Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Америкалық Үндістер жайындағы ең үздік кітаптар ті...

07.09.2016 9476

Америкалық Үндістер жайындағы ең үздік кітаптар тізімі

Америкалық Үндістер жайындағы ең үздік кітаптар тізімі - adebiportal.kz


Америкалық үндістер дегенде көз алдымызға ұлттық болмысы мен мәдениеті ешкімге ұқсамайтын, ерекше киім үлгілерімен таң қалдыратын, сыбызғыда сызылта күй төгіп, тылсым табиғатпен тіл табыса алатын өжет те өлермен халық елестейтіні ақиқат.


ундис.png


Қазіргі кезде Америкалық үндістердің басым бөлігі Оңтүстік Америкада орналасқан. АҚШ-тың ежелгі тұрғындары саналатын халықтың тарихы 15 мың жыл бұрын бастау алады. Сол уақыттарда екі құрлық: Оңтүстік және Солтүстік Америкаға қоныс аударып, материктердің ең тұңғыш тұрғындарына да айналды. Ал үндіс деген атау Христофор Колумбтың Үндістанмен шатастырған қателігінен туындағаны белгілі. Шын мәнінде, олар өзгеше аталуы керектігін әлем кеш білді. Ал қазіргі сәтте Америка Құрама Штаттары халқының 2%-ға жуық бөлігі ғана осы үндістер екен. Иә, үндіс халқы ұзақ уақыт бойы жаппай геноцидке ұшырап, өз тарихи мекендерін сақтап қала алмады. Америка үкіметі ХVІI ғасырда үндістерді адам аяғы баспаған, мекендеуге қолайсыз жерлерге күштеп қоныс аудартып жібермегенде, бәлкім, олар өркениетті халықтың алғашқы сатысындағы ел болар ма еді. Үндіс халқы аз да болса, әлі күнге дейін азаттықты сүйетін, ешкімге бағынбайтын ел қатарында.


Әлемнің көптеген классик жазушылары осы «нэйтив» (жергілікті) америкалықтар жайында өлшеусіз дүниелер қалдырып кетті.


Сонымен, егер сізге бұл халықтың тарихы мен мәдениеті, салт-дәстүрі қызықты болса, төмендегі үздік деген кітаптарды оқып шығуға кеңес береміз:


1. Джон Теннер – «Үндістер арасындағы 30 жыл». Кітап авторы Джон Теннер АҚШ-та қызмет етіп, Со-Сент-Мари аралында аудармашы ретінде жұмыс атқарған. Бұл әңгіме автор атынан жазылып, сол аралдағы өз басынан өткен жайттар баяндалады. Шындыққа, драмалық оқиғаларға толы хикаятта XVIII ғасыр соңында тоғыз жасар баланы солтүстік америкалық үндістердің ұрлап алып, асырап алғаны, олармен бірге 30 жыл бойы өмір сүргені әңгімеленеді.


2. Төлен Әбдік – «Тозақ оттары жымыңдайды». Қазақ жазушысы Төлен Әбдіктің «Тозақ оттары жымыңдайды» повесі үндістердің жойылып кеткен Араку атты тайпасының соңғы өкілдерінің бірі туралы жазылған. Ақ адамдар мен үндістер арасындағы айқас, жерге, ұлтқа деген күрес туындыда анық көрінеді.Үндістердің әр замандағы қиын тағдырын сипаттаған бұл шығармада қазақ ұлтының кеңестік дәуірдегі тағдыры бейнеленді дегенді сыншылар көп айтуда.


3. Джеймс Купер - «Аңшы» (The Deerslayer). Америкалық жазушының қаламынан «Былғары шұлық» атты кітаптар сериясы шыққаны белгілі. Туындының бас кейіпкері – Натаниэль Бумпо атты жас аңшы. Романда 18-ғасырда орын алған оқиғалар суреттеледі. Осы шығармада, сондай-ақ, Могикан тайпасынан шыққан атақты Чингачкукты да кездестіре аламыз.


ind1.jpg


4. Келесі кезекте Джеймс Купердің «Могиканның соңғы тұяғы» кітабы. Бұл Купердің ең атақты шығармаларының бірі. Роман негізінде Солтүстік Америкадағы үндістер мен олардың жеріне баса-көктеп кірген ақтар арасындағы күрес суреттелген. Бұл кітап намыс пен қайсарлық, адамгершілік пен тектілікті ту ететін қызықты шығарма ретінде әлемдік классикада үлкен орынға ие.


