Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ақселеудің асыл мұрасы жарық көрді...

27.08.2021 7110

Ақселеудің асыл мұрасы жарық көрді 12+

Ақселеудің асыл мұрасы жарық көрді - adebiportal.kz

Қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан асыл қазынасын, халық мұрасын тірнектеп жинап, хаттап қағазға түсіріп, рухани әлеміміздің жұтаң тартып, ұмытылмауына өлшеусіз үлес қосып кеткен шығармашыл тұлғаның бірегейі – Ақселеу Сейдімбек. Қазақ әлемін тарихи шежірелік, фольклорлық, музыкалық, шаруашылық жүргізу-экономикалық тұтастықта алып қарастырып, халқымыздың өткені мен бүгінгі мүмкіндіктерін парықтай отырып ұлтымызың кемелдене дамуының айқын тұжырымдарын ұсынған тұлға. Ақселеу Сейдімбектің бай жазба мұрасын оқыған адам бұған анық көз жеткізеді. Әттең, естір құлақ, көрер көз, іске асырар ниет-құлық молынан болса дейсіз. Қазақ музыкалық мәдениеті жөнінде кеңінен зерттеу жасап, ұлттық музыкалық мәдениетіміздің бес үлкен мектебі барлығын және олардың өзіндік даралық ерекшелігіне қоса, типологиялық тұтастығы барын айқындап, дәлелдеумен қатар, қазақ ән өнерінің тарихи-эстетикалық қасиетін алғаш рет кешенді қалпында танытуды мақсат еткен танымдық телехабарлар сериясын жасап қалың елге ұсынған да өнертанушы ғалым Ақселеу Сейдімбек болатын.

Ақселеу Сланұлының «Күй шежіре», «Көшпелілер тарихы», «Мың бір маржан», «Қазақ әлемі», шығармаларының алты томдық толық жинағы т.б. еңбектері көзі тірісінде және өмірден өткеннен кейін де жарық көріп, халқымыздың кәдесіне молынан жарап келе жатқаны белгілі. Бұл игілікті іс қазіргі күнге дейін жалғасуда екен. Сөзіміздің дәлелі - 2021 жылы 27 тамыз күні Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінде өткен "Ақселеудің асыл мұрасы" жинағының тұсаукесер рәсімі.

Жазушы, әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақселеу Сейдімбектің жеке тектік қорындағы архив материалдарына сүйене отырып құрастырылған «Ақселеудің асыл мұрасы» атты толымды жинақтың тұсаукесеріне елімізге танымал қоғам қайраткерлері, үзеңгілес достары, туыстары қатысты.

Бұл жинаққа қор иесінің көзі тірісінде өз қолымен әкеліп тапсырған қолжазбаларының түпнұсқасы, сонымен қатар сирек кездесетін жеке құжаттары топтастырылыпты. Шығармашыл тұлға Ақселеу Сейдімбектің бүкіл саналы ғұмырында жинақталған жеке құжаттары 2009 жылдың қыркүйек айында Қазақстан Республикасының Ұлттық архивіне қабылданған екен.

Архив – жеке немесе заңды тұлғалардың алуан түрлі құжаттарын тек жинап, сақтаумен ғана шұғылданбайды, құжаттарды іріктей зерттеп, саралап топтап ел игілігіне жаратуға атсалысатын жұмыс ауқымы зор әрі маңызды мекеме. Осының айғағы – сан қырлы тұлға Ақселеу Сейдімбектің жеке қоры негізінде құрастырылған «Ақселеудің асыл мұрасы» жинағы. Жинаққа енгізілген құжаттар мазмұны мағынасына сәйкес мынадай алты бөлімнен тұратындығын атап өткен жөн болмақ:

Бірінші бөлім: «Жеке құжаттары». Бұл бөлімде Ақселеу Сланұлының жеке өмірбаяндық құжаттары, берілген мінездемелер, фотосуреттері, монографиялық еңбектері мен көркем шығармалары мен кітаптары топтастырылған.

Екінші бөлім: «Хаттары». Ғалым-жазушының архивтегі құжаттық қорында қазақтың танымал тұлғаларына қор иесінің жазған хаттары сақталған екен. 1961-2009 жылдар аралығында жазылған 700-ге жуық хаттың барлығы бірдей енгізілуі мүмкін болмағандықтан, Әлікей Марғұлан, Шерхан Мұртаза, Мұхтар Мағауин, Иманғали Тасмағамбетов, т.б. белгілі әдебиет және қоғам қайраткерлеріне, қаламдас достарына жазылған хаттары ғана іріктеліп алыныпты.

Үшінші бөлім: «Этнографиялық жазбалар» немесе «Этнографтың қойын дәптерінен» деп аталады. Мұнда ғалымның этнографиялық ізденістер жасау кезіндегі қолжазбалары енгізіліпті.

Төртінші бөлім: «Замандастар туралы ой толғаулар». Аталған бөлімде жазушының қазақ халқына танымал зиялы қауым өкілдері туралы ой толғамдары, қаламдас достарына жазған естеліктері, белгілі тұлғалармен бірлесіп түрлі мәселелерге байланысты жазған хаттары топтастырылыпты.

Бесінші бөлім. «Мақалалары». Ғалым-жазушының құжаттық мұрасы оның баспасөз беттерінде жарық көрген мақалаларынан, ғылымыи және көркем әдеби туындыларының қолжазбаларынан және олардың өз қолымен түзетілген машинкалық нұсқаларынан құралады. Ақселеу Сланұлының 1959-1969 жылдар аралығында түрлі газет-журнал беттерінде жарияланған алуан тақырыптағы мақалалары осы бөлімге іріктеліп енгізіліпті.

Алтыншы бөлім: «Естеліктер». Бұл бөлімде Ақселеу Сланұлының өмірдегі адами тұлғасы туралы көз көрген достарының, замандастарының жүрекжарды естеліктері топтастырылған.

Кітаптың соңғы «Фотосуреттер» бөлімін жазушы ғұмырының әр сәтінде түсірілген фотосуреттері құрайды.

Ақселеу Сейдімбектің жеке тұлғалық қызметтік, шығармашылық ғұмырнамасын зерттеуге осы архивтік құжаттардың септігі тиетіні даусыз. Яғни жазушыны әр қырынан зерттеп танимын, танытамын деген зерттеушіге таптырмас анықтамалық болмақ.

Қазақ рухани әлемінің жоғын жоқтап, жыртығын жамап кемтігін толтыруды парызым деп өткен, соңына мол рухани қазына қалдырған Ақселеу Сейдімбектің туғанына 2022 жылы 80 жыл толады. Алдағы жылы Ақселеу Сейдімбек ғұмырнамасы мен шығармашылығы жайында ізденушілік мол болары сөзсіз. Аталған жинақ осы тұрғыда таптырмас анықтамалық, келе жатқан 80 жылдық мерейтойға лайықты дайындық болатындығы сөзсіз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар