Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Антрополог неге жылады?...

10.06.2021 6641

Антрополог неге жылады? 12+

Антрополог неге жылады? - adebiportal.kz

Студенттік өмір – ең қызықты шақ. Ең ұмытылмас шақ. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін сол шақтың барлығымыз да куәсі болдық. Дегенмен, сол күндерден қалған белгіні ұмытпай, қойын дәптеріне түрте жүретіндер аз. Әйтпесе, айналдырған 4-5 жылда қаншама ұлағатты ұстаздың алдын көріп, ақылын тыңдаймыз. Болашаққа бағыт аламыз.

Сол студенттік шақпен енді ғана қош айтысып, үлкен өмірге қадам басқан, жас қаламгер Алима Момынханды сұхбатқа тартқан едік.

- Алима, «Әдебиет порталы» арқылы өзіңізбен оқырман жақсы таныс. Студент күніңіздегі біршама әңгіме, ой толғамдарыңыз бізде жарияланып тұрды. Енді студенттік шақты артқа тастап, үлкен өмірге қадам бастыңыз. Сіз үшін, білім берген ұстаздардың орыны қандай?

- «Ұстаз… Жаратылысты жете түсініп, жады жақсы дамыған, өте аңғарымпаз ақыл иесі. Мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақынға да, жатқа да әділ, жұртқа ізгілік жолын көрсетуші. Қорқыныш пен жасқануды білмейтін батыл, ержүрек болуы керек»,- дейді шығыстың ғұламасы Әбу Насыр Әл-Фараби. Осынау ұлы есімді арқалап жүрген жандар мен оқыған оқу ордасында да көп болды. Ширек ғасырда елордамыздағы үлкен қарашаңыраққа айналып үлгерген, өз алдына мектеп қалыптастырған кафедрамыз терең ғылым мен шын өнердің төріндей еді.

АКАДЕМИКТІҢ БАТАСЫН АЛДЫМ

Білесіз, Арқаға қыс ерте түседі. Он жетідегі желік қуған біздер қаланың əр түкпірінен даланың иісін аңсап, енесінен ажыраған жас төлдей маңырасып, көшеде баласын ерткен ана көрсек құшағына тығылғымыз кеп, нəн қаланы жатсына жатырқап, əрі Арқаның суығына үрпиісіп жүрген кезіміз. Жатақхана мен оқудың арасында «Уақыт қашан өтеді» деген сұрақпен сабылған да, біз. Бет ұшы қызарыңқы, шеттерінен ұяң, жанары төменшіктей келген жиырма қыздың ішінде төрт жігіттің оқитын өлеңдері ғана бізді сергіткендей болатын. Үлкендер аңыз ғып айтатын «Студенттік жылдар қайда?», - деп аңырып жүргенде біздің курстастар əні басталып кетті. Көңілсіз күндердің арасынан суырып алып, мейірім себелеген ғажайып оқиға еді бұл.

Түс кезі. Сабақ аяқталған. Кітапханаға асығып бара жатқан менің көзім кафедра қабырғасында, қос қолтықтан академикті сүйеп келе жатқан Қайырбек Кемеңгер мен Сағымбай Жұмағұл ұстаздарыма түсті. Мені көрген бетте Алаш əдебиетін оқытып жүрген Қайырбек ағай:

- Алима бос болсаң тездетіп, Абай дəрісханасына келіңдер, балаларға айт. Ағайың дəріс оқығалы жатыр, - деді. Мұндай сəт күнде тумасын білдім де, асыға кіріп бардым. Академик дəрісті бастап жіберген екен. Есікті қақтым да, ішке кірдім. Даусы тарғылданып, əлсіз шыққан академик бұл қай бала? - деді.

Аудитория назары маған ауды, кібіртіктеп қалдым. Қайырбек ағайым тұрып:

- Өзіміздің бала, Алашты оқып жатқан менің шəкіртім –деді.

- Жақсы, отыра ғой деді, - академик.

Ол натуралды философия, дүниені тану, миф турасында айтып жатты. Академиктің əр сөзін тыңдап отырған мен, қазір түсінуіме ерте болатын дəрістің əр сөзін жазып алуға тырыстым. Ойымда қалғаны:

«Өнер қоғамның талаптарына сай өзгеріп отырады, математикада заңдылық өзгермейді. Ал, əдебиетке басқа көзбен қарау керек».

«Келешегі жоқ халық бүгінімен емес, өткенімен мақтанады».

«М.Əуезов: Адамда ең жаман нəрсе мидың жалқаулығы».

- Жапанда бір бəйтерек егіледі,

Жел соқса, жапырағы төгіледі.

Есіме сен түскенде, қимас қалқам,

Қабырғам сынбаса да сөгіледі», - деп халық əнін тақтаға жаздырып талдатты. Əрі қарай Ақан сері, Біржан сал қазақ даласындағы сал-серілердің қиын тағдырлары туралы да айтып өтті. Абыз академик қалғып кеткен аудиторияны байқады білемін, ендігі сөзін тыңдаушы бізге арнай бастады.

- Сендерге айтарым: Көп оқу керек, көп оқу тіпті де аздық етеді, бір ауыз сөзбен ой тоғыту керек! Жас кезде алмасаңдар, кейін ала алмайсыңдар. Кез-келген істе немқұрайлы болмауды үйреніңдер. Өмірге де, өзіңе де сын көзбен қарап үйрену керек, - деді. 3-ші курсты оқып жүргенде Əуезовтің батасын алғанын айтты да дəрісті аяқтады. Сонда мен қабырғада ілулі тұрған Əуезовтің портретіне жалт қарадым.

- Сіз əйгілі Əуезовтен бата алдыңыз, біздің шəкірттер сізден бата алсын, шəкірттер сабақтастығы болсын, - деді Қайырбек ағай түрегеп.

Академик сонда қолын жайып тұрып, батасын берді де, «Бақыт берсін, бақ берсін», - деп қайталады. Таудай талаптан гөрі бармақтай бақтың керегін академик жақсы біледі. Естелікке суретке түсуге өзім бата алмай, Қайырбек ағайға сыбырладым. Аға, сізбен шəкіртім суретке түсіп алсын деп еді, Сейіт аға орынынан ақырын тұрып, бір қолы балдақта, енді бір қолымен менің қолымды қаттырақ қысқандай болды. Осылайша мен ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, əдебиетші, фольклортанушы, əлемнің ешбір елінде жоқ 100 томдық «Бабалар сөзін» құрастырушы Сейіт Асқарұлы Қасқабасовтың батасын алдым. Ол күн ешқашан ұмытылмайды...

Кейін академиктің Алматыға біржолата көшіп жатқанын естігенде, көңілім құлазыды.

- Туып-өскен жеріңіз жайлы айта отырсаңыз...

- Осындайда «Қазығұрттан қайсың бар?» - дейтін Серік Негимов ағай еске түседі. «Қазығұрт қасиетті жер, күллі тіршілік қайта бастау алған мекен, Нұқ пайғамбар кемесі тоқтаған жер. Серік ағайдың дəрістерінде отырған біздер кейде əдебиет оқып отырмыз ба? - деп таңырқап қалатынбыз. Тегінде, бұл профессордың энциклопедиялық білімінің молдығын көрсетсе керек.

Негимов қалғып-мүлгіп отырғандарды кешірмейді. Бір ашуланса тоқтатып көр.

Қырағы профессордың көзінен таса қалу мүмкін емес. Аудиторияны уысында ұстайды. Гүрілдеген дауысы, 70-ке келсе де жанар оты жарқырап тұрады.

Қазығұрт асуынан əр өткен сайын, қасиетті кемені көргенде ұстазым Серік аға Негимов ойыма оралады.

Күміс білезік парта үстінде тықырласа, Кəпұлы бүгін сабақта, ал бізде үн жоқ деген сөз.

- Гүлнəрдің кім екенін білесің бе? - деп талайдың бетін қызартқан, кейде əзіл-қалжыңы аралас риясыз күлкіге толы бұл сабақта ешкімнің өтірік айтуға дəті бармайтын. Бұл сабақта бəрі қазақ болып туғанына қуанатын. Бұл сабақты ақынның жүргізгеніне біз шын қуанатынбыз. Кейде ілініп-салынып, сүрініп-қабынып əрең шыққанда жанымыз жадырап, балаша мəз болып жатақханаға қайтатынбыз. Ешкімді ренжітпейді, ешкім де ренжімейді. Бірде Бұқар боп толғаса, бірде Біржан боп əн салды. Əр дəрісті өзінше бөлек өрнекпен жүргізеді, көз алдымызға тірі жырауды əкелді. Біз тек ұйып қана тыңдадық, бөлмедік. Ол кісі біз үшін дала академигі!

- Былтырғы «Жастар жылы» аясында тұңғыш жинақтарыңыз жарық көрді. Сол жайында кеңінен айтып өтсеңіз...

- «Жастар жырлайды». Біздің ең алғашқы жинағымыз осындай атпен шықты. Жастар жылы аясында кітапханамыздың қолдауымен кітап шығатынын естігенде біз ерекше қуандық. Ұстазымыз Дəулеткерей Кəпұлының тапсырмасымен филфактағы барша жазуға машықты қыз-жігіттерге іздеу салдық. Бірі көңілі толмайтынын айтып, тықпыштап жариялауға қысылып, бергісі келмеді. Енді бірі, атым шықса болды дегендей барын жолдап жатты. Ал кейбіреулерінен тартып алғандай ғып өзім сұрап алдым. Ішінде нақ ақын деуге келетін таланттылар, мойындалғандар да болды. Біз əділ болуға тырыстық. Біз дегенім екеуміз ғана. Бірі - ақын Дəулет Жəлел, бірі-мен.

Осылай бас-аяғы бір жұманың ішінде 14 жастың жазған-сызғандарын іріктеп алып кітапхана баспасына ұсындық. Жинау жұмыстары барысында қиынға соққаны тақырыпсыз өлеңдер болды. Жас авторларға қоңыраулатып өлеңнің атын сұрағанда «Тақырыпты өзің қоя салшы» деген құлықсыздық байқалды. Бұл өнерге, өлеңге қиянат! Дегенмен, жас қой. Жаспыз ғой…

Отырар. Жинақтың тұсаукесері дүрілдеп өтті. Бізге алғы сөз жазған, «Жас қаламгерлерге қаламдарың қарымды, жолдарың ашық болсын!», - деген ақ тілек жолдаған ақын, кафедрамыздың профессоры Жанат Əскербекқызы. Шараға келген белгілі қонақтардың қатарында, Иманғазы Нұрахметұлы, Серікзат Дүйсенғазин, Дəулеткерей Кəпұлы, Қайырбек Кемеңгер, Құрманай Бақтиярқызы болды.

Біз үшін ең қызық болғаны, жұқалтаң жинақтың 20 данамен ғана шығуы. Әрі соған жастар мен қонақтардың таласып қалуы. Қалай болғанда да, бұл біз үшін тарихи оқиға.

ҚАЗАҚТЫҢ ТҰҢҒЫШ АНТРОПОЛОГЫ НЕГЕ ЖЫЛАДЫ?

- Студенттік шақтан ойыңызда ерекше қалған бір оқиғаны айтып берсеңіз?

- Ойымда ерекше қалғаны, әлемдік антропология ғылымының алтын қорына үлесін қосқан, қазақтың жоғын түгендеп, шындығын ғылым тілімен сайрата білген жолы дара, аты аңыз боп айтылар тұлға Оразақ Смағұлов болды.

«...Екі құлағым домбыраның үнінде, екі көзім қалтырап отырған академиктің саусақтарында, екі қолым қаламда. Мен бұл кісінің есімін мектептегі тарих сабағынан жақсы білемін. Елжіреп отырған жалғыз мен емес. 88 жас оңай ма?

- Алла-ай, көп сөйлегені қалай болар екен, шаршатуға болмайды,- деймін. Жоқ. Академик əлі де тың, сөзі нық. Дұрысы, жазып алайын. Кездесуді күймен ашып алдық. Домбыра балалығын есіне салған болуы керек, ғалым елжіреп отыр. Суланған көз əйнегін алып қайта-қайта сүртіп, бір тағып, бір алумен болды. Қазақтың кескін-келбетінің қалыптасуы, адам анатомиясы, бас сүйектердің классификациясы, қан, сүйек, тері, тіс, шаш, тіс мөрі, алақан бедері сияқты толып жатқан адам ағзасы туралы ұшан-теңіз білімге ие академиктің көңілі бос болғаны ма? Қазақтың тұңғыш антропологының мынадай отыз адамдық ортада көзіне жас алғаны қалай? Академиктің де ет пен сүйектен жаралған пенде екенін ұмытып кеткен мені осы ойлар тап сол минуттарда мазалай берді».

- 3 жасымда аштықта анамнан айырылдым. Тіпті анамның өзі түгілі суретін де көрмедім. Ананың мейірімі дегенді түсінесіңдер ме? Көшеде баласын ерткен ананы көрсем жүрегім елжіреп, көзіме жас аламын... Қызыға да, қызғанып та қараймын. Менің неге балалығым болмады? Көкейімде тұрады. Сендер бақыттысыңдар! - деді дауысы қарлыға шығып. Ғалым бізден аяушылық күтпейтіні анық. Десе де, көз алдыңда əлі көрмеген анасын аңсап 88-дегі алып адамның отырғаны қабырғаңды қайыстырады. Мұндай да шарасыздығыңнан басқа ештеңе білмейсің. Анасын баласынан, баласын анасынан айыра көрме, Алла!..

