Аманқұл Тілеуғалиұлы – зейнеткер, Еңбек ардагері, ҚР «Қаржы қызметінің үздігі», ҚР Журналистер одағының мүшесі.
Соқпағы көп тағдырыма үңілем...
Уа, адамдар тіршілікте мына біз,
Күнде ертемен оянамыз, тұрамыз.
Үлкен істер атқаруға ниет қып,
Жаңа күнге жаңа жоспар құрамыз.
Тіршілікте қандай жоспар құрдым деп,
Мына өмірде қандай жолмен жүрдім деп,
Соқпағы көп тағдырыма үңілем,
Сексен жастың биігінен білгім кеп.
Тура жолдан тайдырған жоқ мені ешкім,
Жағымпаз боп күнелткен де емеспін.
Отаным деп ақ жүрегім елжіреп,
Гүлденсе деп, көркейсе деп, күн кештім.
Елім үшін еңбек еттім, терледім.
Абыроймен биіктерге өрледім.
Еңбегімді бағалады Отаным,
Адал еңбек-менің басты орденім!
Уа, адамдар, бірге жүріп ортаңда,
Ұлы істерге құлаш ұрған әр таңда.
Жігер берді, қуат берді жаныма,
Желбіреген көк Туымыз, Елтаңба.
Жүріп өткен осы өзіндік жолымда,
Серік болды алтын қалам қолымда.
Жүрегіммен сырлар шерттім, жыр тербеп,
Бір кітапқа жинақтадым соңында.
Бір айтарым, бір арман бар ойымда,
Тағдырына алаңдаймын оның да.
Көпшіліктің жүрегіне жол тауып,
Жүрсе деймін оқырманның қолында!
Жолдар, Жолдар
Жолдар, Жолдар сан тарауға таралған,
Сол жолдармен сапар қылған сан адам.
Біреулері қырға бағыт ұстаған,
Біреулері келе жатыр қаладан.
Ұзын-шұбақ жол көрінер алыстан,
Домбыраның қос ішегіндей жарысқан.
Жол үстінде толғақ қысқан ананың,
Тағдыры үшін жолаушылар алысқан.
Жолаушылар жаңа ғана танысқан,
Дос-жарандар қуанышпен қауышқан.
Жол азабын, жол азығын бөлісіп,
Әңгімемен ұзақ жолды тауысқан.
Жол жүргенде бір біріне адамдар,
Деп жатады: "Жолың болсын, аман бар".
Маған таныс, маған ыстық бір жол бар,
Туған жерге-Тасшағылға апарар.
Жас ұрпаққа тілек
Бір кезде еңбектеген жас бала едім,
Мінеки, зейнеткерлік жасқа келдім.
Сан жылдар ізденіспен өте шықты,
Ең алғаш Әліппеден бастап едім.
Киіз қап, сия сауыт арқаладым,
Оқыдым дәмі татып әр қаланың.
Кеудемнен қиындықтар итерсе де,
Үмітке толы болды әр қадамым.
Жұмыста үйренуден жалықпадым,
Білмеген жерімді іздеп анықтадым.
Зерделі, инабатты адамдарға,
Жанасып, қатарынан қалыспадым.
Қызметке ерте тұрып барушы едім,
Тапсырма қиын-қиын алушы едім.
Әр ісім нәтижелі біткен сайын,
Қуанып, көтеріліп қалушы едім.
Бұл күнде кез келіп тұр ойланатын,
Жұмысты тапсыратын, демалатын.
Жас ұрпақ, қасыма кел, ал қабылдап,
Ісімді жалғастырып қолға алатын.
Тілегім айта-тұғын елім десең,
Жұмысың алға басар ерінбесең.
Күш-қайрат, ақыл-білім неге керек,
Ұмтылып биіктерден көрінбесең?!
Жастарға батыл болу жарасады,
Қиындық қорықпасаң жол ашады.
Үлес қос, күш-қуатын арттыруға,
Елімнің жарқын болсын болашағы.
Тағы бір айтатыным осы тұста,
Жемқорлық әрекеттің жолы қысқа.
Антыңа адал болып қызметте,
Әділдік, шыншылдықты Ту ғып ұста!
Мен 55 жасымда
(толғау өлең )
Ең әуелде, басында,
Мен 55 жасымда.
Салық инспекциясының есігін,
Жүрексіне кіргем ашуға.
Сол қадамым алғашқы,
Одан әрі жалғасты.
Салық деген жаңа бір,
Қызметке жол ашты.
Жол ашқанда, мол ашты,
Он бес жылға ұласты.
Еңбек еттім ел үшін,
Кеңге сермеп құлашты.
Осы жылдардың ішінде,
Салық салу ісінде.
Қабылданып жаңа Кодекс,
Қолданысқа енді, күшіне.
Бұл заң болды тиімді,
Есептеп әрбір тиынды.
Салықтар мен төлемдер,
Қазынаға мол құйылды.
Мені де қозғап сол тұста,
Тағайындап жаңа жұмысқа.
Қалалық Салық инспекциясынан,
Ауыстырды Облысқа.
Жүздері жарқын, жайнаған.
Жігері бойда қайнаған.
Сол жылдарда бір жүрген,
Әріптестерімді ойға алам.
Бұл қалай деген апыр-ау,
Көңілімде сырлар жатыр-ау.
Артығымен жылдық жоспарын,
Орындады әркез Атырау.
Көрсеткіштерімен толымды,
Биіктерден көрінді.
Астанадан кейінгі,
Иеленіп жүрді орынды.
Осылай болып тұрақты,
Ел мен жұртты қуантты.
Отанымыз гүлденіп,
Арта түсті қуаты.
Жағдайы да халықтың,
Жақсарғанына қанықпын.
Қазынаға түскен қаржылай,
Арқасында салықтың.
Жыл қорытындысымен бағалап,
Әр жыл сайын жаңалап.
Марапатталды үздіктер,
Еңбектеріне қарай саралап.
Мен айтайын Сіздерге,
Разымыз біздер де.
Осындай істерді атқарып,
Артымызда қалған іздерге!
Досыма
(жастайымнан бірге ойнап өскен ақжүрек досым Батыр Есполайұлына арналған)
Жалындаған жастықтың,
Қызуы ма не керек?
Әйтеуір біз еңбекке,
Араластық ертерек.
Қиындыққа кезіксем,
Қалатындай жеңілдеп.
Сынға түскен жүрегім,
Сені іздейді дірілдеп.
Мен қуансам алдымен,
Басқа кімге білінбек?
Шаттық толы жүрегім,
Сені іздейді күлімдеп.
Жолға шыққан сапардан,
Қалсам кейде бұрын кеп.
Жүрек шіркін тұрады,
Сіздің үйге бұрыл деп.
Осылайша әманда,
Сені іздеп жүргенім.
Достық деген сезімге,
Жалғаулы екен жүрегім.
Ару қыздар мен аналар
Тағдырымды қоссам деп,
Жауабыңды тосам көп.
Жігіттерден қыздарды,
Кім айтып жүр осал деп?
Аман-есен босан деп,
Хабарыңды тосам кеп.
Ұрпақ сыйлар ананы,
Кім айтады осал деп?
Шар болатты қайраған,
Қайрақшыдан аумаған.
Жігер берген әйелді,
Әлсіз дейді қай адам?
"Кемпірімнің алдында,
Ала гөр",- деп аллаға,
Жалбарынып жатамыз
Сонда ол,осал бола ма?
Әйел ерге тең екен,
Ақыл-ойы кең екен.
Олай болса, оларды,
Әлсіз деуші кім екен?
Серілігін көтерген,
Ірілігін көтерген.
Қандай сынға салса да,
Махаббатпен өткерген.
Әйел ердің досы екен,
Онсыз өмір бос екен.
Сыйлау үшін оларды,
Айтылған сөз осы екен!
