірден өткенше оның шеберханасында тұрған, қанаты қырқылған жеңістің көрінісі іспеттес «Жеңімпаз» туындысы, шын мәнісінде Микеланджелоның өзі, оның азапты арпалыста өткен саналы ғұмырының символдық бейнесі болып табылады.
Мұқағалидың «Қарлығашым келдің бе?» деген тырнақалды туындысын оқыған болсаңыз, кейіннен қалыптасқанға еш ұқсамайтын, жүрегінен шуақты сәулесі төгіліп, сұлулықты жырлаған жаратылысы бөлек ақынмен сырласқандай әсер аласың. Уақыт өте келе қоғамдағы әділетсіздіктер Мұқағалиды ашындырып, мүлде басқа мағынадағы өлеңдерді жазуға итермеледі.
Барлық пенделер сияқты Мұқағали да адамдық бақытты армандады, талантының мойындалып, халықтың аялы алақанын сезінгісі келді, мейірімін аңсады. Өмір майданында аңғал ақын тағдырынан оңбай таяқ жеп, жеңіліске ұшырады. Ақынның ұлы талантына басын иген мойындаулар да, оның рухын әлдилеген мейірім де ол өлгеннен кейін келді. Мұқағали өлеңдерінің дауылымен сол уақыттағы билікке қарсы бүлікті бастап берді. Алланың бар екенін жазды. Пайғамбарымыз Мұхаммед ғ.с –ды дәріптеді. Бұл шын мәнісінде Кеңес империясының идеологиясына ашықтан-ашық қарсы шығу еді. Қоғамдағы әділетсіздіктерді жан-тәнімен сезініп, онымен күресті. Мұқағалидың бойындағы қоғамға қарсы бүлік бірте-бірте қалыптасты.
Орыстың ұлы ақыны Лермонтов болса әдебиетке биліктің ызасын туғызып, қоғамға ашынып келді. 1837 жылдың 29 қаңтарында дуэльде ауыр жараланған Пушкин қаза тапты. Қоғам бұл шындықтың шынайы себебін көпшіліктен жасырғысы келгенімен, жазбаша түрде қолдан-қолға тараған Лермонтовтың «Смерть поэтасы» арқылы жұрт оны сол күні-ақ білді. Құдай аузына салып, бұл ащы шындықты Пушкиннің достары емес, жиырмадан енді ғана асқан Лермонтов айтты.
А вы, надменные потомки
Известной подлостью прославленных отцов,
Пятою рабскою поправшие обломки
Игрою счастия обиженных родов!
Вы, жадною толпой стоящие у трона,
Свободы, Гения и Славы палачи!
- деген мағынадағы қаны сорғалаған шындықты Лермонтовтан басқа еш ақын айта да алмас еді. Айтқан күннің өзінде ол жұртқа Лермонтовтың жүрегінен туған өлеңдей әсер етпесі айдан-анық. Мұндай шындықты айтқызу үшін Құдайға Лермонтовтың таза жүрегі керек болды.
Өлең жазылғаннан кейін бірнеше күннен соң Лермонтов тұтқындалып, Кавказға жер аударылды. Пушкиннің өліміне арнаған ақынның өлеңі Лермонтов дуэльде қаза тапқаннан кейін он бес жыл өткен соң ғана «Полярная звезда» журналында ең алғаш рет жарияланды.
Әйтсе де мен өлгеннен соң ұлылығы мойындалған екі ақынның рухы жеңіске жетті деп ойламаймын. Өйткені қоғам өзгермей, сол қалпында қалып қойды. Лермонтовтың қайғылы қазасынан соң да орыс қоғамындағы әділетсіздіктер жалғаса берді, оның ақыры төңкеріске алып келді. Мұқағалидың аянышты өлімінен кейін де қазақ қоғамының одан сабақ алып, ілгерілегені шамалы. Бүгінгі қоғам да халыққа бар жан-тәнімен адал қызмет еткен ақындарды емес, ар-ұятын сатқан алаяқтарды төбесіне көтереді. Ендеше мұндай қоғамда ақындардың жеңімпаздық рухы туралы қандай әңгіме айтуға болады?
2 сәуір 2012 жыл
Тоғызыншы сыныпта оқып жүргенімде бір күні менің қолыма Сервантестің «Дон Кихоты» түсті. Романдағы бірінен-бірі асып түсетін Дон-Кихот пен оның көмекшісі Санчо Пансаның басынан кешкен оқиғалардың қызықтырғаны соншама, қалыңдығы кірпіштей кітапты бір демде, қалай тез оқып тастағанымды да байқамай қалдым. «Дон Кихотты» оқып шыққан соң балалық қиялым бұл романды әдемі өмір сүрген, тағдырдан еш теперіш көрмеген адам жазған шығар деген ойдың мұнарына батырды. Кейін есейе келе Сервантестің өмірімен танысқанымда, тұтқынға да түсіп, бір қолынан айырылса да мойымай, зынданда жатып та ғажайып шығармасын жазған ұлы жазушының қайсар рухының алдында басымды идім.
Сервантестің Дон Кихоты сол уақыттағы әдебиеттегі қаптап кеткен рыцарлық романдарға сатира ретінде жазылған туынды болатын. Бірақ бірте-бірте бұл роман автордың ықтиярынсыз адам табиғатын терең зерделеген психологиялық шығармаға айналып шыға келді. Мұны айтып отырған себебім, талант табиғатындағы тәкаппарлық Сервантестің шығармашылық табиғатына тән болғанымен, кедейшіліктің де, тағдырдың да тауқыметін көп тартқан ұлы жазушы жеке басындағы азапты, белшесінен кешкен қасіретті жырлауды қош көрмеді.
Керісінше, материалдық мұқтаждыққа аса зәру болмаған Толстой мен Абайдың ұлы туындыларын оқысаңыз олардың құсалыққа шалдыққан өміріндегі бүкіл азап пен қорлануды шарайнадан көргендей әсер аласың.
Толстой тіпті зайырлы қоғамның ортасында жүргеннен қиналды; дүниенің түкпір-түкпірінен ағылып жатқан зеріктіретін қонақтардан; суқаны сүймейтін америкалықтар мен көрсеқызарлардың келіп-кетуінен; мәжбүрліктен отбасында алып жүруге тура келген салтанатты өмірден де азап шекті. Оған барғандардың айтуына қарағанда ол тым жұпыны сән-салтанатты қанағат тұтқан, үйінде арзанқол жиһаз, темір кереует, қабырғалары жалаңаш құйттай бөлмесінде қарапайым орындықтары ғана болған. Алайда мұндай жайлылықтың өзі оны қамықтырып – үнемі ар-азабын тартқызды. «Меркюр де Франста» жарық көрген бір әңгімесінде ол жаны күйіп үйінің сән-салтанатын жан-жағындағы қайыршылықпен салыстырады.
Біз ылғи да дүниеге келетін ұлы ақындардың қасіретке белшесінен батып, азап шегіп, жарық дүниеден жақсылық көре алмай өтуінің себебін өмірдің заңдылығымен түсіндіруге тырысамыз. Шындығында мұның басқа да себептері бар.
Ұлы ақындардың мына біз сияқты қарапайым пенделерден бір үлкен айырмашылығы табиғат та, тіршілік те олардан тыс жерде емес, ішінде өмір сүреді. Табиғаттың дүлей дауылдары олардың кеудесінде соғып, үскірік аяздары жүрегін тоңдырып, аптап ыстықтары жанын күйдіріп жатады. Халықтың қабырғасына батқан әділетсіздіктер, қайғы-қасіреттер, олардың жүрегін жаралайды. Сондықтан да ұлы таланттың тағдырындағы азапты халықтың басындағы қайғы-қасіреттен бөліп қарауға болмайды. Халық бақытты болмаған жерде, ақын да бақытты бола алмайды. Халықтың рухына кісен салынса, ақынның жаны азаттықты аңсап қиналады.
3 сәуір 2012 жыл
Кешегі немесе бүгінгі қоғам деген ұғымдарды өз басым қабылдай алмаймын. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы қоғам бүгінгіден анағұрлым сұмпайы, әрі зымиян еді. Бірақ ұлтымыздың біртуар перзенттері Ахмет, Міржақып, Әлихан, Мағжандар ар-ұятын сатқанның орнына, атылып кеткенді қош көрді емес пе. Неге біз солардан үлгі алудың орнына, бәрін қоғамға жауып, ар-ұятымыздың алдында өтірік ақталғымыз келеді? Неге біз ар-ұятын сатқан жазушының, ұрлық жасаған, әйел зорлаған, тіпті, адам өлтірген қылмыскерден де ауыр күнәға бататынын түсінбейміз.
Дүниеде сөз қылмысының қоғамға тигізетін зардабы соғыстан кем емес. Міне, сондықтан ар-ұятын сатқан жазушыны «мен мұндай әрекетке бала-шағамның қамы үшін бардым» деген сөздері де ақтап ала алмайды. Мұндай өлшеммен баукеспе ұрыны да, адам өлтірген қылмыскерді де моральдық тұрғыдан ақтап алуға болады. Себебі олардың көбісі де отбасына нәпақа тауып беру үшін ауыр қылмысқа барады емес пе?
Сөз қылмысы арқылы біз миллиондаған адамдарды қоғамнан жиіркендіріп, жүректеріндегі ізгіліктің шырағын сөндіреміз, жас ұрпақты адастырып, келешекке қиянат жасаймыз. Егер біз шын мағынасындағы өркениетке қол жеткізген мемлекеттер сияқты рухани катарсистің, яғни тазарудың сүзгісінен өткіміз келсе, еліміздегі әкім-қаралар - жағымпазданып, өздерін өтірік мақтаған зиялыларды қолпаштағанын доғарып, ардың-ұяттың сөзін сөйлеп, ащы шындықты айтқан азаматтарға халық жауы сияқты қарайтын көзқарасынан айырылуы қажет. Егер әдебиет рухын жоғалтса - ұлт өледі.
Бір діни кітаптан сөз қылмысын жасаған адамның тозақтың ең ауыр қабатына баратыны туралы оқығаным бар. Міне, сондықтан қолынан қалам ұстаған кез-келген мұсылман баласы, ең болмағанда о дүниеде тозақтың отына күйіп кетпеуі үшін, өзгелер түгіл өзі де сенбейтін кезекті өтірігін жазарының алдында «мен осы өтірікті айту арқылы Құдайдың алдында күнәға батып жатқан жоқпын ба?» дегенді мықтап бір ойланып алса артық болмас еді.
7 сәуір 2012 жыл
Ақиқатында өнер – халықтың жаны. Әдебиет халықтың жанын түсінудің кілті. Біз Боттичелидің, Рафаэльдің, Рубенстің, Веласкестің, Рембрандттың, Делакруаның, Айвазовскийдің, Писсароның, Маненің, Васнецовтың, Поль Гогеннің, Винсент ван Гогтың.... немесе өзіміздің Қастеевтің картиналарын тамашалағанымызда халықтың жанын көргендей боламыз. Моцарт, Бетховен, Бах, Вагнер, Брамс, Шуберт, Гендель, Чайковский, Верди, Гайдн, Шуман, Шопен, Лист, Мендельсон, Тәттімбет пен Құрманғазының ғажайып музыкасын тыңдағанымызда халықтың жанын естігендей әсер аламыз. Ал Гомер, Вергилий, Гораций, орта ғасырдағы Фирдоуси, Омар Хайям, Сервантес, Шекспир....әдебиеттің алтын дәуіріндегі Вольтер, Гете, Бернс, Байрон, Пушкин, Бальзак.., Махамбет пен Абайды, жиырмасыншы ғасырдағы Бунин, Ремарк, Хемингуэй, Фолькнер, Ахматова, Акутагава.., Мағжан мен Мұқаңды (Әуезов) оқығанымызда халықтың жанын түсінгендей боламыз.
Әлемдік әдебиеттің үдерісін жақсы білмегендіктен, дұрысы терең түсінбегендіктен поэзия мен прозаны әдебиеттің төріне шығарып, сынды өгей шешеден туған баладай шететкіміз келіп тұратын жаман әдеттен арыла алмай келеміз. Ақиқатында нағыз сыншы жазушыдан да, ақыннан да биіктеп кетіп, шығармаларындағы олардың өздері де байқамаған құндылықтарды ашады. Сыншыға қиын. Сыншының ақын немесе жазушы сияқты сезімге берілуге қақысы жоқ. Оның сөзін жұрт ақиқат деп қабылдайды. Шығармадағы көрген кемшілігін айту үшін де ол ақынға немесе жазушыға қиянат жасап алмаудың жолын қарастырып, жүз ойланып, мың толғанып шындықты жеткізудің формасын іздейді. Тіпті, ғажайып шығарма туғызған ұлы жазушылардың өздері сын жазғанда сезімге беріліп, көп нәрсенің астарын парықтай алмаған.
Айталық граф Толстой шығармашылықтары ұлы құрметке лайық Ибсен мен Бетховенге тиіседі. Шекспир «суреткер болған жоқ» дегенді айтуға дейін барды. Ұлы жазушының «Өнер дегеніміз не?» деген еңбегін оқысаңыз, оның өнер туралы түсінігінің де аса терең болмағанын аңғарасыз. Сондықтан да ол Пювиз де Шаванна, Манэ, Беклин, Штука, Клингерлерді декаденттердің қатарында араластырып айтады; Микеланджелоны жек көреді, адамның жанын көрсеткісі келген суретшілерді айта келіп Рембрандт туралы жұмған аузын ашпайды. Толстой музыканы бір адамдай жақсы түсінгенімен, оны мүлде білмейді. Кейде Толстой шалға күлкің келеді. Рихард Штраус пен Брамсты бір қатарға қойып, ұлы композитор Бетховенге шүйлігеді, «Зигфридтің» бір көрінісін, оның өзін кешігіп келіп көріп Вагнер туралы «мұндай қойылымды шығарған автордан ештеңе күтпесе де болады, мұндай автор не жазса да жаман шығады» деген сыңайдағы пікірді айтуға дейін барды.
Басқасын сөз қылмағанда Толстойдың әлемдегі ұлылардың бәрі мойындаған Шекспирге соншама шүйлігуі расында да адам таң қалаларлық жағдай. Толстойдың 28 томдық бүкіл жазғандары мен Шекспирдің драмалық туындыларын оқып шыққан соң да бұл жұмбақтың себебін таба алмай менің басым қатты. Бір күні Буниннің ұлы жазушы туралы естелігін оқып шыққанымда ғана оның сырын түсінгендей болдым.
Толстойдың әлем мойындаған ұлы Шекспирдің тас-талқанын шығарған мақаласы жарық көрген соң Бунин мен Чехов кездесіп, өзара сырласады.
- Шалдың сынайтын адам таппағандай Шекспирге шүйліккені несі – дейді Бунин. Сонда біраз ойланып алып, Чехов оған былай деп жауап береді:
- Білесің, бе Толстойға бізді мақтай салу түкке де тұрмайды. Өйткені біз оның талантының қасында ергежейліміз. Оның өнердегі нағыз бәсекелесі – Шекспир. Ол – үлкен. Ол – оның жынына тиеді.
Толстойдың ұлы композиторлар туралы көзқарасына байланысты ұзақ жылдар бойы ұлы жазушы музыканы сүйген жоқ деген сыңайдағы пікір айтылып келеді. Шындығында бұл мүлде олай емес. Қайта керісінше, музыканы қатты сүйгендіктен ол оның құдіреті мені билеп әкетеді ма деп қорықты. «Балалық шақта», әсіресе «Отбасылық бақытта» махаббат кезеңі, оның көктемінің де, күзінің де Бетховен шығарған сонатасының музыкалық шуының жайлауында жарқырап сала беретінін есіңізге түсіріп көріңізші. Сонымен қатар Нехлюдов пен қаза болар алдындағы, түндегі Петя Ростовтың жан әлемінде ойнаған ғажайып симфонияны есіңізге алыңыз. Толстойдың музыка туралы хабары шамалы болса да, өмірінің бір мезгілдерінде қатты ден қойып, оған қызыққан кездері де болды. 1858 жылы ол кейіннен Мәскеу консерваториясының құрылуына негіз болған музыкалық қоғам құрды.
Толстой шығармашылығын зерттеген Камил Беллен «неліктен Толстой әлемдегі ең мөлдір, мінезі таза композитор Бетховеннің музыкасын, адамдарды азғындатады деп айыптайды?» - деп сұрайды.
Себебі оған бәрінен де қатты әсер еткен оның музыкасы болды. Толстой Бетховенді ерекше жақсы көрді және оны сүюі ешқашан тоқтаған емес. Балалық шағының жекелеген естелігі Бетховеннің «Патетикалық сонатасымен» байланысты; және «Арылудың» аяғында Нехлюдов Бесінші симфонияны тыңдағанда, өзін-өзі аяп, көзінің жасын тоқтата алмайды.
Толстой Бетховенді неге жазғырады? Оның күштілігі үшін. Бұл жерде ол Гетемен ынтымақтас. Де-минор симфониясына қайран қалған Гете өзінің еркін билеп алған оны шығарушыға бүкіл кәрін төгіп қарсы шыққан-тұғын.
10 сәуір 2012 жыл
Артық немесе асылық сөйлеуді ұнатпайтын Чехов бір күні Бунинмен әңгімелескенде:
Ертең Толстой өлген соң бәрінің де күллі көкке ұшады, - дейді.
Сонда не, әдебиеттің де ма? – деп таң қалады Бунин.
Ия, әдебиеттің де, -дейді Чехов мұңайып. .
Чеховтың көріпкелдігі дәл келді. Ұлы Толстой дүние салған соң жеті жылдан соң Ресейде төңкеріс болды. Әдебиет – ұлтты адамгершілікке тәрбиелеу миссиясынан айырылып, таза идеологияның құралына айналды. Ресейде жиырмасыншы ғасырда Пушкин, Лермонтов, Гоголь, Толстой, Достоевский, Чеховқа пара-пар ұлы тұлғаның тумауының себебінің астарын осыдан іздеу керек.
Бізде де Абайдан соң бір ғасырдың ширегінде азаматтық позициясы биік оған пара-пар тұлғаның тумауы мақтаныш емес - трагедия. Дегенмен біздегі Абайдан соңғы қазақ руханиятының басында болған трагедияны есіңе алсаң - жүрегің қан жылайды. Әкесінің құны бардай совет жендеттері қазақ зиялыларын қынадай қырды. Және олардың әр қайсысы әдебиет түгіл, бір елдің патшасы болуға лайық қандай азаматтар еді десеңші! Егер Әуезов те сол жылдары атылып кеткенде әдебиетіміздің келешегінің не болатынын көз алдыңа елестетуге шошисың. Тәуелсіздік алсақ та, басқа халықтың алдында құлдық ұрғымыз келіп тұратынымыздың үлкен себебі де осындай азаматтардың жоқтығынан болып жатыр. Жиырмасыншы ғасырда қазақтан көп қырылған, артық азап шеккен халық жоқ шығар сірә. Көргеніміз зорлық-зомбылық пен теперіш болған соң ұлттық рухымыз да әлсіреп, әдебиетіміз де қоғамның шынайы бет-бейнесін көрсеткен ұлы туындылар туғыза алмады. Жүздеген мың қазақтар қолдан жасалған ашаршылықтан өлді. Миллиондаған бауырларымыз шет елге қашты. Қаншама зиялыларымыз жазықсыз атылды. Жазықсыз сотталғандары қаншама. Өкінішке қарай біздің әдебиетіміз ұлтымыздың басындағы осы трагедияны жаза алмады. (Орыстарда басын өлімге тігіп бұл трагедияны суреттеген жазушы бар. Ол –Александр Солженицын.) Ұлтымызға жасалған аяусыз геноцид - қазақты қатты шошытып тастады. Совет үкіметі құламай тағы жиырма жыл тұрғанда орысқа сіңіп, құрып кетуіміз де мүмкін еді. Құдайға шүкір, тәуелсіздік алдық. Бірақ сол жылдардағы үрейдің салқыны әлі де бойымыздан кете қоймаған сыңайлы. Сорлылығымыз соншама, әлі күнге дейін ашаршылықтың зардабынан қазақтың кең даласында сүйегі шашылып қалған ата-бабаларымыздың, атылып кеткен Алаштың атпалдай азаматтарының құнын сұраудан қорқамыз.
Енді ең болмағанда ғасырымыздың басындағы Алаш азаматтары көтерген азаттық идеясын өлтіріп алмауға тырысуымыз керек. Егер олар мұрат еткен азаттық идеясын өлтіріп алсақ –ұлт ретінде бірте-бірте жойылып кетуіміз де мүмкін.
16 сәуір 2012 жыл
Көк бөрінің зары
Ақын Серік Ақсұңқарұлының «Алтын қыран» баспасынан жарық көрген «ХХ ғасырдың жиырма сәті» деп аталатын жыр жинағын алдым. Ондағы кейбір өлеңдердің осыдан отыз жыл бұрын жазылғанын білемін. Алайда оқырманды елең еткізген сол ғазалдардың көбісінің бірден жолы болмады.
Ақынның өнердегі қолтаңбасын қапысыз танып, жоғары бағалап, Жазушылар одағында өткен жыл қорытындысында шығармашылығына арнайы тоқталып, ол өлеңдердің кітап болып баспадан шығуына ықпал еткен менің әкем еді.
Әлі есімде. 1982 жылдың шілдесі болатын. Бір күні әкем үйге көтереңкі көңіл-күймен жұмыстан оралды. Үйреншікті әдетімен ваннаға кіріп, бір сағаттай жуынып алған соң, телефон тұтқасына жармасып әлдекімдермен сөйлесе бастады. Бөлмемде кітап оқып жатқаныммен, саңқылдап шығатын әкемнің дауысын еміс-еміс құлағым шалып қалады. «Серік, талант, поэзиямыздағы жаңа құбылыс. т.с.с» деген мақтауларды анық естідім.
Ұзақ уақыт бойы мен әкемнің қандай Серік туралы айтқанын біле алмай дал болып, басым қатып жүрді. Өйткені өлең жазатындардың ішінде Серік есімді бірнеше ақын бар еді.
1985 жылы әкем Жазушылар одағындағы жыл қорытындысына орай қазақ поэзиясы туралы баяндама жасады. Қалыптасқан дәстүрді бұзып, сол жолғы баяндамасын ол әлі ешкім танып үлгірмеген Серік Ақсұңқарұлының шығармашылығын талдаудан бастады. Поэзиямызға қосылған үлкен талант екеніне айрықша тоқталды. Ақынның кітабы жарық көргенде балаша қуанғанын әлі ұмыта алмаймын.
Зымыран уақыт-ай, десеңізші! Содан бері табаны күректей жиырма жеті жыл заулап өте шығыпты. Соншама уақыт өтсе де жүрекпен жазылған жырларды қайта оқығаныңда алғашқы оқыған сәтіңдегідей әсер алады екенсің...
Серік Ақсұңқарұлы – жаңашыл ақын. Әсіресе оған орыс шайыры Андрей Вознесенский жырларының қатты әсер еткенін аңғарғандаймын. Серік – қазақ поэзиясындағы - ең тұңғыш модернист ақын. Ол қазақ поэзиясын түрлендіріп, жыр әлеміне заман ағымына сай өлеңнің жаңа техникасын алып келді. Ақынның жазғандары - рухты поэзия.
Міне сондықтан да оның жыр жинағын оқығанда ақындық мінезімен жырға жан бітірген өлеңнің рухы сөйлеп қоя береді.
Жек көрем итті!
Алысып жүрем,
Шабысып жүрем!
Қағынып..
Сайын даланың тағысымын – мен,
Не деген ғажап – тағылық!
Шауып түсемін!
Күш ағысымды
Сыйғыза алмай ішіме.
Адамның алмас пышағы сынды
Ырзамын азу тісіме!
Бұл Серіктің «Қасқырдың монологы» атты өлеңі. Өлең ғана емес, рухтың құйындысы, елдің елдігі үшін жұлысып, талай-талай қанды ұрыстарды басынан өткеріп, сонау заманның жан шыңырауынан естілген қасқыр бабалардың зары бұл.
Ақын тегінен айырылып, өлексе үшін жұлысып итке айналып бара жатқан бүгінгі ұрпағының тірлігіне қапаланады. Еркіндікті аңсап, дүниеге асқақ қараған қасқыр бабаларының рухын қайта тірілткісі келіп, қамырықты күйді басынан кешеді.
Қасқыр-бабалар!
Бар ұлыстардың
Мазасын алып манадан –
Иттермен болған қанды ұрыстардың
Иісін сезем даладан.
Қаңқу сөз жүрек кегін үрлейді,
Қарлық-қарғысқа барабар.
Бізбенен иттің тегі-бір дейді..
Рас па, қасқыр – бабалар?!
Серік Ақсұңқарұлының өлеңдерінде қасқырдың символы айрықша орын алады. Оның поэзиясында «ақынның үшінші дауысы болып» (Томас Элиот ) көбінісе қасқырдың образы сөйлейді. Алайда оның өлеңдеріндегі осы бір дала тағысы «Бөрі басы ұраным, бөрілі менің байрағым, бөрілі байрақ көтерсе, қозып кетер қайдағым» деп Аронұлы Сүйінбай ақын жырлаған қасқырдан мүлде бөлек образдың символы.
Жыр алыбы Сүйінбайдың өлеңін оқығанда тағылық мінезіне ырза болып, даланың апайтөс төсінде ойнақ салған қасқырдың образы көз алдыңызға елестейді. Серік Ақсұңқарұлы керісінше абайсызда апанға түсіп кетіп, не істерін білмей еркіндігінен айырылып аласұрған көкжалдың бейнесін мүсіндейді.
Ала төбеттің астында қалар,
Күн туғаны ма ақыры..
Неге үндемейсіңдер, қасқыр- бабалар,
Қағынып кеткен жатыры?
Неге үндемейсіңдер?
Ұрлық түн еді.
Жатқаным мынау – жау іші.
Аспанның астын дүрліктіреді,
Үрген иттердің дауысы...
Азаттықты, батырлықты, өжеттікті қасқырдың бейнесімен беру ұлттық ұғымға жақын болғандықтан ғана ақын дала тағысының образына қызығушылық танытып отырған жоқ. Өлеңдегі қасқырдың символы ақынның азапты ізденісінен туған бүгінгі заманның көрінісі.
Құлдықтың қамытынан құтыла алмаған қара тобырдың бүгінгі лас тірлігіне күшті қарсылықты туғызу үшін ақын қасқырдың образына еніп сөйлейді. Қазақтың рухына жасалып жатқан қастандықпен қасқырша арпалысып, өмірін жаугершілікте өткізген бабаларының асқақ рухын аңсап аспанға қарап зарлайды.
Әсіресе, «Мен-ұлыған көк бөрісі даланың» атты лирикалық шығармасында саппас тобырдың надандығына, неше түрлі қара беттердің озбырлығына қапаланып, кеудесін кек кернеген ақынның ашу-ызасы шарықтау шегіне жетеді. Сан рет сотталып, сан рет ақталса да заманға иілгісі келмеген қасқыр мінезді ақын неше түрлі сұмдар мен сұмырайларға азу тісін ақситып, айбат шегеді.
Енді ақындар жекпе-жекке қатысып,
Мерт болмайды атысып!
Сотталмайды соры қайнап бостан-бос,
Ақталмайды қара бет боп –
Шатысып...
Көзге ешкімді ілмей,
Қырт –
Жердің бетін жаулап алған пілдей құрт –
Ақындарды ұстайды енді өзіндей
Өлімтікпен – бірдей ғып!!!
Ақындық жүрек сезе-дүр. Қасқыр бабалардың мінезі өліп, халық тобырға айналса, елдің сенім артқан зиялылары биліктің жуындысын ішкенге мәз болып, ақын құл-құтанға жанын сатса қазақтың рухы өледі.
Қайтпек керек! Бүгінгі күннің шындығына айналған осы бір көңілсіз көрініске қасқыр мінезді ақынның аспанға қарып, көк бөріше ұлығаннан басқа амалы қалмапты.
Мен –
Ұлыған Көк Бөрісі Даланың,
Ұлымауға амалым жоқ, амалым.
Құлдар сүйді –
Құл иелену заманын!
Сұмдар сүйді, -
Сұм иелену заманын!!
Қайтем енді құлға кеткен есемді?!
Қайтем енді сұмға кеткен есемді?!
Бітті менің заманым!
Хош, енді..
Құлдары көктегі Құдайды да менсінбей кекесінмен қараған, ел қамын жеген ерлерінің рухы адамгершілік, имандылық, әділеттілік секілді ізгі ұғымдарды ұмытқан қара тобырдың табанының астында тапталып, екіжүзділік, алаяқтық, сатқындық патшалық құрған бүгінгі өмірдің шындығын бұдан артық қалай суреттеп, жеткізуге болады. Білмеймін. (Жалғасы бар)
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.