ind2.jpg


5. Льюис Спенс – «Солтүстік америкалық үндістердің аңызы». Бұл кітапта Спенс Солтүстік Америкада тұратын үндістердің ең қызықты да жұмбақ аңыздарын баяндайды. Олардың салт-дәстүрлері, ғұрыптары мен рәсімдеріне тоқталып, ішкі жан-дүниелерімен де бөліседі. Үндістердің өмірі қызық пен қауіпке толы болса да, табиғат пен жануарлардың тілін таба алған бірегей халық екені белгілі.


ind3.jpg


6. Марилиз Лункенбайн – «Үндістер». Америкалық аборигендер аталып кеткен тайпамен саяхаттағыңыз келсе, бұл кітапты оқуға кеңес бере аламыз. Кітап авторы олардың үйлері, киімдері, бояну салттары мен қоғамда атқарған қызметтері жайында көптеген деректерді ортаға салады. Сондай-ақ үндістердің басқа жерге қоныс аударуына мәжбүр болып, көшіп барған жаңа мекендері туралы да кеңінен айтып береді.


7. Джеймс Уиллард Шульц – «Бүркітші». Кітапта баяндалатын оқиға Ежелгі Күн деп аталатын үндіс өкілінің атынан жазылған. Бұл, әдетте, ойдан шығарылған туынды емес. Әңгіменің негізі Шолақ тері деп аталатын тайпа жайында. Кішкетай Кәмшат деген атымен белгілі үндіс баласының бар тілегі – бүркітші болу. Бірақ, сол арманына қол жеткізу үшін оның түрлі қиындықтарды басынан кешіп, оларға қалай төтеп беретіні қызықты түрде баяндалады.


8. Джек Лондон, Джеймс Уиллард Шульц – «Үндістер соғысы туралы әңгіме». Авторлар қара аяқты тайпалар деп аталып кеткен сиксиктер үндістері жайында көп деректер қалдырып кеткен еді. Аталған кітап оқырманды «қызылшырайлылардың» жауынгерлік өнеріндегі өзіндік тактикасымен және іс-әрекеттерімен таныстырып қана қоймай, тайпа ішіндегі салт-дәстүрлерді де жан-жақты сипаттайды.


9. Шклярский Альфред – «Алтынның қарғысы». Кітап вахпекуте тайпасынан шыққан Техаванка атты жас жауынгер туралы. Ол – өжет мінезі мен батырлығы арқасында өз тайпасы арасындағы ең беделді тұлғаға айналған. Күндер өтіп, Техаванканың бойында тағы бір ерекше дарыны бар екендігі байқалады. Ол – тайпаның қасиетті шаманына айналуы. Кітапта, сонымен қатар, үндістердің сол кездегі тыныш қоғамына ақ адамдардың баса көктеп кіргендігі де айтылады.


10. Джеймс Уиллард Шульц – «Жартасты таулардағы Үндістер». Әр түрлі әлемдерде өмір сүретін үндістер мен ақ нәсілділер арасындағы нағыз достықты осы шығармадан табуға болады. Әңгімені автор сонау 1912 жылы жазып қалдырған еді. Кітапта үндістердің табиғатпен тілдесе алатын қабілеттері де ерекше бейнеленеді.


11. Хаймийостс Сторм – «Жеті оқ». Кітап Орталық Америкадағы үндістердің аңыздары туралы сөз қозғайды. Үндістерден шыққан Шайен, Кроу және Сиу тайпаларының өмірлері жайында жазылған кітап адамды өзіне еліктіріп жібереді.


Өкінішке орай, кітаптарда батыр болып бейнеленген халық бүгінде көшеде ұлттық аспаптарында ән әйтып, күн көріп жүр...


IMG_4522.JPG

Астанаға келген Эквадорлық үндістер


«Еуропаға картоп пен помидор егуді, қызыл бұрыш пен темекі егуді үйреткен 2 миллион индеецтен бірнеше жүзі қалғанына кім жауап береді? Ғалымдардың айтуынша, енді он жылдан кейін бір де бір индеец қалмайды. Қалса, тек зоопаркке қоюға бірді-екісі қалуы мүмкін”, - деген Төлен Әбдіктің «Тозақ оттары жымыңдайды» кітабынан алынған осы сөздерді үндістердің қазіргі замандағы жағдайларына қарап, айтпай кетуге болмайды.


Ақбота Күзекбай


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар