Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
«Ақселеу әндері» кітабының таныстырылымы өтті...

«Ақселеу әндері» кітабының таныстырылымы өтті

13.03.2026

371

«Ақселеу әндері» кітабының таныстырылымы өтті - adebiportal.kz

Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында белгілі әнші, ұстаз, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Айтбек Нығызбаевтың «Ақселеу әндері» атты кітабының таныстырылымы өтті. Кешті белгілі айтыскер ақын Еркебұлан Қайназар жүргізіп отырды.

Сонымен, бұл жинаққа қазақтың көрнекті қаламгері, этнограф-ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақселеу Сейдімбектің музыкалық мұрасы, оның ішінде 12 әні мен 2 күйі енген екен. Кітап Мемлекеттік бағдарлама аясында жарыққа шыққан. 

Әдебиетіміз бен мәдениетіміздің ілкі қабаттарын зерттеп, ұлттық өнеріміздің терең тамырын зерделеген Ақселеу Сейдімбектің бұл шығармашылық мұрасы шынымен-ақ халқымыздың рухани қазынасы. 

Оның жұртқа кеңінен танымал «Сарыарқа» мен «Дәурен-ай» секілді ғажайып әндері ел есінде мәңгілік жасай бермек. 

Бақсақ, тау тұлғаның композиторлық мұрасы бұл әндермен ғана шектелмейді екен. 2025 жылы Айтбек Нығызбаев Ақселеудің музыкалық мұрасын жүйелеп, ел арасында сирек орындалып жүрген әндері мен күйлерін жинақтап, арнайы кітап етіп басып шығарды. 

«Ақселеу әндері» атты бұл еңбекке Ақселеу Сейдімбектің 1942–2009 жылдар аралығында дүниеге келген әндерінің топтамасы алғаш рет жинақталып, ғылыми әрі ноталық негізде көпшілікке ұсынылып отыр.

Жинақтағы әндердің ноталары кәсіби музыкалық оқу орындарының талаптарына сай әзірленген. 

Кеш барысында кітап авторы Айтбек Нығызбаев жинақтың дайындалу барысы мен ерекшеліктері туралы айта келіп, Ақселеу Сейдімбектің ән мұрасы жайында былай деді. 

«Ахаң 2000 жылы Астанаға көшіп келген соң етене араласып кеттік. Мен ол кезде, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде музыка факультетінде сабақ беріп жүрген едім. Ахаңның келуі біз секілді өнер адамы үшін ерекше қуаныш болды. Қолым қалт еткенде Ахаңның шаңырағына барып әңгімелерін тыңдаймын. Тіпті менің 2001 жылы «Қазақ әндеріндегі қыз-келіншектер бейнесі» атты дипломдық жұмысымның жетекшісі де Ақселеу аға болды. Бірде Ахаң: «Халық тек менің екі әнімді – «Дәурен-ай» мен «Сарыарқаны» ғана біледі. Қалған әндерімнен мүлде бейхабар. Сен енді өзге де әндерімді айта жүр» деп біз білмейтін бірнеше әнін үнтаспаға басып берген еді. Енді ойлап отырсам, Ақселеу ағам сол дүниелерін маған аманаттаған екен-ау. Сол аманатын қал-қадірімше орындадым деп ойлаймын» деді.

Бұл іс-шараға мәдениет және өнер қайраткерлері, ғалымдар мен жазушылар, сондай-ақ ұлттық өнерге қызығушылық танытқан көпшілік қауым қатысты.

Қазақтың белгілі Серік Негимов, Тұрсын Жұртбай, Сауытбек Абдрахманов секілді елге танымал тұлғалары Ахаң жайында өз лебіздерін білдірді.

Кеш барысында Ақселеудің елге кең танылған әндерімен қатар беймәлім әндері де қатар шырқалып кеш шырайын арттыра түсті.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan