Махаббат... көбінесе, жүректің терең-тереңінде ұйықтап жатады. Оны оятып алудың сан-сан жолдары,әрине, бар...
Сыршыл ақынның сезімімен өрілген әуезді лириканың құдіреті өзіне аса бір тәнті ететіні шын. Пендеуи жүректің қыл пернесін дөп басатын арда құдірет те поэзияға тән. Не нәрсені болсын сұлу да түсінікті ете алатын тәңірдің өзіндей құдіретті лирика, жүрегім сені қатты аңсап жүр!..
Білуге құштарлық сананы үздіксіз қуаттандыруын бір сәт тоқтатпайды. Көзге көрінбейтін қуаты жойқын генераторлардан жиі-жиі толқындар үздіксіз тарайды. Ойды ой ықсырады. Махаббат жүрекке жету үшін нешеме електен өтіп,сілесі қатады. Лирика мен философия бір қазанда өлмей беріспей, шарпысады... Қарапайымды күрделі етіп көрсетуге тырысу... айтшы, бұл міндетті ме? Аңсап, шөлдеп, үздіккен жан мен рухты үлпілдеген, жеп-жеңіл үкі қауырсынмен қытықтап, ойнау... бұл соншама мүмкін емес пе?
Ақын Бауыржан Қарағызұлының өзіндік терең білімі тұңғиық ой шақырады. Жан бұлқынысын өлеңмен өргенмен, біржола қанағат таппайтындай. Құдіретті сөздің бір өзі ғана жеті түрлі сәулемен нұрлана шағылысып, құбыла ойнауы оған жеткіліксіз. «Кілтімді тап» деген құпия белгілер, басқы әріптер. Әйтпесе, жол тастау, эллипсис. Постскриптум...
Сыртқы «әшекейлер» ішкі тереңдіктің құпиясын ашуға меңзейді немесе мағына үстейді. Бұл белгілердің бәрі де ақынның«Мен» өлеңінде бар.
Эвфемизм мен дисфемизмнің құпиясы постскриптумда шиеленіседі. Бауыржан жан-жүрегі иманға толы ақын. Көкірек көзін ашып, мылқауға тіл бітірген, кереңнің құлағын ашқан – Қасиетті Құран шарапаты екенін айтады. Сонымен қатар, сөзді ойнатуында білінер-білінбес,бір жеңіл авантюра бар. Бұл - маңызды ерекшелік.
Осы өлеңдегі лирикалық кейіпкердің болмысы екіге жарылады.Бірі – өзінің «жан» екенін әбден түсініп-сезінеді,рухани кемелдікке құлшынысы күшті. Екіншісі – әлі де фәни дүниенің ықпалында,сөйтсе де Жаратушыны тануға ұмтылысы бар:
Жалығу, ғашық болу, ұмыту, өкіну – адамға тән. Табансыздық та:
Сол Біреуге ғашық еді өлердей. Ұмытты.
Ешқашан нүктесі қойылмай, шексіз жалғаса беретін мың сұрақ: «Ұмытты ма, жоқ, әлде...»
«Мен» өлеңіндегі лирикалық кейіпкердің жармақ болмысының бірі - Жаратушы алдында адалдыққа жетуді, махаббатына бөленуді жан-тәнімен қалайды.
Таза қазақы болмысымызбен екшесек, мұның өзінің қозғаушы күші - о дүние тозағының тезіне түспеудің амалы, таза пенделік қорқыныш тәрізді:
Екіншісінің пенделік болмысы бұ фәнидің күнәһар кірінен қайтсе арылмақ? Қарама-қайшы ойлардың текетіресі, жүрек арпалысы:
Адам болған соң, арман да, өкініш те басым:
Ар-иманы, жанның мәңгі, тәннің уақытша екендігі, өмір мен сұлулыққа шексіз кәусарлығы, періштенің биік, пенденің төменде екендігі тайға таңба басқандай айқын көрінеді. Періштемен сүйісу... Мұндағы эротикалық бояу адам баласы үшін өмірге құштарлық қашанда басым түсіп жататынын көрсетеді.
Бес күнің о бастан маңдайдағы жазуға тәуелді. Шыр етіп дүние есігін ашқан соң, сәбиге тән періште пәк қалпыңды сақтап қалу мүмкін бе? Лирикалық кейіпкердің ішкі жан күйзелісін суреттеген «Жоғалу» өлеңін оқи бастайық:
Сөйтеді де:
Тағдырымен ымырасыз бәсекеге түскен:
Қарсылығы – ақындық тегеуірінді қуат-күш жетелеген желдей еркін ойы. Шарасыздығы – көп өлеңдерінің соңы пессимизмге жұтылып кетеді. «Жоғалу» өлеңіндегі лирикалық кейіпкердің жаны тоқтаусыз тықылдаған тасбақа уақыттың өз баламасы тәрізді. Күйбең тіршіліктің жазылмаған қағидаларына тәуелділік, жанның дене-қалыппен санасуға мәжбүрлілігі Ақын үшін таусылмайтын сынақтың өзі:
Ақынға тән нәзіктік, аса сезімталдылық, мұсылмандық құндылықтарға адалдығы,терең білімі және бекзадалығы Бауыржанды өлең өнерінде ерекше етеді. Жырларының иірім-қатпарларында құпияға толы жасырын сырлар толып жатыр. Орыстың композиторы, өнер сыншысы Свиридов тілімен айтқанда, «құпия шифрлар» дер едім. Өзіне тән бөлек пайым, сезінулерін нәзік поэтикамен шебер үйлестірген потенциалы зор ақын.
Анар Кабдуллина
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.