Ағаның айтқандарынан түртіп алған ойларым:

«Жоқшылық тауқыметін көп көрдім, сол үшін де нанды ерекше қадірлеймін».

«Еуразияда 4 мың жылдық тарихы бар ұлт ҚАЗАҚ қана».

«Шығыстың Байроны» атанған Мағжан түрік бауырларға арнап 60 жыл бұрын «Алыстағы бауырыма» атты өлеңді жазып кетті, ал жетпіс миллион халқы бар түрік Мағжанға арнап бір өлең жазып бере алмады».

«Совет заманы қазір де болғанда мен өліп қалар ем. Қысымы қатты болды. Қызым Айнагүлдің (жалғыз қызы) докторлық диссертациясын қорғатпады, ол маған көрсеткен қыры».

Сендерге айтар ақылым: «Жүрістеріңді түзеңдер! Еркін жүріңдер! Еңселеріңді көтеріп жүріңдер! Тік жүріңдер! Жүріске аса мəн беріңдер! Өмір тек ішіп жемнен тұрмайды. Білімге ұмтылыңдар! Алған білімді елге адал пайдалану керек!».

- Ғылымдағы жетекшіңіз кім болды?

- Кезекті дəрістің бірінде бізді ғалым, əдебиетші, тарихшы, филология ғылымдарының кандидаты, алаштанушы, ұстазымыз Қайырбек Кемеңгер қаланың қақ ортасынан орын тепкен «Қараөткел мұсылмандар зиратына» барып, бабалар рухына тəу етіп, құран бағыштауға шақырған болатын. Шəкірттер тарапы да бұл іске құба-құп келістік те, əдепкі күннің бірінде зиратқа бет түзедік. Мемлекет қорғауына алынған «Қараөткел мұсылман (Көкбел) зиратында» 1609-1962жж бүгінде он мыңға жуық бейіт жатқан көрінеді. Мұнда қазақтың соңғы ханы саналған көкжал Кененің жасауылдары, 200 сарбазы, 20 сардары, сонымен қоса, мемлекет жəне мəдениет қайраткері, саналы ғұмырын қазақтың азаттығы мен теңдігіне арнаған, алаштың аяулы перзенті Смағұл Сəдуақасұлы жəне атақты Балуан Шолақтың Ғалиясы тыныштық тапқандығын айтып өтті шырақшы. Зират тарихына қаныққан қалыпта, бабалар рухына құран бағыштап, түпкі мақсатты орындап қайтуға қамдандық. Қара күздегі арқаның аязы өңменіңнен өтердей бойды қарып барады. Қызығы, қайтар жолда тосыннан қала іргесіндегі АЛЖИР-ға жол алдық. Əуелі, АЛЖИР-дің (Акмолинский Лагерь Жен Изменников Родины) тарихына тоқталсақ. Сонау 1937 ж 2XK-ның арнайы бұйрығымен салынған. Кейіннен бəрінің аузында АЛЖИР аталып кеткен азап орталығында жиырма мыңға жуық нəзік жанды қамалған. Бертін келе, 2007 ж Ақмола облысына қарасты Целиноград ауданының орталығы Ақмол ауылында елбасы Н.Назарбаевтың тікелей атсалысуымен ашылған.

АЛЖИР-дың қақпасына кірген бойда-ақ сананы суық сезім билеп алды. Əуелі, «Қайғы қақпасы» монументі «Күрес пен үміт» жəне «Ашыну мен дəрменсіздік» секілді екі мүсіндік композициямен, сондай-ақ «Еске алу қабырғасымен» таныстық. Үш қабаттан тұратын орталықтың қызметкері Гүлнұр Төлепбергенова түсіндіру жұмысын жүргізді.

Бірінші қабатта, «қазақ үшін жүрек майын шам қылған» (Сұлтанмахмұт) –алаш арыстары хақында кеңінен қанық болдық. «Бұл лагерьде Сталиндік қуғын-сүргінге ұшырағандардың əйелдері мен туған-туыстары қамалған жəне олардың бар жазығы «Халық жауы» атанған күйеулері мен туыстарынан бас тартпағанында еді. Атап айтқанда, мұнда С.Сейфулиннің əйелі Гүлбахрам, Б.Майлиннің əйелі Күнжамал, Т.Рысқұловтың əйелі Күлəндам, С.Меңдешовтың əйелі Разия, Т.Жүргеновтің əйелі Рабиға жəне т.б. көптеген қазақ азаматттарының əйелдері, аяулы аналары жазасын өтеді» - дейді орталық қызметкері.

АЛЖИР жөнінде айтып тауысу мүмкін емес. Лагерьден шыққан соң, тозақ жер астында болмаушы ма еді? - дестік. Осынау АЛЖИР сапарына баруымызға мұрындық болған ұстазымыз, менің ғылыми жетекшім Қайырбек Кемеңгерге айтар алғысымыз шексіз. Өткенге үңілу арқылы, еркіндіктің қадірін еселеп ұғына бастайсың. Тарих өшпейді. Ұрпақ ұмытпайды.

МАҒЖАНДЫ СҮЙГЕН ҰСТАЗ

«Күніне бір өлең оқыған адам – ақын, аптасына бір өлең оқыған адам – азамат», -депті Расул Ғамзатов. Бұл "Мағжанды сүйген ұстаздың" студенттерге жиі қайталайтын сөзі. Біз қазақ әдебиетін оқып жатқан 12 бала Мағжанды жақсы көрдік. Мағжан сүйген жастармен, біз сүйген Мағжанның арасына ешкім дәнекер бола алмайды. Біз бәрібір қолымызды аспанға қарай, Мағжанға қарай созамыз! Бұл өзі сондай ықыласты, көзге көрінбейтін бөлек сөз, бөлек сезім, бөлек әңгіме. Ал, оқытушымыздың Мағжанға бойлауы, оны тануы, өлеңін сүюі тіпті басқаша еді.

«Өлеңнің құдіреті сондайлық күшті. Өлең оқыған адам опасыздыққа, сатқындыққа, пасықтыққа бармайды. Шындық ауылынан алыстамайды», - бұл Мағжанды сүйген Қайырбек ұстаздың сөзі еді.

- Белгілі ғалым Тұрсын Жұртбай ағаны «ата» деп атауларыңыздың сыры неде?

- Ақселеу Сейдімбектің портреттегі сом тұлғасы бізге қарап тұрғандай болатын. Жазушының жансыз бейнесінің алдында ақталыңқырап тұрғанда, «Ал, балаларым, амансыңдар ма?», - деп есіктен ең мейірімді ата, ең мейірімді ғалым кіріп келер еді. «Сен кішісің, сен баласың, сен студентсің», - деп қарамайды. Бəрінің қолын кезек-кезек алады. Басқаларды қайдам, мен мұны зор мəртебе деп білдім. «Жағдайларың жақсы ма? Бəрі дұрыс па? Қандай сұрақтарың бар?», - деп əуелі, бізден сұрап алады, содан кейін ғана дəрісті бастайды. Бұл ашық дəріс. Шектеу жоқ. Осылай дəріс тыңдап жүрген айналасы 10-15 баланың арасында біздің ғалымға қойған ортақ атымыз болды. «Ата». «Атаның дəрісінен қалып қоймайық», «Ата сырқаттанып қалыпты», «Атаның əлі аяқталмаған қолжазбасы жоғалып кетіпті, іздеу салайық», «Атаның жаңа мақаласы шығыпты», «Атаның шайын жаңалап келейік», - деген тіркестер біздің күнделікті сөзімізге айналды. Ата, кез-келгенге айта бермейтін, тек өз атаңа, тек өзіңе ғана айтылатын қасиетті сөз. Ал, Тұрсын Жұртбай біздің бəріміздің ортақ атамыз болды. Дəріске, шекара сыртында қалып қойған атамекенін аңсап жеткен сарала қаздай сағынып келген студент балалар көбірек келетін. Олардың атамен өздері ғана түсінетін, өздері ғана күлетін əзілдері, өздері ғана түйсінетін сезімдері болатын. Бірде, дəріс соңы, бəріміз қайтып бара жатқанда ғалым бізді тоқтатты.

- Сендер өз жерлеріңде жүрсіңдер! Сендер өз елдеріңде жүрсіңдер! Ештеңеден именбеңдер! Бастарыңды тік ұстаңдар! Бұл сендердің елдерің, - деп қандас қызды құшағына алды. Бұл кең жүректі, үлкен адамның, барлық қандастарға ашқан құшағы еді.

- Әсерлі әңгімеңізге рахмет!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар