Көтер, қане! Көтер, қазақ, басыңды!
Көгіңде күн шуақ төгіп ашылды.
Қос дүлдүлің сын сағатта тайсалмай,
Мерейіңді берекемен асырды.
Ат басындай алтын берсе не теңің,
Жемтігіне көз салмастан бөтеннің.
Дәлелдеді қан майданда қасқырлар
Қаны бірдің - жаны бірге екенін.
Үйіріңнен адасып қап алыс тым,
Арландар-ай қапияда табыстың.
Қос қыраны қалықтады қазақтың,
Қос қанаты сияқтанып намыстың.
Үлгісіндей ұлтын сүйген ұлылық,
Бір апанның бөрілері бір ұлып.
Келгендей-ақ қуанайық, әз халқым,
Өшкен жанып, өлгеніміз тіріліп.
Берекеден бақ тапқандай бар тарап,
Қалың елің алғыс айтып алқамақ.
Аман жүрсін арыстары қазақтың,
Ата-баба аманатын арқалап.
