Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Аманжол Исламғали. Күтеді мені тасада қалған ойлар...

23.03.2023 1536

Аманжол Исламғали. Күтеді мені тасада қалған ойларым... 14+

Аманжол Исламғали. Күтеді мені тасада қалған ойларым... - adebiportal.kz

* * *

Глупое сердце, не бейся!

(Сергей Есенин)

 

Бақытқа қол созған бейшара бейнелер,

Кезеңдер қайыршы қалпында ешкімді сүймеген.

Ғасырдан жасыра алады кім шынын?

Жүрегім, одан да тоқтасын дүрсілің!

Келеміз меңіреу даладай ғұмырдың шөлінде,

Жылт еткен үміт жоқ, тамшы жоқ көрінген,

Келеміз көмескі сеніммен.

Жүректер перденің артында оңаша егілген.

Тым жиі жылайтын,

Періште кейіпке енеміз кейде біз көздері мейірім сұрайтын...

Әлемде мейірім боларын сезіп мен,

Ой шарлап дүниенің бұрышын, уақыттың іздерін танып түн.

Жанымның қалауы емес ол кезіккен,

Жоқ іздеп жүруден жалықтым...

Бір сәтте сорлы боп шығады жанымды құлпыртқан сенім де,

Сосын «Бұл – кезең!» деп оянам үмітпен.

Себебі сәуле бар, сәуле бар көрінген

Арашалаймын мен өмірді күдіктен.

Бұл дәуір көшкіні үніңді естиді, тіл қатпай тұрса да,

Көздерді қасірет қажаған жан таппай мұң шағар.

Ең ұлы сезімдер тым жақын жүрерін білсе олар,

Сезімнің жолына тосар еді көңілін сусаған.

Жүрегім, саған мұң шағамын!

* * *

Ақ арманымды іздедім көшелерден,

Жоғалған үнді іздедім ескі шаһардан.

Түндердің мәні қалмады кеше көрген,

Кімдердің жолы алдады біздің қатардан?

 

Жоққа ілескендердің жанарындағы от сөнгенде,

Кінәмшіл ойлар – тұрағы.

Кіл өңі жылы кейіпке енді де «өр кеуде»,

оңаша қалып жылады.

 

Жалқының қандай тағдыры,

Жыл артса сосын кінә ауыр?

Сенімін артып пенде біткеннің барлығы

Құз басында ұзааақ тұрады...

 

Табысу менен адасулардың арасы – 

аялдамайтын айналым.

Ызғарын сезіп, кеземін тағы қала ішін,

күтеді мені тасада қалған ойларым.

* * *

Сөздер сусып уысымнан,

Сезім сөніп соңғы шамдай.

Жел сеніммен жыл ұшырған

Жалқы жарқын жол құшардай.

 

Кезек-кезек құбылып күн,

Ой тамшылап, сана шұрық.

Бәрі алыста бүгін ұқтым,

Бүгін сездім қала суық.

 

Көше кезген естеліктер,

Өткен күннің «балғын бәрі».

Келмей кетті кештер күткен

Бір сәт түгел таңды ұрлады.

 

Сәулесі өлі сығалайды

күн бұлттардың бүйірінен.

Болжап түнде туар ойды

Шамдар жерге иілуде.

* * *

көңілсіздігімен көрікті көрінген бақ іші,

бұрын жүріп көрмеген жолдардың шамдары,

сүйкімі кеткенше сенделген шақтармен

қиялымда қауышып,

жабырқаулы сәттерде жолығып қалғаным,

жаңбырмен тазарған кештердің жан сүйген жұпары,

жапыраққа жайғасқан жылтыр көз тамшылар,

аяулы шақтардың сырлы өңі жұқарып,

қайғысы қалың қараңғы көшенің жүрегі (шаншыған),

мағынасыз мүмкіндіктерге апаратын тротуардың тозған тәні,

көп қабатты ғимараттардан құлаған сенім сынықтары,

біреудің жыл күтіп жазғандары – 

біреудің сәт ішінде ойлап, ұмытқаны – 

қаланың жүрегінде сақтаулы…

* * *

Санама мезгілсіз соққан тұрақсыз ойлардың шеруі,

Бәрі де өткенін ұмытқан кейіпте...

Жақын жандардың жанарындағы үміттің өлуі

немесе жап-жарық көңілдің сөнуі – 

Сенімді лақтыру биіктен.

Оралғым келетін мекенде күтпесе ешкімім,

Оралмау керегін кеш білудің

сезімді жоғалтып алу ма аяғы?

Өзіңді жоғалтып алуға жолыққым келмейді.

Ең жылы сәттерде жаураған жанымды,

Кеш сайын өзіңе тым ерте жолдағандарымды,

Ертең де еске алғым келеді,

Жаным қалаған шақтарға бүгін де кеш барғым келеді.

 

Аманжол ИСЛАМҒАЛИ – 2000 жылы 24 шілдеде Ақтөбе облысы Шалқар ауданында дүниеге келіп, Қандыағаш қаласында өскен. М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің түлегі. Бүгінде Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар