Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Әмина Адайхан. Сен ұйқыда шығарсың......

19.07.2023 2184

Әмина Адайхан. Сен ұйқыда шығарсың... 14+

Әмина Адайхан. Сен ұйқыда шығарсың... - adebiportal.kz

Санамды ойнап сағынштың әні-дүр,

Оны аңсатты,маза бермей тағы іңір,

Ол біреудің бағы ғой, 

дейді ақылым,

Ал жүрекке бәрібір.

 

Жаным ашып мынау бейбақ сиқыма,

Кешемін деп енді қандай күй сірә?

Қанша іздедім қараңғыдан қаңғырып,

Табылмады ұйқы да.

 

Мазам болмай махаббатым үдесе,

Кеткім келді сезім үшін күресе.

Көргім келді күлімдеген көздерін,

Ал құшақтап алғым келді біресе.

 

Әбігерге түсті жаным аяусыз,

Секілденіп онсыз өмір баянсыз.

Жұлқылады төсегімнен жұмысқа,

Қатал уақыт аялсыз.

 

Тірлік тағы тепкілейді тақымда,

Көне салған сияқтанып ақылға. 

Бақыт тілеп қоям іштей өзіне,

Ұрлайымын-ау, жақында…

***

Сен ұйқыда шығарсың?

Мен ояумын...

Елжіреткен жанымды ең аяулым,

Кіргім келді түсіңе баса көктеп,

Білмеймін,

неге аяндым?

 

Елесіңді жаныма көшіріп ап,

Еркелеймін емініп есіріп-ақ.

Маздайды кеп мамырдың майда желі,

Алауына жүректің қосылып ап.

 

Көгілдір мұң көгінен күнді іздеткен,

Түн пердесін аймалап түргізді еппен,

Терезеңнен ұрланып қарап жүрген,

Бақытты жұлдыз неткен!

 

Әбігерге түсірген арман әнім,

Жан сырымды сезбесің жанға мәлім,

Өңім тұрмақ түсімде қол жетпесе,

Жазғанға барма амалым?

 

Елжіреткен жанымды ең аяулым,

Кіргім келді түсіңе,

Неге аяндым?

Аласатып аппақ таң атып келед(і),

Мызғап барам,

Сеземін, сен ояндың…

***

Хатқа жауап бермей қойдың,

Кездесуге келмей қойдың,

Таңғалдым...

Алаң көңіл,

Ойда не бір,

Сан қиялда сандалдым.

Жақсы көрер қатарынан жандардың,

Іздеп тауып  алғанмын.

 

Сағындырып сарылтасың,

Жүрегімді ауыртасың,

Бүлікпен...

Аңсап күттім,

Шаршап біттім,

Күңіренткен күдіктен.

Үміт  құрғыр үзілердей үрейімнен үріккен,

Бал сезімді у секілді іріткен.

 

Жауап келді жағымсыз бір,

Қалдық сосын тағы үнсіз жыр,

Тосылдым...

Жылап алдым,

Ұға алар кім?

Барлығынан өшірдім.

Қимаймын ғой,мен несіне есірдім,

Өтті, кетті,

Екеумізді кешірдім…

***

Танысқалы түсініксіз күйдемін,

Сен ғайыптан, 

Келген маған сый ма едің?

Өзімеде бағынбаған жүректі,

Өзің ғана әміршідей биледің.

 

Жарық сәуле жалындады сөнбеді,

Жанарыңнан жан алауын көргелі.

Айналамның ақылшысы мен едім,

Ақылымнан адастырдың сен мені.

 

Мына әлемнен алып кеттің жыраққа,

Саған қолым жетер емес бірақта.

Бірге ғұмыр кешпесекте екеуміз,

Тым болмаса жүрегімде тұрақта.

 

"Өмір бізді аямады !" демеймін,

Бал сәттерді бар ғұмырға теңеймін.

Жолығысып қалғаныңа рахмет,

Сезім селін енді қалай бөгеймін?

 

Танысқалы түсініксіз күйдемін,

Сен ғайыптан, 

Келген маған сый ма едің?

Жақсы көріп қалғаныма кіна артпай,

Бола салшы, сүйгенім!

***

"Сағындым..." деп жазғым келді қанша рет,

Жазбай қойдым,төгілседе тамшы боп.

Махаббаттан артық қойған намысты,

Құдайым-ай, біз недеген "аршыл" ек?

 

Бірімізсіз тұра алмаймыз біріміз,

Деген едік,ал әзірге тіріміз.

Жасыра сап жанып тұрған жүректі,

Менсінбейміз бірімізді біріміз.

 

Бізге бақыт сыйлай салған тәрізді ед,

Жаратқанға айтып алып арыз көп,

Көрінгенге мөлиеміз ұялмай,

Жанымыздың жарасына дәрі іздеп.

 

Номеріңді тердім, сансыз өшірдім,

Ызаландым,іздемедім,кешірдім.

Аңғал-саңғал,ақымақтау жан едім,

Тым құрыса сабырымды өсірдің.

 

Қалауыңа қарсы шыға алмаймын,

Іздемеймін,ізім-қайым,бармаймын.

Сағындырсаң сағындыршы ардағым,

Өмір сүрем,арманы жоқ  жандай бір.

 

Аңдығаным, баққаным өзің болдың, 

Бәрін тастап келеді сезімге ергім.

"Қазақтың қызы өйтпейді" - деген анам,

Тепкісінде жүрмін мен төзімдердің… 

***

Ұрланып бақылаймын желілерден, 

Жетелеп қоймаған соң сезім өрден.

Әне бір қыз асырды мақтауыңды, 

Көзіме шаң кіреді соны көрген.

 

Күндестік көңілімді бұзады аппақ, 

Отырам содан сені ұзааақ ақтап.

Қыздармен түскен көріп суретіңді, 

Қалам тағы жан таппай қызарақтап.

 

Жанарыңның сыр тұнған ұйығында,

Тым болмаса қимайсың қиығын да.

Сағынам да мен сені дәл осылай,

Батып өле жаздаймын жиі мұңға. 

 

Сан қиялдан тозғанда адам өзі,

Күткен деген не деген жаман еді?

Хабарласпай қойғаның қатігездік,

Есіңе алшы бір ауық, аға, мені...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар